Ма?ала. Ауыз ?дебиетіндегі бата с?здерді? жанрлы? таби?аты


Ауыз әдебиетіндегі бата сөздердің жанрлық табиғаты
Халқымыздың қаймағы бұзылмаған, тұңғиығы тұнық, бедері анық, ұлттық бояуы қанық асыл туындыларының бірі- ауыз әдебиетінің мұралары десек, бата сөз – халықтың сан ғасырлық соқпақты даму жолында барынша қадір-қасиеті мен өзіндік көркемдігін жоғалтпай, онымен бірге жасасып келе жатқан ауыз әдебиеті жанрларының бірі. Бата сөз – көлемі шағын болғанымен қомақты ойға, дархан даналыққа толы, бойына халықтың ақыл-нақыл сөздерін сараптай сіңірген, адамшылыққа, азаматтыққа шыңдайтын, сөйтіп жас ұрпақтың ұлттық «бет-бейнесін», «бітімін» сомдайтын, сана саңылауына сұлулықтың, рухани тазалықтың, өнегелік пен көргенділіктің дәнін себетін парасатты пайымдауларға құрылған ұлттық тәрбиенің де қуатты құралы.
Әдебиеттің белгілі бір жанры белгілі бір тарихи қажеттіліктен, белгілі бір дәуірде туып дамыды. Олай болса, бата сөз делінетін рухани қазынаның пайда болып, дамып, жанр ретінде қалыптасуына түрткі болған ең негізгі себепті қоғамдық жағдайлар мен қажеттіліктерден іздестірмей, оның табиғатын тұтастай түсінуге болмайды. Осыған орай айтатынымыз, әлбетте, бата сөз ғұрыптық поэзияның басқа да түрлері тәрізді, практикалық қажеттіліктен, адамдардың сәбилік санасына негізделіп, ежелгі адамдардың дүниетанымының бір формасы ретінде пайда болды. Сөздің магиялық құдіретіне сеніп, сол арқылы сыртқы ортаға әсер ету мақсатында пайда болған бата сөздер келе-келе дамып, оның негізгі мазмұны адамгершілік насихатқа ұласты. Бата сөздердің тақырыбы өте бай, онда ар-ождан, арман-мұрат, әдет, сұлулық, отаншылдық, бірлік, ынтымақ, от басының берекеті, т.б. тақырыптар қамтылады. Ар-ождан тазалығы, көпшілдік, халықшылдық, әділдік, инабаттылық, иманжүзділік, т.б. биік мұраттар ғибрат етіледі.
Қазақ фольклортану және әдебиеттану ғылымдарында бата сөз жанры жөнінде ауқымды зерттеулер болмаса да, бірқатар еңбектерде ауыз әдебиетінің жалпы мәселелері шеңберінде, сондай-ақ өзге жанрлар көлемінде бата сөздерге қатысты мәселелер қозғалып келді.Алайда, бата сөздердің жалпы халық поэзиясы жіктемесінде ауыз әдебиетінің бір жанры ретінде аталып қана кетсе, кейде жалпы ескерілмей қалған.Сондықтан біз әрі қарай бата сөздер белгілі шамада сөз болған еңбектерге ғана тоқталмақпыз.
Алдымен, бата сөздердің жиналып-жариялануын сөз етсек, халықтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклордың өзге жанрлары сияқты бата сөздердің де жиналып-жариялануы ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынды. Бұл ретте алғашқы аталатын еңбек-түркі тектес халықтардың ауыз әдебиеті үлгілерін қамқорлықпен жинап, көптомдық етіп жариялаған орыс академигі В.В.Радловтың «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деген он томдық еңбегі.Оның 1870 жылы жарық көрген үшінші томында қазақ ауыз әдебиетінің басқа үлгілерімен қоса, бата сөздер де жарияланған. Бұл еңбектің «Батасөз» тарауында 76 жолдан тұратын көне үлгідегі 5 бата сөз берілген. В.В.Радловтың жинағындағы бата сөз үлгісінің бірі:
Е,құдайым,оңдасын!
Мың саулығың қоздасын!
Сегіз түйең боталап,
Сегіз келін қомдасын.
Тіленшінің биесін берсін!
Үйсін,Қоңыраттың түйесін берсін!
Біткен аруақ бәріне тие берсін!
Аллаһу акпар!
немесе
Құдайым жарылқасын!
Бай қылсын!
Төрт түлігін сай қылсын!
Кетпес дәулет берсін!
Кең бейіл берсін!
Құрмалдығың қабыл болсын!
Тілегің дұрыс болсын!
Мұратың асыл болсын!
Тілеген тілегіңді берсін!
Аллаһу акпар!
Бата сөз үлгілері шығыстанушы ғалым Г.Н.Потаниннің жазбаларында да кездеседі.
Сабаң жиылмасын, іркітің басылмасын,
Жанторсық жаныңнан кетпесін,
Қойың өрістен кетпесін,
Биең желіден кетпесін,
Сауғаның бие болсын,
Жиғаның торсық болсын.
Бата сөздердің жинақталып, жарық көруінде аталатын бағалы еңбек – А.Васильевтің «Қазақтың халық ауыз әдебиеті үлгілері» бойынша 1905 жылы Орынборда жарық көрген «Бата сөз» деп аталатын жинағы. Бұл жинаққа бата сөздердің 43 нұсқасы енген. Соның бірі:
Е, патша құдайым, жарылқағанмен жандас ет,
Ораздымен оттас ет.
Кімді жарылқасаң, соның қасында ет,
Алдағым әзір, шүкір тәубе,
Астыр-тастыр
Үзілістірмей ойластыр,
Жақсылармен жанастыр,
Жамандармен адастыр!
Дәулетің зияда болсын,
Дұшпаның пияда болсын
Құдайым тілегіңді берсін.
Тұсауыңды алсын!
Ерлердің дұғасы,
Жарандардың батасы,
Болмағай менің бұл батамның қатасы!
Тағы да бір құдайым жарылқасын,
Басыңа Қыдыр дарысын,
Иманың мен жасыңа Қыдыр дарысын!
Ішіп жүрген асыңа Қыдыр дарысын!
Бата сөздер жарияланған келесі еңбек- қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, бастыруға өлшеусіз еңбек еткен Ә.Диваевтың еңбектері жарияланған «Қазақ халық творчествосы» (1989). Бұл еңбекте 59 жолдан тұратын бата үлгісі берілген.
Қазақ әдебиетінде ақындығымен ғана емес, халық ауыз әдебиетін жинаушы ретінде де белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Мес» деп аталатын жинағында бата сөздердің жеті-сегіз буынды, он бір буынды қара өлең түріндегі нұсқалары жарияланған. Жалпы жинаушының қолжазбаларында жинақталған бата сөз үлгілері-үш жүз елу жол.
Қазақ кеңес энциклопедиясында бата сөз жанрына мынадай сипаттама берілген: «Бата- қазақ халқының ғұрпында адал ниет, жақсы тілек білдірудің бір түрі. Өте ерте заманнан салтқа енген бата беру кейде өлеңмен, кейде тақпақ, көркем сөзбен айтылып, ауыз әдебиетінің бір жанры болып қалыптасты.Баталарда күнделікті өмірдің пайдалы жағын салыстырумен қатар анимистік-магиялық наным-сенімдердің элементі кездеседі.Белгілі бір істі бастарда, жауға, жолға, аңға шығарда айтылатын ақ тілеу, әзіз ақсақалдан бата алу салтында осы екеуінің де ізі бар. Кейін баталарға ислам дінінің әсері тиген....»Ал Қазақ ССР-ның қысқаша энциклопедиясынан бата жөнінде мынаны оқимыз: «Бата, бата беру – түркі – монғол халықтарының фольклорында кең тараған жанр.Адамзат дамуының көне дәуірлерінде туған ырымдар мен магиялық наным-сенімдермен тығыз байланысты.Белгілі бір адамның өмірлі, бақытты, абыройлы болуына тілек білдіру үшін айтылады...»
Бата сөз ауыз әдебиетінің өзге үлкенді-кішілі жанрлары сияқты, мәселен мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, аңыз, ертегілер, ғашықтық жырлардай, кез-келген жерде айтыла бермейді. Ол белгілі бір ғұрыпты, атап айтқанда бата беру ғұрпын орындау кезінде айтылады, ал оны орындаушы – аузы дуалы, сөзге шебер, азаматтығы мен ақылы, даналығы көпке үлгі боларлық, ел сыйлаған батагөй ақсақал. Бата сөз айтушы да халық ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдерінің бірі болып саналады. Бұл жанр ауыз әдебиетінің өзге жанрлары сияқты белгілі бір поэтикалық заңдылықтарға бағынады, сонымен өмір сүреді. Батагөйдің негізгі мақсаты көркем шығарма тудыру емес, белгілі бір наным-сенімдерге негізделген салтты орындау. Бата сөз негізінен дәстүрлі фольклорлық сөз формулаларға негізделгенімен, әр бата беруші айтатын батасына өзінің тарапынан өзгертулер енгізіп, өз шама-шарқынша шығармашылықпен, табан астында импровизаторлық танытып өзіндік қолтаңбасын қалдырады.
Бата беру рәсімі кезінде орындалатын бата сөз – көлемі мен формасы жағынан да, орындалу тәртібі жағынан да оқшауланатын жанр.Пікірімізге дәлел үш бірнеше негіз бар:
1.Бата сөздер кез-келген жерде айтыла бермейді. Белгілі бір салтпен байланысты, белгілі бір рәсімнің орындалу барысында айтылады. Мысалы, нәресте дүниеге келгенде, тұсау кескенде, ұлыстың ұлы күнінде, үйлену тойында, қыз ұзатқанда, т.б.
2.Бата беру рәсімін кез-келген адам орындамайды.Жұртқа беделді, көпті көрген, жолы үлкен, сөзге ұста, қадірлі саналатын батагөй ғана бата беру рәсімін орындайды.
3.Бата беру рәсімінің өзіндік орындалу тәртібі бар: ақ бата беру кезінде рәсімге қатысушылар батагөймен бірге алақандарын өздеріне қаратып жайып, бата беру рәсімі біте бере: «Әумин!Айтқаныңыз келсін!» деген сияқты бекітусөздерімен бет сипайды. Ал теріс бата беру кезінде, керісінше батагөй алақандарын теріс қаратып жаяды.
4.Салттың орындалу барысындағы бата беру кезінде батагөй – өз атынан ғана емес, дүйім жұрт, алқалы топтың атынан сөйлейді.
5.Бата сөздер шығу төркіні жағынан наным-сенімдерге негізделіп, тіршілік қажеттігінен туындағандықтан, көркем фольклордан функциональды сипатының басымдылығымен ерекшеленеді.
6.Бата сөздер әндетіліп айтылмайды, мәнерлеп тақпақтата, көтеріңкі үнмен, әуезбен айтылады.
Аталған ерекшеліктер барлық түркі – монғол халықтарының алғыс, бата беру рәсімінде анық байқалады.
2.Бата сөздер түрлері.
Қазақта өлең немесе шешендік сөзбен айтылатын батаның түрі көп.Қонақтың үй иесіне, дастархан иесіне беретін батасы ма, ұзатылатын қызға берілетін бата ма, әлде жолаушыға айтылар бата ма,жарапазанның батасы ма – бәрібір барлық бата жақсы тілектен туады. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жүректің кілті – аузында» деп түсінген қазақ ақ пейілден төгілген батаны үлкен абыройдан кем көрмеген. Батаның әсем сөз , оралымды тапқыр ой арқылы айтылуы тыңдаушысының жан- дүниесіне жағымды әсер етіп, жанын жадырататындай эстетикалық ләззат, эмоциялық күш- қуат беріп отырған.
Бата сөздер қазақ тұрмыс- салт жырларының ішіндегі анағұрлым көбі, әрі алуан сипатта келетін түр жағынан байы. Бата нұсқаларының айрықша көптігі – ауыз әдебиетінің бұл жанрының көбінесе, импровизаторлық дәстүрге негізделетіндігінен. Әр бата беруші батаны өз атынан жаңаша айтуға тырысып-ақ бағады. Мәселен, қыз ұзату тойында берілген мына батаны алайық:

Жай қолыңды, жарқыным,
Мен берейін батамды,
Етек-жеңің кең болсын
Торы менен күреңдей.
Қорлық көрме, қарағым,
Жағың түсіп қартаймай,
Жазды күнгі тікеннің
Алты қанат үй болсын.
Отыныңа жаққаның
Тобылғы, жыңғыл, қи болсын.
Торы болсын мінгенің,
Торқа болсын кигенің.
Ұлыңыз жүйрік мініп бұлаңдасын,
Қызыңыз жорға мініп сылаңдасын....
Батаның көбінен де азы жақсы,
Осыған риза бол, қарындасым!
Келтірілген үзінді бата сөздің дәстүрлі ерекшеліктерін, ұзатылған қызға айтылмақ жақсы ниет-тілектерді ғана білдіріп қоймайды, өз кезеңінің өмір шындығынан азды-көпті түсінік береді.Одан көшпелі қазақ ауылының тіршілік қарекетін, болмысын, соған лайық арман-тілегін көру қиын емес.
Бата сөздерде байқалатын басты нәрсе- оның жеке адам атынан айтылса да, жеке адамға айтылса да көпшілік сипат алуы, көпке ортақ мәселелерге арналуы, сол арқылы өзекті тақырыптарға өзінше үн қосуы.
Бата сөздер белгілі бір шамада сөз етіліп келген бүгінге дейінгі әдебиеттерге бата сөз үлгілерін оның айтылу орнына, тақырыбына қарай топтау: тұсау кесу батасы, үйлену тойы батасы, келінге берілетін бата, қоныс той батасы, қыз ұзатқанда берілетін бата, т.б. қалыптасқаны белгілі. Біз қазақ қауымы арасында аса қадір қасиетке ие, арқауы әдеп пен тағылымнан, асыл мұраттан тұратын бата сөздердің ғұрыпқа тікелей немесе жанама қатыстылығын басты бағыт ете отырып, оларды былайша топтастырар едік:
Ғұрыпқа байланысты бата сөздер:
а) отбасы ғұрпына байланысты бата сөздер (бесікке салғанда, тұсау кесерде, үйлену тойында, қыз ұзатқанда, қаралы үйге бата оқу кезінде берілетін баталар, дастархан батасы,ерік батасы);
ә) маусымдық ғұрыпқа байланысты бата сөздер (наурыз батасы, жарамазан батасы).
2. тұрмыс, кәсіпке байланысты бата сөздер (бие байлағанда, қоныс тойларына сапар шеккенде, көшкенде, еркіндікке шыққанда, аңға шыққанда берілетін баталар);
Енді ғұрыпқа байланысты бата сөздердің бірнеше түрін қарастырайық.
Отбасы ғұрпына байланысты бата сөздер ізгі тілек тілеу мақсатымен қоса, сол ғұрыптарды орындалу рәсімінің бір бөлігі ретінде бекітуші, «заңдастырушы» қызметінде атқарады. Мәселен, бала дүниеге келгенде, бала қырқынан шыққан соң жасалып бесікке салу рәсімі кезінде, бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң қаз-қаз тұрып, қара табан бола бастағандағы тұсау кесу кезінде, атқа мінгенде, ашамайға отырғызғанда, ұл үйленіп жеке шаңырақ көтергенде, қыз ұзатқанда, келін түскенде, қаралы үйге бата оқу кезінде берілетін бата үлгілері мен тақырыбы мен мазмұны, мақсат-мұраты түгелдей осы салттарды өткізуге қатысты болып келеді.
Қазақтың дәстүрлі баталарының қатарында баланың дүниеге келуі, балаға ат қою салтымен байланысты киелі сөзге айналған бата сөздің небір жауһар үлгілері баршылық . Мәселен, Найманның Мұрын руынан шыққан Жолымбет деген қариясы 135 жыл өмір сүріпті. Жолымбет тек өз кіндігінен 316 отаудың шаңырағын көтерген. Бір өзінде 71 немере болған екен. Сол қарияның 105 жасқа келгенде бәйбішесі қайтыс болып, ағайын-туысқандары бала-шаға мен келін-кепшіктің бағуына қарап қалмасын деп, Қалия деген жесір әйелді алып береді. Қалияның ақылдылығы үшін елі оны «Дана апа» деп айтып кетіпті. Жолымбет қария осы Қалиядан 107 жасында ер бала көреді. Ел-жұрт осы ұлан-асыр тойға Матайдан Жақсыбай биді шақырады. Қосмұрат деп қойып, Жақсыбай би былай деп бата берген:
Қосмұрат болсын бала аты.
Жетілсін өссін қанаты.
Ат аспаннан дей тұған
Бұрынғының санаты.
Алланың берген баласы,
Пенде де болмас шарасы.
Жүз жаста адам алжиды
Жүруге келмей шамасы.
Асқанда жүзден ұл берген
Айналайын Алланың
Құдіретіне қарашы!
Емес пе бізге ғибадат,
Асыл менен жасықтың
Жер мен көктей арасы,
Қуанышқа ортақпыз,
Қайырлы болсын, нағашы.
Бұқар жырау дүниеге келгенде Әнет бабаның берген батасы да оның болашағына жолдама болған киелі сөз ретінде халық жадында қалған:
Есімің Бұқар болсын,
Мінгенің тұлпар болсын.
Дауысың сұңқар болсын,
Ісіңе халқың іңкәр болсын.
Үйлену салтындағы бата сөз. Мәселен, жаңа түскен келіннің бетін ашқаннан кейін берілетін батаның бірі мынадай:
Бәйтеректей бүрлі бол,
Атқан таңдай нұрлы бол!
Бәйшешектей гүлді бол,
Шыққан күндей нілді бол!
Толған айдай ажарлы бол,
Қызығы мол базарлы бол!
Ағайынға аялы бол,
Айналаңа сыйлы бол!
Ата-анаңа мейірлі бол,
Ел-жұртыңа пейілді бол!
Ақ отауың басқа толсын,
Қара қазаның асқа толсын!...
Яғни, халықтың әдеп пен дәстүрге қанық, оны бұлжытпай орындайтын адал жар, мейірімді ана, отбасының шаруасын меңгерген әйел ретіндегі нағыз үлгілі келіннің жиынтық образын сомдайтын әдеп қасиеттері сөз етіледі.
Қазақ әйелдерінің қоғамдағы салмағының сәл төмендегі іспеттес болғанмен, олардың әдептілігін көрсететін көптеген әдеп ғұрыптар бар. Мәселен, күйеуінен басқа бөгде ер адамдарға беті мен екі қолының ұшынан басқа денесін көрсетпеу; жалаңаяқ, жалаңбас жүрмеу; еркектердің алдынан кесе өтпеу; үлкендер отырған жерге кірмеу; өз үйне үлкендер келіп әңгімелесіп отырғанда олардың әңгімелеріне араласпау, оларға тура қарамай қырыннан отыру, үйде кісі барда малдас құрып не жүресіннен отырмау; үлкендер көзінше дауыстап сөйлеспеу немесе балаға шаңқылдап ұрыспау үлкен әдептілік деп есептелген.
Ас батасы немесе дастарқан батысы. Мәселен,
Берейін, бата асыңа,
Амандақ берсін басыңа,
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма,
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Көре алмаған дұшпанның
Жуа бітсін жолына
Бақытың жетсін төрелеп,
Дүние малды жетелеп,
Аузыма түскен батаның
Жатырмын бәрін төпелеп!
Көтердік, міне, білекті
Ақтардым түгел тілекті
Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.
Қазақ халқында дастарқан - киелі. Сондықтан да ол арқылы серттеседі, ымыраға, келісімге келеді, құдандасады. Мәселен, нан ұстау немесе тұз ұсату арқылы ант не серт береді. «нан соқсын» деп серттеседі, құдандаласқанда құйрық-бауыр, бас, төс, жамбас жеседі. Нанды құраннан да қасиетті санайды, нанды басып құранды алуға болмайды, ал құранды басып нанды алуға болады дейді. Мәселен
Береке-дуа асыңнан кетпесін.
Бақыт-дәулет басыңнан кетпесін.
Лұқпандай мың жаса,
Ер дарысын жасыңа,
Дуа тисін асыңа.
Қазақ үшін кең жайылған дастарқан үй іші берекетінің белгісі. Тіпті, жозының үстінде жайылатын дастарқанның өзі де киелі. Батыс аймақтың қазақтары оны асжаулық деп те атайды. Асжаулықты жерге тастамайды, оны іліп қоятын өз орны бар. Қазақтардың ырымы бойынша асжаулық ретінде оның бетіне қоятын ырыс тайып жығылады деген сеніммен қазіргідей клеенка немесе жылтыр мата қолданбаған.
Аяғына қарап асын ішіп, шешесіне қарап қызын алған қазақтардың дәстүрлі баталарында адал ас, мол дастарқан ақ тілеудің қашан да қалыс қалмас арқауы. Бұл тілектер бірде:
Дастарқаның майлы болсын,
Көңілің жайлы болсын,- деп айтылса, бірде:
Ақсақалың келгенде
Ақ дастарқан жайылып
Ағарған мен бас тұрсын!-
Кейде:
Адалдық берсін асыңа,
Амандық берсін басыңа,-
Немесе
Дастарқанға береке берсін!
Кең пейіл берсін!-
дегендей түрде айтылып жатады.
Рамазан батасы немесе жарамазан батасы. Бұл бата түрі мұсылмандардың қасиетті айы – рамазан айында беріледі. Рамазан батасы ораза айында айтылатын жарамазан өлеңдерімен қоса немесе жеке де айтылады.Жарамазаншылар көбінесе ораза ұстаушылар (ауыз бекітушілер) күн батқан соң ифтарлық жасап, яғни ауыз ашып тамақтанған соң, әлденіп, елдің көңілі көтеріліп, дастархан басында жадырай бастаған кезде үй-үйді аралап жарамазан айтатын болған.Көбірек қалыптасқан рамазан батасы мынадай:
Байдың көңілі жай болсын,
Мың жылқылы бай болсын.
Айдағаның қой болсын,
Шайнағаның май болсын,
Азын аулақ дәулеті
Күнде өзіне той болсын......
Тұрмыс , кәсіпке байланысты бата сөздердің мазмұны халықтың өмір сүру тәсілі еткен негізгі кәсібінің сипатымен ерекшеленеді.Негізгі мақсаты мал басын көбейту, шаруашылық жағдайын жайлы ету.Ұзақ замандар бойына тіршілік еткен ортасы – көшпелі өмір салтымен үйлесім тапқан қазақ халқы шаруашылығының негізгі саласы көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына негізделгені, сондай-ақ, халықтың бақташылықпен қатар шаруашылықтағы үлес салмағы аз болса да, аңшылық кәсіппен айналысқаны белгілі.Халық поэзиясында аңшылық, төрт түлік мал жайлы барынша мол көрініс тауып отыруы да сондықтан.
Қазақ ауыз әдебиетінің ежелгі жанр қатарындағы бата сөздер талай ғасыр өтіп бізге жеткен тұсында функционалдық қызметі мен эмоционалдық – психологиялық әсер күшін бәсеңдетті, бірақ жоя қойған жоқ.Дегенмен оның мазмұнында , тақырып аясында, сипатында өзгеріс жоқ деп айтуға болмайды.
Бата сөздердің тәлімдік-тағылымдық мәні арнайы сөз етуге тұрарлық маңызды мәселе.Мұнда халықтың моральдық- этикалық , әдеп-қалып ережелері барынша мол жинақталған, бұл жағынан келгенде фольклордың бұл жанрының таптырмас тәрбие құралы болып табылатыны даусыз.

Пайдаланылған әдебиеттер
1.Дербісәлин Ә.Дәстүрмен жалғастық.-Алматы: Қазақ ССР «Ғылым» баспасы, 1976,-203 бет.
2. Баталар : Благие пожелания.- Алматы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік кітап қазынасы, 1992, -24 б. (Қазақ тіл мәйегінің дәмі.)
3.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі .-Алматы, 1978, 2 том.
4.Қазақ фольклористикасы .- Алматы : Ғылым, 1972 ж.
5.Арғынбаев Х.Мәшһүр Жүсіптің екі батасы // «Ана тілі» газеті, 1992 жыл, 30 шілде
6.Садыханұлы Б. Балаға ат қою // «Ана тілі» газеті, жылқы жылы, 13 желтоқсан.
7.Төлекова С. Қазақ тіліндегі алғыс және қарғыс мәндегі фразеологизмдер.-Алматы, 1975,канд.диссертация авторефераты.
8.Қорқыт ата: Оғыздардың батырлық эпосы.Аударған: Ә.Дербісәлин .-Алматы : Қазақстан, 1993,-64 б.
9.Әлімбаев М. Өмір, өнер, өнерпаз: эссе, естеліктер, ой-толғамдар.-Алматы:Өнер, 1990,-459 б.
10.Төреханұлы Ә. Отқа май тамызу // «Ана тілі» газеті, 1994 ж, 9-маусым.
11.Дәуітов С. Халықтың маржан тілін қадірлеген // Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Екі томдық, 2- том.-Алматы: Ғылым, 1992,-224 бет.
12.Маржан сөз « Жазушы» баспасы. Алматы 1978 жыл.