Доклад на тему ?лтты? ??ндылы?тар ар?ылы о?ушылар?а рухани т?рбие беру
Ұлттық құндылықтар арқылы оқушыларға рухани тәрбие беру
Елеубаева Райгуль Бериковна
№32 орта мектебінің директордың тәрбие жұмысы
жөніндегі орынбасары
Әрбір халықтың өзіне тән ұлттық құндылықтары қалыптасады. Соның ішіне біздің халқымызға тән ұлттық құндылықтың өрісінің кеңейіп, қанат жаюы ауыз әдебиетінің асыл мұраларынан бастау алады. Жастайынан жыр жаттап, шешендік даналық асыл сөздерді бойына сіңіріп, ертегіге еліктеп өскен, ұлттық бұлақтан сусындап нәр алған бала ешқашан ұлттық келбетін жоймайды. Рухани уызға жарыған бұл бала мейірім махаббатына шомылып, қайырымды болып өседі. Тал шыбықты ат қылып мініп, туған жердің май топырағын май табанымен борпылдата армансыз асыр салған жас өскіннің бүр жарған балауса сезімінде бала күнінен құлағына таныс ертегі жырлардағы «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» батырларға еліктеген қызығушылық пайда болады. Кейіннен сол кейіпкерлерді кесекті ердің сойы Махамбетке, айбарлы батыр Бауыржанға , балалық шаққа саяхат жасай отырып әрбір балған бала жүрегінен орын алған есті тентек Қожа бейнесіне еліктесе, жүрекке мұң ұялатар жетім бала тағдыры Аянға деген аяушылық сезімдері, армандаған ақ боз аты өзгенің тоқымында кеткен Тортайға деген өкінішті өкпелері арқылы алмастыра отырып, рухани дүниесінде жақсылық, қайырымдылық, ізгілік, мейірімділік секілді ұлттық құндылық қалыптасады.
Жас өркеннің азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ететін қоғамдағы негізгі де жауапты, ол білім беру жүйесі. Заман талабына сай білім беру жүйесінің басым бағдары жеке тұлғаның рухани адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне басты назар аударуында.
Біз, ұстаздар қауымы алтын күн мекен еткен ұлы даланың ұланын, көкте қалықтар қыранын тәрбиелеу бақыты бұйырды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2030 жылы Азия барысына айналады» деген даналықт сөзіндегі қар барысын идеал тұтуының өзі көрегендігінің белгісі емес пе ? Өйткені бір кездегі қойдай момын қазақ халқына, тұлпардай тектілікті тән деп деп бағаласақ, бүгінде қарлы тау сілемдерін мекен қылған қар барысын идеал етуі, XXI ғасырдың қарыштап қадам басқан жастарының жарқын болашағына деген сенімділігінің айғағы деп білемін.
Ендіше, біз бала тәрбиесіне ықпал жасай отырып, оның табиғатын оята білуіміз керек. Баламен жүргізілетін әрбір істі қарапайым әрі шешімі бар іс деп қарауымыз керек.
Балалық шағының қызықты өтуін ескергеніміз жөн. Бұл бала бойындағы адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың бірден-бір жолы.
Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жөн дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, қайырымдылық қасиеттерді сіңіру керек. Өйткені адам өміріндегі қымбат көз қуанышы – бала. Б.Момышұлы «Баласын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын, екінші немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын, үшіншіден достарын сыйлай білмейтін балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын.Қолына қылыш берсе шауып тастауға даяр, қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан әже, әке жоқ» деген екен. Олай болса, Баукеңнің осынау аталы аманатының астарына көз жүгіртіп, жан-жүрегімізде орнықты орын берейік.
Адам ұрпағымен ұлы, еңбегімен ерен, келешегімен кемел болса, алтын тамыры тәлім-тәрбиесінде жатыр. Табиғи қасиеттер,адамгершілік құндылықтар отбасы, мектеп әлеуметтік ортада нәрленеді.
Адам асыл қасиетті үйрене отырып, рухани тәрбие алады. Мейірімділіктің негізі қаланады.
Осығын орай, рухани тәрбие беруде мектебімізде оқушылар арасында «Ертегі айта білейік» ертегіні жатқа айту байқауы, «Ертегі бейне» хореграфиялық байқаулары өткізіп, оқушылар үздік ертегілерді сахналық бейнеледі. «Мектеп және отбасы» айлығы дәстүрлі түрде өткізіліп, «Ерте, ерте, ертеде ...» әжелер арасында ертегі айту байқауы, «Менің қарындасым» ағасы мен қарындасы арасында байқау, «Әке көрген оқ жанар» әкесі мен баласы арасында байқау. «Анам және мен» анасы мен қызы, «Әжем және мен» әжесі мен немересі, «Жеңгем сырласым» жеңгесі мен қайынсіңілісі арасында өткен байқаулардың тәрбиелік мәні зор болды. Отбасында ынтымақты орта қалыптасты. Рухани ішкі дүниесін арттыруда «Кітап оқыған адам табысты адам», «Маған ұнаған ертегі» оқыған ертегілерді иллюстрациялау байқауы, «Әкем, шешем, мен оқырманбыз шетінен» отбасылар арасында оқырмандар байқауы, «Жыл оқырманы» байқаулары өтті. Оқушылар жекелеген жоба жұмыстарын қорғай отырып, жүректеріне жақын кейіпкерлерге мінездеме, сипаттама жасай отырып, кітап оқуға деген қызығушылығы қалыптасады.
Ұлттық ғашықтар күніне орай «Ғашық көңіл- мәңгі жасыл айдын көл» тақырыбында танымдық байқауларды өткізудің де тұлғаның дамуына зор мәні бар. Ұлтымызда болған ғашықтар өмірінен мағлұмат алады, адам асыл қасиетті, мөлдір махаббатты мақсат тұтқан ғашықтар образын сахнада сомдай отырып, поэзия минутына тоқталып, әр оқушы махаббат тақырыбында жатқа өлеңдер оқыды. Сол арқылы поэзия құдіреттілігін ұғынса, мектеп сахнасы арқылы театр тәрбиесіне тәнті бола білді.
Ұлттық құндылығымыздың бірі- ұлттық наурыз мерекесін өткізу. Осы орайда мектебімізде «Кел, бәріміз көрісейік» көрісу айт мерекесін атап өту, «Қош келдің әз-Наурыз» наурыз мерекесін өткізуге арналған тәрбиелік шаралар өтті. Халқымызда ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлер «Селт еткізер», «Ұйқы ашар», «Жарапазан» айту тағы басқа дәстүрді танытатын көріністер көрсетілді. Жыл құсы келгенде айтылатын «Самалық, самалық» әнін орта буын балалары жатқа айтып, жыл құсының келуіне тілек айту, асық ату ойындары көрініс арқылы көрсетілді. Қыдыр ата батасы, Алтыбақан аясына жиналған қыз-жігіттердің өнерлері «Ауылдың алты ауызы» арқылы ажарланды.
Батырлар жырларын , « Алпамыс», «Қобыланды» жырларын жатқа айту, Махамбет, Жұмекен, Мағжан оқуларын өткізу дәстүрге айналған. «Менің Отбасым», «Менің ата-ананмның мамандығы», «Менің Отаным» т.б. тақырыбында танымдық байқаулар, «Бабалар үні халықтың үні» тақырыбында тілдер мерекелеріне орай өткізілген интеллектуалдық байқаулардың да тұлғаның рухани өсіп жетілуіне көп әсері болды.
Қазіргі ұрпақтың XXI ғасырдағы қазақ ұрпағының міндеті экономикамызды дамыта отырып, әлемдік қауымдастыққа кірігу. «Мәңгілік ел» болып қалу үшін ұлттық құндылықтарды сақтау білуіміз керек. Себебі ұлттық құндылық –ұлттың тірегі.
«Болашаққа бағдар ететін, ұлтты ұйымдастырып, ұлы мақсатқа жетелейтін идея ол-мәңгілік ел идеясы. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгі қазақтың перзенті. Жарқын іспен күллі, «Әлемді таң қылып, Мәңгілік елдігіміз жасасын» деп Елбасы өз жолдауында жеткізгендей ұлттық келбетті көркейтетін, «Менің елім, менің Отаным» деген патриоттық сезімі қалыптасқан жас өскіндеріміз бабадан мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымызды одан әрі сақтап, тәуелсіздігіміздің белгісі болған көк байрағымыздың аспан төрінде желбіреуінің куәсі болсын !
Пайдаланған әдебиеттер
1.Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2050» стратегиясы стратегиясы: бір халық-бір ел-бір тағдыр.
2.Б.Момышұлы шығармалары