План конспект классног часа ?аза?стан-2050 стратегиясы:бір халы?-бір ел-бір та?дыр


Тәрбие сағатының тақырыбы: «Қазақстан – 2050 стратегиясы:
бір халық – бір ел – бір тағдыр»Мақсаты:1. Білімділік. Оқушыларды Отанымыз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерімен , Конституциясымен және Елбасымыздың жолдаған жолдауымен таныстыру.2.Дамытушылық. Оқушылаодың Отанға, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, тіл байлығын және сөйлеу мәдениетін дамыту шараларын ұйымдастыру.
3. Тәрбиелік. Оқушыларды Отанын, елін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Түрі: Интерактивті сабақ
Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған слайд, елбасының суреті, сөзжұмбақ.
Сабақ әнұран айтумен басталады.
Ой қозғау:- Біз қандай мемлекетте тұрамыз?- Қазақстан.- ҚР-ның халқы қай тілде сөйлеу керек?- ҚР –ның халқы қазақ тілінде сөйлеу керек.- Біздің тұңғыш президентіміздің аты-жөнін білесіңдер ме?- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
-14 желтоқсан күні жаңа «Астана опера» опера және балет театрында ҚР Президенті Тәуелсіздігіне арналған салтанатты жиналысында халқына үндеуі?
-Иә, балалар, Жолдауын арнады.
Сөзжұмбақ «Жолдау» сөзі шығу керек.1. Әлемдік сөзінің синонимі (жаһандық)
2. Отағасының антонимі (отанасы)
3. Ата-ана тәрбиелейді? (бала)
4. «...-біздің табысты болашағымыздың негізі» (Ұлт денсаулығы)
5. Тіл дамуы, сақталуы үшін қандай қаріпке көшпекпіз?  (латын)
6. Ел ертеңі жарқын болу үшін не істеу керек? (Білім алу)
- Ендеше, балалар, бүгін Жолдау туралы әңгімелесеміз.
         Елбасы Жолдауында өмірдің баға жетпес құндылығы –балаға, бала тәрбиесіне, болашағына көп көңіл бөліп отыр. Отбасы, әке мен бала, бала мен ана мәселесіне –«Бала тәрбиелеу-болашаққа үлкен инвестиция» деуінде үлкен мән жатыр. Бұның барлығы ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытуға бағытталған әрекет. Адамзат өзінің байырғы құндылықтарынан ажырамауы үшін ат салысып, адамдарды ізгілік пен қамқорлыққа шақыруы көңілге қонымды.
Отағасының серігі отанасы демекші Елбасы Жолдауында әлеуметтегі әйел адамның рөлі, оның келешегі жөнінде айтылған. Әйел адам ең алдымен- ана. Ал ана- отбасы, мемлекет шамшырағы. Қыз баланы –ұлттық дәстүрде тәрбиелеп, құрметтеу керектігін, оны зорлық –зомбылықтан сақтау, заманға сай білім алып, кейін қызмет етуіне құқылы екендігі айтылған. Баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмек көрсету, олар үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызу перспективасы қуантады.
Білім- барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады. Осыны ескере отырып Елбасы Н. Назарбаев өз Жолдауында Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесін әрі қарай дамыту, жетілдіру жоспарын құрып, көптеген мақсаттарда көздеп отыр. Олар:  инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту, оқыту әдістемелерін жаңғырту, елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту. Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ел ертеңі жарқын болмақ.
         Президент  Жолдауының «Ұлт денсаулығы- біздің табысты болашағымыздың негізі» тарауында Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз ету ісіне жаңа тәсілдер енгізу мәселесі, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру көзделген. Бұл Жолдаудың іске асырылуы - Қазақстан Республикасын әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына шығаратыны сөзсіз.
         Елбасымыз биылғы дәстүрлі «Қазақстан -2050» Стратегиясы Жолдауында жарқын болашаққа айқара жол ашты. Ондағы ең өзекті мәселенің бірі, бірегей  қазақ тілімен 2025 жылы латын әліпбиіне көшу жайы көпшілікті ерекше қуанышқа бөледі. Тәуелсіз ұлт болудың ежелгі шарттары: өзіне тән тілі, сенетін діні, салт-дәстүрі, жазуы, басқа ерекшеліктері болу .
         Енді Жолдауда айтылған өркениетті дамыған 30 елдің қатарына жету бағыт - бағдарына ілесу, үлес қосу ісі тұр алдымызда. Латын қарпіне көшу сол өркениет шыңында тұрған 30 елге жақындастыра түсіп, олармен қоян -қолтық бәсекелесуге жаңа негіз қалайды. Өскелең ұрпақ үшін тіптен тиімді.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында сөйлеген сөзімен оқушыларды таныстыру
Қымбатты отандастар!
Қадірлі қауым!
 
Қасиетті қазақ жерін татулықтың талбесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл кәмелетке толды.
Ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бірлігіміздің бастауы болсын деп қолымызбен құрған Ассамблеяның дүниеге келгеніне 18 жыл.
Осы аралықта ол өзінің өміршеңдігін көрсетіп, біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлігіне айналды.
Елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық 20 сессиясын «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деп атауымыздың астарында үлкен мән бар.
Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді.
Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.
Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді.
Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақтың үш тағаны сияқты «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр.
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ.
Осыны халқымыз бек түсініп, бірлігіне бекем болды.
Ел иесі – қазақ халқы да ешкімге шетқақпайлық көрсеткен жоқ.
Ұлтына, тілі мен діліне қарамай барша этнос өкілдерінің теңдігін ата заңымызда айқындап алдық.
Табысқа тоқмейілсіп, тоқырап қалмай, алыс болашағымыздың темірқазығы – «Қазақстан 2050» стратегиясын қабылдадық.
Онда ең басты 7 басымдықтың бірі – Жаңа Қазақстандық патриотизмнің түп қазығы ретінде ел бірлігін басты назарға алдық.
Менің тапсырмаммен дайындалған Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы да айрықша маңызды құжат.
Бүгінгі сессияда салиқалы ойлар айтылып, тағдырлы шешімдер қабылданарына сенемін.
 
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін біз Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясын өткізіп отырмыз.
Бұл біздің үлкен жолды жүріп өткенімізді білдіреді.
Осы жылдар ішінде Ассамблея кәмелет жасына жетіп, ұлтымыздың аса маңызды жалпыазаматттық институтына айналды.
Қазақстан – этностық жанжалдардан азат аумақ.
Экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқасында табысты жүргізілді.
Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды.
Біздер мен сіздер атқарған  жұмыстың, Ассамблея жұмысының басты нәтижесі міне, осы!
Бүгін біз Ассамблея – тұтастай Қазақстан халқы деп толық негізбен айта аламыз!
Барлық он жеті миллион!
Бүгін Ассамблея – тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сенімді, берік іргетасы.
Ассамблея тарихы – ел тарихы, халық тарихы.
Құрметті отандастар!
Біздің сессиямыздың күн тәртібіне маңызды мәселе енгізіліп отыр. Ол: «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық –  бір ел – бір тағдыр».
Неге біз бұлай айта аламыз?
Өйткені, «бір халық» – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер.
«Бір ел» – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан.
«Бір тағдыр» – бұл біз бірге жүріп өткен  қиындықтар мен жеңістер!
Бұл біздің ортақ келешегіміз – игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан!
Осының барлығын қоса алғанда, Стратегияны табысты жүзеге асыру үшін қоғамның бірлігі қажет дегенді білдіреді.
Бүгінде әлемдік экономикада «белгісіздік белесі» келе жатыр.
Дамыған елдердің рейтингтері төмендеуде, рецессияның жаңа толқынын күту күшейе түсуде.
Кипрде болған жақындағы оқиғалар адамдардың игілігіне тікелей ықпал ететін қаржы тәуекелдері қаншалықты күрделі болатынын көрсетіп берді.
Бұл – алаңдатарлық дабыл.
Әлемдегі экономикалық жағдай біз мұқият бақылап отырған этномәдени ахуал трендтеріне ықпал етеді.
Қазіргі дәуірдің шешуші парадоксі әлемде бір мезгілде екі үрдіс: унификация жағына және үлкен әртүрлілік жағына іс-қимыл танытатынына барып тіреледі.
Әлем қарапайымданып емес, күрделіленіп барады.
Тек Еуропаға ғана миллион-миллиондаған мигранттар келіп жатыр.
Біреулер үшін бұл құбылыс табиғи, ал екіншілері үшін апатты көрінеді.
Барған сайын шетін риториканың дауысы қатты естілуде.
Мультикультурализмнің бұрынғы практикасы өзін тауысқаны айқындала түсуде.
Тіпті болашақта Еуропа мемлекеттерінің «өзін өзі жоятыны» туралы кітаптар пайда болуда.
Мен ашық мемлекеттік стратегия мен ізгі ниет бар жағдайда бірлік пен көпқырлылық трендтері бір-біріне қайшы келмейтініне, керісінше, бірін бірі толықтыратынына сенімдімін.
Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық жиырма сессиясы бойына нақ осындай саясат жүргізіп келеміз.
Және бұл саясат өзін толық ақтады!
Тәуелсіздік жылдарында біз этносаралық бірліктің өз моделін жасадық.
Іс жүзінде азаматтарымыздың тең құқығы мен мүмкіндігін, өмір сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз еттік.
Зураб Бобохидзе Атыраудан былай деп жазады:
«Менің үйім, менің отбасым, бауырларым, үш балам, бес немерем осында.
Тәуелсіздік жағдайында мен грузин болғаным үшін  бірде-бір рет өз елімнің өмірінен шет қалу сезімін басымнан өткерген емеспін».
Бүгінде біздің көптеген азаматтарымыз осылай дей алады.
 
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінде әлем өзгеріп жатыр.
Онда көптеген оқшаулағыш сызықтар: өңірлік және конфессиялық, әлеуметтік және мәдени, тілдік және этностық сызықтар пайда болуда.
Жаңа жағдайларда, біз 2050 жылға дейінгі Стратегияға аяқ басқан кезде қоғамның көпқырлылығын өзіміздің пайдамызға жарата білуге тиіспіз.
Жаңа жағдайларда Ассамблея нағыз жалпыазаматтық, саясатүстілік және жалпыхалықтық институт болуы тиіс.
Мен мынаны атап көрсетемін: Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келеді!
Өкінішке қарай, мұны барлығы бірдей, тіпті шенеуніктер де түсіне бермейді.
Кейбіреулер «ескіше» ҚХА – бұл этностық азшылықтың өкілдігі деп ойлайды.
Мен түсінбейтіндерге немесе түсінгісі келмейтіндерге бүгінде Ассамблеяның не екенін айтқым келеді.
Оны БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-да, АӨСШК-де таныды.
Ассамблея – бүкілхалықтық өкілдік!
Нақ сондықтан Ассамблеяға өзім жетекшілік етемін!
Нақ сондықтан мен бүгінде Ассамблея – бұл барлық 17 миллиондық қазақстандық дедім!
 
Ардақты ағайын!
Ассамблеяның ең басты міндеді – еліміздегі қоғамдық келісім.
Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана.
Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал.
Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек.
Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес.
Халқымыз «тар жерде табысқан, кең жерде келіседі» демейтін бе еді?!
Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды.
 
Құрметті отандастар!
Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кірісудеміз.
Бүгінде біздің 2050 жылға дейінгі этносаралық саладағы стратегиялық болжамымызды қалыптастыруға толықтай негіз бар.
Қазақстан 2050 жылы қандай ел болады?
2050 жылы Қазақстанның жұдырықтай жұмылған біртұтас халық, үлгілі ұлттық мемлекет болатынына мен сенімдімін.
Қоғамдық келісім біртұтас полиэтностық халық, мемлекет пен азаматтық қоғам институттары, саяси партиялар, діни конфессиялар өмірінің басты ерекшелігі болуы тиіс.
Қоғамдық келісім Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының ереже тұтар қалыбы болуы тиіс.
Менің өз тәжірибемде талай мәрте көз жеткізген нәрсем – кез келген еңбек ұжымда өзара түсіністік пен келісім болғанда ғана табысты.
Сессиялардың бірінде мен Парахат Хаджиметоваға «Бірлік» медалін тапсырдым.
Ол 67 жаста, 10 гектар жерге бау-бақша өсіріп, осының есебінен балалар үйіне 156 баланы өсіруге көмектесіп жүр!
Бұл – нағыз патриот! Біз осындайларға көмектесуге тиіспіз! Бұл – барша үшін үлгі!
Жаңа жағдайларда Қазақстан халқы Ассамблеясының жауапкершілігі тек арта түсетін болады.
Қоғамдық келісім тиімді инновациялық экономикаға негізделеді.
Орта тап қоғамдық келісімнің діңгегіне айналады.
Қазақстанның әрбір азаматы айқын перспективалар, болашағына сенімділік, кәсіби өсу үшін барлық мүмкіндіктерге ие болады.
Мен мерейтойлы XX сессия қарсаңында қол қойған ҚХА-ны дамытудың 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасында нақ осы мәселелер көрініс тапқан.
Бұл – жаңа стратегиялық құжат.
Оның жібек желісі – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік.
Тұжырымдаманы табысты жүзеге асыру үшін бізге мыналар қажет:
Біріншіден, Облыс әкімдеріне жергілікті ерекшеліктер мен этнодемографиялық құрылымдарды есепке ала отырып, өңірлік ҚХА-ны дамытудың Тұжырымдамасын жасау тапсырылады.
Екіншіден, Қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалардың орталығы ретінде Достық үйлері жұмысының тиімділігін арттыру қажет.
Мұндай үйлер барлық өңірлерде болуы тиіс.
Бұл жай нәрсе емес.
Бірақ мен баршаңыз нақты ұғынып алғандарыңызды қалаймын – Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім үшін қандай баға да көптік етпейді.
Ассамблея жанынан Достық үйлері директорларының республикалық әдістемелік кеңесін құрып, жұмыстың ең озық және тиімді тәсілдерін табуды және ортақтандыруды тапсырамын.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ассамблея Хатшылығымен бірлесіп, Достық үйлері жұмыстарының тұжырымдамасын жасасын.
Олардың бейбітшілік пен келісімнің өңірлік орталықтары ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындаған жөн.
Үшінші. Ассамблеяның «тігі» мен «көлденеңі» әр қазақстандыққа, әсіресе, әр жас қазақстандыққа жетуі міндет.
Жастарды Ассамблеяның қоғамдық келісім қалыптастыру жөніндегі барлық деңгейдегі шараларына тартуды қамтамасыз ету маңызды.
Төртінші. Қоғамдық келісім бүкіл халық өмірінің басты қағидаты болуы тиіс.
Ассамблеяның туы астында барлық өңірлерде Қоғамдық келісім кеңестерін жасақтауды тапсырамын.
Сессия қарсаңында біздің өңірлеріміздің этномәдени байлығын көрсеткен, халықтың бірлігін нығайтқан мен бастамашылық танытқан «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы  мәресіне жетті.
Бесінші. Қоғамдық келісім халықаралық аспектілерге ие.
Қазақстанның этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім моделі оның таяу және алыс шетелдердегі брендіне айналды.
Ассамблеяның саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Болашақ жолындағы естелік» жобасы мен Толеранттылық мәселелері жөніндегі азаматтық форумы халықаралық резонанс алды.
Жақында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Атқарушы хатшылығы Ассамблеямен ынтымақтастық туралы Хаттамаға қол қою бастамасын көтерді.
Ол бастаманы қолдауға шақырамын.
Тағы бір мысал. Украинада қазақстандықтардың «Бірлік» Харьков қоғамдық бірлестігі бар.
Соның арқасында жүздеген қазақ отбасылары осыдан 70 жыл бұрын бауырлас Украина халқының бостандығы үшін Харьковті азат ету ұрыстарында қаза тапқан өздерінің ұлдарының, әкелерінің, бауырларының зираттарын біліп, басына барды.
Мен оларға қазақ халқының ризашылық сөзін жеткіземін.
Мен Харьков бастамашы тобының мүшелері Макка Сағынғалиқызы Қаражанованы, Татьяна Николаевна Крупаны, Леонид Михайлович Карцевті «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен» марапаттау туралы шешім қабылдадым.
Алтыншы. Ассамблеяны дамытуға ЭКСПО-2017-ге дайындық қуатты серпін беруі тиіс.
Көрмеге әлемнің ондаған елдерінен, оның ішінде қазақстандық этностар шыққан елдерден делегациялар қатысады және олар өздерінің үлкен мәдени бағдарламасын әкеледі.
Ассамблея, этномәдени бірлестіктер, халық дипломатиясының жанды көпірі ретінде, көрменің этностық топтар жетістіктерінің жарқын көрінісіне айналуы үшін жағдай жасаулары керек.
Қазақстан халқы біздің меймандарымыздың қонақжай қожайынына айналуы тиіс.
Жаңа кезеңде ұлттық бірлесу үдерісіндегі қазақ халқының рөлін нығайту міндеті бірінші кезекке шығады.
Біріншіден, қазақ халқы Қазақстандағы барлық этностық, әлеуметтік топтар үшін ұлттық мемлекеттік қауымдастықтың қуатты тарихи діңі ретінде көрініс табады.
Біз қазақ әлемінің тарихи тұрғыда ешқашан тар моноэтносты және мономәдениетті болмағанын білеміз.
Біз, ешқашан да әлемдік өркениет үдерісінен бөлек дамыған емеспіз.
Одан да бетер – біздің ата-бабаларымыз осынау әлемдік үдерісті өздері қалыптастырды!
Біздің Қазақстанда тұратын барлық этностық топтармен – Еуразия ауқымында – талай ғасырлар бірлесе өмір сүріп жатқанымызды атап көрсету қажет.
Біздің ата-бабаларымыз әлемге мәдениет пен руханилықтың қуаттандырушы үлгілерін көрсетті – біздер олардың істерін жалғастыруымыз керек!
Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс.
Екіншіден, бізге ұлттар үшін ортақ тарихи сана-сезім қажет.
Біздің тарихты тануымыз тұтас, оң сипатта болуға, қоғамды бөлініске салмай, біріктіруге тиіс.
Ұлттық рухты қажетті биіктікке көтеру үшін біздің шынайы тарихымыздың, мәдениетіміздің, дініміздің қандай екенін айқын сезінуіміз қажет.
Қазақтардың ұлттық тарихы, олардың этногенезі мыңдаған жылдарға созылған бірегей ажырамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс.
Осы тұрғыда қазіргі заманғы Қазақстан ұлы дала өркениетінің ежелден келе жатқан шешуші мұрагерлерінің бірі ретінде заңды түрде көрініс табады.
Мен жоғарыда атап өткендей, Қазақстан ешқашан оқшауланған емес.
Сондықтан да тарихта, оқу пәніндегідей, қазақтар мен өзге халықтардың мәдени және экономикалық қарым-қатынастар үдерісі, түрлі этностардың ел тарихына үлесі лайықты танылуы тиіс.
Нәтижесінде қазақстандықтардың тарихи сана-сезімі топтасуға, өзінің  өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс.
Үшіншіден, біз бүкіл күш-жігерімізбен қазақтардың ішкі бірлігін нығайтуымыз қажет. Бүгінде ХХІ ғасыр, инновациялар уақыты, сондықтан қазақ қоғамы да бұрынғы ғасырлардағыдай бола алмайды.
Қазақтың зиялы қауымы менің сөзімді естуі тиіс.
Қазақстан – біздің жеріміз, біз  өз жеріміздің перзентіміз.
Ақиқат қарапайым: қазақтардың белсенді араласуынсыз Қазақстанда ешқандай ұзақ мерзімді қоғамдық келісімнің болуы мүмкін емес.
Бұл жер әрқашанда біздің ата-бабаларымыздың жері болған.
Ол енді біздің ұрпақтарымыздың жері болмақ.
Біз өз жеріміздегі бейбіт өмір үшін тікелей жауаптымыз.
Толеранттылық ұлттық құндылық және Қазақстан халқының игілігі болып табылады.
Ол қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлері мен мәдени үлгі-қалыптары негізінде қалыптасты.
«Ел-жұрт», «Жеті ата», «қонақжайлылық», «асар», «сыйластық», «сабырлылық» – бұл ұғымдар қазақтардың дүниетанымы және өмір салттарының негізінде жатыр.
Осындай құндылықтардың арқасында  біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштық сақталып отыр.
Сондықтан қазақтардың толеранттылықты қалыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мәдени ережелерін, салттары мен дәстүрлерін жалпыадамзаттық мақсаттағы материалдық емес мәдени мұралардың белгі-нышаны ретінде қарастыру қажет.
Осы тәжірибені ЮНЕСКО-дағы Қазақстан өкілдігі жұмысының бағыттарының бірі ретінде тану тиімді болар еді.
Төртіншіден, Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстандағы тілдердің, мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің этностық көптүрлілігі сенімді үндестікке, өзіне тән реңктер мен әсемдіктер молшылығына ие болды.
Бүгінде әлемде, түрлі бағалаулар бойынша, жыл сайын 10-25-ке дейін жазуы жоқ тілдер жойылып, этностық мәдениеттердің бүтіндей бір қатпарлары келмеске кетуде!
Чамикуро тілінде сөйлейтіндердің ең соңғыларының бірі Наталия Сангама былай деген болатын:
«Мен чамикуро тілінде армандаймын, бірақ өз армандарымды ешкімге айтып бере алмаймын, өйткені ендігі жерде чамикуро тілінде ешкім сөйлемейді. Сенің ең соңғы болуың жалғыздыққа ұрындырады».
Эяк тілінде ең соңғы болып сөйлеген, 2008 жылғы қаңтарда дүниеден өткен Мэри Смит мынадай үндеу жасаған болатын:
«Сенің тіліңде сөйлейтін соңғы адам болу өкінішті. Мен сияқты жалғыз қалмау үшін өз бастауларыңа қайта оралып, өз тілдеріңді үйренулеріңді өтінемін».
Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ.
Біз тіпті ең шағын этностық топтар – ассириялықтардың, рутулдардың, лактардың және басқа да топтардың мәдениеттерін ұқыптылықпен сақтаймыз және оларды дамыту үшін барлық мүмкіндіктер жасаудамыз.
Қазақ жері 100-ден астам этностарды біріктірді.
Әрине, осы этностық әралуандықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қажет.
Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып отыр.
Бесіншіден, бізге менталитет моделін, «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағытының негізінде елдің болашақ бейнесін қалыптастыру қажет.
Бұл бейне шынайы, тартымды және рухтандырушы болуы тиіс.
Жаһандық сын-қатерлер жағдайында өзіміздің мәдени кодымыз: тілді, салт-дәстүрлерді, құндылықтарды сақтай отырып қана оған баламалы жауап қайтара аламыз.
Отанға, туған жерге, өзіміздің ата-бабаларымызға, өзіміздің біртұтас және бөлінбейтін тарихымызға деген сүйіспеншілік бүкіл қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие.
Біздің асыл мұраттарымыз – Тәуелсіздік, бірлік, келісім және өркендеу.
Оны Қазақстанның халқы өзі қалыптастырды.
Ұлт бірлігін нығайтуда интеллигенция қызметі айрықша маңызға ие.
Тек интеллигенция ғана қоғамды топтастырудың рухани үдерісіне басшылық жасай алады.
Біздің елордамыз осы жұмыстың орталығына айналуы тиіс.
Сондықтан да біз Астанада әлемдік деңгейдегі Опера және балет театрын – «Астана-операны» салдық, Қазақстан тарихының жаңа мұражайын құрудамыз.
Алтыншыдан, біздің бірлік формуламыз нақты істер төңірегінде қалыптасады.
Ол біздің бірлігіміздің ең берік, материалдық негізі.
Мен әркім меншік иесі болғанда қоғамдық келісімнің іс жүзінде жүзеге асатынына берік сенімдімін.
Сондықтан да мен Үкіметке «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырдым.
Ассамблея бұл бағдарламаны түсіндіруге белсенді атсалысуда.
Бұл өте маңызды, бүкілхалықтық іс. Оны жалғастыру қажет.
Бүгінде біз бірлік пен толеранттылық біздің активіміз, елді жаңғыртуға салған біздің экономикадан тыс инвестицияларымыз деп сеніммен айта аламыз!
Бүгінде бейбітшілік пен келісім саясатының тікелей экономикалық тиімділікке ие екені баршаға мәлім.
Ішкі тұрақтылық инвесторлар сенімін нығайтуға, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жағдай жасайды.
Жетіншіден, жаһандық трендтерді ескере отырып, біз мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара қарым-қатынастарының тиімді моделін табуға тиіспіз.
Біздің тарихи таңдауымыз – зайырлы мемлекет пен қоғам.
Бірақ зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді.
Зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбіт сүйгіш, толерантты, ашық қоғам.
Біз дәстүрлі діндерді қолдаймыз, бірақ кез-келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз.
Жастарды біздер үшін бөгде радикалды діни ағымдардан қорғау қажеттігіне менің сенімім мол.
Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар  бойы толерантты, яғни тағатты болды.
Сонымен бірге мен толеранттылықтың, кейбіреулер ойлайтындай, ойыңа келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді.
Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық қалыбы.
 
Құрметті сессияға қатысушылар!
Екі онжылдықта Қазақстан Жолы жаңа тәуелсіз елдер үшін ұлттық табыстың үлгілі моделіне айналды.
Бұл бүкіл қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен топтасқандығының нәтижесі!
Бұл ұлттың нағыз пассионарлық бұлқынысы!
Бұл тек күшті халықтарға ғана тән ұлы қабілет.
Біз осындай халыққа айналдық және осы биіктікте қалуға тиіспіз!
Қазақстан – бұл біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ.
Біздің мерейтойлық сессиямыз – бүкіл қазақстандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұмыстар үшін жақсы бастау.
Алдымызда үлкен жоспарлар тұр.
Оларды жүзеге асыру жаһандық құбылулардың күрделі жағдайларында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін бүкіл күш-жігермен бекемдеу қажет.
Сондықтан да біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз!
Мен бүкіл қазақстандықтарды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Барлық сессияға қатысушыларға, бүкіл халыққа және жаһандық әлемдегі біздің барлық достарымызға зор табыстар тілеймін!
 
Астана, Бейбітшілік және келісім сарайы
2013  жылғы 24 сәуір
      
Өлеңдер оқылады. (тіл, тәуелсіздік, отан туралы)
Қорытынды:- Жолдау туралы не түйдің, осы айтылған тарауларда не айтылмады?«Ойын»«Мен президент болсам халыққа Жолдауым...» Оқушыларға өз ойларын айтқызу.
Ән: Көк тудың желбірегені. (тыңдалады)- Осымен сабағымыз аяқталды. Тыңдап сабаққа қатысқандарың үшін рахмет! 
Садыр орта мектебі
«Қазақстан –2050 стратегиясы: бір халық –
бір ел – бір тағдыр»
8 Ә сынып жетекшісі:
Мансурова Инаватхан Акимжанқызы
2013 – 2014 оқу жылы