Т?рбие са?аты Т?уелсіздік бастауы-Желто?сан 7-8 сынып


Сабақтың тақырыбы: Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан
Сабақтың мақсаты: Оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарастарын қалыптастыру. Оқушыларды елді, Отанын сүюгежәне егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш – қуаты мол жастарды тәрбиелеу. Желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым.
Сабақтың көрнекілігі: плакаттар, суреттер, буклеттер, нақыл сөздер, интерактивті тақта
Сабақтың барысы:
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Көк туым көтерілді бағым жанып,
Елтаңбам күллі әлемге танылды анық.
Шырқадым әнұранды бар дауыспен,
Арманым –Ата заңым қабылданып.
Бізге тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған және дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл 27 жыл толып отыр.
«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.
Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?
Осы желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық!
Бір минут үнсіздік.
1-жүргізуші:
1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. Сол пленумда Д. Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына бұрынғы Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.В. Колбин сайланды. Бұл студент және жұмысшы жастардың бейбіт мақсаттағы шеруіне әкеп соқты. Алаңға шыққан жастарды қарулы күшпен басып – жаншыды. Демонстрация аяусыз басылды.
Күллі әлемді дүр сілкінткен 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық санасын, намысын жетелеген жаңа әрі қайсар буынның келгенін әйгіледі.
«Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Хор: Мемлекеттік Әнұран
2-жүргізуші:
Жағасына жауының жетіп қолы,
Тартып алған тәуелсіз күшпен өткен.
Тәуелсіздік елімнің ерлік жолы,
Олжа емес салбырап түскен көктен.
Қуаныш аралас қасіретпен,
Ерлік жолда қаншама ғасыр өткен.
Еркіндік, ерлігін сақтау үшін,
Талай ердің бұл жолда басы кеткен.
1-оқушы:
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
2- оқушы:
Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып – жойып таптады.
Сонда елімнің ұл – қыздары ардақты,
Қарсы шығып ел сенімін ақтады.
3- оқушы:
Жалғыз Отан –адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.
4 – оқушы:
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.
5- оқушы:
Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар – ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн.
6 – оқушы:
Желтоқсан тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршыннан қиылған боздақтары
Қалар мәңгі есінде Қазағымның.
7 – оқушы:
Желтоқсан – қайсар, ерлік, қуатты күн,
Жігер оты маздаған тұрақты ұғым.
Тәуелсіздік билігі қолға қонған –
Тәңіріме Желтоқсан шуақты күн.
8 – оқушы:
Желтоқсан – жадымызда жаралы күн
Жастарым жапа шеккен жаралы мұң
Еркіндік, егемендік, елдігімді
Емірене аңсады саналы ұғым.
1-жүргізуші:
Ғасырлар бойы жүргізілген ұлт – азаттық көтерілісінің заңды жалғасындай болған ең шешуші әрі бүкіл орта Азия мен Еуропадағы демократиялық қозғалыстың қолбасшысы ретінде тарихта қалған 1986 жылғы Алматы оқиғасының бас қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке жапқан жала:
Бірінші – 1986 жылдың 18 желтоқсанында сағат 11 -00 ден бастап Бейбітшілік – Сәтбаев көшелерінің қиылысында бейбастық жасады.
Екінші – Савицкийді өлтірді
Үшінші – Ведельді ұрып жаралады
Төртінші – «Қазақстан» қонақ үйі алаңында милиция қызметкері А. Алмабековке қол жұмсады.
2-жүргізуші:
Міне, осындай! Құдай – ау небәрі жиырма бір жастағы қаршадай жігіттің мойынына осынша қылмысты қалайша іліп қойған. Сот процесі 1987 жылдың 25 мамырынан 16 маусымына дейін өтті. Не керек сот Қайрат Рысқұлбековты Қазақ ССР-і қылмыстық істер кодексі 173 – бабының 1- тармағына сәйкес ату жазасына кесті. Ең ауыр жаза, кейін «ату жазасы» 20 жылға ауыстырылды. Солақай саясаттың құйтырқы әрекетімен жас ғұмыр 1988 жылы 21 мамырда белгісіз жағдайда дүниеден өтті.
Ән.
Көрініс.
Жүргізуші:
Ұлт намысын жыртып алаңға шыққан жалын жүрек жастарымыздың арасында Чайковский атындағы Музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова желтоқсан құрбанына айналарын білмеген болар. Ар ожданы озбырлықпен тапталып, жапа шеккен Ләззаттың қазасы әлі күнге жұмбақ.
9- оқушы: Ләззаттың анасының жоқтауы:
Оу, көздің жасын бұлайын,
Жүректі жеді – ау уайым.
Саған ғұмыр бермеді – ау
Жарылқағыш құдайым.
Мынау неткен зар заман,
Жүректіге тар заман.
Сені өлтірген дұшпанға
Зауал келсін Алладан.
Құлыным менің қор болды –ау?!
Заманың сенің зор болды –ау?!
Желтоқсанның қайғысы
Сан анаға сор болды – ау?!
Заманына қайқайып,
Қарсы тұрған боташым.
Алтын сақа асықтай
Алшы тұрған боташым.
Дәл өзіңдей қыз туған
Менде арман бар ма екен?!
10-оқушы:
Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн.
Әділдік пен шындықты
Өтірік жала жапқан күн
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн,
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қырандар қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.
Ән.
2- жүргізуші:
Жерлесіміз, Ербол Сыпатаев Талдықорған облысы Панфилов ауданының Ленин атындағы совхоздың екінші бөлімшесінде туып өскен. Ол – Энергетика институтының ІІ курс студенті болатын. Ербол бір үйдің жалғыз баласы еді. 1986 жылдың 18-желтоқсанында кешкі сағат 20 00 – де ауруханаға бас сүйегі мен иығынан ауыр жарақаттанған Ерболды әкеледі. Ол есін жимастан қайтыс болды. Біздер Ербол ағамыздың жастық жігері мен ерлігін мәңгі есімізде сақтап, аруағына бас иеміз.
11 – оқушы «Түрме жыры»
Тор темір жамбасыма тақылдайсың,
Өзіммен бірге туған жақындайсың.
Телміріп темір торға қаматқанша
Сұм дүние, бұл жағынан неге алмайсың,
Ауылдағы жақсы екен ғой салған әнім
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмің,
Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,
Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім
Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,
Ас берер ортасында жалғыз тесік,
Күніне ұстатады үш тілім нан
Өлмейтін саған ішер осы нәсіп.
1- жүргізуші:
1991 жылғы 12 желтоқсандағы «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-дегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлығына байланысты Қазақ КСР-нің 65 бабымен Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Түгелбай Тәшенұлы, Қайыргелді Күзембайұлы, Жамбыл Тайжанұлы ақталды.
12 – оқушы:
Көзіңнен айналайын төңкерілген,
Көрікті қабағыңмен көмкерілген,
Жанарың алға ұмтылып атылып тұр
Сұмдардың өткеліндей өңменімен.
Бұл күнде осы бейнең қайда жатыр,
Үстінде топырақтан ба шатыр?
Жазықсыз, жас тәніңді қинағанда
Япырмау, қайда болдым мен бір пақыр?
Ақиық ақын болып кетер ме едің,
Туғаннан «Халқым» дедің «Ұлтым» дедің.
Ұшқанша көкірегіңнен ақтық демің,
Сол сәтте тірлігіңді көрсем егер
Жолыңа құрбан болып кетер едім.
13 – оқушы:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын жас қайраты, жас өркені халқымның.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей ар намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Би.
14– оқушы:
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған күні. Тәуелсіз Қазақстанды әлем мемлекеттерінің арасынды бірінші болып бауырлас Түркия Республикасы таныды.
13- оқушы:
1992 жылдың соңы – тәуелсіз республиканы дүние жүзінің 150 мемлекеті танып, 106 елмен дипломатиялық қатынас орнатылды. Қазіргі Қазақстан шет елдерде 30-дан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашты. Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік және халықаралық, ұлтаралық ұйымдардың 16 өкілдігі жұмыс істейді.
15 – оқушы:
Пай, пай!
Киелі неткен жер!
Тұлпарлар дүбірлеп төккен жер.
Ғашықтар бір – бірін өпкен жер,
Сарылып сал – сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Үлкен жүректі, ұлы сезімді, шалқар шабытты ақын Мұқағали жырына арқау болған, біздің атамекеніміз, қазақ даласы – бабаларымыздың ұрпағына қалдырып кеткен асыл мұрасы.
16- оқушы:
Талай – талай қас батырлар жанын қиып, қорғап қалған, талай тіршілік иесі нәр алып жаралған, талай өзегі өртенген өкінішті жандар мен қуаныштан жүрегі жарыла шаттанған пенделердің куәгері болған қасиетті Отанымыз Қазақстан!
Неткен байтақ, неткен ұлы сен елім,
Нендей күйге жүрегімді бөледім,
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
1-жүргізуші:
Ия, ежелден аңсаған азат халқымыз тәуелсіздігінің биыл 20 жылдығы.
Тәуелсіздік! Қасиетті де, құдіретті осы бір ұғымның тереңіне зер салып, ой жіберейік. Тәуелсіздік атты бұл тәтті сөздің тұңғиығында ата – бабамыздың ғасырлар бойғы талай – талай боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр.
Жүргізуші:
Иә, көк туымыз асқақ желбіреп, тәуелсіздігіміз салтанат құрғаныны 20 жыл. Тарих үшін қас – қағым сәт, азаттық аңсаған Алаш баласы үшін ғасырдан да қымбат мың жылға айырбастамас 20 жыл. Тәуелсіздік алып келген жетістік те оң өзгерістер де мол. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі – еркіндік! Еліміздің еркін өміріндегі бүгінгі табыстарының бәрі де тәуелсіздік нәтижесі.
Ән.
1- Жүргізуші:
Өзіңдікі елің де,
Өзіңдікі жерің де.
Өзіңді өзің еткен бақ
Тәуелсіздік төрінде.
2- Жүргізуші:
Асқар тау да сенікі
Бақша – бауда сенікі
Қалтықсыз доспенен
Қатал жау да сенікі.
Хор:
Өзіңдікі туыңда
Отпен ауа, суыңда
Жаса, Қазақстаным
Белді бекем буында.
Мұғалімнің қорытынды сөзі:
Қазақ халқының көкірегінде шер болып қатқан, туған жерінен, елінен, жұртынан айырылып, ен далада жосып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін басынан өткерген шақта бір қарт баласына:
Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын сен қаласың.
Ойран болған орданың орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағарсың – деген екен. Бүгінгі таңда сол қарттың баласы болмасада ұрпағы егеменді ел болып, сол ойран болған орданың орнында отау тігіп, отын жағып, түтінін түтетіп отыр. Ендігі тілегіміз тәуелсіздігіміздің туын көкке көтерер, еліміздің көк байрағын желбіретер, ата – бабаларымыздың асыл мұраттарын асқақтатар бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстар жастарымыз өз жерімізді, өз елімізді қадірлеуге, сүюге тиіс екендігін естен шығармаса екен дейміз.
Елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік болып, егеменді елдігіміз ұзағынан болсын дей отырып бүгінгі «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығы құтты болсын!