Разработка воспитательного мероприятия к 75-летию Победы в ВОВ: Встреча с ветераном тыла и труда Арыкбаевым Ж.К.


Мың тағзым, Сізге тыл ардагері
( Тыл, еңбек ардагері Арықбаев Жидебай Кәкенұлымен мектеп кітапханасында кездесу )
Мақсаты: оқушыларды Отаның, елін, туған жерін сүюге баулу. Балаларды үлкен адамдарды сыйлауға, оларды құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: кітап көрме «Өлеңімде - Өмірім», шарлар, нақыл сөздер
1 жүргізуші: Қайырлы күн, қадірлі еңбек, тыл ардагері Жидебай Кәкенұлы, қонақтар, оқушылар!
2 жүргізуші: Жеңіс күннің 71 жылдық мерекесі шуақты күнмен келіп отыр. Сонау 1941 жылы Германия ашқан соғыс қазақ ұлдарын да жалмап, ананы баласыз, баланы әкесіз қалдырғаны әрбір адамның жүрегінде.1945 жылы 8 мамырда Берлинде фашистік Германия жеңілгенін мойындап қол қойды. Ал, 9 мамыр күні 1000 зеңбіректен 30 дүркін салют атылды. Жеңіс күні осылай келген еді.
1 жүргізуші: Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын! Қуаныш пен баянды бақыт, еліміздің ауызбіршілігін, құт – берекесін тілеймін.
2 жүргізуші: Құттықтау сөз мектеп директоры Зилькенов Саниял Оразбай ұлына беріледі.
1 жүргізуші: Шексіз алғыс сіздерге, ардагерлер,
Ақ шашты, ақсай басқан ардагерлер,
Тас қамалды қиқу сап алған ерлер
«Ардагерлер» деген аты жетіп жатыр,
Өтінемін, оларды «Қарт» демеңдер.
2 жүргізуші: Өшпес ерлік жасаған қаһарман Кеңес әскерлерінің қатарында болған жас қыздар мен жігіттер – бүгінгі қадірменді ардагерлеріміз, апа – ағаларымыз, өткен тарихтың куәгерлері ғана емес, болашақ ұрпаққа өнеге болар ерлік пен батырлықтың шежіресі болып табылады.
1 жүргізуші: Жеңіс оңай келген жоқ. Бүкіл еліміз жұдырықтай жұмылып жауға қарсы тұра білудің арқасында ғана мүмкін болды. Ер азаматтар майдан даласында су кешіп, жаумен бет пе – бет соғысса, тылда қалған қарт адамдар, аналар, жас балалар ер азаматтардың орнын басып еңбек етті. Біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ сол соғыс ауыртпалығын көзімен көріп, басынан кешірген тыл ардагеріміздің бірі біздің жерлесіміз Жидебай ата.
Кітапханашы: Бүгін мектеп кітапханасында тыл, еңбек ардагері Жидебай Кәкенұлымен кездесіп отырмыз. Атамыз 1928 жылы 23 ақпанда Май ауданы «Қызыл еңбек» ауылында дүниеге келді. Бастауыш мектепті Сарықамыс мектебінде оқып, Қазақстан орта мектебінде жалғастырады. 1947 жылы мектепті бітіріп, Семей педагогика институтына оқуға түседі. 1951 жылы жолдамамен «Қазақстан» орта мектебіне мұғалім, артынан оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1952 жылы аудандық оқу бөлімінің мектеп бойынша инспекторы, кейін Саты орталау мектебінің директоры. 1959 -1962 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы,үгіт – насихат бөлімінің меңгерушісі, Май орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. 1964 -1985 жылдары Қаратерек орта мектебінің директоры, кейінгі кездері Малайсары орта мектебінің директоры болды. Өмірінің жиырма жылын мектеп басқарған. 1988 жылы зейнеткерлікке шықты.
Жидебай Кәкенұлы өнегелі өмір жолында ауылдық Кеңестерінің депутаты болып сайланды.
1978 жылы Қазақстан мұғалімдерінің бесінші съезіне делегат болды. Ұзақ жыл педагогика саласында еңбек еткен.
Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі.
1986 жылы «Аға мұғалім» атағының иегері.
1970 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін»
1977 жылы «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері»
1984 жылы «Еңбек ардагері» медальдарына ие болған.
«1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы» медалімен марапатталған.
2001 жылы «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталды.
Алғашқы мұғалімдік қызметте жүріп қазақ тілі мен әдебиет пәнінің бастауыш және орта мектептерде оқытылуы жөніңде әдістемелік жинағын жасады. 1959 жылы №7 «Қазақ тілі мен әдебиет» журналында «Өлең жаттату жөніндегі кейбір тәжірибелер» деген жинағы басылды, бұл жинақ 1960 жылы «Павлодар облыстық мұғалімдердің білімдерін жетілдіру институтында» жеке әдістемелік құрал болып енгізілді.
Жидебай Кәкенұлы аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде түрлі тақырыптарда көптеген мақалалар жариялады.
2008 жылы «Төртеуміз түгел болсақ»,
2009 жылы «Ағасы бардың айтары бар» атты бабалар жайлы деректерден құралған екі кітабы жарық көрді.
2010 жылы «Өлеңімде - Өмірім» жырлар жинағы шықты.
Жидебай Кәкенұлы аудандық мәслихаттың шешімімен 2012 жылы Май ауданының «Құрметті азаматы» атағын алған.
Ендігі сөз кезегін Жидебай атаға берейік.
Тыл ардагеріне қойылған сұрақтар:
Балалық шағыңыз жайлы айтып берсеңіз.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде нешеде болдыңыз?
Соғысқа аттанған азаматтардың ішінде жақын – туыстарыңыз да болған шығар?
Қандай қалада оқыдыңыз?
Алғашқы жазған өлең есіңізде ме?
Қай жылы мектеп бітірдіңіз?
Сізге тыл ардагері ретінде қандай сый құрмет көрсетіледі?
Оқырмандарды атамыздың кітаптарымен таныстырдым. Ардагер ағамыздың өлеңің Ақбота мен Мұхаммед 6а гимназия сынып оқушылары оқып берді.
Кітапханашы: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды», бұл халық даналығы. Алайда ұрпақ жалғастығы алға жылжып ардагерлер қатары сиреуде. Осылардың барлығына қарамай халықтың есіне айбынды батырлық, соғыс жаңғырығы мәңгілік сақталады. Барлық атқарған қызметтеріңіз үшін сіздерге мол да шексіз рахмет айтамыз. Сіздердің алдарыңызда бас иеміз! Жеңімпаздардың даңқы арта берсін!
Алтын уақытыңызды бөліп, оқушылармен кездесуге келгеніңізге көп рахмет. (Ардагер атамызға ескерткіш ретінде кітап пен қалам сыйладық, осы қаламмен өлең жазып, кітаптарыңыз шыға берсін). Алдағы уақытта да қатардан қалмаңыз. Сізге ұзақ жылдар бойы мықты денсаулық, өмірде жақсылық тілейміз! Отанымыз тыныш болсын!