Координаталы? т?зуде сандарды белгілеу (6-сынып)
Пән: математика Сынып: 6 Күні: __________
Сабақтың тақырыбы: Координаталық түзуде сандарды белгілеу.
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: Оқушылар координаталық түзуде сандарды белгілеуді, нүктенің координатасын табуды үйренеді.
Дамытушылығы: Оқушының оң, теріс сандарды жазу мен оқу, координаталық түзуде сандарды жаза білу дағдылары қалыптасады және практикамен ұштастыруға үйренеді, шығармашылығы және ойлау қабілеті дамытылады.
Тәрбиелігі: Оқушы , ұқыпты тыңдауға ,сұрақтарға нақты жауап беруге, топтасып жұмыс істеуге тәрбиеленеді.
Күтілетін нәтиже:
Оқушылар оң және теріс сандарды координаталық түзуде сандарды бейнелеуді үйренді, оң, теріс сандарды жазу мен оқуды, үйренді. Нүктенің координатасын таба білуге дағдыланды. Топпен жұмыс істеуге, өз-өзін және бір-бірін бағалауға үйренді.
Ресурстар: Компьютер , Карточка, Слайдтар, интербелсенді тақта, электронды оқулық, плакаттар, маркерлер
Типі: аралас сабақ
Түрі: Сыни тұрғыдан ойлау арқылы дамыта оқыту.
Жаттығулар және бірлескен жұмысқа негізделген тәсіл:
І. Топқа бөлу: Үш топ оқушыларына әр топ өздері бір-бірден жұмбақ жазып әрқайсысы өз жұмбағының шешімін жазып сандықшаға салады да, оны араластырып, әр оқушы бір-бірден алады да бірдей жауаптар келген оқушылар бір топқа топтасады.
ІІ. Физминутка. (2 мин) «Неге?» тренингі
Оқушылар шеңбер бойымен тұрады да, бір-біріне белгілі бір сөйлем айтады да келесі оқушыға «неге?» деген сұрақ қояды. Ол оқушы ары қарай жауаппен жалғастырады да, «неге?» деген сұрақ қояды. Мысалы, Бүгінгі сабақ ерекше өтеді неге? Келесі оқушы: Өйткені біз сабаққа қызығушылықпен қатысамыз неге? т.с.с. жалғасады.
ІІІ. Өткенді қайталау: «Ыстық орындық» стратегиясы арқылы.
Оқушылар өткен тақырыпқа байланысты бір-бірден сұрақ жазып, конвертке салады. Жеребе арқылы ортаға оқушы шығып, ыстық орындыққа келіп отырып, конверттен сұрақ алады да жауап бере алса, ары қарай жалғастырады, егер жауап бере алмаса, күйіп кетеді де, келесі оқушы шығады.
ІҮ. Жаңа сабақ:
«Ортақ нәтижеге жету» стратегиясы:
Әр топ өз тобында постерге парақшада жазылған тапсырмаларды рет-ретімен орындау арқылы координаталық түзуде сандарды бейнелеп шығады. Тақтаға әр топтан бір оқушы шығып қорғап шығады.
1-топ тапсырмасы:
Түзу салыңдар.
Түзудің оң жағы стрелкамен шектелген.
Түзудың дәл ортасында 0 саны орналасқан.
0-дің екі жағынан бірлік кесінді 2 клеткамен алынған оң және теріс сандар орналасқан.
А(3), В(-4), С(1), Д(-3), Е(-1)
2-топ тапсырмасы:
Түзу салыңдар.
Түзудің оң жағы стрелкамен шектелген.
Түзудың дәл ортасында 0 саны орналасқан.
0-дің екі жағынан бірлік кесінді 2 клеткамен алынған оң және теріс сандар орналасқан.
М(2), К(-5), С(5), Т(-2), Е(-1)
3-топ тапсырмасы:
Түзу салыңдар.
Түзудің оң жағы стрелкамен шектелген.
Түзудың дәл ортасында 0 саны орналасқан.
0-дің екі жағынан бірлік кесінді 2 клеткамен алынған оң және теріс сандар орналасқан.
Р(-2), В(4), Х(1), О(0), Е(-1)
Ү. Оқулықпен жұмыс:
А-деңгей: №268, №270
В-деңгей: №275
С-деңгей: №280
ҮІ. Ой толғаныс. «Сызбадан анықта» стратегиясы.
Слайдта әр түрлі координаталық түзуде бейнеленген нүктелер берілген. Сол бойынша нүктенің координатасын анықтап, жазу керек.
ҮІІ. Топ басшылары өз топтарын бағалайды.
ҮІІІ. Оқушылардан кері байланыс алынады, олар стикерлерге жазып көңіл-күйді білдіретін смайликке жапсырады.
ІХ. Үйге тапсырма: №282, №283.