М??алім маманды?ы-барлы? маманды?тарды? анасы та?ырыбында?ы эссе
Мұғалім мамандығы – әлемдегі барлық мамандықтардың анасы
Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық.
Төле би Әлібекұлы
Дүние есігін ашқаннан бастап адам баласы әртүрлі мектептерден өтеді. Алғаш аналық мейірімнен басталатын тағылым мектебі, білімнің қайнарына жалғасып, әрі қарай тізбектеліп өтеді. Әрқайсысы санаға өзіндік өрнегін салып, жүрегінде өшпестей із қалдырады.
«Табиғатың теңіздің тұнық тереңіндей,
Балалықпен кетіппіз - ау іліміңді тере білмей.
Жүріп келесің қайнаған тіршіліктің буымен,
Шырайлы жүзіңнен бар мұңыңды білдірмей.
Ана-ұстаздар, маған бір сәт құлақ салыңыздаршы... Менің сіздерге айтар алғысым телегей - теңіз. Сіздердің «көкем, айналайын» деп айтқан жылы сөздеріңіздің үні әлі күнге құлағымда жаңғырып тұрғандай. Жо - жоқ, мен барлығын ұмытпадым. Қолыма алғаш әліппе оқулығын ұстатып, сол сәтте маған мүлде таңсық болған мектеп, сынып, әдеп, ізет, өмір, жақсы мен жаман, қайырымдылық, тағы да басқа сан мыңдаған ұғымдарды талмай түсіндіріп, санама сәуле құйғандарыңызды қалайша ұмытайын? Өздеріңіз жайлы ой өрбітер болсам, мына парақтар маған жеткіліксіз болар еді - ау».
Ойға – шуақ, бойға қуат бітірген асыл ұстаздарыма жоғарыдағыдай лебізімді арнай ойымды жалғастырайын. Расында, мұғалім мамандығы - барлық мамандықтардың анасы. Бұлай деуіме негіз – бұрынғының ауыздыға сөз бермей, аяқтыға жол бермей сөйлеген ділмар шешені де, ел билеген патшасы да, ақылы асқан данасы да ұстаз алдын көрген. Барша жанның санасына сәуле құйып, келешегіне бағыт берер жолбасшысы, зердесін ашар шамшырағы бола білген ұстаздар қауымы бүгін мен келешекті рухани сабақтастыратын дана тұлға дер едім. Алдында отырған тарыдай балапандарды оқытып, үлгілі тәрбие беру жауапкершілігімен қатар олардың жеке тұлға болып қалыптасуы мен болашағына бағдар беру міндеті мойнына жүктелген ұстаздық қызмет – ерен еңбек.
Әр бала мұғалімге қарап бой түзейді. Ұстазының киім киісіне, жүріс – тұрысына, іс –әрекеттеріне мән беріп, тіпті кейбірі болашақта өздерін мұғалім ретінде елестетіп көретіні хақ. «Бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан – жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, нағыз өз елін сүйетін, ұлтжанды азамат болуы керек», - деп атап өтті, ел Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында. Ел экономикасының өркендеуі тікелей білім мен ғылымның дамуымен тығыз байланысты. Болашақ тізгінін ұстайтындар бүгінгі өскелең ұрпақ болғандықтан ұлт болу үшін, елдігіңді сақтау үшін ел жастарына жан – жақты тәрбие берілуі керек. Осы тұрғыда дұрыс тәрбиемен сусындаған, адал, шыншыл, парасатты ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздың ең басты мақсаты деп ойлаймын. Қазіргі жаһандану заматында қоғам білімділігі мен біліктілігі мол, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарай білетін түрлі маман иелерін қажет етеді. Демек өздері таңдаған мамандықтың иесі болу үшін де кәсіби білім, білік дағдысын қалыптастыруы, оның теориясын меңгеруі қажет-ақ. Әрине, ол үшін белгілі оқу орнының табалдырығын аттап, тағы да асыл ұстаздың білім атты сәулесімен нұрлана шығады.
Ақын Абай атамыз отыз сегізінші қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім – ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны», - дейді. Даналықпен айтылған бұл сөздердің мағынасына үңіле қарасақ, қаншама терең ойдың жатқандығын байқаймыз. Қазіргі балаларға етене таныс бес асыл іс пен бес дұшпан, қазақ жерінде алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылығы» да, тағы да басқа қоғам қайраткерлерінің қазақ баласы үшін жасаған жақсылықтарын тізіп жеткізу мүмкін емес. Жамандық атаулыдан жирендіріп, ізеттілік, кішіпейілділік, қайырымдылық секілді ең асыл қасиеттерді бала бойына білім берумен қатар дарыта алған ұстаз – дана да дара ұстаз деп бағаласақ артық айтқандық болмас.
Мұғалімдер туралы ойлай бастағанымда- ақ кеудемде өз ұстаздарыма деген үлкен сағыныш маздады. Кешегі күні мен де кішкене шәкірт болатынмын, бүгінде жас мамандар қатарына қосылдым. Қызылорда қаласындағы білімі мен тәртібі жөнінен дәрежесі жоғары тұратын, батыр апамыз Мәншүк Мәметованың атына берілген гуманитарлық колледжде білім алдым. Ұстаздық мамандық бойынша қабілетімізді арттыру мақсатында қаладағы түрлі мектеп қабырғаларында тәжірибелерден өтіп, мектеп ұстаздары тарапынан алғыстар мен жылы лебіздер естідік. Осының барлығы бойыма қуат бітірді. Мамандығыма үлкен сүйіспеншілікпен қарай бастадым. Әрбір мұғалімнің бойында болуы тиіс төзімділік, мәдениеттілік, сыпайылық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерге өз – өзімді үйретіп келемін. Қосымша білім беру ұйымында еңбек етіп жүрген тәжірибелі ұстаздар қауымының бір мүшесі болғаныма өзімді бақытты сезінемін. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда және шәкірттердің үйірмелерге қызығушылықтарын арттыру жолында бар қажыр – қайратын сарп етіп жүрген қосымша білім беру ұйымының ұстаздарын ерекше атап өтуге болады. Қоғамдық шаралармен қатар үйірмеге балаларды жинақтап, олардың әрқайсысының бойындағы қабілеттерінің жаңа қырларын аша түсу үшін бұл ұйымның үйірме жетекшілері педагогикалық шеберліктерін тиімді пайдаланып келеді. Алдында отырған оқушылардың үйірмеге деген ынтасын жоғалтып алмас үшін жұмыстың түрлі формаларын ұйымдастырып, ұстаздық қызметіне ыждақаттылықпен қарай біледі. Себебі олар тәрбиелеген шәкірттер болашақта еліміздің белгілі тұлғалары мен қоғам қайраткерлері атанады.
«Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым – шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады» деп айтып кеткен Василий Александрович Сухомлинский де дарынды мұғалім, талантты ғалым әрі публицист болған екен. Демек осы сан қырлы қасиеттер ұстаздар бойына дарыса, сол ұстаздың қанатынан ұшқан шәкірттер асқан дарындылар болады емес пе? Халық тыйымдарында «Ата – анаңа, ұстазыңа бажырайып қарама, қатты сөйлеме» деп айтылады. Ендеше ата – ананы қалай құрмет тұтсақ, ұстаздарға да сондай құрмет көрсете білейік, ұлағатты ұстаздар мерейін асыра жүрейік.
Иә, Елбасы айтқандай Қазақстан халқы білімге, ғылымға құмар халық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев армандаған болашақ Қазақстан қандай?
Ол кез келген Қазақстан азаматы кез келген әлем еліне барып жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеген – Қазақстан!
Терезесі тең, керегесі кең – өркениетті Қазақстан!
Ауылы мен қаласы қатар өскен – қуатты Қазақстан!
Бұл – Қазақстан болашағы білім мен ғылымда деген сөз!