Эссе на тему Маманды?ым — ма?танышым


Мамандығым-мақтанышым. Иә, қай мамандықтың болмасын өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Ал ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық мамандық. Ұстаздық мамандықты таңдаған адам ұлылықты таңдаған дер едім. Мен осы мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін, егер қайта өмірге келіп, қайта мамандық таңдау пешенеме жазса, осы мамандықты тура таңдар едім. Өзімнің саналы ғұмырымның 25 жылы осы мамандыққа арналған екен. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы мамандыққа мен қалай келдім деген сұрақ сан рет мазалап, сол сұрағыма жауап іздеп сан рет қиялымды шарлаттым. Ал осы 25 жылдың соңғы 7 жылын педагог-психолог мамандығына арнаған екем. Бұл салаға да мен көлденеңнен келген жоқпын. Ғұмырымның жартысынан көбін бала тәрбиесіне арнаған мен үшін бұл мамандық етене жақын десем де болар еді. Біздің болашағымыз жас ұрпақ десек-олардың еш алаңсыз жеке тұлға болып қалыптасуы үшін психолог мамандардың атқарар қызметі ерекше деуге болады. Жеткіншектің өмірге еш қорқынышсыз, зұлымдықсызқарап,алдарында ғажайып болашақ есігін айқара ашып, жарқын күндер күтетіне сендірсем деген ниетпен осы психология саласына бет бұрдым.
Психолог мамандығы- ғажайып мамандық.Өйткені біз жабырқаған көңілге қуаныш сыйлаймыз. Мазасызданып, қорқынышқа тап болса, болашаққа сеніммен қарауға жетелейміз. Адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін осы ғажап мамандық арқылы жабырқаған көңілге қуаныш сыйлап қана қоймай олардың жүрек түкпірінде жатқан бүкпесіз сырларын тыңдап, болашаққа сеніммен қарауға жетелейсің. Ешкім үңіле алмайтын баланың ішкі дүниесіне сен ғана бағыт табасың. Осы сезімнің өзі мамандығыңа деген құрмет, қызығушылықты оятады. Кей кездерде жасөспірім шақта ата-анасына, ұстазына ашыла алмаған бала сенің алдыңа келіп ашылады. Бұл дегенің оның саған деген сенімінің жоғары екенін көрсетсе, сен үшін осы балалар үшін мен тағы не істей алар деген ниетпен құлшына жұмысқа кірісу деген сөз. Мектеп психологының негізгі жұмысы оқушымен, ата-анамен, мұғалімдермен екені белгілі. Сондықтан ата-анамен, мұғалімдермен жұмыстың дұрыс бағытын тапсаң ғана еңбегің нәтижелі болмақ.
Кей кездерде психолог ол кім деген сұрақ та санаңа оралады.
Мен үшін психолог –ол ең бірінші –ұстаз. Өйткені психолог ішкі дүниедегі ғажайыптарды көре білуге үйретеді.
Екіншіден психолог-бағыт сілтеуші.Қиналған шақта тура жолды тауып, жарқын өмірге жол көрсетуші дер едім.
Сонымен қатар психолог-құтқарушы.Ол көмек сұрағанды күтпейді, көмекті қажет ететін адамға әрқашанда көмек көрсетуге дайын тұратын адам.Міне, көрдіңіз бе, біз таңдаған мамандықтың құдіреті қандай!Осыншама қасиетті бойына жинаған біздің мамандық, яғни психолог мамандығы ғажайып мамандық деп қалай айтпасқа..
Әркімнің өмірде таңдаған жолы, бағыты, мамандығы болады. Дәл қазір, дәл осы уақытта мен өзімнің өмірдегі орным-ұстаздық ,мектеп екенін сеніммен айта аламын.Ойымды қорытындылай келе мынадай өлең жолдарымен аяқтағым келеді.
Жан ілімін зерттеуге құмартатын,
Шәкірттерге бар жылуын шашатын,
Психологтар бүгінгі күн құтты болсын,
Сіздерсіздер әркімге үміт отын шашатын.