НАЗИПА ??ЛЖАНОВА Е?БЕКТЕРІ Ж?НЕ ?АЗІРГІ ПЕДАГОГИКАНЫ? ?ЗЕКТІ М?СЕЛЕЛЕРІ Конференция



НАЗИПА ҚҰЛЖАНОВА ЕҢБЕКТЕРІ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ПЕДАГОГИКАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Нәзипа Құлжанова 1887 жылдың 27 шілдесінде Қостанай облысы, Жанкелді ауданында туып өскен. 1982 жылы Ленинградтағы Орталық Мемлекеттік архиф деректері бойынша Торғай облысындағы бірден-бір оқу орны – Қостанайдағы орыс-қазақ әйелдер прогимназиясын бітірді (1898-1903).
1903-1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесін ойдағыдай аяқтап, біраз уақыт сол училищеде көмекші мұғалім болып тағайындалады. 1905-1920 жылдары Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаздық еткен.
Қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет Географиялық қоғамның мүшесі болған Нәзипа Құлжанова 1914 жылы 26 қаңтар күні Семей қаласында ұлы Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай әдебиет кешін ұйымдастырып, сол кеште орыс тілінде тамаша баяндама жасап шығады. Ақын Абайдың өлмес даңқының сыр-сипатына терең баға береді. Алғаш рет Абай өлеңдерінің орысша аудармасынан үзінділер оқиды. Бұл Нәзипа Құлжанованың ең басты тарихи еңбегі болып табылады.
Нәзипа Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін орысшаға аударып таныстырады және 1915 жылы «Сибирский студент» журналының 3,4 сандарына бастырады. Ол өзінің мақалаларында әдебиет жайлы ойларын байқатып отырады. Өзінің «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 164 санында «Әдебиетімізге көз салу» мақаласында Нәзипа «Қазақ әдебиеті болашақ дамуында орыс әдебиетінен үлгі алуға тиіс. Бұл мәселеде мен орыс, Европа әдебиетіне еру мақұлырақ болар деп шештім. Өйткені татарда – Тоқай, қазақта – Абай орыс әдебиетінің пікірлері, идеяларымен мәлім болады»-деп жазды. Дәл сол кез үшін оқыған қазақ әйелінің осындай пікір айтып, өзіндік ойын алға тартуы прогрестік іс еді.
Өлке тарихын зерттеуші Виктор Белослюдов Құлжанованың аудармаларына риза бола қарайды. Ол 1915 жылы «Сибирь студенті» журналындағы «Қазақ поэзиясы туралы» мақаласында «Біз, орыстар, Абай Құнанбаевты да, Ыбырай Алтынсаринді де білмейміз. Абай Құнанбаевтың төл шығармалары орыс тіліне аударылмады, әрі басылмады. Алтынсарин өлеңдерінің ішінде орыс тіліне аударылғанынан маған белгілісі біреу ғана. Ол – « Көктем». Ал Абай Құнанбаев өлеңдері ішінен белгілісі – «Желсіз түнде жарық ай». Бұл екі өлеңді де қазақ әйелі Нәзипа Құлжанова аударған» дейді.
Нәзипа Құлжанованың Совет өкіметі кезіндегі еңбегі, негізінен, әдеби-журналистикалық бағытта көрінді. Сара Есовамен бірге «Қызыл Қазақстан» журналында, «Әйел теңдігі» журналында, «Еңбекші қазақ», «Қазақ тілі» газеттерімен байланысты болып, әңгіме-очерктерін («Қайран қыз-ай», «Қадірлі Қайша» т.б.) жариялап тұрды.

Нәзипа Құлжанова Семей қаласында оқу-ағартушылық саласында елеулі еңбектер сіңірді, қазақ баспасөзінде қызмет атқарады. «Қазақ», «Сарыарқа» және «Алаш» газеттерінде әйел мәселесіне байланысты мақалалар жариялайды.
Ол Орыс Географиялық қоғамының мүшесі ретінде қазақ халқының тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарын, ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларын зерттеп, оларды кеңінен насихаттаумен айналысты.
1917 жылы Семей облыстық қазақ съезіне қатысып, оның төралқасы құрамына енеді. 1920 жылы Қырғыз АКСР Оқу ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару мен баспасөз істері жөніндегі комиссияның белді мүшесі болған. Осы қызметте жүріп, жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі Орталық Комитеттің құрамына мүшелікке енген.
Нәзипа Құлжанованың бала тәрбиесіне байланысты педагогикалық тұрғыда жазған бірнеше кітаптары бар. 1923 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие» деген кітабы Орынборда 4000 дана тиражбен басылып шығыпты. 1927 жылы «Ана мен бала» атты ғылыми-педагогикалық еңбектер жазды. Ол аудармашылық өнермен де айналысты. Оның бұл саладағы сүбелі еңбектері ретінде Г.В.Короленконың «Күн тұтылғанда» және В.Лавреневтің «Қырық бірінші» атты повестерінің аудармасын атауға болалы. Нәзипаның өзі көркем проза саласында еңбек етіп, «Есіл қыз-ай», «Маржан» атты әңгімелер жазды.
Нәзипа Құлжанова 1930 жылдардың басында Мәскеуге барып Н.К.Крупскаямен кездесіп көптеген ақыл-кеңестер алады. Әлі де еңбек етіп, көлемді туындылар жазбақ болған журналист, ағартушы Нәзипа Құлжанова 1934 жылы Алматы қаласында дүниеден өтеді.
Нәзипа Құлжанова өз дәуіріндегі саяси-әлеуметтік жайдан, экономикалық құрылыс қалпынан, медицина, педагогика ғылымдарының заман талабы алға тартып отырған міндеттерінен толық хабары бар білімді журналист, шебер педагог екенін айқын тани аламыз. Бүгінгі қолданылып отырған тәрбие түрлерінің алғашқы бастамасының негізін ана тілінде сөз етіп, түсіндіріп, жол көрсетіп кеткен – Нәзипа Құлжанова. Нәзипа бүгін де еліне сол еңбегімен құнды. Сол еңбегімен ұмытылмайтын қадірлі қалпында есте сақталады.
Бүгінгі таңда білім беру әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналуда. Дүниежүзінде білімнің әлеуметтік рөлі артып, адамның болашағы оның алған білім сапасының көлеміне, ойлау деңгейіне байланысты болады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқыту формасы, әдістерін, технологиясын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген. Бұл білім мекемелерінің мұғаліміне өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық нұсқаны кез келген үлгімен құруға мүмкіндік береді.Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің жаңа мазмұны пайда болуда. Атап айтқанда:
-Білім мазмұны жаңа біліктермен, ақпараттарды қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламасының нақтылауымен байи түсуде;
-Ақпараттық дәстүрлі әдістер ауызша және жазбаша, телефон немесе радио байланыс қазіргі заманғы компьютерлік құралдарға ығыстырып орын беруде;
-Баланың жеке басын тәрбиелеуде, оның жан дүниесінің рухани баюына, азамат, тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлінуде;
Қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер түрлі ынталы бастамалар мен түрлендірулерге жол ашуда. Осы тұрғыдан алғанда, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік-педагогикалық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Бұл үшін мұғалімдердің инновациялық іс-әрекеттердің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі мақсат етіледі. Ал жаңа технологияларды пайдалану міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып мүмкіндік деңгейге жеткізеді. Сондықтан мұғалімнің біліктілігін көтеру мен шығармашылық педагогикалық әрекетін ұйымдастыруда қазіргі педагогикалық технологияларды меңгеруі маңызды.
Оқытуды демократияландыру, ізгілендіру арқылы экономикалық, әлеуметтік өзгерістерге бейімделе отырып, әлемдік өркениетке ұмтылған қоғамда танымдық қызығуы, біліктілігі жоғары, белсенді азамат тәрбиелеу талабы – бүгінгі таңдағы білім беру жүйесіне үлкен міндет жүктейді.
Бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім беру реформасының басты мақсаттарының бірі – инновациялық технологияға сүйене отырып, оқушының бойында шығармашылық ойлауды, тұлғаның үйлесімді дамуына қолайлы жағдай туғызы нәтижесінде оның өзіндік мүмкіндіктерін жоспарлы пайдалана білуіне қол жеткізу арқылы тұлға біліктілігін қалыптастыру.
Білімді даралап-саралап берудің басты бағыттарының бірі дарынды, талантты жасөспірімдерді оқыту. Кейінгі кезде мұндай өзекті мәселеге әлемдік педагогикада қызығушылық бары байқалады. Соның бір айғағы-жоғары қабілетті Еуропалық ассоциация құрылды. Ассоциацияның басты мақсаты – дарынды балаларды зерттеу, қолдау және мадақтау. Мұндай саясат Қазақстанда жүріп жатыр. Ел президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің балаларымыз біліктілігі жоғары мамандар болады. Оларға жағдай жасау керек» деген.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, Елбасының «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасы мен «Дарын», «Болашақ» бағдарламаларында, Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында оқушыларға нәтижеге бағытталған білім беру арқылы оның ресурстық мүмкіндіктері мен шығармашылық дағдыларын дамытуға қолайлы жағдай туғызу – ең негізгі міндеттер деп айқындалған. Қоғамдық дамудың қазіргі үрдісі әлемдік білім беру жүйесінің алдына жаңа әлеуметтік тапсырыс ретінде өз мақсатына іске асыру үшін өз іс-әрекетін тиімді жоспарлай алатын, танымдық қызметінде алынған ақпараттарды орынды пайдалана білетін, түпті нәтижеге жету үшін әртүрлі топтардағы адамдармен тиімді қарым-қатынас диалогіне түсе алатын білімді тұлғаны тәрбиелеу мәселелерін қойып отыр. Бұл мәселелерді оңтайлы шеше білу білім берудің әлемдік және ұлттық кеңістігіндегі іргелі проблема болып отыр. Оқу-тәрбие үрдісін білім беру тұрғысынан ұйымдастыруда жаңа технологиялар мен озат тәжірибелерге сүйене отырып тұлғаға бағдарланған білім беруде әлеуметтік-тұлғалық білімділікті өзектендіру арқылы оқу үрдісін өзгертуді зерттеу-педагогика ғылымында туындап отырған қазіргі негізгі міндеттердің бірі.
Білім беру тәсілдерін инновациялық технологиялар негізінде жетілдіру, оқыту мен тәрбиелеу ісін ізгілендіру, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып даралап, саралап оқыту арқылы оқушыны дамытуда білім, білік, дағдыны жетілдіруге негізделген білім беру педагогикада адамның өзін тануын және тұлғаның психикалық, физикалық саулығын қамтамасыз ету мәселелерін алға шығарып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Ахметова Л. Нәзипа Құлжанова // Алғашқы қарлығаштар. Құрасырған Д.Дәуренбекова.-Алматы: Қазақстан, 1993.-17-29б.
2.Әділбекқызы Ж. Семей Орыс Географиялық қоғамы және қазақ зиялылары // Абай.-2004.-61-64б.
3.Қуантайұлы Н. Қазақтың алғашқы журналист қызы // Ертіс өңірі.-2003.-9 қазан.-29б.
4.Байжұманова Н. Ұлы ақынды ұлықтаған Нәзипа // Семей таңы.-2007.-30 тамыз.-3б.
5.Мағауина З. Қазақтың ардақты қызы // Семей таңы.-2007.-24 мамыр.-3б.
6. «Қазақстан мектебі» журналы,№10/2007, №1/2007, №2/2007.
7. «Мектеп» журналы,№11, 2009ж.
8.Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Алматы.2008. 6-б.
9.Абай атындағы ҚазҰПУ, «Педагогика» журналы, №6 // Алматы, 2003ж.