Литосфералы? плиталар теориясы 7 сынып


Сабақ жоспары
Күні: _____________ Пәні: География Сыныбы: 7 Сабақ реті: 5
Сабақтың тақырыбы: §5. Литосфералық плиталар теориясы, Жер рельефі
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Литосфералық тақталар және олардың қозғалыстары, геосинклинальдар мен платформалар, материктер мен мұхиттардың пайда болу жолдары туралы қазіргі түсініктер, материктер мен мұхиттар бойынша жер бедері ірі пішіндерінің орналасу заңдылықтары туралы түсінік беру. Жер бедері ірі пішіндерінің орналасу заңдылықтарын дәлелдейтін нақты мысалдарды, жер сілкіну мен жанартау атқылау аудандарын картадан көрсете білуі.
Дамыту: Оқушылардың географиялық ой-өрісін дамыту. Жалпы оқу іскерліктерін үйрену, жалпы табиғат туралы оқушылардың көзқарастарын дамыту, пәнге деген қызығушылығын арттыру, танымдық қызығушылығын дамыту, географиялық ойлауын қалыптастыру. Сондай-ақ бұндай карталарды қалай пайдалану жолдары мен жұмыс істеудің қарапайым әдіс-тәсілдері түсіндіріледі.
Тәрбиелік: Географиялық карта жасаудың өте көп уақыт пен тереңде тиянақты білімді және асқан қажырлылық пен төзімділікті талап ететіндігін түсіндіру арқылы, оқушыларды ғалым-картографтар еңбегін бағалауға, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, оқушылардың өз ойларын жеткізе білу, қарым-қатынас жасауды үйрету. Балаларды ұйымшылдыққа тәрбиелеу, адамгершілік қасиеті мен географиялық мәдениетін қалыптастыру.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың әдісі: Түсіндірмелі, проблемалық әдіс.
Сабақтың көрнекілігі: Дүние жүзінің физикалық картасы, атлас карта, оқулық, глобус, жер құрылысының плакаты
Сабақтың өтілу барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі
2. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі
3. Жаңа тақырыпты меңгерту кезеңі
4. Жаңа тақырыпты бекіту кезеңі
5. Сабақты қорытындылау кезеңі
6. Бағалау кезеңі
7. Үйге тапсырма беру кезеңі
І. Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылармен амандасу
Оқушыларды түгендеу
Сынып тазалығы
Оқушылардың назарын сабаққа аудару
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
1. Картографиялық проекция деген не?
2. Проекциялардың негізгі түрлерін атаңдар.
3. Карталар мазмұнына қарай нешеге бөлінеді және олардың түрлерін атаңдар.
4. Литосфера деген не, ол қандай бөліктерден құралады?
5. Геологиялық жыл санау деген не?
6. Жер қыртысының түзілгеннен бері неше эраларға бөлінеді?
7. Ең ұзаққа созылған эра.
8. Неше литосфералық тақталар бар, оларды атаңдар.
9. Жер қыртысының қозғалмалы бөліктері қалай аталады? (геосинклинальдар)
10. Ежелгі заманда бүкіл құрлықтарды біріктірген біртұтас қандай материк болды?
ІІІ. Жаңа сабақ:
Литосфералық плиталар теориясы бойынша, жер қыртысы және мантияның жоғарғы бөлігі жекелеген плиталардан тұрады. Қазіргі кезде 7 ірі платформа мен ондаған кіші плиталар анықталған. Олар құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты материктік және мұхиттық плиталарға ажыратылады. Ірі литосфералық плиталардың көпшілігі материк пен оларға жалғасып жатқан мұхит табандарын қоса қамтиды. Аса ірі плиталар қатарына Еуразиялық, Солтүстік Америкалық, Оңтүстік Америкалық, Африкалық, Үнді-Аустралиялық, Антарктикалық, Тынық мұхиттық плиталар жатады. Ал Тынық мұхиттық плита мұхиттық плита болып табылады. Мұхиттық плиталарда гранит қабаты болмайтындықтан олар салыстырмалы түрде жұқа және қозғалмалы болып келеді.
Үнемі жердің геологиялық жағдайын зерттеп отыру келешекте жерсілкіну болатын аймақтарды анықтауға, оның қарсаңында қауіпсіздік шараларын жан-жақты ұйымдастыруға мол мүмкіндік береді. Қазір өте сезгіш сейсмографтармен жабдықталған сейсмикалық станциялардың, ғалымдардың зерттеу қорытындысы бойынша жер шарының сейсмикалық картасы жасалынып, басты 2 сейсмикалық белдеулер бөлінген. Олар: 
1. Тынық мұхиттық белдеу. Ол осы Тынық мұхиттың батыс және шығыс жағаларын айнала орналасқан. Бұл белдеуге кіретін жерлер: жас қатпарлы таулар – Альпі, Апеннин, Карпат, Кавказ, Гималай, Кордильерлер, Анд және тағы да басқалары. Сондай-ақ, құрлықтардың су асты шеттерінің жылжымалы белдемдері – Тынық мұхиты-ның батыс шеттері, Алеут, Куриль, Жапон, Малайя, Жаңа Зеландия, тағы да басқа аралдар мен Кариб, Жерорта, т.б. теңіздер. Ғалымдар барлық жерсілкіну болатын ошақтардың 68 пайызы осы белдеуде орналасқан.
2. Жерорта теңіздік белдеу. Бұл Еуразияның оңтүстігі арқылы, батыста Португалия жағаларынан, шығыста Малайя аралдарына дейін созылатын аймақ. Жерсілкіну болатын барлық ошақтардың 21 пайызы осында. Жерсілкіну ошақтары әлемде белгілі бір географиялық аудандарда ғана орналасқан. Әрине, ол жердің геологиялық даму ерекшеліктерінен. Көп жылғы сейсмикалық есептеулер Жер шарын-да орташа алғанда жылына мынандай жерсілкінулердің болатынын анық-тап беріп отыр: 1-2 апатты (10 баллдан жоғары), 9-15 жойқын, 50-100 қиратушы, 300-500 өте күшті жерсілкінулер. Қазір сейсмология ғылымы жерсілкінудің күшін бағалау үшін 12 баллдық сейсмикалық шкаланы пайдаланады. Біз енді соған тоқталсақ.
Жерсілкінудің сейсмикалық картасы
1 балл. Күші: елеусіз сілкіну. Сипаты: сейсмикалық аспаптар ғана тіркейді.
2-3 балл. Күші: әлсіз сілкіну. Сипаты: толық тыныштық жағдайда жеке адамдар ғана сезеді. 
4 балл. Күші: елеулі сілкіну. Сипаты: үй ішіндегі бұйымдардың, ыдысаяқтар мен терезе шыыларының дірілдеуі, есікпен қабырғалардың сықырлауы байқалады.
5-6 балл. Күші: күшті сілкіну. Сипаты: барлық адамдар сезеді, ғимараттар бүлінеді, жерде ұсақ жарықтар пайда болады. 
7 балл. Күші: өте күшті сілкіну. Сипаты: ғимарат-тардың қабырғалары жарылады, сусамалар пайда болады. 
8 балл. Күші: қиратушы сілкіну. Сипаты: ғимарат-тар қатты бүлінеді, қи-райды, опырылымдар мен жылжымалар пайда болады.
9-10 балл. Күші: жойқын сілкіну. Сипаты: ғимараттар мен үйлер қатты қирайды, жолдар мен құбырлар бүлінеді, ашық жарықтар пайда болады. 
11-12 балл. Күші: апатты сілкіну. Сипаты: ғима-раттар мен үйлер толық қирайды, жер бедері өзгереді, көлбеу және тік жарылымдар мен ығыс-палар пайда болады.
  Ауыр апат әкелген жерсілкінулер Әлемде санаулы секундтардың ішінде бүтіндей бір аудандардың географиясын өзгертіп жіберген, таулар құлап, жер бетінде орасан зор үңгір-лер пайда болған, теңіз бетінен жаңа аралдарды шығарған аса күшті жерсілкінулер аз болған жоқ. Мұнан төрт мыңдай жыл бұрын Үнді өзенінің алқабында екі үлкен қала – Хараппа мен Мохенджо-Дара шаһарлары көздің жауын алып, гүлдеп тұрғанды. Кейін осы екі қала жер бетінен мүлдем жоқ болып кетті. Жер қыртысын зерттеуші атақты геолог Рейкенің айтуынша, бұл қалалар оңтүстікке қарай 140 шақырымдық жерде болған күшті жерсілкінуден жоқ болған.  1755 жылы Лиссабонда қатты жер сілкінді. Оның орталығы Атлант мұхитының түбінде, Португалия астанасынан бірнеше ондаған шақырым жерде болды. Жер сілкінгенде мұхит бетінде биіктігі 30 метрге дейін жеткен толқындар көтерілді. Осы толқын жағаға соққанда 60 мың адам өлді, Лиссабонда жүздеген үйлер қирады. ХҮІІІ ғасырдың аяғында Эквадорда болған жерсіл-кінуді ғалымдар өте сирек кездесетін құбылысқа балады. Мұнда жер айырылып, үлкен-үлкен орлар пайда болып, сәлден соң қайта жабылды. 1896 жылы маусымда Жапониядағы Хонсю аралының солтүстік жағала-уына биіктігі 25 метрлік толқын соқты.
1899 жылы Алясканың Тынық мұхит жағалауын-да катаклизм деп аталған ірі және күшті жерсілкі-ну болып, кей жерлерде теңіз түбі 10-15 метрге дейін жоғары көтеріліп, жағалау мұхитқа қарай алыстап, ашық қалды. 
1920 жылы Қытайдағы (Ганьсу) жерсілкіну күші 8,6 балл болды.1923 жылы Жапонияда қатты жер сілкініп, Токияда 150 мың адам өлді. 1923 жылы Италияда жер сілкініп, Неапольдің шығысына таманғы аймақта 1425 адам қаза тапты. 1948 жылы Ашхабадта қатты жер сілкінді. Шығын көп.1952 жылы соққан цунами Солтүстік Курильскі-ні тып-типыл етті.
1960 жылғы 1 наурызға қараған түні Мароккода жер қатты тулады. Ол Агадир қаласын мүлдем қиратып кетті. 1960 жылғы мамырда Чили жағалауы қатты дүрлігіп, күтпеген жерден жыралар пайда болды, жер бетіндегі дүниеден сынбаған ештеңе де қалған жоқ. Жағалауды 6 метрдей биік толқын соқты, екі мыңға жуық адам өлді. Алпыс мыңдай үй толық қи-рады, жүз мың үй бүлінді.1966 жылы Ташкентте жер сілкінді. Оның алдында жер астынан қатты гуілдер шықты. 1976 жылы жерсілкіну көп болды: ақпанда Гватемаладағы жерсілкіну ұлттық апатқа айналды. Барлық халықтың алтыдан бір бөлігі үйсіз, күйсіз қалды. 15 шілдеде Балидың ондаған мың тұр-ғындары апат құрбаны болып, Индонезия ар-хипелагындағы бұл арал үйіндіге айналып, аралдың солтүстік жағалауындағы Серирит қала-сы 50 мың тұрғынымен жоқ болып кетті. 
Бұл жылы Қытайда бірнеше күн бойы жер солқылдап, өлген адамдардың саны жүздеген мыңнан асты. Жерсіл-кіну Филиппин аралдарына ауыр апат әкелді. Қарашада Түркияның Муради қаласы, соның жанындағы екі жүздей ауыл тегіс қирап, алты мың адам өлді. Бұхарада дүмпу күші 7 балл, Ташкентте – 5 баллға жетті.
1977 жылы Румыниямен Болгарияның Дунай жағалауындағы аудандары дүмпудің ортасында қалып, бір жарым мыңнан астам адам өлді, он мыңнан астам адам жарақаттанды. Осы жылы Бухаресте болған жер сілкінудің күші сегіз баллдан асты. Гватемалада болған жерсілкіну туралы нор-вегиялық әйгілі саяхатшы, әрі ғалым Тур Хейердал отбасына былай деп хат жазды: «Мен ақыр заманның болғаны осы екен деп ойладым!». 1987 жылы Алматыда жер сілкінді. 1993 жылы Алматы облысында жер сілкініп, 300-ден астам отбасы баспанасыз қалды. 1988 жылы Арменияның Спитак қаласында жер сілкініп, 24612 адам қаза тапты, магнитудасы 7,0 балл болды.
1995 жылы Кобэ (Жапония), Гилян (Иран), Нефтегорск (Сахалин) қалаларында жер сілкініп, адамдар қаза тапты. 
2010 жылы Чили елін-дегі жер сілкінісі – аса ірі табиғи апат саналды. 2011 жылы Жапония-дағы жерсілкінудің зардабы ауыр болды, Италияда көне мәдени ескерткіштер, үйлер қатты зақымданды. Қазақстанда жерсілкінудің қауіпті аймағы-ның көлемі 450 мың шаршы шақырым.
ІV. Жаңа сабақты бекіту:
Жер бедері дегеніміз - жер бетінің тегіс емес, ойлы -қырлы болып келуінің жиынтығы. Мысалы, таулы жер бедері немесе жазықты т.б жер бедерлерінің түрлері кездеседі. Жер бедерінің пішіндерінің қалыптасуына ішкі күштер мен сыртқы күштер әсер етеді.
Ішкі күштерге (эндогендік): тау түзілу, жер сілкіну, жанартаулық атқылаулар, тақталардың ғасырлық тербелмелі қозғалыстары жатады. Сыртқы күштерге (экзогендік): күн сәулесі, климат, су ағыны, үгілу. Жер бедерін зерттейтін ғылым геоморфология деп аталады. Тау- айқын байқалатын етегі, беткейі, шыңы бар жазықтардан оқшау жатқан жер бетінің көтеріңкі бөліктері. Таулар биіктігіне қарай үшке бөлінеді: аласа, орташа, биік. Биіктігі 500-1000 м дейінгі таулар аласа таулар, биіктігі 1000- 2000 м дейінгі таулар орташа таулар, 2000 м жоғары таулар биік тауларға жатады.
Жер шарындағы ең биік тау шыңы Гималай тауындағы Джомолунгма шыңы. Биіктігі 8848 м. Бұл шыңды адамзат баласы 1953 жылы бағындырған. Джомолунгма непал тілінен аударғанда «таулардың ана құдайы» деген мағына береді. Бұл шыңды Қ.Уалиев басқарған альпинистер тобы 1982 жылы бағындырған.
Жер бетінің аз тілімденген, тегіс немесе белесті болып келген кең алқабы жазық деп аталады. Жазықтардың негізгі екі түрі болады: тегіс және төбелі. Абсолют биіктігіне қарай жазықтар үшке бөлінеді.Теңіз деңгейінен есептегенде биіктігі 200 м ден төмен жазық ойпат деп аталады.Ойпаттар физикалық карталарда жасыл бояумен көрсетіледі. Мысалы: Амазонка, Каспий маңы ойпаттары.
Жер шарындағы ең үлкен ойпат - Амазонка ойпаты.Амазонка ойпаты Оңтүстік Америка материгіндегі Бразилия мемлекетінің аумағын алып жатыр. Абсолют биіктігі 200 м-ден 500 м-ге дейінгі жазықтар қыраттар деп аталады. Мысалы: Жалпы Сырт қыраты. Абсолют биіктігі 500 м ден астам биіктіктегі жазықтар таулы үстірттерге жатады. Мысалы: Бетпақдала, Торғай, Орта Сібір таулы үстірттері.
Жер бедерінің өзгерістерінің басты қозғаушы күші болып күн сәулесі мен соған сәйкес климаттық өзгерістер саналады. Қазіргі жер бедерінің қалыптасуы ішкі және сыртқы күштердің ұзақ уақыт аралығындағы өзара әрекетінің нәтижесі болып саналады.
V. Қорытындылау: Бүгінгі сабақта, литосфералық плиталар және олардың қозғалыстарымен сейсмикалық белдеулер және жер бедерінің қалыптасуымен таныстық,
VI. Оқушы білімін бағалау: Оқушылардың жауап беру деңгейлері бойынша
VII. Үй тапсырмасы: 1. §5 оқып, қысқаша конспект жазу.
2. Кескін картаға литосфералық тақталарды түсіру.