Т?рбие са?аты: ?айсар рухты ?АЗА?
Тақырыбы: Қайсар рухты қазақ.
Мақсаты:
Білімділігі: 1986 жылы Алматы оқиғасының себептерін сипатын, қозғаушы күштері мен тарихи маңызын білдіру, ұлттық намыстың аяқ – асты жаншылуы, ұлттық қатынастағы жылдар бойы жинақталған шиеленіс пен жүйенің ұлт саясатын өзгертуге қабілетсіздігі өз ұлтын мемлекеттік басқаруда қазақ не болмаса қазақстандық ұлт өкілін талап еткен қазақ жастарының айыпталып, соққыға жығылуы, ар – намыстың ұлттық қасиеттің, тәуелсіздік туының желбіреуіне үлес қосып өздерінің қызғалдақтай құлпырған жас өмірлерін қиған желтоқсан құрбандары: Қайрат, Ербол, Ләззат ерліктерін насихаттау.
Тәрбиелігі:
а) Оқушыларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
ә) Азаттық жолында халқына адал қызмет еткен жандар мен батырлар есімі тарихта алтын әріппен жазылса, желтоқсан оқиғасында өз ұлтының намысын берік ту етіп ұстаған Қайрат сынды батырлардың есімдерін, ерліктерін құрметтеуге, ұмытпауға халық жадында алтындай сақтауға тәрбиелеу.
б) Өз ұлтының тарихын сүюге, дамытуға, қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: «Желтоқсан шежіресі» атты газет шығару. Қайрат Рысқұлбековтың суреті, Тәуелсіздік, ерік туралы нақыл сөздер.
Нақыл сөз: Н.Ә.Назарбаев: «Тәуелсіз елдің – тұғыры биік», «Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды».
Әдісі: Аралас, театрландырылған көрініс.
Барысы:
1. Хор. «Желтоқсан желі ызғарлы».
Желтоқсан бірде,
Ел тосқан түрде
Келетін мүлде жайдарлы.
Сол жылы бірақ
Әдеттен жырақ
Көрінді шын – ақ айбарлы.
Қайырмасы:
Тоңдырды мені
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді
Тоңдырды нұрды.
Көңілде мұңлы із қалды.
Шайқалды күйім,
Шайқалды миым
Бомбалар жиі жарылды
Малымда келіп
Жанымда келіп
Қинады берік жанымды.
Қайырмасы:
1 – бастаушы: Құрметті ата – аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін біз дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 86 – ның желтоқсанына арналған: «Қайсар рухты қазақ» атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз!
2 – бастаушы: Желтоқсан бастауы ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ұлы тарихтың бір белгісі.
1 – бастаушы: 16 – желтоқсан. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қаралы, қасіретті күн еді. Бұл қасіретті күн Қайрат Қайыркелді, Түгелбай, Сәбира, Ербол, Ләззат сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік үні еді. Ендеше сол желтоқсанның ызғарындағы мыңдаған боздақтардың рухын еске алып, бір сәт үнсіздік жариялаймыз.
Оқушылар өлең оқиды:
І. Желтоқсан айы естесің,
Дауыл боп бұрқап ескенің.
Азаттық күйі қашаннан,
Көкейін елдің тескенсің.
ІІ. Шектеліп ана тіліміз,
Оқылмай өлең жырымыз
Жабылып жатса мектептер
Жадырар қалай күніміз.
ІІІ. Тарылып жатса даламыз
Қайтіп біз тыныс аламыз
Қақымыз жоқ айтуға
Әділет қайдан табамыз?
ІV. Жібердік еркін ат басын.
Қиянат жанға батқасын
Тоқырау тоңын күйреттік
Деп: «Теңдік күні батпасын».
V. Жанымыз жомарт қазақпыз
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз
Қосамыз басты бауырлар
Жанайық жансақ маздап біз.
Радиодан төтенше хабардың белгісі беріледі.
1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Д. Қонаевтың зейнеткерлікке шығуына баайланысты Республика Коспартиясы Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы міндетінен босатты. Оның орнына Ресейден келген Колбин сайланды. Төтенше өткен Пленум 18 минутта аяқталды.
2-бастаушы: Асығыс өткен пленум шешімі қазақ халқы мен санаспаушылық болып табылды. Пленум шешіміне көңілі толмаған халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті.
Көрініс: Сахнаға екі студент шығады, бірі – жігіт, бірі – қыз. Қолдарында конспекті дәптерлері бар.
Айгүл: Мақсат сен естідің бе? Кеше Дінмұхамед ағамыз орнынан алыныпты дейді.
Мақсат: Қойшы, рас айтасың ба? Кімнен естідің?
Айгүл: Кеше куратор ағайдан естідім. Бүгін Брежнев алаңында көп адам жиналды.
Мақсат: Неге? Неліктен?
Айгүл: Қонаевтің орнына Ресейден бір орыс келіпті дейді. Халық наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Куратор ағай ол жаққа бармаңдар деп ескертті.
Мақсат: Қой, біздің мұнда тығылып қалғанымыз дұрыс болмас. Жүр кеттік! Тез барайық!
1-бастаушы: Иә, аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз-жігітер «контрреволюционерлер» емес еді. Олардың ойы халықтың құқықтары мен проблемалары туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт –шыт болып, ұшып жатыр.
Көрініс: Алаңда жастар бейбіт, жайбарақат. Қолдарында «Каждому народу – своего вождя», «Ленин идеясы жасасын!», «Қазақ ежелден еркіндік аңсаған!», «Қазақстан - қазақтардікі», «Ресейге қайт!» деген транспоранттар бар. Оларға Мақсат пен Айгүл қосылды.
Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жайды!
Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы әкелгені несі?
Дауыс: Талап – тілекті айтамыз. Шықсын ортаға басшылар.
Осы кезде «Менің Қазақстаным»әні айтылады. Жастар теңселіп тұрып бұл әнді ерекше бір шабытпен тамаша орындайды.
Прокурор: Балалар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатақтарыңа қайтыңдар! Ұят болды! Мен сендерге күш қолданам! Үйге қойтыңдар!
Осы кезде залға сыртан әскерей адамдар кіріп, алаңдағы жастарды ұрып соға бастайды. Қаралы музыка ойнап тұрады. Әскер сахнадан қыздар мен жігіттерді сүйреп, жұлқылап әкете бастайды. Бет – аузы қан, ұзын шашы жайылып бетін жапқан жас қазақ қызын екі әскерей салдат сүйреп келді. Қыз жұлқынып, халыққа қарап ышқына сөйлейді:
- Әй, туғандар! Жігіт болсаңдар шығыңдар бері қарай!Қосылыңдар біздің қатарға!Осы кезде қарулы әкер қыздың көк желкесінен шоқпармен ұрып қалады. Қыз сылқ етіп, есінен танып түседі.
2-бастаушы: Міне, өмірден тағы бір қыршын жас қызғалдақ осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асановаға өзін-өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді.
1- бастаушы: Ендігі кезекте сіздердің тамашалайтындарыңыз «Қазақ биі»
2-бастаушы: Бұл түнде қаланың кез-келген тұсынан ұсталған жастарды ұрып-соғып, өлімші халге жеткізді. Осындай қатігездікті көрген оларға араша түсем деп жүргендердің арасында Қайрат Рысқұбеков те бар.
1- бастаушы: Иә, халық басына төнген осы бір қасыретті сәтті от тілді, қайсар ақын Қайрат былай деп суреттейді:
Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып.
Екі жүзің сотталып,
Жоқтаусыз кетіп барасың!
Қыршынымнан қиылып,
Солармен бірге өлшемші –ай!
Артта қалған ата-анам
Арулап қолдан көмсеші-ай!
2- бастаушы: Ендігі кезек сөзі Есенғали Раушановтікі, әні Оспановтікі «Қара бауыр қасқалдақ.»
«Қара бауыр қасқалдақ».
Қара бауыр қасқалдақ,
Қайда ұштың пыр-пырлап-ей,
Сазың қалды сәбидің
Еңбегіндей былқылдап-ей.
Қара бауыр қасқалдақ-ай
Кері қайт.
Сиреп қалған тоғайға,
Қамықпа деп көңіл айт.
Ұя қалса иесіз
Айдын үшін сол қайғы-ай,
Қаңғып келген шүрегей
Көлге пана болмайды-ай
Өз босағаң өзіңе тауы-қыры, белгісі-ай
Босағасын басқаға тастайма екен, о несі?
Қасқалдағым, кері қайт!
Көрініс:Үй- іші қалаша жиналған. Дастархан басында Қайрат, нағашысы, жеңгесі отырды.
Нағашысы: Қайрат-ау тамақ алсаңшы! Студент болам деп бір ішек болып қалыпсың-ау өзің.
Қайрат: Жә, бұйырғанын жеп отырмын ғой нағашы.
Нағашы: Астан алыңқыра, Қайрат. Өзіңнің ептеп өлең жазатының болушы еді ғой. Айта отыр көңілдене түсейік.
Қайрат: Иә, нағашы, бар ғой, бар, бар! (Осы кезде есік қағылып, үш –төрт милиция үйге кіріп келеді)
Милиция: Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұт қындауға келдік.
2 жігіт Қайратқа: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.
Жеңгесі: Ойбай- ау, бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді? Әке – шешесіне не бетімізді айтамыз?
Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық – қанығын тексерген соң, қайтарып жібереміз.
Қайрат:
Жалалы боп, қатты батты жаныма,
Жазалаушы қағаз алдым қолыма.
Жігіттер – ай, айтып – айтпай не керек,
Жазған екен маңдайыма сорыма.
Біріншіден мен анамды сағындым.
Екіншіден, Бұл құдайға не қылдым,
Бостандықта еркін жүрген жан едім,
Енді, міне, абақтыға жабылдым.
Көрініс:Түрме іші қолында қағазы бар Қайрат отыр. Қинала отырып «Түрме жыры»,өлеңін оқып шығады.Содан кейін қатты шаршап, былай дейді: Уһ, әбден шаршадым – ау, жүйке тамырым жұқарды ғой! Қайран бостандық!
Құттыбек: Енді біз бостандыққа шыға алмаспыз, Қайрат.
Қайрат: Ертең бәрібір шығамыз, бүгін бізді ұрып – соғып қорлаңдар әлі – ақ жауап береді заң алдында, Алла алдында!
Тергеуші: Савицкийді сен өлтірдің бе?
Қайрат: Жоқ, өлтірген жоқпын.
Тергеуші: Сенің ұрып – жыққаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір. Бұл өтірік, жала!
Тергеуші: Ах, ты, декабрист несчастный! Я тебе покажу өтірікті. Жала дейді еще.(Ұрып – соғады. Есінен танған Қайраттың бетіне су шашады.)
Тергеуші: Әй, Рыскулбеков! Сен Савицкийді өлтірдім деп мойныңа ала сал. Сонда сенің жазаң жеңілденеді. Егер сен Савицкийді өлтіргеніңді мойындасаң, әкеңе тиіспейміз.Әйтпесе әкеңді де бірге соттаймыз.
Қайрат: Жолдас тергеуші! Бұл жала ғой. Өлтірмеген адамды өтірік өлтідім деп қалай мойындаймын? Туған адам түгіл, тышқан да өлтіріп көргем жоқ қой.
Тергеуші: Сен ақымақ болма! Өлтірдім деп мойында. Бұл бір. Сен әкеңнен 4000 сом алып, мына менің жұмсақ алақаныма сал, бұл –екі. Түсіндің бе, мақұлық?
Қайрат: Жолдас тергеуші! Ауылда өз күнін өзі әзер көріп отырған ата – анамды ақша деп қинағым келмейді және не үшін ақша төлеуім керек?
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай жаным бар
Бозторғайдай қаным бар
Алам десең алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты-құрбандық,
Атам десең атыңдар.
Сахна жабылады.
1-бастаушы: Пешенесіне жазылған аз ғана ғұмырдың соңғы сағатына дейін мынау алдамшы дүниеден рахым күтіп, күдерін үзбеген сұңғыла жігіттің көңілі- кім үшін, не үшін мерт болуға тиіс екенін сезе бастаған тәрізді.
2-бастаушы: Иә, ізгілік атаулыдан күдер үзіп, ең соңғы үміті бар сенімі күйреген, рухани езілген балаң жігіт:
Жел кірді көңіліме жиырма бірде
Айдады ерікке қоймай сол несібе,
Желпілдеп, желдім екен несіне,
Түседі адасқаным енді есіме,- деп қатты торыққан қайсар рухты қазақ жігіті орысша- қазақшаға судай жігерлі,отты жігіт еді. Өкінішке орай, 1988 жылы 13 мамырда Семей облысында Қайрат Рысқұлбеков 21-мамыр күні таңда өмірден өтті. Қанаты қайрылып, жарық күнмен мәңгі қоштасты. Есіл ер көзі тірісніде шындыққа жете алмай қапыда жер жастанды.