Психикалы? дамуы тежелген балаларды? танымды? ?ызы?ушылы?тарын ?алыптастыруда саба?тан тыс ж?мыстарды? ма?ызы
Психикалық дамуы тежелген балалардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруда сабақтан тыс жұмыстардың маңызы
Психикалық дамуы тежелген оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруда сабақтан тыс жұмыстың маңызды да мәнді түрі – мерекелер. Мерекелер өте ежелден келе жатқан құрал. Жүйелі ойластырып, жоспарлы түрде өткізілген мерекелер оқушылардың өнердің сан қилы салаларымен, жолдарымен жете таныстыра отырып, шығармашылық белсенділігін арттыруға, жеке тұлғалық сапаларды меңгертуге, өмірден алған білімдерін тәжірибелік терең игеруге, рухани дем алуға, қызығушылығын қалыптастыруға көмегін тигізеді. Мерекелер кезінде психикалық дамуы тежелген оқушылардың танымдық қызығушылығы қалыптасып қана қоймай, өз халқының мәдени мұраларын қазіргі әлеуметтік мәселелермен тығыз байланыстыра білуге үйренді. Осындай іс-шараларды өткізгенде мұғалім сабақтан тыс жұмыстардың мақсат тұтастығын, көздеген міндет бірлігін ұйымдастырып, жүргізілуге қойылатын талаптар мен оқушылардың жас ерекшелігін ескергені жөн.
Сонымен аталған сабақтан тыс жұмыстар түрлері оқушылардың қоршаған орта туралы жан-жақты білім алатын негізгі құралы, әрі тұғыры болғандықтан оларды екі түрге тұрақты және уақытша ұйымдастырылатын сабақтан тыс жұмыстар деп бөліп, бұл жұмыстарды танымдық және жарыстық сипатта жүргізіледі деп сараладық.
Жоғарыда аталған сабақтан тыс жұмыстарды байланыстыра алуымыздың себебі, әрбір сабақтан тыс уақытты қызықты ұйымдастырмайынша, оқушының танымдық әрекетін белсендендіру, уақыттың құнын сезіну мүмкін емес. Сондықтан да сабақтан тыс жұмыстарда оқушының танымдық қызығушылығымен сабақтастыра зерделеп, әлеуметтік аспектіде саралап бергенде ғана оқушы рухани дамуды таным-түсінікпен терең меңгере алады.
Сабақтан тыс жұмыстар танымдық бағытта ұйымдастырылатын болғандықтан, ол оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруға жағдай жасайды. Оқушының ақылды, парасатты, дүниетанымы кең болып өсуіне, оның бос уақытында сапалы, жүйелі, мағыналы ұйымдастырылған сабақтан тыс жұмыстарының өзіндік ерекшеліктері мынадай болып келеді:
-сабақтан тыс уақытта оқушының танымдық қызығушылығын қалыптастыру;
-сабақтан тыс жұмыстардың міндетті бағдарламалар көлемімен байланысты болуы. Мазмұны мен формасы негізінен алғанда олардың ынталары мен талап-тілектеріне, жергілікті жағдайларына байланысты болады;
-сыныптағы барлық оқушыны қамтуы;
-сабақтан тыс жұмыстың түрлері мен әдістерінің сан алуандылығы баланың жан-жақты дамуын талап етеді;
-жұмыстың бұқаралығы. Бұқаралық формалар топтық және жеке дара сабақтастықпен толықтырылып отырады.
Психикалық дамуы тежелген оқушылардың сабақтан тыс әрекетін ұйымдастырудың негізгі мақсаты уақыттың мазмұнын терең меңгерту, адамгершілік дүниетанымдық қасиеттерін қалыптастыру, оқу-тәрбие үрдісінде дербес ізденіс арқылы танымдық қызығушылығын дамыту, өзге ұлттың мәдени жетістіктеріне аялы көзқарас қалыптастыру, өз ұлтының мұрасын өзге ұлттың өркениеті мен салыстырмалы түрде меңгерту болып табылады. Психикалық дамуы тежелген оқушылар үлкендердің айтқандарын сол таза күйінде қабылдап, олардың іс-әрекетіне талдау жасап, өзіндік пікір білдіріп, баға беруге, ой-тұжырым жасауға ұмтылады. Сондықтан бұл оқушылар заттар мен құбылыстардың басты белгілеріне қарап ұқсастығы мен айырмашылығын табу, салыстыру мен сабақтастыру, себеп-салдарының байланысын ажырату сияқты ойлау үрдісінің дамуы негізінде сабақтан тыс жұмыстарды салыстырмалы түрде пайдалана білу ұсынылады.
Психикалық дамуы тежелген оқушылар өсіп, жетілуіне байланысты күрделі физиологиялық, психологиялық ерекшеліктермен дараланады. Осы кезеңде оқушы үлкендердің қамқорлығын көп қажет етеді, сөйте тұра, өздігімен дербес әрекет етуге талпынды. Осыған байланысты сабақтан тыс жұмыстарда түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, бір-бірімен байланыстыра қолдану өсіп келе жатқан жеткіншектердің дербестігі мен белсенділіктерін, өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттырып, дүниетанымдық деңгейінің өсуіне жол ашады және танымдық қызығушылығын тудырады.
Біз қарастырып отырған зерттеу жұмысымызды осылардың бәрін ескере отырып, психикалық дамуы тежелген оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруда сабақтан тыс жұмыстарды мектеп практикасына арнайы жасалған әдістемелік кешендер арқылы ендіріуге тырыстық. Сабақтан тыс жұмыстардың ерекшелігі біріншіден, қай түрі болса да сабақта алынған білімінің жалғасы ретінде өтеді, білімнің байланыстылығын саналы меңгеру, алған білімді жаңа жағдайға қолдану, біліктелу сияқты білімді игеру сатылары жүзеге асады. Екіншіден, сабақтан тыс білім алу формасы арқылы оқушылардың дербестігі, ақыл-ой белсенділігі, шығармашылығы, қызығушылығы дамиды.
Сабақтан тыс жұмыстардың бір түрін қолданғанда оқушылардың білім меңгерудегі дербестігімен қоса ұйымдастырушылық дербестігі де көрнекті орын алады. Берілген білімді, тәрбиені өмірмен байланыстыру осы жұмыстар негізінде жүзеге асады. Оқушы өз жұмысын қадағалап, жеткен нәтижесін сезінгенде ғана, оның өздігінен іс атқару қабілетін пайымдауы артады.
Алайда, қызықты материалдардың сабақтан тыс уақыттағы орнының ерекше екендігі даусыз. Сабақтан тыс жұмыстардың түрі мен формасына байланысты көлемін, мазмұнын және қатынасушылардың жас ерекшеліктерін ескеру қажет.
Психикалық дамуы тежелген оқушылардың сабақтан тыс жұмыстар арқылы танымдық қызығушылығын қалыптастыру, олардың көтеріңкі көңіл күйіне, қызығушылығына, сұраныстарына, икемділіктеріне байланысты. Оқушы дамуының жан-жақтылығы мен үйлесімділігін қамтамасыз ету анағұрлым кең теориялық аспектіге, мотивациясы мен дербестіктің деңгейін арттырудың мүмкіндіктері мен жолдары туралы мәселелерді шешуге әлі де болса мүмкіндік бермейді. Оқушыларды сабақтан тыс жұмыстарға тарту олардың селқостығын азайтуға, бос уақыт кестесін дұрыс құруға, көшеде бос жүрмеуге баулуды қажет етеді.
Сабақтан тыс жұмыстар арқылы психикалық дамуы тежелген оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру мөлшерін айқындайтын мәнді фактор бос уақыттың жалпы қоры мен оқушылардың жас ерекшеліктері болып табылады. Оқушылардың бос уақытын мәдени тұрғыда өткізу мақсатында ұйыдастырылған формалар олардың қызығушылығы мен рухани қажеттіліктерін өзгертеді және дамытады. Оқушының мәдени әрекетті пайдалануда оның рухани дүниесіне үңілу сабақтан тыс жұмысқа деген қызығушылығын арттырып, белсенді әрекет жасауына тілегін туғызады. Сол себептен де, сабақтан тыс жұмыстарды пайдаланғанда олардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру мазмұнына аса көңіл бөлу маңзыды.
Шарт дегеніміз – обьектінің өмір сүруі үшін немесе әрекет етудің қажетті базасы, негізі ретінде көрінеді. Адам іс-әрекеті білімнің екі тегінің негізінде жүзеге асады: қоршаған шындық, обьект туралы білімдер және ондағы іс-әрекет, іс-әрекет тәсілдері жөніндегі білімдер.
Педагогикалық шарттар зерттеу жұмыстарына сәйкес, түрліше анықталады. Педагогика ғылымындағы зерттеулерге жасалған талдаулар педагогикалық шарттардың анықтамасының мынадай нұсқаларын атап көрсетуге мүмкіндік береді:
- бала – ересек тәрбие бірлестіктерінің тіршілік әрекеті, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды, заттық-эстетикалық ортаны басқаруды қарастыратын педагогикалық іс-әрекет;
- тәрбиеші мен тәрбиеленушінің өзара қарым-қатынасын білдіретін педагогикалық іс-әрекет;
-қарым-қатынас.
Зерттеу жұмысымызға сәйкес педагогикалық шарттардың дидактикалық құрылымын қарастырдық:
Әдіснамалық – сабақтан тыс жұмыстар арқылы танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруға арналған материалдарды іріктеу принциптері.
Теориялық – сабақтан тыс жұмыстар арқылы танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруға арналған материалдардың жүйеленуі.
Дидактикалық – оқушылардың сабақтан тыс жұмыстар арқылы танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру мазмұны.
Әдістемелік – оқушылардың сабақтан тыс жұмыстар арқылы танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруға арналған материалдары, сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында байланыстырудың әдіс-тәсілдері мен технологиялары.
Практикалық – оқушылардың өлкетану іс-әрекетінде құндылық бағдарын қалыптастыру мазмұнының эксперименттік-тәжірбиелік жұмыста тексерілуі арқылы қамтамасыз етілуі.
Арнайы мектепте танымдық бағытта ұйымдастырылатын сабақтан тыс жұмыс түрлерінің оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыратын төмендегідей мүмкіндіктері анықталды:
-түрлі формадағы сабақтан тыс жұмыстар баланың күнделікті сабақта байқала бермейтін жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашады, әуестігін, қызығушылығын оятады;
-сабақтан тыс жұмыстың түрлері баланың өзіне сенімділігін, өзін дұрыс бағалауын, өз іс-әрекетін өзі бақылауын және баланың жеке тәжірибесін, қоршаған орта туралы білімі, біліктілігі, дағдысын қалыптастырады;
-оқушының ұжымдық жұмыс жасау тәжірибесі мен ынтымақтастық дағдысын қалыптастыруға, танымдық іс-әрекетін жандандыруға жағдай туғызады;
-сабақтан тыс жұмыстардың оқу үрдісіндегі жәнеоқудан тыс іс- әрекеттердің біртұтастығы, білімнің жүйелілігі мен танымдық қызығушылығының тұрақтылығына қамтамасыз етеді;
-баланың бас уақытын педагогикалық тұрғыдан танымдық бағытта ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
-оқушылардың өздігінен білім алуы, зерттеушілік, ізденушілік және шығармашылық әрекетте жүзеге асырады.
Сабақтан тыс жұмыстардың әр түрі оқушыларды қызықтыратын, оқушының қызығушылығын күшейтетін, дамытатын түрде (формада) ұйымдастырылатын болуы қажет, себебі, бұл жұмыстардың бәрі оқушының қызығушылығы негізінде құрылады. Сабақтан тыс жұмысқа қатысуға оқушыны күштеу, міндеттеу мүмкін емес. Ол оқушының өз еркіне байланысты жұмыс болғандықтан, мұндағы қозғаушы күш – оқушының қызығушылығы. Осыған байланысты сабақтан тыс жұмыстардың бәрі де оқушы қызығатындай және оқушы қызығушылығын арттыратындай болуы шарт.