Т?рбие са?аты Мен ?з Отанымны? патриотымын
Тақырыбы: Мен, өз Отанымның патриотымын!
Мақсаты:
Оқушыларды Отанды сүюге, құрметтеп қастерлеуге, өз елін, тегін тарихын білуге тәрбиелеу.
Оқушылардың таным белсенділіктерін, қызығушылықтарын дамыту.
Оқушыларға патриоттық, эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру, өз ой-пікірін білдіре алатын оқушыларды тәрбиелеу.
Ресурстар: интербелсенді тақта, презентация, гүл, шарлар, нақыл сөздер жазылған плакаттар, суреттер.
Барысы:
Ұйымдастыру.
Құрметті мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып бүлдіршіндері! Сіздерді білім күнімен құттықтаймын. Сабақтарынды жақсы оқып, Отанымыздың мақтаныштары болыңыздар!
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
-Отан – әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз.Отан –сенің туған елің, туған жерің, дос –жарандарың, туған туысқаның. Отан- бұл өзіңнің тұратын, өмір сүретін, қызмет ететін жерің. Отан адам үшін біреу ғана. Отанды анаға теңейді. Себебі, Отан сендерді анаңдай қорғайды, көмектеседі, күш береді.Біз Отанымызды, елімізді сүйеміз. Біз, Қазақстанның патриотымыз!
Әдеби монтаж: Отан деген не, кім қалай түсінеді?
1 оқушы: Көп аузынан түспейтін,
Отан деген немене?
Оның тұлға түс кейпін,
Достым білгің келе ме?
2 оқушы: Отан- тарих, Отан – тіл,
Жасаған елің, өз- халқың.
Отан – өлең, Отан-жыр,
Көтерген көкке ел даңқын.
3 оқушы: Отан – сенің ата-анаң,
Отан – досың, бауырың,
Отан – өлкең, астанаң,
Отан – аудан, ауылың.
4 оқушы: Отан – осы достарым,
Көңілге мұны түйе біл!
«Отан» деп өс жас қауым,
Оны ардақтап сүйе біл!
-Біздің Отанымыз қалай аталады?
-Қазақстан Республикасы қандай мемлекет?
-Қазақстан Республикасының президенті кім?
Ел болдық ерік алдық астаналы
Енді кімнен қазағым жасқанады?
Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі,
Нұрсұлтанның атымен басталады.
Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз жерін жаудан қорғап, бүгінгі ұрпақ, бізге жеткізді. Қазақстан жер көлемі бойынша 9 орында тұр.Қазақстанда үлкен қалалар көп.
Астана- Отанымыздың бас қаласы, астанасы.Ол Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Астана қаласын қазір бүкіл ел біледі.Сондай-ақ мемлекетіміздің өз Ата заңы бар. 1993 жылы 28 қаңтарда ҚР тұңғыш Конституциясы қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа конститутциясы қабылданды.Адамның өмірін, денсаулығын, тыныштығын мемлекетіміздің Ата заңы қорғайды.
5 оқушы: Ата заңың-мерейің,
Мәртебең мен беделің.
Ата заңмен өркендеп,
Өсіп, өрлей берейін!
1992 жылы ҚР мемлекеттік рәміздері қабылданды. Олар: ту, елтаңба, әнұран.
Қазақстан Республикасының мемлекттік Туы.
Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Алтын күн, қыран және ою-өрнек біздің
халқымыздың ашық келешегі мен берекесі, тыныштық пен байлықтың белгісі.
6 оқушы: Көк аспандай көкпеңбек,
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен-тек,
Елдің ашық қабағы.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар
шаншылған. Бес жұлдыз, қанатты тұлпар бейнеленген. Бидай сабақтары тоқшылық, молшылықты білдіреді.
7 оқушы: Елтаңбасы елімнің,
Неткен әйбәт, әдемі
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.
Кез-келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы- Гимн. Гимн мемлекеттік ән. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған.
8 оқушы: Оттай жанып жанарың
Одан қуат аламын
Әнұран ол - тынысы
Кең жазира даламның.
-Балалар, тақтадан ненін суретін көріп тұрсыңдар? (Мектеп).Бұл білім әлемі деп аталады. Білім әлеміне жету үшін біз қазір жұмбақтар шешеміз.
Жұмбақтар :
1.Бiлiмнен мол сый-асы,
Балғындардың ұясы. (Мектеп)
2.Бiлiмнiң дәнiн тередi,
Балаға тәлiм бередi. (Ұстаз)
3.Ұшымен қазық
Тор көздi жазық.
Үстiне өттiм,
Асыл сөз жазып. (Дәптер)
4. Сағат сайын қағылады,
Тек мектептен табылады. (Қоңырау)
5. Жұқа тақтай бөлшегi,
Ұзындықтың өлшемi. (Сызғыш)
6. Оқу-бiлiм аспабы,
Қоймасының бас қабы.
Бөлмесi де бiрнешеу,
Тиегi бар ашпалы. (Сөмке)
7.Үстiнде есiгi,
Өзi орындық, әрi үстел,
Оқушылар бесiгi. (Парта)
8.Төрт қырлы, өзi аппақ,
Тақтадағы iзi аппақ. (Бор)
9. Тiл жоқ өзiнде,
Сөзi бар iзiнде. (Қаламсап)
9 оқушы: Мектеп қамқор анамыз,
Оқып білім аламыз
Өнерпаз боп өсетін
Біз оқушы боламыз.
10 оқушы: Мектеп анам бүгінде
Мектеп алтын босағам
Мектеп берген біліммен
Марқаяды Жас ұлан
11 оқушы: Алақай - ау, Алақай!
Бұдан былай мен енді,
Емеспін жай балақай
Осыдан да көлемді
Оқи алам өлеңді
Бардым мен мектепке
Оқушымын мен енді!
12 оқушы: Партаға алғаш отырдым,
Бұдан асқан бақыт жоқ.
Оқушы болдым, мінекей,
Ойнауға енді уақыт жоқ.
13 оқушы: Жақсы оқып келемін,
Сабақтан да қалмаймын.
Осы өлең жолдарын
Мектебіме арнаймын.
14 оқушы: Өмірлік қымбат мұғалім,
Қадірлі жан деп ұғамын.
Атанып жақсы ұланың,
Жолыңды жарқын қуамын.
15 оқушы: Білімнің жаққан шырағын,
Кездессе қайда мұғалім,
Беремін сәлем ізетпен,
Басымды иіп тұрамын.
Мен сендерге қазір ақ парақ беремін.Соған өз атарынды жазасыңдар.Ішіне бір сөз, сосын әдемі сурет салыңдар. Бұл парақты сендер 11 сынып бітіргенше мен сақтайтын боламын.
Мұғалім: - Ия, балалар, елін, жерін сүйетін азамат болып шығу үшін қандай бала болуымыз керек?
Білімді, өнерлі, ақылды, еңбексүйгіш бала болуымыз керек.
Сабағымызды жақсы оқып, еліміздің адал, еңбекқор азаматы болайық. Ер жетіп еліміздің одан әрі көркеюіне, гүлденуіне өз үлесімізді қосайық.
Ән «Көк тудың желбірегені».
Қортынды: - Міне, балалар, бүгін өздеріңді Тәуелсіз еліміздің болашағы екендеріңді, яғни, нағыз азамат екендіктеріңді көрсете білдіңдер. Белгілі ақын атамыз Ж. Молдағалиев:
Өткеніңді еске алсаң,
Өскеніңнің белгісі.
Өткеніңді ұмытсаң,
Өшкеніңнің белгісі,
- деген екен. Сондықтан, халқымыздың бүгінгі уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері өздеріңе аманат. Сондай-ақ, еліміздің егемендігін танытатын ресми ерекшелік белгілері: Ана тіліміз, Елтаңбамыз, Туымыз, Ата заңымыз, Гимнімізді бойындағы бойтұмарындай сақтап қана қоймай, қашанда еліміздің, жеріміздің еркіндігін сақтар мықты ұрпақ, мықты азамат болатындарыңа сенімім мол. Жолдарың ашық, жарқын болсын, Тәуелсіз елдің азаматтары!
41522657175500158051511557000-39116011557000