Барша?а арнал?ан тегін к?сіптік-техникалы? білім — ерекше білім беруге ?ажеттілігі бар балаларды ?леуметтендіруді? жолы


Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім - ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды әлеуметтендірудің жолы
 
«Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.» - деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған "Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" жолдауында.
Осы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының іске асырыла бастағанына әсіресе, біз, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқытып-тәрбиелеп жатқан педагогтар қуандық. Себебі, кәсіптік-техникалық білім алмай біздің оқушыларымыздың өмірге бейімделуі қиынға түседі.
Біздің «Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзету) мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттiк мекемемізде оқу жылының басынан психикалық дамуы тежелген (ПДТ) және интеллектуалдық бұзылыстары (жеңіл, орташа түрлері) бар 162 бала оқып, тәрбие алуда.
Осы оқушыларымыздың әлеуметтік жағдайына жүгінсек жағдай мәз емес. Оқушылардың 80 %-ына жуығының отбасы жағдайы кедейліктің шырмауына жақын деңгейде деуге болады. Олардың ішінен 34 %-ы толық емес отбасыдан, 14 %-ы көпбалалы отбасыдан, қалғандары тұрмыс жағдайы төмен отбасыдан. 48 % бала жарымжан.
Сондықтан да осындай даму мүмкіндігі шектеулі оқушыларымызға Елбасы айтқандай кәсіптік тегін білім беріп, жұмысқа орналастырып жатсақ қандай жақсы болар еді. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін,жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін», «Еңбекке бейім болсаң, қатарыңнан кейін болмайсың»-деп халық даналығы айтқандай кедейліктің деңгейі азайып, жұмыссыздық пен қылмыс жасаушылық кеміп, үкіметке тәуелділік ниеттер болмас еді.
«Адамды адам еткен - еңбек» деп К.Маркс айтқандай, бұл қағида біздің өмірімізде әсіресе интеллектуалдық бұзылыстары бар балалар үшін көбірек маңызды сияқты. Адал еңбек пен маңдай тер арқасында, Абай атамыз айтпақшы, түзелмейтін адам болмайды. Ал арнайы (түзету) мектептерінде жоғарыда аталған балаларды оқытып-тәрбиелеуге жақсы жол тауып, оларды қазіргі экономикалық қоғам жағдайында өз бетімен өмір сүруге дайындап, кәсіп (мамандық) алуға көмек берсек, ол қоршаған қоғам үшін де, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де тек үлкен пайда болары шындық.
Адам баласының өмірге бейімделуінің негізгі бағытының бірі – еңбек. Тек кәсіптік тегін білім беру арқылы ғана біз интеллектуалдық бұзылыстары бар оқушыларымызды қарапайым жұмысшы мамандығына дайындап, өмір сүрудің материалдық және рухани қажеттіліктерін, басқаша айтқанда, тамақтану, баспана иелену, киіну, адамдармен араласу, өнерге және тағы басқа қажеттіліктерін қанағаттандырамыз.
Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға кәсіптік-техникалық білім беру үшін осындай ерекше балалардың дене бітім және ақыл-ой кемістіктерін де ескеріп, үнемі психологтық-педагогикалық оңалту жұмыстарын жүргізіп отыру жағын естен шығармауымыз керек.
Кәсіптік-техникалық білім алудан бұрын интеллектуалдық бұзылысы бар балалар арнайы (түзету) мектептерінде кәсіп алды дайындықтан өтеді. Сондай мектептердің бірі – біз. Біз оқушыларға дұрыс кәсіптік бағдар беруден бастаймыз. Кәсіптік бағдар беру, еңбек дағдыларын қалыптастыру, кәсіптік оқыту – сабақ және сабақтан тыс уақыттарда жүзеге асып жатады. Оқушыларды еңбекке оқытудың мақсаттары: еңбек етуге деген қызығушылыққа тәрбиелеу, тұлғаға қажетті қасиеттерді қалыптастыру (ұжым ішінде жұмыс істей білу, өз бетімен іс-әрекет жасай білу, жауапкершілік), еңбекке оқыту құралдары арқылы физикалық және ақыл-ой кемшіліктерін түзету.
Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып, тәрбиелеуде бұзылыстарын нәтижелі түзетіп, психологтық-педагогикалық оңалтуға оңтайлы жағдай жасау арқылы оларды әлеуметтік-еңбекке бейімдеу және қоғам ішінде өмір сүруге араластыру біздің мектептің ең негізгі мақсаты екенін естен шығармаймыз.
Қоғамның сұранысы және мектептің материалдық-техникалық базасына байланысты кәсіптік еңбекке оқыту мына бағыттар бойынша жүргізіледі: ағаш шебері ісі, тігін ісі, сылау-сырлау ісі, компьютерлік графика.
Ағаш шебері ісі сабақтарында оқушылар ағаш шеберінің құралдарымен жұмыс істеуді, олардың қолдануын, ағашты өңдеудің қарапайым жұмыс түрлерін игерсе, тігін ісі сабақтарында өздеріне, мектепке қажетті қарапайым заттарды тігіп үйренеді. Компьютерлік графикада компьютерлік қарапайым бағдарламалармен жұмыс жасауды үйренуде. Мектепте негізі орын алатын тағы да сылау-сырлау сабақтары. Ол сабақтарда оқушылар мамандық бойынша тек теориялық білім ғана алмай, бөлмелердің кіші гірім жөндеу жұмыстарына көмектеседі.
Соңғы уақытта мектепте орташа интеллектуалдық бұзылыстары бар оқушылар саны көбеюде. Бұл балалар кәсіп алды дайындық бағдарламаларын игере алмайды. Сондықтан мектебімізде әдеттегі «ағаш шебері ісі», «тігін ісі», «сылау-сырлау ісі» мамандықтарынан басқа «кіші қызмет көрсету қызметшісі», «аспаз көмекшісі», «аула сыпырушы» деген мамандықтар бойынша бағыт ұйымдастырылды.
Мектеп педагогтары тәрбиеленушілердің қызығушылықтарын, танымдық және шығармашылық қабілеттерін зерттей отыра олардың өзіне деген сенімділік пен қоршаған ортасындағы адамдардың құрметіне ие болатындай істерге араластырады. Ол үшін мектепте тәрбиеленушілердің өз қабілеттерін ашатын, өздерін көрсете алатын еңбек бағытындағы әр түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Олар: «Шілтер», «Ағашқа ою салу», «Бисермен тігу», «Оригами», «Жас тігінші», «Компьютерлік сауат ашу», «Қолданбалы қолөнер». Интеллектуалдық бұзылыстары орташа балаларды әлеуметтік-педагогикалық қолдау мақсатында және де жаңа экономикалық жағдайда ол түлектерді әрі қарай қорғау үшін педагогикалық ұжым «Көкөніс өсіруші», «Бақша жұмысшысы» және де сол сияқты жаңа мамандық түрлерін енгізбекші. Ол да педагогтар тарапынан жаңа көзқарас, жаңа ізденісті талап ететіні сөзсіз.
Педагогтарымыз еңбекке оқыту пәнінің мамандықтары бойынша авторлық бағдарламалар жазып, өз іс-тәжірибелерімен облыстық деңгейде бөлісіп отырады.
Оқушыларымызды еңбек ету арқылы қоғам өміріне әлеуметтендіру мен бейімдеу жұмыстары мектептің барлық күн тәртібі кезінде жүргізіліп отырылады: барлық сабақтарда, тәрбиелік сағаттарда, тәрбиелік іс-шараларда, үйірмелер мен секцияларда. Осы мекемемізде оқушылардың өздігімен өмір сүруге қажетті көптеген қасиеттері қалыптасады.
Оқушыларымыз еңбекке оқыту сабақтары мен сыныптан тыс уақыттарда алған білім, білік, дағдыларын әртүрлі республикалық, облыстық, қалалық балалар шығармашылық көрме, фестивальдер мен кәсіби шеберлер байқауында көрсетіп отырады.
Оқушылардың кәсіптік білім алып, еңбектенуіне көмектесудің тағы да бір жолы – кәсіптік бағдар жұмысы және түлектерді жұмысқа орналастыру. Даму мүмкіндігі шектеулі оқушыларымыздың кәсіптік дайындығы мен оларды еңбекке араластыру мәселелері үнемі педагогикалық ұжымның алдында тұрады. Себебі ол мәселелердің шешілуінен осы түлектеріміздің алдағы өмірі анықталады. Қазіргі уақытта қаланың құрылыс-экономикалық, машина-құрылыс, қызмет көрсету (оқу-өндірістік камбинат) колледждерімен кәсіптік бағдар жұмысы жақсы жолға қойылған. Көбінесе психикалық дамуы тежелген (ПДТ) сынып түлектері нәтижелі түрде өмірге бейімделеді, қоғамға араласа алады.
2015-2016 оқу жылы соңында 23 түлектің ішінен 16-сы колледждерге оқуға түссе, 3 түлек жеке кәсіпкерлерде жұмысшы болып жұмыс істейді, 3 бала жарымжандық қаражатпен үйде отыр, 1 түлек жұмыссыз болып, беретін ғана жұмысқа орналасты.
Жалпы мектеп бойынша соңғы мәліметтерге қарасақ орыс тілді сыныптардағы түлектердің бір бөлігі жыл сайын (айтылған мамандық бойынша дәрігерлік қайшылық жоқ интеллектуалдық бұзылыстары жеңіл оқушылар) облыстық қызмет көрсету колледжіне ағаш шебері, тігінші, аспазшы, етікші мандығы бойынша оқуға түседі. Оқуға түсуге қиындық туатын өз ана тілінде білім алған интеллектуалдық бұзылыстары бар балалар үшін кәсіптік білім алу мәселесі. Биылғы оқу жылын 20 шақты түлек бітірсе, оның 14-і ана тілінде оқиды. Олардың барлығы интеллектуалдық бұзылыстары бар оқушылар. Интеллектуалдық бұзылыстары бар оқушыларымызға колледжерде жалпы білім беру пәндері бойынша білім алу қиындыққа түседі. Бұл оқушылар арнайы мектепті жалпы білім берудің бес сыныптық білім бағдарламасымен бітіреді деуге болады.
Міне, осындай түлектерімізге Елбасының «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы көмектеседі деп сенім білдіремін. Егерде де, арнайы мектеп-интернат түлектері жұмысшы мамандықтары бойынша диплом алса, мейлінше әлеуметтік-еңбек бейімділігінен өтер еді.
Түлектеріміздің білім, тәрбие, еңбек арқылы «үлкен өмір жолына» бейімделуіне көмектесетін тәжірибелі, шығармашылықпен іс-әрекет жасайтын педагогикалық ұжым. Сол ұжымды жас та болса тәжірибесі мол, жоғары білімді, білікті басшы Айгүл Амангелдіқызы Мұстафина басқарып отыр. Сол кісінің ұйытқылығымен 83 педагог жұмыс істеуде. Олардың барлығы өз негізгі пәнімен қоса арнайы жоғары білім алған. 55 %-ында жоғары және бірінші біліктілік санаттары бар. Әр педагог түзету педагогикасы саласы және жалпы білім беру пәнері бойынша өз білімдерін толықтырып та отырады. Оған қоса халықаралық, республикалық, облыстық семинар, конференция жұмыстарына қатынасып, түрлі байқау, олимпиадаларға өздері белсенді қатынасып, оқушыларын да қатыстырады. Біліктілік арттыру курс тыңдаушылары алдында үнемі іс-тәжірибемен бөліседі. Мектебіміз қазақ және орыс тілдерінде қатар білім беріп жатқан облыс өңіріндегі жалғыз арнайы (түзету) мектебі болғандықтан ерекше оқытуды қажет ететін балаларды оқытып-тәрбиелеу мәселесінің өзекті сұрақтары бойынша облыстың барлық жалпы білім беру мектептері мен арнайы (түзету) мектептерінің ұстаздары мен әдіскерлері бізге әдістемелік көмек үшін жүгініп жатады. Ақпарат беттерінде де іс-тәжірибелерімізді аянбай таратып жатамыз.
Педагогикалық ұжым, бір сөзбен айтқанда бір жақты ойлайтын, шығармашылық тұлғалар біріккен, өз ісін білетін мамандар тобы. Біз тәрбиеленушілеріміздің даму кемшіліктерін кешенді түзетуге, олардың компенсаторлық даму механизмдерін қалыптастыруға, біздің педагогтар тарапынан білікті көмек алуға жағдай жасаймыз. Біз әр оқушымыздың жетістігіне қуанамыз! Әркім өзінің қабілетіне қарай еңбек еткені жақсы.
Нақтылы өмірлік жоспары бар, өз бос уақытын ұйымдасқан түрде өткізетін, оқуды жалғастырған, соңғы уақыттарда нақты жалақылары бар түлектеріміздің саны артса ұстанған бағыттарымыздың дұрыстығын көрер едік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» (17 қаңтар 2014 жыл) Жолдауының бесінші бағытында мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға ерекше көңіл бөле отырып былай деген болатын, - «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады... Үкіметтен бастап жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың олармен жұмысын күшейткен маңызды. Кедейлік деңгейін одан әрі төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеген жөн. Бұл ретте масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу маңызды. Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті қатысу туралы ереже енгізу керек.». Осы мемлекет басшысының алтын сөздері біз үшін жарымжан оқушылары бар арнайы (түзету) мектеп-интернат оқушыларының әлеуметтендіру деңгейін жақсарту жұмыстарының негізгі мақсатына айналмақ.
Жоғарыдағы айтқандарымызды нақтылай келе, кәсіптік білім беруді тегін жүйеге енгізу кез келген жанның қарым-қабілетін көтеруге мүмкіндік береді. Бұл – ел дамуына бастар жол. Аталған жобаны табысты жүзеге асыру арқылы экономика қажеттіліктерін қанағаттандыру, жастардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек дағдыларын алу мүмкіндіктері кеңейеді, ал ең бастысы –отбасының әлеуметтік жағдайы, әл-ауқаты жақсаратын болады. Мемлекет тарапынан даму мүмкіндігі шектеулі балалардың бірінші жұмысшы мамандығын тегін алу арқылы  еңбек дағдыларын игеруі олардың белгілі бір кәсіпті меңгеріп, өз бетінше табыс табуға жасалған мемлекеттік кепілдік болып табылады.
«Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған
№1 арнайы (түзету) мектеп-интернат» КММ
директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары
А.А.Нургожина