О?ыту мен о?уда ?згеріс енгізілгені ж?не ол бас?арыл?аны туралы рефлексивтік есеп
Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгені және ол басқарылғаны туралы рефлексивтік есеп
Тыңдаушының жазбалары Тренердің пікірі
ХХI ғасыр –білімділер ғасыры. Елімізде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі бас болып білім берудің инновациялық дамуына басымдық беріп,мұғалімдердің біліктілігін арттыруға үлкен мән беріп отырғанына куә болып отырмыз.Соның бір дәлелі ретінде,еліміздің білім беру жүйесіне оқытудың жаңа технологияларын енгізу мақсатында тиімділігін бүкіл әлем педагогтері мойындаған Кембридж университетін серіктес ретінде таңдауын айтуымызға болады.Елімізде қолға алынған мұғалімдердің білімін жетілдірудің үш айлық курсын бітіріп,сертификат алған мұғалімдердің алғашқы лектері мектепте жаңа технологиямен оқытуды бастап кеткені де баршамызға аян.Сондай әріптестеріміз туралы естігенде менің де кеудемде үміт оты лаулап,көңілімде осы курста оқу туралы тілек пайда болды.
Ойымнан кетпей жүрген арманымның орындалуының биылғы оқу жылында сәті түсіп, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының Шымкент қаласындағы филиалына оқуға келдім. Қыркүйек айының 9 жұлдызы күні орталықтың мәжіліс залына облыстың барлық аудандарынан жиналған мұғалімдерін қатыстыра отырып орталықтың басшысы Л.Искакова мен жетекші мамандар жиын өткізді. Курс кестесі мен тәртібі, өткізілуі тиіс құжаттар, жатар орын мен сабақ жүргізілетін орын туралы хабарлады.Топтардың тренерлерінің аты-жөні хабарланып,қай топқа бөлінгендігімізді дәлізде ілінген тізімнен көріп,білуге болатындығын хабарлады.Көпшілікпен бірге шығар есікте қысылысып,әрең шықтым.Тізімнің қасындағы кезек банктегі кезектен бір де кем түспей топырлап жатқаны соншалық,қасына жақындау мүмкін емес.Сол қалың нөпірдің ішінде тізімнің алдына әрең жетіп,әр топтың тізімінен өзімнің аты-жөнімді іздей бастадым.Міне,таптым,10-топ.Тренердің аты-жөнін оқығанда қуанышымда шек болмады: курс алдындағы іріктеуге келгенде құжаттарымды қабылдап алған Тұрсынбаев Абай ағайдың жайдары жүзі жадымда жатталып қалған еді.Сол Абай ағайым мен Мусаева Махфуза апай екен тренерлеріміз.Әр топ өздерінің тренерлерінің қасына топтала бастады.Кейбір бір мектептен бірге келген мұғалімдер бір топқа түспей қалдық деп наразы болып ,ауысуға мүмкіндік іздеп жүр.Біздің мектептен меннен басқа Ибрайымов Иманбек деген тарих пәнінің мұғалімі келіп еді,әрі-бері мойнымды созып қарадым,көріне қоймады.Басқа топқа түскен екен ғой дедім де,өзіме жүзі таныс Абай ағайдың қасына жақындадым.Біздің топ та біртіндеп жинала бастады.Бір кезде жанымызға өзінің ажар-көркіне жарасымды киінген,қасы-көзі қиылған,келісті бір әйел келді.Бұл көркем келіншек біздің Махфуза апайымыз екен.Топ мүшелері түгел жиналғаннан кейін өзін таныстырып, біздің екінші ауысымда оқитынымызды хабарлаған Махфуза апай өзімізге айтылған қонақүйге барып,жайғасып ала беруімізге болатынын жеткізді.Облыстың аудандарынан,қала мектептерінен келген айналамдағы әріптестеріме қарап қоямын.Таныстарын өздеп,топтасып жатқандарды көргенде өзімнің жалғыздығым есіме түсіп,көңілім құлазып қалды.Алғаш сөйлесіп,танысқаным қалалық мұғалім Әнуархан апай болды.
Сағат 14.00-де №4 лицейдің оқу ғимаратында сабағымыз басталды.
Алғаш келгенде мектеп табалдырығын жаңа аттаған кішкентай балалар құсап,әрі аты ғана таныс,заты таңсық дүниеге енгендей болғанбыз.Күлімдей қарсы алған тренерлеріміз Махфуза апай мен Абай ағайға тез үйренісіп қалғанымыз сондай,өзіміздің аға-әпкеміздей болып кетті.Тыңдаушылар да бір-бірімен достасып,әркім өзіне мінез-құлқы,көзқарасы сәйкес келетін жандарды тауып,дос болып кеткен.Алғашқыдағыдай емес,бәрі бір-бірін сыйлап , бауыр басып,бір үйдің балаларындай болып кеткен еді.
Ал жан дүниемізде қандай өзгерістер болды,сол бірінші бетпе-бет кезеңінде не үйрендім,не алдым деген сұрақты өзіме қояр болсам,айтарым көп. Мұғалім болып,сабақ беріп жүргеніме он үш жылға жуықтап қалған болса,енді өзімді оқушы ретінде сезіндім.Әне-міне дегенше зуылдап өте шыққан бір айда үйренерім әлі көп,уақыт аз екеніне өкініп едім.
Иә, алғашқы күндері түсініксіз, буалдыр бір дүниеде жүзіп жүргендей сезінгем өзімді. Келе-келе, бағытым анықталып,ертеңге деген асқақ арманмен,нық мақсатпен ұмтылатын болдым әр күнге.
Бірінші күнгі «Сурет көрмесі», «Үміт аралынан» бастап төрт аптаның ішінде топтасып, жұптасып, қанша ресурстармен, тапсырмалармен жұмыс жасадық.Оқытудың жаңа технологиясының әр элементін үйренген сайын,қалтасы толған саудагердей қуанамын.Себебі, мен үйренген әрбір әдіс,әрбір тәсіл өзімнің сүйікті шәкірттерімнің үлкен өмірде жан-жақты дамыған,бәсекелестікке қабілетті,көзқарастары қалыптасқан, құзыретті оқушы болып шығуына жол ашады. Бір айда өзімнің оқу мен оқыту туралы көзқарасым,ой-пікірім қалай өзгерсе,оқушыларымның да білім алуға, мектеп пен мұғалімге деген көзқарасының өзгеріп,оқуға, жалпы өмірге деген қызығушылықтарының артатынын ойлап,көңілім масайрап, жүрегіме қуаныш ұялайтын.
Рас, алғашқы күндері көңілімде батыстың методикасы біздің халықтың менталитеті мен таным-түсінігіне сәйкес келер ме екен деген күдік те болған.Күн өткен сайын көзім жеткені:бала-ғарышта да бала!
«Адам ұрпағымен мың жасайды», «Бала-бауыр етің» деген халық тәмсілін ескерер болсақ,бауыр етін - баласын, әулет сабақтастығын жалғастырар перзентін, ең қымбатын біздің қолымызға ата-аналар сеніп тапсырады.Осы орайда мұғалім мен мектепке артылар жауапкершілікті сөзбен айтып жеткізе алмаспыз.Өз баласының сабағы мен тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт таппайтын кейбір жұмысбасты ата-ана да перзентінің ертеңіне,болашағына негіз болар бар жүкті мектеп пен мұғалімдерге үйіп-төгіп арта салады. Ендігі ойым,тек оқушылармен емес,ата-аналармен де осы курста үйренген әдіс-тәсілдермен жұмыс өткізіп тұру артықтық етпейтін сияқты.Сонда ғана ата-аналар өз балаларының сапалы білім мен саналы тәрбие алуына,өмірге құштар,басқалардың пікірімен санаса отырып,өз пікірін қорғай алатын құзыретке ие тұлға болып шығуына жан салып кірісетін шығар.
Өз мақсаттарына қол жеткізу үшін және практикасын дамыту үшін стратегиялық іс-әрекеттерді Дипак деген математик мұғалімнің қалай пайдаланғаны туралы оқыдық қой. Дипактың тынымсыз еңбек пен ізденісінің,берік ұстанымы мен шәкірттерінің жүрегіне жол тауып,қалай етсем сабағым қызықты әрі тиімді өтеді деген оймен бастаған бастамасының арқасында ол пән мұғалімдеріне ой тастады,олардың арасында байланыс орнатты. Мұндай түрткіден соң әр мұғалім менің сабағым қалай өтеді екен,менің сабақ өту тәсілім тиімді ме,оқушыға пайдалы нәрсе үйрете алдым ба деген ойда болуы керек.Өз әрекетімен қанша мұғалімге ой тастап,қозғау салған жас мұғалімнің бұл ісі құптарлық,тіпті қуана үйренерлік жайт болып тұр.
Осындағы әр мұғалім Дипакша ойлап,Дипакша еңбектенетін болса, Шульман айтқан құзырлы мұғалімнің үш көмекшісі мен құзырлылыққа бастайтын негізгі қасиеттерді бойымызға сіңіріп, шәкірттерімізді оқыту мен тәрбиелеуге ерекше белсенділікпен кіріссек,келешегімізге кепіл болар білімді жастарды көбейткен болар едік.
Кеңес дәуірінен бергі сабақ өтудің қатып қалған қағидаттары мен дәстүрлі стилін бұзып,жаңа технологиямен,тіпті сабақ өту туралы өзіміздің де қалыптасып қалған ұстанымымызды өзгерту,жаңашыл,ізденімпаз ұстаздарды көбейту арқылы өз еліміздің жарқын болашағына жасампаздықпен еңбектене отырып,мол үлесімізді қоса алатынымыз сөзсіз.
Мен осы бір ай ішінде мұғалім мен оқушы арасындағы ізгі байланысқа жол ашатын әдіс-тәсілдерді,баланың денсаулығына,сезімталдығы мен сергектігіне негізделген сергіту сәтінің түрлерін,ойлау қабілеттері мен дене қимылдарын дамытуға арналған ойын түрлерін үйрендім.
Ең бастысы,әр сабағыма кірерде бүгін балаларға не үйретемін, не беремін, олар менің қай қылығымнан үлгі алуы керек деген сұрақтарды қоюға үйрендім.Айналамдағыларға өзімнің кім екенімді,қандай тұлға,қандай мұғалім екенімді таныта білу қажеттілігін үйрендім.
Әлем мұғалімдері пайдаланып,тиімділігі мойындалған осынау тәсілді мұхит асырып, бізге алып келіп, озық технологияны меңгеруімізге,тегін оқып білім жетілдіруімізге мүмкіндік беріп отырған Елбасы мен оның сара саясатына, оны іске асырушы тұлғаларға айтар алғысым шексіз.
Иә,біздің курстағы әр күніміз,әр сессиямыз қызықты өтетін.Бір күні сабақ үстінде Айжамал екеуміз қайта-қайта күліп,сабаққа онша ынтамыз болмай отырдық.Соны байқап қойған Махфуза апай: «Сіздерге НХС!» деді.
Сонда «шабыттанып кетіп», қағаз-қалам алып жазғаным:
Көңілге құйған арайын,
Апайым менен ағайым.
Жадырап күлген кездерде
Кіргізер топтың шырайын.
Ынтымақтастық әдісі
Қатты әсер етіп кеткен бе?
Сабырлы ғана жан едім,
Күлегеш болдым деп - демде.
Сабақтан шаршап кей - кейде,
Демалғың да келмей ме?
Күлкімен жаның жадырап,
Керемет күйге енбей ме?
Сұлу да қатал апайым,
Мінезі жұмсақ ағайым.
Қадірлерін білейік,
Тренерлердің,ағайын!
Сиясы кеппеген, табан астында туған дүниемді ортаға шығып, әрі НХС, әрі кері байланыс ретінде оқып беріп,әріптестерімнің қызу қолдауына ие болғаным бар.
Курстың екінші кезеңі мектептегі практикаға келдік.Мектеп директоры Күлшира Олжабайқызы Астанаға ШАО-ға курсқа кетіп,орынбасары Сәдуақас Асанұлы уақытша директордың қызметін атқарып жүр екен.
Алғашқы жұмысымды мектеп басшыларымен кеңесуден бастайын деп Сәдуақас Асанұлының қабылдауында болдым.Кембридждік курс,оның мақсаттары мен міндеттері,жалпы курс туралы мәліметтермен бөлістім. С.Жүнісов маған мектептегі АКТ-ны пайдалануға,қалаған сыныбыммен жұмыс жүргізуіме рұқсат ететінін,қажет болған жағдайда көмек сұрап тұруыма болатынын айтты.Нәтижесінде екінші ауысымда оқитын ,өзім сабақ беретін 7 «Ә» сыныбын таңдадым.
Курсқа менімен бірге барып,7-топтың тыңдаушысы болған Иманбек екеуіміз әріптестермен кеңесуді бірлесіп өткіздік.Биология кабинетіне жиналған әріптестерге «Әлем өзгереді» деректі фильмін көрсетіп, таныстырылым жасадық.Курс туралы қызу әңгімеге кіріскенде қызыға тыңдап отырған әріптестерімізді екеуміз бір-бірімізді іліп алып кетіп отырып,бірталай ақпараттармен қамтыдық.
Бір байқағаным,курсқа қызығушылық танытушылар көп сияқты.Ішінде жасы да бар, зейнеткерлікке таяп қалған жасамысы да бар.Жастар жағына отбасы жағдайы кедергі болса,үлкен кісілер АКТ-ны дұрыс қолдана алмайтындықтарын алға тартуда.Біздің практикалық жұмысымызға ерекше қызығушылық танытқандары да болды. Соңынан өзім жетекшілік ететін қазақ,орыс,ағылшын тілдері бірлестігінің мүшелерімен де әңгімелестік.Орыс тілінің мұғалімі Умиралиева Гүлжан мен Ордабаева Зәуре апайлар осы курсқа бару үшін компьютермен жұмыс жасауды үйреніп жүргендіктерін айтты.Мен осы жерде жоғарыда айтылған Дипактың іс-әрекеті туралы әігімені айтып,бірлесе жұмыс жасауға жұмыс жасадым.Жас мұғалімдер Қойлыбаева Гүлнұр мен Өмірәлиева Маржан қуана келісті.
Балаларға сабақ өтуде алғашқы сабағымды ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыруға арнадым. Менің оқытудың жаңа тәсілдерін үйрететін курсқа кеткенімнен хабардар сүйікті шәкірттерімнің ерекше жаңалықтар,ерекше үміт күтіп жаутаңдай қараған жанарларын көргенде мектеп басшыларының алдында тұрғаннан бетер қысылдым .Сол сәтте басшылардың үмітінен гөрі оқушыларымның үмітін ақтау мойныма үлкен жауапкершілік артып тұрғанын сездім.
Көп ойланып жатпастан оқушыларды тақтаның алдына шығарып,туған күндері бойынша айдың 1-10,10-20,20-30 аралығында туғандар деп үш топқа бөлдім.Топтар бойынша отырғызып, «Менің досымды сізге таныстырғым келеді» интерактивті әдісі бойынша диалог құрдық.Оқушылар өз достары,олардың бойындағы өзіне ұнайтын жақсы қасиеттері туралы қуана да құлшына әңгімеледі.Әсіресе Аружан ,Аяулым, Лауралардың әңгімелері әсерлі шықты.Балалардың көбі өз ойын шамасы келгенше жеткізуге тырысып жатқанымен Нұрсұлтан мен Жомарттың қиналыңқырап қалғанын байқадым.Осы Нұрсұлтан әншейінде сөзге қойсаң суырылып,елге кезек бермейді.Ал сабақ бойынша сөйлемейтін бала бүгінгідей бейтарап сабақта да онша белсенділік таныта қоймады.
7 «А» сыныбынан ауысып келген Айнагүл бұл сыныпқа әлі үйренбеген сияқты: сабағы үздік,қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Айнагүлімді бүгін тани алмай отырмын,кібіртіктеп,онша жақсы сөйлей алмады.
Бұл әдіс ылғи жыбырлап, сөйлеп отыратын Бақкелді мен Нұрдәулеттің оң жамбастарына келген сияқты:екеуі еркін сөйлеп,күліп,серпіліп-ақ қалды.
Былай ерке көрінгенімен тұйықтау,қасыма үйірсектеп жақын келгенімен ойындағысын ашып айта алмайтын Балнұрға да бұл әдіс оңай тимеген сияқты.
Жалпы диалогтік әңгімеден кейін оқушыларды бір-біріне қарама-қарсы қаратып тұрғызып қойып «Кір жуғыш машина» ойынын ойнаттым.Ойын балаларға өте қызықты болды.Улап-шулап,күліп,бір серпіліп қалды.Курстың бірінші бетпе-бет кезеңінде өзіміздің топпен осы ойынды ойнаған сәтіміз есіме түсіп,еріксіз күліп алдым:кір жуғыш машинаға түскім келмей, қашқақтап тұрған мені Балғынбай қолымнан тартып қалып,топқа қарай салып жіберіп еді.
Ойыннан кейін балаларды отырғызып қойып, «Сенің басқалар білмейтін қандай сырың бар?Оны басқалармен бөліскің келе ме?Әсіресе кіммен сырласқың келеді?Басқаларға таныта алмай жүрген қырларың немесе қасиеттерің бар ма?» деген сұрақтар төңірегінде өз ойларын жазып шығуға тапсырма бердім.Әрі бүгінгі сабақтың кері байланысы болсын дедім.Тапсырманың орындалу барысын өзім қадағалап жүрдім.Бәрі де өз шама-шарқынша жазып жатыр.
Жомарт та бірдеңелерді жазып отыр.Шығарма жазуда алдына жан салмайтын Аяулым да зуылдатып жазып жатыр.Сабақтың соңында бәрінің жұмысын жинап алдым.
Балаларға бүгінгі сабақ ұнаған сияқты:жарқын үнмен,жадыраңқы жүзбен қоштасып қалды.
Үйге келген соң оқушыларымның жазғандарын оқып отырып,үлкен ойға қалдым.Шынында,біз оларға бала деп қана қарайды екенбіз.Сол балалардың жан дүниесіне тереңірек үңіліп көрмеген екенмін.Әсіресе,анасы екінші рет тұрмыс құрған Нұрсаяның жазғанын оқығанда көзіме еріксіз жас келді. «Мен де басқалар сияқты биге қатысып,ән айтқым келеді.Бірақ үйдің жұмысынан,бала бағудан қолым тимейді.Мені ешкім түсінбейді,ешкімнің менімен дос болғысы да келмейді.Менің сізбен сырласқым келеді» деп жазыпты.Иә,үлкендер үйленеді,тіл табыса алмай ажырасып жатады.Бірақ соның зардабын тартатын балалар ғой.Балалық шағында еркін ойнап,еркін күлгісі келетін баланың арманын өгей әке мен өгей әжесі қайдан ұқсын?
Сабақты жақсы-ақ оқитын,сүйкімді,ауылдағы дәулетті отбасының қызы Аида «Мен мектепте ешқашан өз ойымды ашық айтып көрмеппін.Еркіндігім де, еркелігім де үйде ғана.Бұдан былай өз ойымды ашық айтып,осы мінезімді қалыптастырсам»деп жазыпты.Аяулым басқаларға қарағанда өзіндік жазу жұмыстарына төселгендігін,тіл байлығын көрсете алыпты.Жаңа әдіспен өтілген сабақтардың ұнайтынын,алда қызықты сабақтар күтетіндігін жазады. Балалардың көбі сырын ашып айтыпты.Мен бұған қатты қуандым.Олар маған сенеді,менімен дос болғысы келеді,менімен сыр бөліскісі келеді.Мені жақсы көретіндіктерін жеткізіпті.Бұл дегенің менің жаңаша әдіс-тәсілмен жұмыс жасауыма оқушылар тарапынан қолдау болады,сабақтарымды қызықты өткізуіме көмек болады деген сөз емес пе?
Оқушылардың сенімін ақтап,қызықты сабақтар өткізу үшін көбірек ізденіп,көбірек еңбектенуге тура келеді.
Сонымен, алғашқы күні мен ынтымақтастық атмосферасын осылай құрдым.Өз ойымша жаман өткізбеген сияқтымын.Балалардың өзім білмейтін біраз сырлары мен қырларын таныдым,өзіме деген сенімдерін,сүйіспеншіліктерін сездім.Бұл маған жұмысты әрі қарай жүргізуге көп көмегін тигізетін маңызды мағлұматтар болды деп айта аламын.
Тізбектелген төрт сабақтың қысқа мерзімді ,орта мерзімді жоспарын жасауда Иманбекпен,осы курста оқып,сертификат алған математика пәнінің мұғалімі Тұрдалиева Ақжанмен үнемі кеңесіп отырдым.Өзіміз курста жүргенде тренерлеріміз қолданған әдіс-тәсілдерді,тақырыбыма сәйкес келетін ойындарды сұрыптап пайдаландым.Ауылдастар бір топқа жиналамыз деп шапқылап жүргенде Абай ағай : «Бір топта болуға сонша неге ынтықтыңдар? Қайта әр топта оқысаңдар, әрқайсысың әр түрлі ақпаратпен ораласыңдар,біріңнің білмегеніңді басқаң білетін боласыңдар.Сонда сендер ортаға салар ақпарат та мол болады,»-деген еді.Ағайдың сол сөзінің дұрыстығына күн сайын көз жеткізіп жүрмін,бұл пікірі рас екен.Иманбек екеуміздің екі топта оқып келгеніміз мұндай жақсы болар ма? «Біз оны былай өтіп едік,бізге мынандай түрін қолданған еді,ал бізге былай түсіндіріп еді,»- деп,әдіс-тәсілдер,рефлексия түрлері туралы әрдайым пікірлесіп отырдық. Арасында Иманбектің сабақтарына қатысып отырдым.
Жаңа әдіспен сабақ өту бірден оп-оңай болды десем, өтірік айтқаным болар.Алғашқыда топқа бөлініп,сабақты бастап кетудің өзі бір жыр болды.Уақытты үнемді пайдалануға да үлгіре алмай жаттық.Оның үстіне әбден дәстүрлі оқыту үрдістеріне қалыптасып қалған оқушылардың сол қалыптан шығулары оңай болған жоқ.Ойларын ашық айта алмай,ашылғысы келсе де тіл байлығы жетпей,кібіртіктеп қалып жүрді.Бірақ көштің жүре түзелетіні сияқты,бірте-бірте еркін сөйлеуге үйрене бастаған оқушыларымның әрбір қадамына қуанып,шын ниетіммен мадақтап отыратын болдым.
Бір күндері ата-аналар тарапынан да қызығушылық танытушылар пайда бола бастады.Бұл балаларының,яғни,оқушыларымның көзқарастары мен пікірлеріне байланысты туған қызығушылық екенін сезгенде кәдімгідей марқайып қалдым.
Оқушылардың сабақ барысындағы белсенділіктері күн санап артып отырды.Оларға мен көрсететін тақырыптық бейне өріністер,түрлі-түсті постерлер жасау,рефлексия жасау қатты ұнады.Әр сабақтан кейінгі кері байланыстарын оқыған сайын,олардың қабылдау,қорытындылау қабілеттері күн санап артып келе жатқаны байқалды.Бұл үшін, әрине,қуанамын.Алайда сабақ барысында кездесіп жатқан кедергілерді анықтап,алдағы уақытта осы кемшіліктер мен кедергілерді жоюдың жолдарын міндетті түрде ойланып жүретін болдым.Оқушылардың әр күнгі кері байланыста көрсеткен білгісі келеін материалдарды жинақтау да ізденімпаздық пен үлкен еңбекқорлықты талап ететіні белгілі.
Сабақты қалай өткіземіз,қандай әдістерді қолданамыз деп жүргенде,міне,практика да аяқталып қалды.Еңбек болған соң киындығы мен қызығы қатар жүреді ғой,қызықты сәттерменн бірге қиындықтар,кедергілер де кездесіп тұрды.Бірақ әріптестердің қолдауы әрқашан қолайсыздықтан алып шығуға көмектесіп отырды.
Рахмет саған,осынша тебіреніп,ой толғауыма себепкер болған, осындай тренерлерден сабақ алып,облыстың түкпір-түкпірінен жиналған мұғалімдер қауымымен пікірлес болуыма,дидарласып,тәжірибе алмасуыма себепкер болған-Кембридждік курс!Осындай тамаша мүмкіндіктерді пайдаланып,баланың жан дүниесіне үңілу,зерделей оқыту туралы өзімнің педагогикалық тәжірибемді жетілдіруге жан сала кірісудемін.