Ша?ын жоба ?аза? хал?ыны? ?лтты? ойнадары
«Балқаш қаласы жалпы білім беретін типтік мектеп-интернат»КММ
«Қазақ халқының ұлттық ойындары»
(шағын жоба)
Дайындаған оқушылар: Махаббат Айбол
Жақыпбекова Меруерт
Ахнай Бағдина
Жетекшісі: тәрбиеші Келисбаева Б.У.
Балқаш қаласы, 2015
Құрастырушы: Балқаш қаласы жалпы білім беретін типтік мектеп-интернатының тәрбиешісі : Келисбаева Балжан Усербаевна
Пікір
Қазіргі заманның ағымына байланысты ұмытыла бастаған қазақтың ұлттық ойындарының мән мағынасы, шығу тарихы баланың рухани және дене бітімінің дұрыс жетілуіне мол әсері жайлы мәліметтер жинақталған. Жеке тұлғаның тәрбие негізінде табиғатқа , салт –дәстүрге деген адамгершілік , эстетикалық сезімі бар адам тәрбиелеуге көңіл аударылған.
Жобаның тақырыбы көкейтесті екені мүлде анық , өйткені қазіргі жахандану заманында , атап айтсақ , қоршаған ортаның , әсері мен баланың дене қозғалысының азаюына нұсқай отырып , сол салт- дәстүрі- міз - ұлттық ойындар арқылы жасөспірімдерді дұрыс тәрбиелеуге негіз делген .
Жұмыстың маңыздылығы оқушының ұлттық ойындар туралы мәліметтер жинай отырып , қазақ ұлттық ойындарының қажеттілігі мен мүмкіндіктерін зерттеуі көзделген. .
Жоба келесі бөлімдерден тұрады : а) Кіріспе ә) Зерттеу бөлімі б) Қорытынды
Пікір жазған: Балқаш қаласы жалпы білім беретін типтік мектеп-интернатының І санатты тәрбиешісі : Баянбаева А.Н.
Жобаның мақсаты: Ұлттық ойын туралы түсінік беру, ұлттық ойындарды қолдана отырып, халықтық тәрбиені бала бойына сіңіру, қимыл-қозғалыс арқылы балалардың денсаулығына, дене түзілісінің дұрыс жетілуіне назар аудару.Сөздік қорын молайту.Бір-біріне деген сыйластыққа, қамқорлық қарым-қатынас нығайту, еркіндікке, батылдыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.
Жобаның кезеңдері: 1 кезең – зерттеу жұмысының жоспары мен құрылымы, міндеттері, әдістемелері , ғылыми болжамы анықталды . 2 кезең – деректі материалдарды жинақтау . 3 кезең – қазіргі кездегі өмірде қолданудың маңыздылығын зерттеу. 4 кезең – жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелерін қорытындылау.
Жобаның әдістері . Жинақтау барысында философиялық , тарихи әдебиеттерді талдау , ұлт ойындарының жас ұрпақ тәрбиелеудегі маңызына байланысты мәліметтерді жинақтау, әңгіме, сұхбат әдістерін қолданылды.
Тақырыптың өзектілігі: Қазақтың белгілі ғалым ағартушылары Абай Құнанбаев, Шоқан Уалиханов ой талабының өсуінде оның атқаратын қызметін жоғары бағалады. Бүгінгі таңда егемен, Ыбырай Алтынсарин халық ойындарын балаларға білім берудегі тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, өткен ұрпақтын дәстүрі мен салтын құрметтеп, адамдардың ойы мен іс-әрекетін танып түсінуде жастардың эстетикалық адамгершілік ді ел болып, өз шаңырағын көтеріп, туын тіккелі бері ана тілін, салт-дәстүрін қайта жаңғыртуда. Жаңарған ел жаңа көзқарастағы ұрпақ тәрбиелеуді талап етуде.Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 2050-бағдарламасында «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білім мен әл - ауқаты барлық қазақстандықтардың өмір сүру жағдайларын біліммен мүмкіндіктерін ұдайы жақсарту» - деп атап көрсетеді. Сондай-ақ дене тәрбиесі мен спорттың маңызын арттыруды, елімізде сауықтыру жұмыстарының әдістерін жетілдіруді ұсынады. Сондай мүмкіндіктердің – бірі баланы жастайынан қазақтың ұлттық қозғалмалы ойындарын ойнауға жаттықтыратын тиімді әдіс тәсілдерді пайдалану мақсатына қарай дене тәрбиесін жан-жақты дамыту көзделген.Яғни, рухани бай, азаматтық ары таза, ой еңбегіне бой еңбегі сай, сегіз қырлы бір сырлы азаматтарды тәрбиелеу талап етілуде.
Күтілетін нәтиже:
Ойын баланы зеректікке, білгірлікке баулиды.
Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге, әсемдігін сезінуге үйретеді. Ойын батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді.
Ұлттық ойындар туралы, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны қастерлеу туралы түсінік қалыптасады.
Ұлттық ойындарды ойнай алады, олардың ойналу ережесін үйренеді .
Кіріспе
«Ханталапай» ұлттық ойыны бойынша шағын жоба.
Жинақтағандар: Махаббат Айбол, ҚадырберлинӘсет,Искаков Ратбек.
Жобаның мазмұны:
1.Кіріспе
2.Ойынның тақырыбы
3.Ойынның мақсаты
4.Ойынның шығу тарихы
5.Ойынның ережесі
6.Күтілетін нәтиже
Кіріспе.
Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылың мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлт ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.
Тимур Болсынбек, республикалық ұлттық мұражайдың ғылыми қызметкері :-Жалпы асық ойындарын зерттеген адамдарға шолып өтсек, соның ішінде мына қазақ даласын, әсіресе, маңғыстау өңірінің қазақтарының тұрмыс-тіршілігін зерттеген өзінің бір еңбегінде, қазақ балаларының асық ойнауын былай деп сипаттап кетеді. Балалар, түрлі-түсті түске боялған асықтармен ойнағанды ұнататын, 6-7 асықты алақанына алып, жоғары қарай лақтырып, қолының сыртымен қағып алып, қайтадан жерге түсіріп, қайтадан жерге түсіріп, қайтадан қағып алып сөйтіп түрлі-түсті, бағыттарда ойнайтын дейді. Осылайша, уысын бір ашып, қолдың сыртын бір тосып асықты қағып алуды «қақпақыл» деп атайды. Қол қимылдарын меңгерген бала кейін мал бағып, атқа мінгенде, асау үйретіп, жылқыға құрық лақтырғанда өте епті болады. Жылдам қимылдауға, шапшаң әрекет жасауға үйренеді.Жобаның тақырыбы: «Ханталапай» ұлттық ойыны.
Жобаның мақсаты:
Ұлттық ойындарды дәріптеу арқылы сыныптастарымның асық ойынына деген қызығушылығын, белсенділігін арттыру. Тапқырлыққа, шапшаңдыққа баулу, салт-дәстүр арқылы ой-өрісін дамыту. Ұлтжандылыққа, елін сүюге тәрбиелеу.
Ойынның шығу тарихы.
Ханталапай ойыны – қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Аталмыш ойын әсіресе балалар арасында кең тараған. Ертеде Атырау мен Алтайдың арасындағы ұшы-қиырсыз сардаланы мекендеген бабаларымыз кезекті жорыққа аттанар алдында соғыс тактикасын, стратегиясын тақта тастың үстіне асықтарды шашып жіберіп түсіндірген екен. Соның әсері шығар, қазақтың баласы ес біліп, етегін жабар-жаппастан асық ойынына ден қояды. Әбден машықтанған соң, жерде тізіліп тұрған асықты көздемей-ақ атып түсіреді. Көпті көрген көнекөздердің айтуынша, қазақ баласын «көңіл мергендігі» ашылсын деп асық ойнатыпты. Асық өзінің формасына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Ешкіден алынған асықты «кентай» деп атайды. Себебі, оның формасы симметриялы емес, бір жағына қарай қисықтау әрі кішкентай болып келеді. Ондай асықтар не сақаға, не «хан» болуға жарамайды. Ал асық құлағанда қандай жағымен түскенін анықтау үшін, төрт қырының да арнайы атауы бар. Олар- Алшы, Тәйке, Бүк, Шік.
Ойынның ережесі.
Ал «ханталапай» ойыны бүкіл қазақ жеріне кең тараған. Ойынға екеуден 10 адамға дейін қатысады. Асықтың көп болғаны жақсы. Көп асықтың ішінде біреуін қызыл түске бояйды. Сол асық «хан» деп аталады. Ойынды бастайтын бала асықтың бәрін қос уысына жинап алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар «ханның» қалай түскенін бақылап отырады. Егер «хан» бүк, шік, не тәйке түссе, ойын бастаушы бала «ханның» түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере ыршытып бір-біріне дәл тигізуі қажет. Тигізген асықтарды ол өзіне алады. «Ханды» жатысы «хандыкіндей» ең соңғы асықпен ғана атып алады. Сондықтан асықтарды атқан кезде есепке, дәлдікке, мергендікке жүгінуге тура келеді. Ойын бастаушы баланың қолы басқа асықтарға тисе, сондай-ақ атқан асығы басқа асыққа барып тисе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал «хан» алшы түссе, балалар жарыса «хан талапай» деп дауыстап, «ханды» өз қолына түсіруге тырысады. «Хан» кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жеткен болып есептеледі. Онда ойынды сол бала қайта бастайды.
Күтілетін нәтиже:
Жалпы қазақ жастары кейін келе Қазақстан территориясының барлық жерінде дерлік асық ойынының белгілі бір жүйеге келтірілген түрлерін таратты. Мінекей, асық ойындарының көптеген түрлері біздің заманымызға дейін де жетті.
Ұлттық ойын «Ханталапайды » ойнау арқылы тұлғаның даму деңгейі анықталады, жалпы асық ойынына деген қызығушылығы, белсенділігі артады. Тапқырлыққа, шапшаңдыққа ,салт-дәстүр арқылы ой-өрісін дамытады. Ұлтжандылыққа, елін сүюге тәрбиеленеді. Бұл үшін асықты ұлттық ойынның түрі ретінде бір жүйеге келтіріп, ережелерін бекіту арқылы мектепішілік спорт ойындарының қатарында насихаттауды ұсынамыз. Өйткені асық- қимыл, қозғалыстың ойыны. Ендеше оны салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында да насихаттауға болады.
Екінші топ «Бестас» ойыны туралы шағын шығармашылық жұмыс жинақтады.Шынымен де «Бестас» ойыны
«Бестас» ұлттық ойыны бойынша шағын жоба.
Жинақтағандар:Жақыпбекова Меруерт, Асылбек Батима, Жарқымбекова Айзада.
Жобаның мазмұны:
1.Кіріспе
2.Ойынның тақырыбы
3.Ойынның мақсаты
4.Ойынның шығу тарихы
5.Ойынның ережесі
6.Күтілетін нәтиже
Кіріспе.
Қазақ халқы ұлт ойындарына бай халықтардың бірі.Бірақ ол ертеде ауызекі туып , жалпақ жұртқа ауыздан - ауызға таралып отырғандықтан көпшілігі бүгінгі күнге жетпей ұмыт болып кеткен. Қазақ ұлттық ойындары елдің өмірімен тығыз байланысты, оның шаруашылық ,әлеуметтік тұрмысынан туған .
Ұлттық ойындар сонау ескі бағзы заманда , ата-бабаларымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысқандықтан жаз-жайлауда, қыс-қыстыққа көшіп отырған. Қытымыр қыстан малы да, өзі де қиналып , арып- ашып шыққан ел, жаз жайлауға көшіп келіп, бастары қосылып, бойлары босап той тойлаған. Сол тойда әр ру өздерінің ақындарын, батырларын, күштілерін, ептілерін ертіп келіп, ортаға шығарып әр түрлі ойындар өткізіп, бір-бірімен сайысқа түсірген. Осы арқылы малын бағып, елін жаудан қорғайтын епті де ерлігі мол, шапшаң да тапқыр, күш-қуаты ерең ұрпақ тәрбиеленген.
Қазақтың ұлттық ойындары негізгілерінің өзі жүзден астам.Соның бірі Бестас ойыны.
Жобаның тақырыбы: «Бестас» ұлттық ойыны
Жобаның мақсаты:
Бестас –адамға өмірде жиі кездесетін қажетті қозғалыс дағдыларын жетілдіреді,адам бойында ептілік, жылдамдық, байқампаздық, санау, реттеу, топтау, жылдам ойлап, шешім шығару қасиеттерін жақсы дамытады, көз жанарын жетілдіруге, сауықтыруға да көп пайдасы бар, сонымен қатар қол, дене бұлшық еттерінің жақсы дамуына әсер етеді.
Ойынның шығу тарихы.
«Бес тас» — өте көне дәуірден келе жатқан, қазақ халқының ұлт ойындарының бірі. Ол еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырларда пайда болған. Жас өспірімдерден бастап ересек адамдарға дейін ойнайтын ойын. Ойынға керекті зат бес асық немесе кішірек бес домалаң тас.Қазақстан аумағында көшпенді тайпалар арасында, үлкендердің ең басты сауығы болды.Қазақстанның көптеген облыстарында ойын үйлену той дәстүріне кіретін.Егер күйеу жігіт жағынан ойнаушы жеңіске жететін болса, онда келінге қалың малбермейтін болған.Ал егер келін жақтағы ойыншы жеңсе, онда күйеу жігіт қалың мал төлеген.
Сонымен бірге көшпелі қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы қаймағы бұзылмастан жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі. Ойын мынандай түсіндірме сөздерден құралады.Қаршу – жоғары лақтырылған тастарды алақанмен жоғарыдан төмен қуып ұстау. Қақпақыл тас – жоғары лақтырылатын тас. Жалату – саусақтың басымен жерді жалату, тасты жылжыту. Қора – сол (оң) қолдың бас бармағымен сұқ саусағын жерге тірей қақпа жасап ұстау. Құдық – алақан саусақтарын қуыстап ұстау арқылы тастарды «құдыққа» жинау. Нәби – жерге шашылған төрт тастың бірін нәби (ата) деп белгілеу.
Ойын ережесі.
Ойнаушылар алдымен кімнен кейін кім ойнайтындықтарын анықтайды. Ол үшін ойыншылар кезекпен бес тасты тобымен жоғары лақтырып, бір алақан сыртымен тосып алады да, алақан сыртында қалған тастарды қайта жоғары лақтырып, қаршып ұстайды. Қаршып ұстау дегеніміз – тасты қолды еңкейте жоғарыдан төмен қуып барып ұстау. Лақтырылған бес тасты қолдың сыртымен тосып алу және қаршып ұстау кезінде бірнеше тас жерге түсіп кетуі де мүмкін. Кім көп тас қаршып ұстап алса, сол бірінші ойнау кезегіне ие болады.
Бірінші кезек алған ойыншы бестас ойынының шартын бұзып алғанға дейін ойнайды. Ойыншы ережені бұзып алысымен өз уақытын тоқтатады. Одан кейін екінші кезектегі, ол тоқтаған соң үшінші кезектегі ойыншы бастайды. Ойын осы ретпен жалғаса береді.
Тастарды жерден теріп алу кезінде басқа тастарды қозғалтуға болмайды және қақпақыл тасты жерге түсіріп алмау керек. Ойнаушылардың қай-қайсы болмасын, ойынды өзінің бұрынғы тоқтаған жерінен ары қарай жалғастырады. Ойын басталар алдында ойыншылар алысқа түскен немесе реттеп алуға қажетті тастарды саусақпен бірнеше рет жылжытуға болатындығын немесе болмайтындығын келісіп алады.
Ойын мынадай жүйелермен орындалады:
Бірлік. Бес тасты жерге иіріп тастаған соң, біреуін қақпақыл тас етіп алып, қалған төрт тасты қақпақыл тасты жоғары лақтыра отырып, бір-бірден бір қолмен теріп алу.
Екілік.Тастарды жерге иіріп тастап, жердегі төрт тасты екі-екіден бір қолмен жинап алу (иірген қолмен).
Үштік. Үш тасты бірге, бір тасты жеке жинап алу. (Иірген қолмен).
Төрттік. Мұнда алақандағы бес тастың ішінен қақпақыл тасты жоғары лақтырып, ол қайта түскенше төрт тасты жерге қойып үлгереді де, қақпақыл тасты тағы жоғары лақтырып жердегі тастың төртеуін бірге жинап алады.
Жалату. Ойында үш немесе бес жалақ болады. Қақпақыл тасты жоғары биіктете лақтырып жіберіп, сұқ саусақпен жерді үш немесе бес рет жалатып үлгеру керек.Үш рет жалату немесе бес рет жалату ойыншылардың өзара келісулері бойынша белгіленеді.
Жинау. Қақпақыл тасты лақтыра отырып, қалған төрт тасты бір-бірлеп екінші қолдың үстіне жинайды.Тастар жиналғаннан соң барлығын жоғары лақтырып алақанға ұстайды. Ұсталған тастарға ұпай беріледі.
Төрт бұрыш. Жерге шашылған тастарды саусақпен төрт бұрыш жасап жинақтап, содан соң қақпақыл тасты биіктете лақтырып, тастардың төртеуін де жинап алу керек.Төрт бұрыш жасаған әр тастың аралығы 5 см. кем болмауы қажет.
Үндемес. Бестас ойының бұл түрінің шарты бойынша қақпақыл тасты қағып алғанда, ол алақандағы басқа тасқа соғылмауы керек. «Үндеместі» ойнаған кезде ойыншының өзі де үндемей отыруы керек. Ал басқа ойыншылар үндеместі ойнап отырған ойыншыны күлдіруге, сөйлетуге тырысады. Ойыншы күліп немесе сөйлеп қойса, онда ойын тоқтатылып, кезек басқа ойыншыға өтеді.
Сарт-сұрт. Ойынның бұл түрінде әрбір тас бір-бірлеп қағып алынады. Бірақ қақпақыл тас пен жерден алынған тастың бір-біріне соғылғаны құлаққа естілуі қажет.
Қаршу. Ойыншы бес тасты жерге иіріп тастап, қақпақыл тасын қолына алады да, оны әрбір жоғары лақтырған сайын жерден бір тас алып, қақпақыл тасты қаршып қағып алып отырады.
Нәби. Ойынның бұл түрінде сол қолдың бас бармағымен сұқ саусағын жерге тірей қақпа жасап ұстайды. Содан соң оң қолмен сол қолдың сыртынан бес тасты алдыға қарай иіріп тастап, қақпақыл тасты таңдап алады. Ойынға қатысып отырған басқа ойыншы жердегі төрт тастың бірін нәби (ата) деп белгілейді. Ойыншы белгіленген «нәби» тасты басқа тастардың бәрін қақпадан өткізіп болғаннан соң ғана қақпадан өткізеді. Ойынның шарты бойынша басқа тастарды «нәби» тасқа тигізіп алмай өткізу шарт.
Балта шабу. Қолдың қырымен бөліп орындау. Жерге қырымен қойылған алақанды әр тасты өткізу кезінде жылдам көтеріп отыру қажет. Тас қолға тіреліп қалса ойын тоқтатылады. Өткізілген тастардың барлығын қайта бірге жинап алады.
Тоқылдақ. Тастарды жерге ұрып орындау. Жерге шашылған тастарды ойыншы екі-екіден бөліп алып жоғары лақтырылған тасты ұстағанша жерге ұрып үлгеруі қажет.
Тарақтау.Тастарды әр саусақ арасынан өткізу. Соңынан барлығын бірге жинап алу керек.
Құдыққа салу. Алақанды қуыстап ұстау арқылы жерге шашылған тастарды бір бірлеп саусақпен алып «құдыққа» жинайды. Соңынан барлық тастарды жерден жинап көтеріп алады.
Қақпаны ашып-жабу. Қақпақыл тасты жоғары лақтыру кезінде тас жинаушы қол алақанымен жерді жауып отырады. Тасты қораға айдаған кезде ғана қақпа ашылып алақанмен тосып алады.
Үй үстіне қою. Жерге шашылған төрт тастың бірін есігі ашық «үйдің» үстіне қойып, қалған тастарды үй есігінен өткізеді. Ең соңында үстіге қойылған тасты есіктен енгізеді. Тастарды үй есігінен енгізу кезінде қол үстіндегі тас жерге түсіп кетсе, ойын тоқтатылады.
Қуалау. Есігі ашық үйге тастарды алдынан енгізгеннен соң, барлық өткен тастарды қайтадан үйдің алдыңғы есігінен айналдырып енгізу қажет.
Кедергі. Қырынан қойылған алақан үстінен барлық тастарды бір-бірлеп асырып өткізеді. Соңынан барлық тастарды біріктіріп жинап алады.
Бұрау. Жоғары лақтырылған тасты екінші қолды бұрап алақанымен ұстау. Барлық тастар бір-бірлеп ұсталады.
Екі алақанмен ұстау. Бес тасты түгел жоғары лақтырып екі алақанмен ұстау.
Алақан сырты арқылы ұстау. Бес тасты жоғары лақтырып екі алақанның сыртын қатар қою арқылы ұстау. Алақан сыртындағы тастарды қайта жоғары лақтыру арқылы алақанмен ұстап алу қажет.
Бір қолдың сырты арқылы қаршу. Жоғары лақтырылған барлық тастарды бір алақанның сыртымен ұстау керек. Алақан сыртында ұсталған тастарды қайта жоғары лақтыру арқылы қолдың алақанымен қаршып ұстау қажет. Қаршып ұсталған тастар санына байланысты ұпай беріледі.
Орақ.Жерге шашылған тастарды орақ ору қозғалысы түрінде бір-бірлеп жинап алады.
Кетпен. Жерге шашылған тастарды кетпен шабу қозғалысына ұқсатып бір-бірлеп жинап алады.
Сапқа тұрғызу.Жерге шашылған тастарды қақпақыл тасты жоғары лақтыра отырып бір сызық бойына тізіп шығады да, соңынан барлық тастарды бірден жинап алады.
Екі қол сыртында «Нәби» атау. Жоғары лақтырылған тастарды екі қол сыртымен ұстап алғаннан соң ішінен бір тасты басқа ойыншы «Нәби» деп көрсетеді. Ойыншы «Нәби» аталған тасты барлық тастардан соң жерге түсіруі қажет. Қол сыртында ұсталған тастар санына қарай ұпай беріледі және уақыт есептеледі.
Бір қол сыртында «Нәби» атау. Жоғары лақтырылған барлық тастарды бір қол сыртымен ұстап алғаннан соң, басқа ойыншы ішінен бір тасты «Нәби» деп көрсетеді. Ойыншы «Нәби» аталған тасты барлық тастардан соң жерге түсіруі қажет. Қол сыртында ұсталған тастар санына қарай ұпай беріледі және уақыт есептеледі.
Ескерту. Барлық қаршып ұстау түрлерінде әр қаршып алынған тастан 10 ұпай жинайды.
Күтілетін нәтиже
Оны жылдың барлық мезгілінде, барлық жастағы адамдардың ойнауына болады. Ойын адамның шаршағанын басып, сабырлыққа шақырады, көңіл-күйін жақсартады. Ойынды сабақ үзілістері, жұмыс арасында ойнаған да тиімді.
Үшінші топ «Соқыр теке» ойыны туралы шағын шығармашылық жоба жинақтады.
Жалпы «Соқыр теке» төрт түлікке қатысты ойындардың қатарына жатады. Бұл ойын Азия елдерінде кеңінен тараған. Оның себебі көпшілікке мәлім болса керек. Өйткені, тұркі тілдес халықтардың дені көшпелі тіршілік кешіп, мал өсірумен айналысқан. Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, тамырын тереңнен тартатын ұлттық ойындар қай халықтың болсын сарқылмас қазынасы. Оны тек зерттеп қана қоймай, ұлттық салт-сана мен игі дәстүрден ажырағысыз ету бүгінгі ұрпақтың көкейкесті міндеті. Осы тұрғыдан алғанда бала бақша мен мектептерде ұлттық дәстүрді жаңғыртудың маңызы айрықша. Сол арқылы халқымыз өзінің ұлттық болмысын сақтап қалады. Өткеннен белгілі, ұлттық құндылықты қастерлеп, көздің қарашығындай сақтаған халықтар ғана тарих сахнасынан түспей келеді. .
«Соқыр теке » ұлттық ойыны бойынша шағын жоба.
Жинақтағандар:Ахнай Бағдина,Аманбаева Нұргүл, Сандығұлов Нұржанат
Жобаның мазмұны:
1.Кіріспе
2.Ойынның тақырыбы
3.Ойынның мақсаты
4.Ойынның шығу тарихы
5.Ойынның ережесі
6.Күтілетін нәтиже
Кіріспе:
Осы шағын жоба қазақ халықтарының салт – дәстүрлерінің ішіне кіретін ұлттық ойындарының бала тәрбиесіндегі маңызы мен үлесі бағытында орындалған .
Шағын жобада қазақ халықтарының салт – дәстүрінің бір тармағы ұлттық ойыны туралы көптеген мәліметтер жинақталған.
Қазіргі заманның ағымына байланысты ұмытыла бастаған қазақтың ұлттық ойындарының мән мағынасы, шығу тарихы баланың рухани және дене тәрбиесіне беретін мол әсері жайлы мәлімет жиналған. Жеке тұлғаның тәрбие негізінде табиғатқа , салт – дәстүрге деген адамгершілік , эстетикалық сезімі бар адам тәрбиелеуге көңіл аударылған.
Жобаның тақырыбы көкейтесті екені мүлде анық , өйткені қазіргі жахандану заманында , атап айтсақ , қоршаған ортаның , әсері мен баланың дене қозғалысының азаюына нұсқай отырып , сол салт- дәстүрі- міз үлттық ойындар арқылы жасөспірімдерді дұрыс тәрбиелеуге негіз делген .
Біздің жинақтаған шағын жобаның маңыздылығы ұлттық ойындар туралы мәліметтер жинай отырып , қазақ ұлттық ойындарының қажеттілігі мен мүмкіндіктерін жинақтадық.
Тақырыбы: «Соқыр теке » ұлттық ойыны
Шағын жобаның мақсаты: Ұлттық ойындар тарихымен оқушыларды таныстыру, сыныптастарымның бойына қазақтың салт- дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастыру жинақтау арқылы салт—дәстүрін дәріптеуге баулып, белсенділіктің, ептіліктің және өнерпаздықтың мәнін ұғындыру. .
Ойынның шығу тарихы
Жалпы «Соқыр теке» төрт түлікке қатысты ойындардың қатарына жатады. Бұл ойын Азия елдерінде кеңінен тараған. Оның себебі көпшілікке мәлім болса керек. Өйткені, тұркі тілдес халықтардың дені көшпелі тіршілік кешіп, мал өсірумен айналысқан. Оны тек зерттеп қана қоймай, ұлттық салт-сана мен игі дәстүрден ажырағысыз ету бүгінгі ұрпақтың көкейкесті міндеті. Осы тұрғыдан алғанда бала бақша мен мектептерде ұлттық дәстүрді жаңғыртудың маңызы айрықша. Сол арқылы халқымыз өзінің ұлттық болмысын сақтап қалады. Өткеннен белгілі, ұлттық құндылықты қастерлеп, көздің қарашығындай сақтаған халықтар ғана тарих сахнасынан түспей келеді.
«Соқыр теке» ойыны, «Ортекенің» үшінші түрі болып саналады. Ал «Ортеке» - қазақтың халық биі. Оның «соқыр текеден» ерекшелігі бар. Мұнда бишілер тобы өнер көрсетеді. Мұнда жастар әдеттегідей дөңгелене қол ұстасып, ән салады, мың бұралып би билейді. Ал ортадағы көзі байлаулы ойыншы шеңбердегінің біреуін ұстауға тырысады. Ұсталған ойыншы "айыбын” өтеген соң көзін байлап, ортаға шығады, бірақ ән айтпайды, билеп беруі тиіс.
Ойынның ережесі
«Соқыр теке» сайысының өз ережесі бар. Қатысушылар алқа боп тұрады, содан кейін біреуі көзін орамалмен таңған бір ойышы ортаға шығады. Шеңбер бойынша тұрғандар «соқыр текені» жан-жақтан түрткілейді. Ол өзін нұқыған ойыншыны ұстап алып, атын айтуы тиіс. «Соқыртекеге» тыныш тұрған ойыншыны да ұстап алуына болады. Осылай, тұтылып қалған ойыншы «соқыртекеге» айналып, ойын жалғаса береді. Мұнда да жеңілген қатысушы міндетті түрде өз өнерін көрсету керек. Бұрындары айыбын өтеушілер жұрт алдында ән айтып би билеген. Бүгінде ойын пәлендей өзгеріске ұшыраған жоқ. Қазір де балақайлар ән айту, би билеу дәстүрін ұмытпайды.
Күтілетін нәтиже:
Соқыр теке ойынын ойнау барысында балалар көпшіл болуға, талғампаз болуға, іскерлікке, ептілікке, алғырлыққа және шыдамдылыққа тәрбиеленеді. Сонымен бірге бұл ойынның балалардың дене қимылы арқылы денсаулыққа да пайдасы зор.
Қорытынды:
Тарихи деректерге жүгінсек , ұлт ойындарының келесі бір даму кезеңі – ХV ғасыр, яғни қазақ жерінде алғашқы хандықтардың қалыптасу дәуірі. Бұл қазақ халқының ұлт ойындары дамуының жаңа бір сатысы болды. Бұл кезеңдегі ойындардан көбіне қоғамдық құрлыстың ерекшелігіне қарай жеке адамның рөлі арқау болып , таптық белгілер көрінетін еді.
Айталық ұлттық ойындар арқылы үстем тап өз мүддесін, өз идеология- сын дәріптегісі келсе , халық, еңбекші тап соған қарсы өз дегенін айтуға тырысты. Олардың қоғам құрылысына деген көзқарастарын бейнелейтін белгілер , әсіресе асық ойындарында көбірек көрінген . Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған. Қазақ халқы- ұлт ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, шапшаңдықты тағы басқа қуаты молдылығын, білек күшін дененің сомданып шынығуын қажет етеді.
Сонымен бірге, бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген. Өйткені, ойынға қатыспай тұрып-ақ оған күн ілгері көп адамдардың тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Мысалы, бәйгені алайық. Ол үшін алдымен бәйгеге қатысатын атты таңдап алады. Ол атты баптап, бағып-күтуге тура келеді, оның ішетін суы мен жейтін жеміне дейін белгілі бір мөлшерге келтіреді.
Сондықтан, қазақтың ұлттық ойындары сауықтық жағынан ғана емес, ол-спорт, ол- өнер, ол- шаруашылық тәжірибелік маңызы бар тәрбие құралы. Ұлтымыздың тұғыры мықты болуында ұлттық ойындардың ұмытылмай ойналып тұруы да өз үлесін қоспақ.
Қолданылған әдебиет пен ақпарат құралдары:
1. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы»
2. «Фәниден бақиға дейін» А.Жүнісов. Алматы «Қайнар» баспасы 1994 ж.
3. «Қазақ мақал- мәтелдері». Алматы «Ана тілі» баспасы 1993 ж.
4. «Қазақ халқының салт - дәстүрлері» Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің «Рауан» баспасы, 1994 ж.
5. «Тілашар тойы». Алматы «Өнер» баспасы , 1992 ж.
6. «Интернет желісі» . «Қазақтың ұлттық ойындары»- сайты.