Жа?артыл?ан білім беру ба?дарламасында?ы белсенді стратегияларды? ма?ызы та?ырыбына баяндама
Жаңартылған білім беру бағдарламасындағы
белсенді стратегиялардың маңызы
Серикбаева Э.Ж.- №29 ОМ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қазіргі кезде қазақстандық білім беру саласында білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім алу кеңістігіне бағытталуда. Заман талабына сай жан-жақты тұлға қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында.
Еліміздің халықаралық білімдік кеңістікке кіруі үшін «Өмір бойы білім алу» тұжырымдамасын іске асыруға мүмкіндік беретін, мемлекет және қоғамның талаптарына сәйкес өскелең ұрпақты құзырлықтарын дамытуға бағыттау керек.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы шетелдік білім беру үлгісі бойынша оқыту, белсенді оқыту стратегияларын қолдану арқылы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым, бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға сабақтарда үйретуді басшылыққа алады.
Оқытудың белсенді әдістері деп оқушының танымдық іс-әрекетін ынталандырушы және қандай да болсын мәселенің шешу жолдары жөнінде еркін пікір алмасуды көздейтін диалогқа құрылған әдістер. Оларга әңгіме, диспут, тақырыптық семинар, іс-ойын, тренинг жатқызуға болады.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы белгілі бір идеяларды қабылдай отырып, оның неге қатысты екенін зерттеу, салыстыра алу, сол идеяларға өз көзқарастарын білдіру, қарсы көзқарастармен тепе-теңдікте ұстап зерттеу, оларға сеніммен қарау деп түсіндіреді авторлар.
Сын тұрғысынан ойлау – сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл деңгейдегі ойлау тек ересек адамдарға, жоғарғы сынып оқушыларына ғана тән деп ойлау аса дұрыс емес. Жас балалардың да бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз. Оған осы жобамен жұмыс жасау барысында көз жеткіздік.
Білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.Жаңартылған білім беру бағдарламасы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі.
Енді осы кезеңдердің мақсат-міндеттеріне толығырақ тоқталып өтейік.Қызығушылықты ояту.Үйрену процесі – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да, сабақ қарастырылғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғату, ояту, миға шабуыл жасау арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін “Топтастыру”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта талқылау”, “Болжау”, т.б. деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады.
Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның екінші кезеңі мағынаны тану (түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― - “мен үшін түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі.Үйретушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады.
Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Бұл үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой түйістіру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді.
Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Еркін жазу”, “Венн диаграммасы”, “Пікір сызығы”, “Семантикалық карта” сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады. Джигсо – ұжымдық оқыту әдісі. Мақсаты – жалпы мәселені алдымен жұпта, сосын ұжымда талқылау. Бұл жағдайда әрбір оқушы бір сәт өзін мұғалім ретінде сезінеді, оқуға деген жауапкершілігі артады.Әдісті қолдану төмендегіше ұйымдастырылады. Алдымен ұжым 4 адамнан тұратын топтарға бөлінеді. Бұл “жанұя” топтар деп аталады. Содан кейін 1, 2, 3, 4-ке санау арқылы 1-лер бөлек, 2, 3, 4 өз алдына “жұмыс” тобын құрайды. Оқуға ұсынылатын материалдың тақырыбы талқыланған соң осы мәтінді түсіну қажет екендігі ескертіледі. 4 логикалық бөлікке бөлінген мәтіннің 1-бөлігін 1-лер, 2-бөлігін 2 санын алғандар, 3, 4 нөмірлі топтарға оқуға тапсырылады. Жұмысты бастамас бұрын оқушыларға “жұмыс тобында” мәтіннің тиісті бөлігін жақсы меңгеру қажеттілігін, өйткені сол бөлікті “жанұя топ” оқушыларына түсіндіруге жауапты екенін, мәтінді тұтас түсіну әр оқушының ыждағаттылығына байланысты екенін түсіндіру қажет.Келесі кезекте ұжым мүшелері бастапқы топтарымен қайта табысып, өздерінің үйреніп келген бөліктеріндегі мазмұнды ортаға салады. Осылайша ұжым мүшелері бірін-бірі оқытуға, сол арқылы ойлауға үйренеді.ДЖИГСО стратегиясы мазмұнды жоғары табыспен меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін өте тиімді. Оқушының оқуға деген қызығушылығы артады, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасады, саналы тәртіп орнайды. Сондай-ақ, мұғалімді, мектеп қызметкерлерін түсіну, оларға деген дұрыс көзқарасқа үйренеді. Екі түрлі түсініктеме күнделігі. Оқушылардан дәптердің бетін (не таратылып берген парақты) ортасынан вертикаль сызықпен бөлу сұралады. Мәтінді оқу барысында олар:
Бөліктің оң жағына және сол жағына мәтіндегі қатты әсер еткен тұстар, үзінділер жайлы пікір жазады (нені еске түсіреді, себеп-салдары қандай, қандай сұрақ бар т.б.) Әр оқушы мәтінмен танысып, күнделікті толтырып біткен соң жұпта, топта талқылау ұйымдастырады. Жұмыс аяқталған кезде мұғалім қорытуға арналған әзірлеп келген сұрақтарын қойып, жауаптар алады. Ол сұрақтар оқығанға баға беру, пікірін, көзқарасын білдіруге лайықталынып қойылғаны дұрыс.
Бұл әдіс те алдыңғы сияқты оқушыларды ұжым болып, жұмыс жасауға үйретеді. Ақпаратты өз бетінше меңгеруге жағдай жасайды. Сөз астарын, құдіретін түсінуге бағыттайды. Сондай-ақ, әдістің тиімділігі – сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды, оқыған мәтінді түсіну, оны түсінікті етіп айтып беру, оған қатысты ойын, пікірін білдіру арқылы оқушының тілі дамиды. Осылайша ұйымдастырылған оқу сабақтары арқылы сауатты оқырман қалыптастыру мүмкіндігі туады.
Еркін жазу. Мұғалім сабақ бойына қарастырылған жаңа ақпарат жайлы, одан алған әсерін, не үйренгенін, нені әлі де біле түсу керек екенін т.б. жайлы өз пікірін қағаз бетіне түсіруді тапсырады. Жазуға уақыт береді. Уақыт аяқталған кезде оқушылар өз жазғандарымен топ мүшелерін таныстырады. Ең жақсы деп танылған жұмысты ұжымда оқуға болады. Оқушыларды алған білімдерін қорытуға, оған сын көзбен қарап, ойын түйіндеуге үйрететін бұл әдісті кез келген сабақта қолдануға болады.
Венн диаграммасы. Бір-бірімен айқасқан екі шеңбердің екі жағына салыстыруға берілетін объектілердің сипаттамалары жазылады. Ал айқасқан жерге екеуіне ортақ сипаттар тізіледі. Салыстыруға арналған тапсырмаларды осы диаграммаға салып, оқушылар қызыға толтырады, яғни салыстыру сияқты күрделі ойлау операциясын меңгереді.
РАПТ(Рөл-аудитория-Пішін-Тақырып)-бұл оқушыларға олардың жазушы ретінде рөлдерін түсінуге көмектесетін және оқырмандар әрбір сөзді оңай түсіне алатындай,өз идеялары мен тапсырмаларын қалайша тиімді әрі дәл беруге болатынын көрсетуге көмектесетін жазу стратегиясы. Сонымен қатар, РАПТ стратегиясы оқушыларға олар арнап отырған аудиторияға, жазудың әртүрлі пішімдеріне және жазатынтақырыпқа бар назарын аударуға көмектеседі. Бұл стратегияны қолдана отырып, мұғалім оқушыларды жасампаз жазуға, тақырыпты әртүрлі тұрғыдан қарастыруға және жазу қабілеттерін әртүрлі мақсатты топтар үшін дамытуға ынталандырады.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы оқушының танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
Оқытудың осындай жаңа педагогикалық технологияларын сабаққа ендіру бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы керек. Себебі, елімізге заман талабына сай қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл азаматтар қажет. Сабақта тек білімділік мақсаттарды шешіп қоймай, балалардың жекелік қасиеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастыруда дәстүрлі оқыту мен дамыта оқытудың айырмашылығын салыстыру кестесі арқылы көрсетуге болады. Мұғалім бұл жүйемен жұмыс жасағанда, үнемі оқушы санасында болып жатқан өзгерістерді бақылап, оның дамуын жан-жақты зерттей отырып, өз сабақтарын соған сай өзгертіп отыруы тиіс. Әйтпесе, жаңа жүйенің құны болмайды. Жаңа технология ретінде ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже шығара білу – әрбір ұстаздың басты міндеті.
Оқытушы мен білім алушының интербелсенді шығармашылығы шектелмейді. Оны қойылған мақсатқа дұрыс бағыттай білудің маңызы зор.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Григальчик Е. К., Губаревич Д. И. Обучаем иначе. Стратегия активного обучения. – Минск: Современное слово, 2003.
Поляков С.Д. В поисках педагогической инновации. – М.: Дрофа, 2003.
Бабанский Ю.К.. Методы обучения в современной общеобра-зовательной школе. - Москва: Просвещение, 1985. - 208 с.
М.Жұмабаев. Педагогика. - Алматы: Ана тілі, 1992. -160 б.
Г.Қ.Нұрғалиева. Педагогиканың логикалық-құрылымдық курсы, - Алматы,1996.