Ашу д?шпан — а?ыл дос


Ашу дұшпан-ақыл дос
Қажмұратова Гүлзира Ғаділшеқызы
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім бағдарламасының үшінші деңгей мұғалімі,
Жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп-балабақша кешені,
Бұлан ауылы, Сырым ауданы,
Батыс Қазақстан облысы
Сынып: 4
Құндылық: ішкі тыныштық
Қасиеттер: ашуланбау, шыдамдылық, әдептілік.
Сабақ мақсаты:
Оқушыларға әрдайым ашуды ақылға жеңдіре білу маңыздылығын түсіндіре отырып, ішкі тыныштық құндылығының мәнін ашу.
Сабақтың міндеттері:
- Оқушыларды ашуға бой алдырмай әрқашан сабырлы болуға үйрету;
- Оқушылардың бойындағы шыдамдылық қасиеттерін дамыту.
- Оқушыларды әдепті болуға тәрбиелеу;
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңi.
Өзін-өзі тану сабағының ережесі «5-Т» қайталау,
«5» жұмыс құралын түгендеу: күнделік, оқулық, жұмыс дәптері, қаламсап, қарындаш.
Тыныштық сәті. «Орманға ойша серуен»
/жай музыка әуенімен/
- Ыңғайланып, арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әрбір тыныс алған сайын неғұрлым көбірек босаңсып, сабырлы болуға тырысыңыз. Қазір біз орманға серуенге шығамыз.
-Өзіңіздің сынып есігіне қарай беттеп, есікті ашқаныңызды, дәлізбен өтіп, далаға шыққаныңызды елестетіңіз. Таза ауаны жұтып, шашыңызды желбіреткен желдің лебін және бетіңізді сәл-пәл қыздырған күн сәулесін сезініңіз. Орманға қарай жүре бастаңыз. Келе жатқанда абай болыңыз, жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минут тоқтап айналаға көз салыңыз. Табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезініңіз. Гүлдердің біріне жақындап, еңкейіп, оның нәзіктігі мен жұқалығына зейін салыңыз. Оны иіскеңіз және хош иісін жұтыңыз. Айналадағы бар нәрсені бақылап, ары қарай жүре беріңіз. Гүлдер, гүлдер мен ағаштардың иісі, құстардың дауысы және жәндіктердің ызыңы. Орманға ендей түсіңіз, қараңызшы, ағаштар биіктей әрі қалыңдай түсті. Жарық пен көлеңкенің ойынын қызықтаңыз, жапырақтардың сыбдырын тыңдаңыз. Біз өзімізді орманда бақытты әрі қауіпсіз сезінеміз. Алаңқайға шығып, осында бірнеше минут демалыңыз. Түбіне барып отырғыңыз келетін ағашты таңдаңыз. Ағашқа жақындаңыз да оны діңінен құшақтаңыз. Оның қуаттылығын сезініңіз, ондағы өмір қуатын сезінуге және ұғынуға тырысыңыз. Енді оның діңіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз, терең тыныс алыңыз және қоршаған айналаның жым-жырт тыныштығына көңіл бөліңіз. (Осы жерде 1-2 минут үзіліс жасаймын).
Бізге қалайша жеңіл әрі тыныш және бақытты сезіну қандай. Табиғат неткен ғажап, оны қалайша сүйетінімізді бен қадірлейтінімізді, бірде бір тірі жәндікке зиян тигізбес үшін қамқорлық жасауды түсінеміз. Сіздің өз ағашыңыз бар екенін және кез келген уақытта оған келе алатыныңызды есте ұстаңыз. Ал қазір мектепке қайтуға дайындалыңыз. Орныңыздан тұрып, айналаға тағы бір көз қырын салыңыз. Келген жолыңызбен кері қайтыңыз, жолыңыздағы жәндіктерді басып кетпеңіз. Міне, мектептің алдына да келдік. Айналаңызға тағы бір қараңыз, таза ауаны терең жұтыңыз, есікті ашып, өз орныңызға қайтып келіңіз. Осы жым-жырттық, тыныштық, қанағат сезімін өзіңізде сақтаңыз. Көзіңізді ашып, күлімсіреңіз!
(Оқушылардың тыныштық сәтінен алған әсерлерімен бөлісемін)
Үй тапсырмасын тексеру
№11 сабақ. 54-55 бет «Сурет» Ж.Дәуренбеков
- Азамат Саматқа неліктен ренжіді?
- Мұғалімге атасының салған суретінің ұнау себебі не?
- Өздеріңіздің ашуланып, кейіннен ақылға жеңдірген кездеріңіз болды ма? /Мысал келтіру/.
Дәйек сөз.
«Ақыл –адам көрігі,
Ақылдың сабыр серігі»
М.Әуезов
/М.Әуезов туралы қысқаша түсінік беремін/
- Ақылдың адам көрігі дегенді қалай түсінесіңдер?
- Неліктен сабыр ақылдың серігі деп ойлайсыңдар?
- Өздерің ашуланған немесе ренжіген кездеріңізде ойларыңызды кіммен бөлісер едіңіздер?
(Есте сақтау үшін дәйексөзді әр топқа қайталатып айтқызып, дәптерге жаздырамын)
Әңгiмелеу «Сабырлы арыстан»
Арыстан патша ормандағы халқына өте сыйлы еді. Өйткені, халық десе, ішкен асын жерге қоятын. Бейбітшілікті ұнататын.
Бірде тыныш жатқан елге ақ аю көшіп келді. Сол-ақ екен, тәртіпсіздік көбейді. Ұрлық пайда болды. Ормандағы ағаштар кесілді. Аю одан үй жасады. Байырғы тұрғындарға мұрын шүйірді.
-Мына сұмдыққа шара қолданбасаңыз болмас,-деп аңдар Арыстанның мазасын алды.
Арыстан ләм-мим демеді. Әліптің артын бақты. Мәселені соғыспен емес, ақылмен шешуді жөн көрді.
Бірде көшіп келген Аюдың қонжығы қатты ауырды. Ешқандай ем қонбады. Амалсыз көмек сұрап патшаға келді.
Арыстан ормандағы барлық аңдарға емдік шөп табуға бұйрық берді.
Шөп табылды.Қонжық жазылды.
-«Ашу-дұшпан, ақыл- дос» дегенді әрқашан есіңнен шығарма,-деді Арыстан аюға. Ал сен үнемі ашуға бой алдырып, орман тұрғындарына залалыңды тигізумен болдың
Аю кінәсін түсініп, кешірім сұрады.
-Аңдар неліктен мазасызданды?
-Арыстанның әрекетінен қандай қасиеттерді көруге болады?
-Өзіміздің ішкі тыныштығымызды орнату үшін қандай қасиеттерге жүгінеміз?
Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
Сынып оқушылары 2 топқа түстер арқылы бөлінеді.
1 тапсырма /Өлең жолдарын әрі қарай жалғастыру/

1 топ: Әкел, досым, қолыңды,
----------------------------.
Өкпелесіп не керек,
----------------------------.
2 топ : Баққа бірге кірейік,
-------------------------.
Татулықтың белгісі,
-------------------------.
2 тапсырма /екі топқа да/ тыныштықта отырып, сурет салу
/жай музыка әуенімен/
Топпен ән айту. «Сабырлымыз»
Сөзі: Мұғалім шығармашылығы
Әні: А. Қалаубаеваның «Көңілді күн» әнінің әуенімен.

Өз - өзіңді ұстай біл, төзімді бол.
Қызбалыққа салынбай шыдамды бол.
Тәртіпті де, ұстамды бола білу.
Сездіреді жүректің тыныштығын.
Қайырмасы:
Біз үйде де, далада сабырлымыз,
Тәртіптіміз, шыдамдымыз.
Аулада да, мектепте ұстамдымыз,
Сыпайымыз әрқашан!
Үй тапсырмасы.
12-сабақ, 62-беттегі В.А.Сухомлинскийдің «Балалардың көз қуанышы» әңгімесін оқып, талдау.
Сабақ соңындағы тыныштық сәті.
-Ыңғайланып отырып, көзімізді жұмамыз.
Әдептілік, сабырлылық, шыдамдылық.....
Балалар, осы ғажайып сөздерді жанымызға сақтап, тек жақсы істер жасайық. Осындай жақсы көңілмен сабағымызды аяқтайық.
Сау болыңыздар!