Баяндама Жас ?рпа??а т?рбие берудегі кітапхананы? р?лі
Жас ұрпаққа тәрбие берудегі кітапхананың ролі
«XXI ғасыр мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана» деп Елбасымыз айтқандай , әрбір адамзат рухани тәрбиенің негізін кітапханадан алары сөзсіз. Себебі біз ананың ақ сүті арқылы бойымызға ана тіліміздің құдіретін сіңіретін болсақ, кітап оқыту арқылы жастардың ойлау, армандау көкжиегін дамытамыз, ғылым мен білімге деген қызығушылықтарын оятамыз.
Кітап. Кітапхана. Бұл сөздер бір- бірімен тығыз байланысты егіз ұғымдар. Кітап дегеніміз – баспадан түптеліп шығарылған мәдени рухани қазына. Кітапхана – көпшілік тұтынуына керекті кітаптар сақталып тұратын мекеме. Бұл – нақты ғылыми тұжырымдамалар. Екінші жақтан алып қарасақ, кітап дегеніміз – ақиқат дүниені, өмірді танып білудің жолы, белгілі бір ғылым саласындағы таным – білімнің жиынтығы, адамның жаратылыс сырын, өмірдің мәнін, ақиқат әлемді, обьективті шындықты білу жолдары.
Кітап оқу адамның шығармашылық ізденісімен тығыз байланыста дамып, оның білімі мен адамгершілік мақсаттарын қалыптастырып, қоғамдық тарихи үдерістегі өз орнын айқындауына ықпал етеді. Сол мақсатта жалпы адамзат қауымына жол көрсетіп отыратын рухани қара шаңырақ - кітапхана деп білемін. Кітапхана – өнер, білім ордасы, жастарды ізгілікке тәрбиелейтін қасиетті орын.
Біз әрбір сөздің мағынасын кітап оқу арқылы білеміз, барлық білім негіздерін кітапты оқыту арқылы оқушылар бойына сіңіртеміз, кітап оқуға баулимыз. Кітап сенің досың, сен кітаппен дос болсаң, сенің достарың көп болады, сенің сөздік қорың да, ойлау қабілетін де жақсы дамиды деп алғаш мектеп табалдырығын аттаған балаға біз дос тауып береміз. Оның пайдалы тұстарын да көреміз, кітап оқудың пайдасын сезіне білген әрбір баланың бойында кітап оқуға деген құмарлық ояна бастайды. Кітаптан жаңа достар табады, сол кейіпкерлердің мінез құлықтарына еліктейді, соларға ұқсағысы келеді. Баланың дүние танымы дами түседі, қызығушылығы оянады. Осылайша баланың кітапқа деген махаббатын оятамыз.
Бірақ қазіргі уақытта біз осылайша жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын оятып жатырмыз деп айта аламыз ба? Осы сұрақ бәріміздің көкейімізде тұрады.
Қазір заман өзгерді, техника күннен- күнге даму үстінде. Жаңалыққа жаны құмар жастар қазіргі таңда сол техниканың жетегінде кетіп бара жатқандай. Елбасымыз елдің рухани байлығын көтеру мақсатында көптеген игі істер атқаруда. Әсіресе кітапхана сияқты мәдени орталықтарға көп мән беріп отыр, жас ақындар мен жазушылардың кітаптарын шығаруға жағдайлар жасау, ескі жәдігер кітаптардың тиражын көбейту, балаларға арналған кітаптар қорын кеңейту, ғылыми орталықтармен тығыз байланыста болу. Ондағы мақсат - жастар кітапхананың қызметін түсінсін, игерсін, рухани қабілеттерін дамытсын деген ой жатыр. Міне осындай жағдайлар жасалынып жатқанымен жастар кітапхананың қызметін толық пайдаланбауда . Оған дәлел жастар әлеуметтік желілерді жиі пайдаланып қолдануда. Бірақ біз жастарды, келешек буынды кінәлай беруімізге де болмайды деп ойлаймын.
Жас ұрпақтың бойына тәрбие негіздерін сіңіртудің ең тиімді жолы -жастар бойына кітаптың пайдасы мен қызметі туралы мәліметтермен жиі таныстырып отыру. Сол мақсатта атқарылатын жұмыстар - мектептегі пән мұғалімдерімен тығыз байланыста болу, мәліметтерді кітапханаға барып, кітаптардан іздеуге дағдыландыру, әр түрлі іс - шараларды жиі ұйымдастыру, оған мектеп оқушыларын тарту, кітапханамен көп байланыс жасайтын оқырман арасында жарыстар ұйымдастыру, жеңімпаздарды марапаттау. Қала және облыс көлемінде кітап оқуға байланысты атқарылатын іс шараларға оқушыларды тарту, қала көлеміндегі кітапханаларға саяхаттар жасау, «Досыңа кітап сыйла» акциясына жастарды бір кісідей ат салыстыру. Міне осындай жұмыстар бір ізге салынса, кітапхана оқырмандарының саны көбейе түсері сөзсіз. Кітапты көп оқыған оқушыдан сөздік қоры мол, сөйлеу тілі жатық, өз ойын көркем әдеби тілмен жеткізе білетін, көкірегі ояу сауатты жас шығары анық. Өз тілін жақсы меңгерген жас басқа тілді де тез меңгереді және де әр түрлі тілде жазылған көркем шығарманы оқу арқылы баланың өмірге деген түсінігі молая түседі.
Кітапханашылардың мәртебесін көтеру де назардан тыс қалмағаны жөн деп ойлаймын. Себебі кітапханада оқырмандарға қызмет көрсетіп, бағыт бағдар беріп отыратын кітапханашылардың да еңбегін ерекше атауға болады.
Кітабы көп елдің рухы – биік, ғұмыры мәңгі.
Кітап - рухани байлықтың көзі, сол мақсатта қаламы қарымды жазушыларымыз бен ақындарымыз көбейе берсін! Сол кісілердің қаламынан туған жыр өлеңдер, көркем шығармалар оқырмандар жүрегінен орын ала берсін. Болашақ жастарымыз білімді, мәдениетті болып, еліміздің мәртебесін асқақтата түссін! Кітап – білім бұлағы, сол білім бұлағы ешқашан суалмасын. Кітапханамыздың іші оқырманға толсын. Кітапқұмар оқырмандарымыз көбейсін. Болашақ жастарымыз кітапты бағалай білсін!