Керей мен Ж?нібек ашы? саба?
XV ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың соңы қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ерекшеліктің ең басты белгісіне – ұлттық мемлекетіміздің қалыптасуы мен қайта түлеуі болса, ал басты оқиғасына Қазақ хандығаның құрылуы мен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алуы жатады. Тарихтағы мұндай түбегейлі бетбұрыстарды қалың бұқара жасайды. Ал бұкараның басында көш бастаушы ірі тарихи тұлғалар тұрады. Бүгінгі күндегі егеменді еліміздің іргесін бекітіп, шаңырағын шайқалтпай тұрған тарихи тұлғалардың іс-әрекеттері көз алдымызда өтіп жатыр. Олардың тарихтағы алатын орнына келесі ғасырлардағы зерттеушілер баға бермек. Ал біз бұл мақалада Қазақ хандығының негізін қалаушы, алғашқы қазақ ханы Керейдің тарихи рөліне тоқталмақшымыз.
Ортағасырлық тарихшы Махмуд бен Уәлидің жазуы бойынша алғашқы қазақ ханы- Керей хан болған. Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі - Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы есімді қолданамыз.
Бұл сөздің түп-төркіні мен мағынасына келсек, В.В. Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» - монғол сөзі, монғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады». Қазіргі кезде Монғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған және көне монғол тілін жетік білетін бауырларымыздан бұл сөздің мән-мағынасы жөнінде сұрастырғанымызда, кезінде тарих пәнінің мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққан, ардагер-ұстаз Нығмет Мәмбетұлы ақсақал бізге: «гарай» - көне монғол сөзі, оның екі мағынасы бар, біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіретінін хабардар етті. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, монғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеміз.
Керей ханның шығу тегіне келсек, ол - Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады. Орда Ежен, оның ұлы Сасы бұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Орыс хан болып жалғасады. Орыс ханнан Керейге дейінгі шежіре ортағасырлық деректерде жақсы сақталған. Сөйтіп, Орыс ханнан бері қарай таратсақ, Орыс-хан, оның ұлы Тоқтақия, оның ұлы Анике Болат және оның ұлы – Керей хан болып жалғасады.
Керей мен Жәнібек хандарға тағдыр жаңа этникалық бірлестікке негізделген мемлекетті құру және оны басқару үлесін берді. Бұл үлес кездейсоқ сияқты болып көрінгенімен, заңдылық болатын. Өйткені екі ханның арғы ата-бабалары –Шыңғыс ханнан Керей мен Жәнібек хандарға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билікті мұрагерлік жолмен иемденіп, атадан балаға қалдырып отырған. Басқаша айтқанда, Керей мен Жәнібек - бірнеше ғасыр бойы уысынан билік кетпеген өте мықты, әрі өте беделді әулеттің өкілдері болып табылады.
Керейдің қай жылы дүниеге келгендігін деректер айтпайды, бірақ оны салыстыру әдісі арқылы болжап, шамамен айтуға болады. Орыс ханның үлкен ұлы Тоқтақия да, кіші ұлы Қойыршақ, олардың жас арасын шамамен 15-20 жыл деуге болады. Тоқтақияның ұлы Болат болса, Қойыршақтың ұлы – Барақ. Барақтың 1428 жылы қайтыс болғаны белгілі. Барақтың үш ұлының үлкені Жәнібек хан.
ХV ғасырдың 50-ші жылдарында, яғни Қазақ хандығының құрылар қарсаңында Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберелерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз олардың саны 20-ға жуықтаған. Олардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Керей болған. Сондай-ақ Орыс ханның үлкен ұлы – Тоқтақия, ал оның үлкен ұлы – Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, ХV ғасыр ортасында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған.
Керейдің туысы Жәнібек сұлтанмен бірлесіп, XV ғасыр ортасындағы шым-шытырықты оқиғаларды бастан өткеруі жене сол оқиғалардың жетегінде кетпей, дұрыс жол таба білуі олардың алысты болжай білетін ірі саясаткер екендігін керсетеді.
Тарихтан белгілі Шыңғыс хан төрт ұлына жаулап алғап жерлерін бөліп береді. Оның бөлісі еуропалықтардың Африканы бөлуіндей емес, белгілі бір қағидатқа негізделді. Ол жаулап алынған халықтардың шаруашылық, этникалық, тілдік және т.б. белгілеріне қараған. Сол сияқты Жошы Ұлысы да өз ішінде ұсақ ұлыстарға бөлінгенде, негізінен шаруашылық жағдай ескеріледі. Моңғол жаулауына дейін-ақ Хорезммен күресте әлсіреген Қыпшақ хандығында XII ғ. II жартысы XIII ғасыр басында екі аймақ пайда болған еді. Шығыс аймаққа – Қазақстанның оңтүстік, орталық және солтүстік-шығысы енеді. Ал Аралдың солтүстігі мен одан батысқа қарай жатқан жерлер – Батыс аймакқа қараған. Қыпшақ дәуіріндегі табиғи-шаруашылық жағдайға сай бөлісу Жошы Ұлысында да ескеріліп, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен негізінен Шығыс аймақты басқарады. XIII ғ. соңы – XIV ғ. басында Орда Ежен Ұлысының орталығы Алакөл манынан Сырдың орта ағысы бойына көшіріледі.
Баян ханнан Барақ ханға дейін Сыр өңірі Ақ Орданың саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, діни-мәдени орталығы болады. Мал бағушы тайпалардың қысқы жайылымдары мен қыстаулары осы өңірде еді. 1428 жылы Барақ хан өліп, хандық билік шайбанилық Әбілхайырға көшкенімен Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңірінде қала берген. Олардың ішінде Керей де, Жәнібек те және басқалар да бар. 1446 жылы Әбілқайыр хан Сыр өңірің Мәуреннахрдан қайтарып, өз астанасын Сығанаққа көшіреді. Шайбанилық сұлтандардың Сыр өңіріге келуі Ордаежендік сұлтандарға өте ауыр болады. Ең жақсы жайылымдар мен қыстаулардан айырылу, Ордаежендік сұлтандар үшін «көп қиыншылыққа ұшырау» болған. XV ғасырдың 50-жылдары соңында Керей мен Жәнібек «қиыншылыққа» көнбей, осылайша Сыр өңірінен көшкен. Біздің бұл ойымызды тарихи аңыз мәліметі де дәлелдей түседі. 20 жылдан астам уақыт бойы Шу мен Талас, Сыр өңірлерінде археологиялық барлау мен қазба жұмыстарын жүргізген археолог Мадияр Елеуов ел аузындағы тарихи ауыз-әңгімелерді де жинастырады. Оның жиған аңыздарының бірнешеуі жарық көрді. Ондағы 5 аңыздың екеуі Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуіне байланысты айтылады. Бірінші аңызда – «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті» деп баяндалады. Осы аңыздың соңында біршама жылдар өткеннен соң, екі сұлтанның Сырға қайта оралғандығы жөнінде жазылады. Ал төртінші аңыз болса: «қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті» деп басталады да, бір-бірімен іргелес жатқан екі ескі қала жұртын көріп, Жәнібек сұлтан Керейге: «Аллатағала екеумізді ажырамасын деп осы екі ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар, қаласаңыз, біріне сіз, ал екіншісіне мен қоныстанып, қала салайық», – деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, аллатағала сәтің салған күні – Түркістанға жол жүруіміз керек», – депті (Көрсетілген еңбек, 9-б.). Екі аңызда біздің ойымшды дәлелдей түсіп, Сыр өңірі – Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлысы болғандығын баяндайды. Соңғы аңыздағы Түркістан аты қандай мағынада айтылғаны белгісіз, оның не қала, не Сыр өңірінің XIV–XVI ғасырдағы атауы мағынасыңда айтылып тұрғанын ажырату мүмкін емес, бірақта анық нәрсеге Сыр өңірінің де, Түркістан қаласының да Шудың батысында орналасқандығы жатады. Бұл мәліметте Сыр өнірінің Керей мен Жәнібекке «атамекен» екендігін көрсетеді.
1446 жылдан бастап Сыр өңірі Әбілқайыр ханға қарады дедік. Осы жылдардан бастап 1457 жылға дейін Керей мен Жәнібек бастаған сұлтандардың Әбілқайыр ханға наразылығы өсе түседі. Ақ Орданын мұрагерлері осы жылдарда тек өздері ғана «оппозицияда» болмаса керек. Оларды жергілікті ру-тайпа көсемдері қолдай бастаған секілді. Өйткені 1428 жылы Әбілқайыр хандыққа отыруына Дешті Қыпшақтың 71 ру-тайпа басшысы «дауыс» берсе, 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі қалмақтармен ұрысқа түсу үшін хан жарлығымен небары 17 тайпадан ғана жасақ жиналады (Қараңыз:ХҮ-ХҮІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 143-144-бб). Осы дерек – Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Дешті Қыпшақтағы саяси өмірдің бір айнасы іспетті. Саяси билік өздерінде болмаса да жергіпікті халықтық ресми ханды мойындамайтынына екі сұлтанның көзі жетеді.
Меніңше, Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлінбей тұрып, алдын-ала қайда баратынын айқындап, келісіп алған. Қалай болса да екі сұлтан Әбілқайыр ханның қарсыласына кетуді ұйғарғаны «Менің жауымның жауы маған жау емес» деген қағида бойынша, оларға моғол ханы Есен Бұға хан тиімді болады. Екі жақты өзара келісімнің болғандығын төмендегі жағдайлар қуаттайды. Біріншіден, Керей мен Жәнібек қарамағындағы ұлысымен М.Елеуовтың аңызында бір түмен елмен көшкен. Осыншама адаммен, төрт түлік малымен мақсатсыз, бағыт-бағдарсыз көшу ақылға сыймайды. Ұлыспен түгелдей көшуге қарағанда алдын-ала уағдаластық болған. Екіншіден, Моғол ханы Есен Бұға хан сұлтандарды құрмет көрсетіп күтіп алады. (ХУ-ХУІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 352-б.) Бұл алдын-ала келісімнің болғандығын дәлелдейді.
Бөлінуге түрткі болған оқиғаға көпшілікке белгілі аңыз – Қара қыпшақ Қобыланды мен арғын Ақжол би арасындағы жанжал жатты. Ақжол бидің қанын өтеуге арғын тайпасы тағы да Керей мен Жәнібекке жүгінеді. Бұл да екі сұлтанның Дешті Қышақтағы Әбілқайыр ханмен текесердей рөл атқарғандығы көрсетеді.
Мұхаммед Хайдар Дулати мен Махмұд ибн Уәли екі сұлтанның Моғолстанға келуін, Есен Бұға ханның оларға Шу мен Қозыбасы жайлауы арасында орналасқан жерді бергенін жазады. Не себепті Есен Бұғаның бұл өңірді екі сұлтанға бергенін «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» авторы былай түсіндіреді: «Бұл кезде Моғолстанда Шыңғыс ханның ұлы, Шағатай хан ұрпақтарының бірі Уәйіс хан ұлы Есен Бұға хан билік етіп тұрды. Дәл осы тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы Сұлтан Мұхаммед-мырзаның, оның ұлы Әбу Сайд мырза жоғарыда аталған ханның ағасы Жүніс ханды Ирактан алдыртып, көмек береді және қолдау көрсетеді, сөйтіп оның бөлігіне қауіп төнеді. ...Екі сұлтанға ол Моғолстанның батысынан жер берді, ол Есен Бұға ханның иелігі мен Жүніс ханның қол астындағы жердің арасында орналасқан еді. Бұл жер – Шу мен Қозыбасы деген жерлер болатын». (Көрсетілген кітап, 352-б.). Осы мәліметте Керейдің хан болғандығын автор атап көрсетеді. (Көрсетілген кітап, 353-б.). М.Елеуовтің бірінші аңызында «...Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап, өздерін «қазақ» ден атапты», – делінеді (Елеуов М. Шу өңірі: аныз бен тарих. 7-б.). Көріп отырғанымыздай, жазба дерек пен ауыз әдебиетінің мәліметтері, бірін-бірі толықтырып, Керейдің алғашқы Қазақ ханы болғандығын жариялап тұр.
Неге тұңғыш хан Жәнібек емес, Керей болды деген сұрақ төңірегінде жауап бере кетелік.
ХІ-ХІІІ ғасырлардағы ерте феодалдық қыпшақ мемлекеттілігіндегі өзіне ғана тән белгіге – хандық биліктің әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа не ініге берілетіндігі жатты (Ахиижаиов С.М. Кипчаки в истории... 282-б.). Бұл әдет сырттан әкелінбей қыпшақтарға дейінгі және қыпшақтар кезіндегі жергілікті тайпалардағы әулеттегі жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсегуден туса керек. Монғол жаулауы нәтажесінде хандық билік әкеден балаға қалдырылатын заңға айналды. XV ғасырда монғолдар енгізген бұл жолды жергілікті халыктың әдет-ғұрпы ығыстырып шығарады. Қыпшақ дәуіріндегі хандық биліктің мұрагерлік жолы XV ғасыр ортасында қалпына келтіріле бастайды. Оған Керейдің хан сайланылуы дәлел. Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған еді. Монғол дәстүрі бойыша келесі хан оның ұлы Жәнібек болуы тиіс. Жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына билік тимей, Жәнібек хан болды. Жәнібектен соң хан Бұрындық болды.
Міне, не себепті Керей хан болды деген сұрауға біздің жауабымыз осындай. Келесі мәселе, қай жылдан бастап Керей хан болған деген сауал төңірегінде болмақшы.
Бұл сұрақ – Қазақ хандығы қашан құрылған деген сауалмен тікелей байланысты. Соңғы 4-5 жыл төңірегінде осы мәселе бойынша көптеген айтыс-тартыстар болды, бірақ негізгі мәселе жайында бір тоқтамға келер пікір айтылмады. Мақала авторы да осыған байланысты, өз ойларын білдірген болатын. Теменде біз ең соңғы деректерге сүйене отырып, Керей ханнын қай жылдан бастап хандық құра бастағаны туралы тағы да пікірімізді айта кетелік.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашидиінде» «Қазақ хандарының билік ете бастағаны хижраның 870 жылы» деп жазады. Бұл – қазіргі жыл санау бойынша, 1465/66 жыл. Алғаш рет бұл мәліметтің ақиқаттығына күмән келтіріп, көрсеткен орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының зерттеушісі Т.И. Сұлтанов болды. (Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в. XV-XVII вв. М., 1982, 113-114-бб.). Енді М.Елеуовтің тапқан аңызының мәліметіне жүгінелік. Ондағы бірінші аңыз: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «Қазақ» деп атапты» десе, екінші аңыз бұл жөнінде: «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті. Құмды қыстап, мал-жаны аман қалған екі сұлтан көктемде Тұлпарсазда той жасап, бәйге шаптырыпты» деп баяндайды (Елеуұлы, М. Шу өнірі: аңыз бен тарих. Көрсетілген еңбек, 7-8-бб.). Екі аңыз да Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуін «тышқан жылы, қара күзде» деп, ал Керейдің хан көтерілуін «көктемде» деп жарыса мәлімет беріп отыр. Сонда аңызда қай жыл тышқан жылы деп көрсетілген? Тағы да жазба дерек мәліметіне жүгінелік. Әбілқайыр ханның өмірін тарих етіп жазған XVI ғасыр тарихшысы Масуд ибн Осман Кухистаии оның кайтыс болған жылын «874 жылы тышқан жылы 57 жасында...» деп көрсетеді (XV–XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 171-б.). Бұл қазіргі жыл санау бойынша 1469/70 жыл. Керей бұдан бір мүшел жыл ерте хан сайланған, яғни 1457/58 жылы хан болған.
Жазба және ауыз әдебиеті деректерінің мәліметтерін бір-бірімен толықтырып, 1457-58 жылдар оқиғаларының даму барысын былайша қалпына келтіруге болады. 1457 жылы жазда Әбілқайыр хан қалмақтардың жорығы туралы естіп, қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық етеді. Сол жылдың күз айларының басында ол қалмақтардан женіледі. Жарлықка құлақ аспағандарды Әбілқайыр хан жеңілудін себебі деп, жазалауға кіріседі. «Өздеріне төніп келе жаткан кауіпті болдырмай алдын-алу үщін Керей мен Жәнібек өз Отанын тастап, бөгде елге кетеді». Екі сұлтан да 1457 жылы жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естіген. Жарлыкқа сай әскер жібермегендіктен, олар Сыр бойындағы қыстауларына барудан қауіптеніп, 1457 жылдың кара күзінде Шу бойына жеткен, әрине алдын-ала Есен Бұға ханмен келісе отырып. Ал келесі жылы, яғни 1458 жылдың көктемінде Түлпарсазда Керейді хан етіп сайлаған. Сол дәуірдің заңдылығы бойынша ханның сайланып, хандық биліктің қалыптасуы – жаңа мемлекеттің құрылғандығын көрсетеді .Деректің екі түрін бір-бірімен толықтыру, бізге осыңдай нәтиже бергізіп отыр.Біз осы жерде мынадай мәселені айтып өткіміз келеді. Керей 1458 жылы хан болып сайланса да, ол толық дербес мемлекеттің ханы емес еді. Әбілқайырдан бөлініп кету мен Керейдің хан сайланылуы – жаңа мемлекеттің толық қалыптасуындағы алғашқы қадам болды. Ал толығымен дербес мемлекеттің құрылуының аяқталуын біз, 1470/71 жылы жүзеге асқан деп санаймыз.Өйткені осы жылы қазақ билеушілері Шығыс Дешті Қыпшақ аумағынан Әбілқайыр ханның ұрпақтарын толығымен қуып шығып, шибанилық әулеттен билікті кейін қайтарады.
Керей хан 10 жылдай Шу бойында хандық құрған (Қараңыз: Елеуұлы М. Көрсетілген еңбек, 7-б). Бұл жылдар хандықтың құрылуының алғашқы кезеңі, сатысы болатын. Керей ханның билігі тұсында жаңа хандық – саяси күш ретінде бірнеше міндетті орындайды: 1) Жүніс ханның Есен Бұға ханның тағына таласы уакытша болса да тоқтатылады; 2) Моғол ханы Есенбұғаның өз елінде ықпалы өседі; 3) «көшпелі өзбектер» елінің күйреу процесі тереңдей түседі; 4) Әбілқайыр ханға наразылардың бәрі Қазақ хандығына келе бастайды, сөйтіп хандық халқы тез көбейеді... Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәліметі бойынша 1470 жылға дейін хандық халқы 200 мыңға дейін жеткен.
«...10 жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті». (Елеуұлы М. Көрсетілген енбек, 7-б.). Мүмкін, Хан тау аталуы осыған байланысты шығар.
«10 жылдай...» дегеніміз 7-8жыл шамасы. Керей хан өліп, орнына немере туысы, үзеңгілес серігі Жәнібектің хан болғандығы белгілі. Егер Керей 7-8 жылдан соң қайтыс болса, онда Жәнібек ханның билікке келуі 1465/66 жылға сәйкес келіп тұр. «Тарихи Рашиди» авторының «қазақ сұлтандарының билік құруы 870 жылдан (хижра бойынша) басталады» деп жазуы 1465/66 жылға байланысты айтылды ма екен? Бұл әлі толық дәлелдеуді және зерттеуді қажет етеді.
Керей хайның қайтыс болған жылы жөніндегі біз пайдаланып отырған аңыз мәліметі жазба дерек мәліметтерімен сәйкес келеді. «Шайбани нама», «Фатх нама», «Тарихи Кипчакхани» деректерінде Әбілқайыр ханнан кейін, оның ұлдарына қарсы жүргізген күресте Керей хан есімі кездеспейді, тек қана Жәнібек хан аталады.
«Хандар шежіресі» Керей ханның үш ұлы болғанын жазады: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әли. Бұрындық туралы жазба деректерде азды-көпті мәліметтер баршылық, ал соңғы екі ұл жөнінде ешбір деректе айтылмайды. Бұрындық ханнан соң хандық билік толығымен және түпкілікті түрде Жәнібек хан ұлдары мен оның ұрпақтарына көшеді.
Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін құруға қатынасып, оны тұңғыш рет 10 жылдай билеген Керей ханның өмір жолы міне, осындай. Оның ұрпақтары Қазақ хандығының билігінен айырылса да, Керейдің қазақ тарихындағы алатын орны айрықша болып қала береді. Өйткені қандай да бір саяси қозғалыстың немесе саяси үрдістің барысына жетекшілік ету, оның басшысы болу - әрқашанда ауыр, әрі абыройлы тарихи міндетке жатады. Ал ол іс, қозғалыс, үрдіс өміршең болса, онда тұлғаның да тарихи орны өміршең келеді.
Сол себепті Керей, Махмуд бен Уәли айтқандай Әбілқайыр хандығынан бөлініп кеткенде жасы мен жолына қарай хан болып сайланды. Ол он шақты жылдай хан болып, Қазақ хандығының іргетасын қалаған хандардың қатарына жатады. Жазба деректер оның нақты қай жылы қайтыс болғанын айтпаса да, жанама мәліметтер арқылы оны анықтауға болады. Әбілқайыр хан қайтыс болып, оның орнына отырған Шайх Хайдар ханға қарсы күрескен қарсыластарды шайбанилық деректер нақтылай атайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Шайх Хайдардың жауларына: «Қажы Мұхаммед ханның ұлы Сейтек, Қажы Мұхаммед ханның немересі, Махмудектің ұлы Ибақ, Барақ ханның ұлдары Жәнібек пен Керей, Арабшахтың ұрпағы Буреке сұлтан, маңғыттан Аббас, Мұса, Жаңбыршы билер жатқызылады». Ал «Фатх-наме» мен «Шайбани-наме» деректерінде Керейдің есімі аталмай, тек Барақтың ұлы Жәнібек ханның есімі басқалармен бірге айтылады. Соңғы екі дерек мәліметін негізге ала отыра, біз Керей хан есімінің оларда кездеспеуін, сол тұста, яғни 1469-1471 жылдары Керей хан өмірде болмаған, нақтырақ айтсақ, осы жылдарға дейін Керей хан қайтыс болып кеткен, - деп ой түйеміз.
Қазақ халқының тарихи санасында есімі аса құрметпен айтылатын хандардың бірі — Жәнібек хан. Көршілес халықтардан шыққан тарихшылар ол туралы үзік-үзік, үстіртін деректер берсе, халық ауыз әдебиеті оның тарихи бейнесін Әз-Жәнібек деген атпен бес ғасырдан астам уақыт бойы сақтап келеді.Тарихта халық жадында ұмытылмас тұлға боп қалған хандар, патшалар, сұлтандар онша көп емес. Олардын билігі тұсында ел өмірінде, мемлекет тарихында болған ірі күрделі өзгерістер мен дамулар тек қана билеушінің кемеңгерлігімен, ақылдылығымен, көрегенділігімен және тағы да баска ерекше қасиеттерімен байланыстырылады. Сөйтіп олар ел аузында ең жақсы билеушіге айналып, басқа билеушілер сонымен ғана салыстырылады, тенестіріледі. Мысалы, ортағасырлык деректерде ең күшті, женімпаз, әділетті деген билеушілер Ескендір Зұлқарнайынға, Жәмшіге, Ануширванға теңелген. Ал қазақ халқы болса өзінің төл әдебиетінде ең күшті, ең ақылды хандарын бір сезбен немесе сөз тіркесімен қоса айтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. «ӘзТәуке», «Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» осынын айғағы.Жәнібек хан жөнінде сөз айтар болсак, оның туысы Керей ханмен бірлесіп Қазақ хандығының негізін қалаушы ретіндегі рөлі есімізге оралады. Міне, Жәнібек хан туралы калың көпшіліктің білетіні осы ғана. Осыны ескере отырып, біз, бұл мақаламызда Жәнібек хан жайында жазылған барлық жазба дерек мәліметтері мен ел есіндегі тарихи аңыз -әңгімелерді қолдана отыра, онын қазақ тарихындағы атқарған рөлі мен алатын орнын ашып көрсетуге тырысамыз.Жәнібек ханның есімі ортағасырлык жазба деректерде хандар шежіресіне байланысты, Қазақ хандығының негізін калаушы ретінде және кейбір шығармаларда Қасым ханның әкесі ретінде кездеседі. Оның өмірі жайында ешбір жазба дерек толық мәлімет бермейді. Ал кейбір зерттеулерде Жәнібек ханның 1470-ші жылдардағы өміріне байланысты қате пікірлер жазылып та жүр. Біз ол жөнінде өз ойымызды осы мақала ішіңде айтып өтуге тырысамыз. Алдыменен Жәнібек ханның шығу тегіне қысқаша тоқтала кетелік. Оның шын есімі— Әбу Сайд. (Әбілғазы. Түрік шежіресі. А., 1992, 1196.;ХУ-ХVIII ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969,42-6). Ол — Ақ Орданың соңғы ханы, атакты Барақ ханның Мір-Сайд, Мір-Қасым атты ұлдарынан кейінгі кіші ұлы. Сол себептен болу керек, ХУІ-ХУП ғғ. казақ тарихшысы Кадырғали би Жалайыр оны «Кіші Жәнібек хан» деп айтады. (Сыздыкова Р., Койгелдиев М. Кадырғали би Қасымүлы және оның «Жылнамалар жинағы». А., 1991, 251-6). Жәнібек ханның Орыс ханға дейінгі аталары: Барақ пен Койыршақ хандар - Ақ Ордада хан болған тұлғалар. Барақ хан XV ғасырдың 20-шы жылдарында Ақ Орда мен Алтын Ордада хан болған. 1426 жылы Сыр өңірі үшін күресте Мауереннахр билеушісі Ұлығбекті Сығанақ түбінде тас-талкан етеді. Атасы Қойыршақ хан 1391-95 жылдары Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы соғыстарда алғашқы билеушінің жағында болады. Сол себепті де ол Тоқтамыс хан Алтын Ордадан қуылғаннан соң, Дешті Қыпшақта хан болады. Хайдар Разидың жазуына карағанда Жәнібек ханның атасы хандықта ұзақ отырмаған. Ал үшінші атасы Орыс хан туралы деректер көп, ол 1361-78 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордада хан болған.Ал Орыс ханнан Шыңғыс ханға дейінгі хандар шежіресі деректер мен оларға негізделген зерттеулерде екі түрлі түсіндіріледі. «Тауарихи гузида-ий нусрат нама» мен Әбілғазының «Түрік шежіресінде», «Шыңғыс хан — Жошы хан — Тоқайтемір — Өзтемір — Хожа-Бадық (Бадағұл) — Орыс хан» делінсе, Натанзидың «Ескендірдің Анонимі» бойынша «Орыс хан — Шымтай — Ерзен хан — Сасы Бұқа» —деп өрбітіледі. Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарихында», «Сасы Бұқа — Баян — Қоныша- Сартақтай —Орда Ежен – Жошы хан және Шыңғыс хан» деп баяндалады. Бірінші деректе Жәнібек хан - Шыңғыс ханның ең кенже ұлы Тұкай Темірден таратылса, екіншісінде ең үлкен ұл Орда Ежен ұрпағы деп көрсетілген.Келтірілген шежіреден көріп отырғанымыздай, бірінші нұсқадағы Жәнібек хан аталары Дешті Қыпшақ тарихындағы белгілі тұлғалар, ал екінші нұсқа бойынша әулетінен хандық билік үзілмеген және ХШ-ХУ ғасырларда Дешті Қыпшақтың саяси тарихында өз орны бар адамдар. Ата-баба жолын жалғастырған Жәнібек хан да XV ғасырдың ортасынан бастап Дешті Қыпшақтағы жаңа мемлекеттің, қазақ мемлекетінің негізін қалап, оны билеушілердің бірі болады. Орайы келгенде айта кетелік, XIX ғасырдың бірінші ширегіне дейін өмір сүрген Қазақ хандығының хандарының бәрі Жәнібек ханның ұрпақтары болып саналады.Жәнібек хан шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген. Сол ғасырдың 50-60-шы жылдары туысы Керей екеуі Орыс хан ұрпақтарының ішіндегі ен үлкені болатын. Қазақ хандығының негізін қалағанға дейін оның өмірі туралы ешқандай мәлімет жоқ, сол себепті анық бір пікірлер айту өте қиын. Соңғы жылдары бізге белгілі болған тарихи аңыз мәліметтеріне қарап, Жәнібек хан әкесі Барақ хан қайтыс болғаннан соң, 1428-1457 жылдарда Сыр өңірінде ұлыс басқарғаны белгілі. (Караңыз: Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих. КазМУ хабаршысы, 3-шығуы. Алматы, «Қазақ университеті». 1996, 7-9 б.б.). Аңыз дерегін жазба дерек мәліметі де қолдайды. Қадырғали Жалайыры ол жөнінде: «... Бұл Жәнібек хан атасының ұлысын биледі», — деп жазады. (Сыздыкова Р., Қойгелдиев М. Көрсетілген еңбек. 251-6.). Ақ Орда тарихында Сыр өңірі XIII ғасыр соңынан бері саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, экономикалық, діни-мәдени орталық болып, Дештінің мал бағушы тайпалары үшін ежелден бері қысқы жайылымдар мен қыстаулар ретінде Дешті Қыпшақ пен біртұтас шаруашылық кеңістікті құрады. Деректерге қарасақ, Барақ ханнан кейін Сыр өңірінің саяси билігі қайтадан Мауреннахрға өтеді, ал 1446 жылдан кейін, яғни Әбілқайыр хан қайтарып алғаннан соң Дештіге қосылады.1446-57 жылдар аралығында Әбілқайыр ханның жүргізген ішкі саясаты жергілікті ру-тайпа көсемдеріне, сұлтандарға, тіпті ханның айналасындағы туыс сұлтандарға «қысымшылық» болып көрінеді. Дешті Қыпшақта толық жеңіске жеткен Әбілқайыр хан Шыңғыс ұрпақтарына сай шексіз билікке ие болады. Жергілікті ру-тайпалар үшін ХҮ ғасырда мұндай жағдай ежелгі дәстүрді бұзу еді. Мысалы, XV ғасыр басында Жетісудағы тайпалар Есен-Бұға ханды қолдаса, оның билігінің күшеюіне байланысты, одан бөлініп, әрбір әмір өз бетінше өз ұлыстарында билік жүргізеді. XV ғасырдын 70-ші жылдарында Едігенің ұрпағы Мұса бидің Мұхаммед Шайбаниға айтқан мынадай сөзі осыны дәлелдейді. Ол «көне замандардан күні бүгінге дейін маңғыт әмірлері көтерген әрбір хан мемлекетте маңғыт әмірлеріне еркіндік берген. Егер Мұхаммед Шайбани хан біздің ежелгі дәстүрімізге мойынсұнса, біз оны хан етеміз, ал егер көнбесе, онда өзі білер», — деген екен. (ХҮ-ХҮІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. 104-6.) Әбілқайыр хан да 1428 жылы хан болып көтерілгенде Дешті Қыпшақ әмірлерінің көпшілік колдауына ие болады. Ал оның билігінің XV ғасырдың 40-шы жж. күшеюі, соған сай жүргізген ішкі саясаты «ежелгі дәстүрге» қайшы келіп, жергілікті тайпалардың наразылығын туғызады. Наразылықтың бір көрінісіне 1457 жылғы жаз айындағы Әбілкайыр ханның әскер жыю туралы жарлығының толық орындалмауы жатады.«Қысымшылықты» Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар да көреді. Сыр өңіріндегі қалаларды шибанилық сұлтандардың иеленуі, керуен жолдарына бақылау орнату, ең жақсы қыстауларды алу және тағы басқа әрекеттері Әбілкайыр ханды екі сұлтанға жау етеді. Өз халқының мүддесінен шыкпаған және сол халықтың колдауына сүйенбеген билеушінің билігі ұзаққа бармайтыны белгілі. XV ғасырдың 50-ші жылдарында Әбілқайыр ханның күйі осыған сәйкес келеді. Мұны Казақ хаңдығын құрушылар - Керей мен Жәнібек сұлтандар түсіне білген.Қазақ хандығын құру жолында екі ханның аткарған істерін бөле-жара айту мүмкін емес. Аз ғана дерек мәліметтері хандықтың кұрылу кезеңінде екі ханды үнемі бірге айтады. Біз бұған дейінгі Керей хан туралы жазылған мақаламызда хандықтың қалай, қашан құрылғандығын айтқанбыз. Оны қайталап жатпай, тікелей Жәнібек ханның атқарған рөлі туралы ойымызды білдірелік. Қазақ хандығының құрылу кезеңін шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңге Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі және хандық құрып, 1461/2 жылға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралык жатады. Бұл кезеңде Қазақ хандығы әлі толык, дербес хандык емес еді. Моғолстанның батысында орналасып, оның батыстағы «қорғаны» рөлін аткарды. Хандықтың халқы «өзбек-қазақ» этнонимімен аталынды. Әбілқайырға наразылар есебінен хандықтың халқы өсе түседі. І458 жылдан 1462 жылға дейін Қазақ хандығының арқасында Есенбұға хан билігіне Жүніс те, басқа біреу де қауіп төндіре алмайды.Хандықтың мемлекеттілік тұрғысынан нығая түсуі келесі кезеңде одан әрі жалғасады. Есен-Бұға ханның қайтыс болғаннан кейін оның орнына ұлы Досмұхаммедтің келеді. Оның 7 жылға созылған билігі тұсында деректерде жазылғандай, кешегі достар жауға айналады, ал жаулар жалған достар болып шығады. Мұның бәріне ешбір принципсіз жүргізілген Досмұхаммед ханның саясаты себеп болады. Жетісудағы Қазақ хандығы да осы кезеңде өзінің ішкі-сыртқы саясатын айқындап, бірте-бірте дербестене бастайды. Ал 1469 жылы моғол билігіне Жүніс ханның келуімен қазақ мемлекетінің құрылу тарихында жаңа кезең басталады. Осы кезеңнен бастап, жаңа хан Жүніс пен қазақ хандары арасыңда жақсы қарым-қатынас орнайды. (Қараңыз:ХУ-ХУШ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары, 353-6.).Хандықтың құрылу тарихындағы соңғы кезеңге 1469-1470/71 жылдар жатады. Егер де алғашқы кезеңдердегі жылдарда Керей мен Жәнібек хандар бірге айтылса, соңғы кезеңде тек Жәнібек ханның есімі деректерде жалғыз кездеседі. М. Елеуовтың жариялаған тарихи деректеріне қарағанда Керей хан он жылдай билік кұрып, Хантауда жерленген. (Елеуұлы М. Көрсетілген енбек. 7-6). Керейден соң хандыққа Жәнібектің келуі ата дәстүріне сай жүзеге асады. Дәстүр бойынша хандық билік Х-ХШ ғғ. қыпшақтарда әкеден балаға емес, әкеден ініге не немере туыска беріліп отырған. ЖергіліктІ тайпалардың бұл дәстүрі XV ғасырда да өз жалғасын табады. Фазлаллах ибн Рузбехан өз енбегінде «Керейден соң хаңдықт бірнеше адам болды, сосын кезек Бұрындық ханға тиді», — деп жазса, «Тарих-и Кипчакхани» енбегінің авторы 1469-70 жылдары қазақ ханы Жәнібек деп көрсстеді.Сондай-ақ 1469-71/72 жылдары Әбілқайыр ханның ұлдарына қарсы күресте Қазақ хандығы тарапынан Жәнібек ханның қатысқандығын «Фатх нама», «Шайбани нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар» деректерінің мәліметтері толық қуаттайды. (ХУ-ХУШ ғғ. Қазак хандығы тарихынын материалдары., 57, 99, 362, бб.). Жоғарыдағы мәліметтер Керейден соң Жәнібектің хан болғандығын айта отырып, бірақ оның қай жылы хандықка келгенінен хабар бермейді. «Керей он жылдай хан болса», онда Жәнібек хандық билікке шамамен 1465-66 жылдары отырған.Жәнібек ханның билігі 6-7 жылға созылады. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі, 1469 жылғы Әбілқайыр ханнын Қазақ хандығына жасаған жорығы сәтсіз аякталып, ханның қайтыс болуымен аяқталады. Бұл жағдай «көшпелі өзбектер» мемлекетінің толық күйреуінің басталуына алып келді. Екіншісіне Дешті Қыпшақта шибанилык әулет билігінің жойылуы жатады. Шибанилар әулетінің билігі өздігінен жойылмады, оны жояды. Жойғандардың ішінде Сібір хандығы, ноғай мырзалары, Алтын Орда хандығы, Хорезм хандығы және Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығы болды. Жәнібек ханның атқарған тарихи рөлін осы жерден көреміз.Кезінде Керей ханның айтқан «алла тағала сәтін салған күні батыска — Түркістанға жол жүруіміз керек», — деген өсиетін іске асырып, Жәнібек хан Қазақ хандығының билігін Дешті Қыпшақ аумағына толық тарата бастайды. Бұл кез -1470/71 жылдар болатын, яғни Қазақ хандығының толык, дербес, жеке ел ретінде өмір сүре бастаған жылдары.Енді XV ғасырдың 70-ші жылдарындағы Жәнібек ханның өміріне байланысты кейбір қате пікірлер мен тұжырымдарға тоқтала кетелік. М. Тынышпаев Гаммердің Жәнібек хан жөніндегі қате тұжырымын одан әрі жалғастырады. (Қараңыз: ТынышпаевМ. История казахского народа. А., 1993, 128-6.). Онда 1477 жылы Жәнібек хан Алтын Орда ханы Ахмет хан атынан Қырымда хандық етеді, 1480 жыл шамасында Ресейге, ұлы князь Ш Иван Васильевичке келеді, сонда Ковно каласында дүние салды деген пікірлерге М. Тынышпаев «Алтын Орда ханы Ахмет ықпалы күшті туысы әрі ұлыс ханы Жәнібек ханды жанында ұстағысыкелмеді, сөйтіп оны Ахмет Қырымға жіберу арқылы ондағы бағынбай жүрген Меңлі Керейден құтылуды максат етті» деген дәлелдемесімен толыктырады. (Тьшышпаев М. Көрсетілген кітап, 128-6.). Біздің ойымызша М. Тынышпаев осы жерде бірнеше мәселеге үстірт караған дейміз. Біріншіден, XV ғасырдың 70-ші жылдары Алтын Ордаға Қырым хандығы да, Жәнібек хан билеген Қазақ хандығы да тәуелді емес, олар әрқайсысы жеке дербес хандықтар болатын. Екіншіден, көрсетілген жылдарда Қырым хандығы мен Алтын Орда хандығы арасында талас-тартыс жүріп жатты. Екі жақтың біреуінің уакытша жеңіске жетуі екіншісін толық және түпкілікті жеңіске жеткізбеді. Сондықтан да Қырымда Ахмет ханның Жәнібекті хан етіп отырғызуы мүмкін емес, үшіншіден, Жәнібек ханның жа-сы XV ғасырдың 70-жылдарында алпыстан асып, жетпіске таяп қалған бо-латын, сондықтан да ондай жасы келген адамды Дешті Қыпшақтан Қырымға хан етіп жіберу қисынға келмейді. Және төртіншіден, XV ғасырдың соңындағы этникалық сананы ХІІІ-ХІУ ғасырдағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Бұрынғы Алтын Орда аумағында XV ғасыр ортасынан бастап, жергілікті этникалык бірлестікке сүйенген ұлттық мемлекеттер пайда болады. Қазан, Қырым, Астрахань, Қазақ хандықтары соның дәлелі. Жергілікті халық көп жағдайда өз хандарының билікке келуіне араласып отырғандықтан, сырттан хан әкеліп отырғызудың күні өтіп кеткен болатын. Міне, осындай жағдайларды ескермегендіктен, Жәнібек ханға байланысты қате пікірлер туындаған.Ойымыз түсінікті болуы үшін 1477 жылы Қырымда хан болған Жәнібек кім деген сұраққа жауап берелік. Алдымен сол кездегі Қырым хандығы туралы бір-екі ауыз сөз.XV ғасырдың 40-шы жылдары Қырымда билікке келген тұқайтемірлік Қажы Керей хан жаңа хандықтың және жаңа әулеттің негізін калайды. 1466 жылы ол қайтыс болғаннан кейін, талас-тартыстан соң көп ұлының бірі — Меңлі Керей билікті иеленіп, хан болады. Бірнеше рет биліктен айырылып, қайта келген Меңлі Керей хан Қырымда XVI ғ. басына дейін билік етеді. Ол 1502 жылы Алтын Ордаға соңғы рет соққы беріп, хандықты және оның астанасы Сарайды тас-талқан етеді.XV ғасырдың 70-ші жылдары Қырым Ресеймен одақтас болып, Ахмет хан мен король Казимирдің одағына қарсы тұрады. Дәл осы тұста Түркия да Қырымда өз ықпалын өсірген болатын. Осындай жағдай Қажы Керей ұлдарына бірнеше бағытты: түркиялық, алтынордалық, ресейлік бағдарды ұстануға мәжбүр етеді. Қырымның билеуші әулеті ішінде осыншама бағытты ұстанушылар арасында өзара күрес өрбиді. Меңлі Керейдің бірнеше рет биліктен айырылуы осыдан туындаған. 1474 жылы Меңлі Керейден билікті туған ағасы Хайдар хан тартып алады. 1475 жылы Меңлі Керей түріктерге өтеді де, солардың көмегімен билікке қайта келеді. Ал 1477 жылы Ахметхан Қырым түбегін қайта бағындырады да, ол (Қырымның билеуші топтары арасында алтынордалық бағытты ұстайтын адамды хан етеді. Ол —Жәнібек болатын. Деректер де оны: Жаныбек-Керей деп, Жан-Керей деп жазады. Жанкерей - Меңлі Керейдің әкесі Қажы Керей ханның туған ағасы (Сыздыкова Р.. Қойгелдиев М., Көрсетілген кітап, 253-6: Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы т.II. М-Л, 1941, 61-6.) Жошы Ұлысының тарихы туралы зерттеу жүргізіп, көзі тірісінде сол еңбегін жариялай алмаған тарихшы, этнограф Г. Е. Грумм-Гржимайло (1860-1936) осы кездегі оқиғаларды былайша түсіндіреді: «Ахмет хан Қырымды алып, онда билеуші етіп Жаныбек ГерейдІ отырғызды... бірақ бір жылдан соң Қырымдағы жағдай қалпына келтіріледі: Жаныбек Ресейге қашты, Меңлі Герей билікке қайта келді. Ресеймен арадағы одақтастық қалпына келтірілді және қосымша қаулымен толықтырылды». Қаулыда III Иван Ресейге қашып барған Меңлі Герей туыстарын ешқайда шығармау және барлығын жасына, Қырымдағы жағдайына сай материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету айтылған. (Караңыз: Грумм-Гржимайло Г. С. Джучиды. Золотая Орда. Мына кітапта: «Арабески» Истории. Книга 1. Русский взгляд. М., 1994, 142-6.).Қазақтың Жәнібек ханының есіміне ұқсас келесі тарихи тұлғаға –астрахандық Жәнібек хан жатады. Астрахан хандығында 1514-1521 жылдары Кіші Мұхаммед ханның немересі, Махмуд ханның ұлы – Жәнібек хан билік құрады. Астрахан хандығының тарихына арналған монография авторы И.В. Зайцевтың көрсетуі бойынша Махмуд ханның ұлы, Абд ал-Керімнің бауыры Жәнібек хан Астрахан тағын 1514 жылдың жазында иеленіп, 1521 жылдың 15 тамызына дейін билік жүргізген. Осы кезеңде келесі бір хан лауазымын иеленген Жәнібек есімді тұлғаға – ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Мауереннахрда Андижан уалайатын басқарған, шибанилық Жәнібек хан жатады. Ол - Әбілқайыр ханның немересі, Қожа Мұхаммед ханның ұлы. ХVІ ғасырдың соңғы ширегінде Жәнібек ханның немересі атақты Абдаллах хан Мауереннахрды біріктіру жолында күрес жүргізеді.Сондай-ақ хан лауазымын иеленген Жәнібектерден басқа XV-XVI ғғ. хандар шежіресінде сұлтан титулыменен де бірнеше Жәнібек кездеседі. Олар: Тұқай Темірдің ұрпағы, Қара Кесектің немересі, Жетібектің ұлы – Жәнібек. Шибанилық Бахтияр сұлтанның шөбересі, Әлике сұлтанның немересі, Тұрымның ұлы – Жәнібек. Бұл Жәнібек есімді тұлғалардың хан лауазымын иеленбеуіне байланысты біз, оларды қарастырмаймыз.Жоғарыда айтып өткен шолулардан байқағанымыз, 1477 жылы Қырымда хан болып, бір жылдан соң Ресейге қашқан және сонда қайтыс болған Жәнібек хан, ол— қазақтың Жәнібек ханы емес, Қырымдағы хан әулетінің өкілі, Астраханда билікте болған Жәнібек хан да есімі ұқсас болғанымен, қазақтың Жәнібек ханына ешқандай қатысы жоқ. Ал қазақтың Жәнібек ханы болса, XIII ғасырдың 70-ші жылдарының басында, шамамен 1473-74 жылдары қайтыс болған. Өйткені осы ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына таман басталған Сыр бойы үшін күресте, қазақ хандарының екінші буыны Бұрындық, Қасым хандардың есімдері жазба деректерде кездесе бастайды.Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары XV ғасырдын соңы XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. XVI ғасырдың ортасы мен екінші жартысында Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар –Жәнібек ханның ұрпақтары болып келеді. Ойымызды қорыта келе, орта ғасырдағы хандардын өмірі мен тарихы ел тарихымен тікелей байланысты болғандыктан, жеке тұлғалардын тарихын білу аркылы өз тарихымызды терең біле түсеміз және ұлы аламдар өмірі әрқашанда үлгі, өнеге болады демекпіз.
XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихында хандықтың құрылуы мен күшеюі процесіндегі маңызды оқиғаларға тікелей араласып, өз үлесін қосқан және хандықты 40 жылдай басқарған Керей ханның ұлы Бұрындық хан болды.Ер жеткеннен билікке қолы тиген ол қазақ халқының этникалық тер- риториясының қалыптасуы жолында үлкен еңбек сіңіреді, хандықтың батысында ноғай мырзаларымен, отүстігінде шайбанилық сұлтандармен ұзаққа созылған күресті бастан кешіреді. Билік құрған жылдарының алғашқы кезеңінде атақ-даңқы алысқа таралып, лаулап жанған оттай жарқыраса, билігінің соңғы кезеңінде барлық жинаған беделінен айырылып, бүкіл атақ-даңқы сөнген шоқтай бірте-бірте өшеді. Оның есімі XV-XVI ғасырларда қазақ хандары - Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандардай халыққа кең танымал болмаса да, осы кезеңдегі Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Ахмет (Қожахмет), Тоғым, Шығай хандарға қарағанда жақсы таныс. Қазақ хандығының құрылғаннан кейінгі алғашқы саяси дамуы мен тарихи кезеңі тікелей Бұрындық ханның есімімен байланысты. Міне, сол себепті де біз, төменде Бұрындық ханның өмірі мен қазақ тарихындағы алатын орны туралы өз ойларымыз бен пікірлерімізді қалың оқырманға таныстыруды жөн көріп отырмыз. Бұрындық хан — Шыңғыс ханның ұрпағы, оның үлкен ұлы Жошы ханнан таралады. Оның шығу тегін қысқаша былай көрсетуге болады: Шыңғыс хан - Жошы хан - Орда Ежен – Сартақтай – Қоныша – Баян хан - Сасыбұқа - Ерзен - Шымтай және Орыс хан. Төртінші ата — Орыс хан. Орыс ханның XIV ғасырдың 60-70-ші жылдары Ақ орда мен Алтын Ордада билік құрғаны баршаға мәлім. Орыс ханнан 7 ұл болды. Үлкені — Тоқтақия. Ортағасырлық жазба дерек мәліметтерінде Тоқтақия Орыс ханнан кейін таққа отырған. Бірақ оның билігі ұзаққа созылмай, 2 айдан соң қайтыс болады. 1426 жылы жазылған, авторы белгісіз «Муизз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» атты деректе Тоқтақияның алты ұлы болды делінеді. (Собрание материалов относящихся к истории Золотой Орды, т. П. М. - Л. 1941, 62 б.). Ал XVI ғасыр басында жазылған «Тауарихи гузидай нусрат намада» Тоқтақияның үш ұл, үш қызы болған делінген. Болат — Тоқтақияның ұлдарының бірі, оның Дешті Қыпшақ тарихында қандай рөл атқарғаны белгісіз. Болаттың ұлы — Керей хан. Алғашқы қазақ ханы Керей туысы Жәнібек ханмен бірге Қазақ хандығын құрғандығы баршаға мәлім.Керей хан туралы өз кезегінде айтамыз. Біз қарастырып отырған — Бұрындық хан — Керей ханның үш ұлының үлкені. Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Ортағасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады.Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі маңызды белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге болады.Біріншіге - Қазақ хандығы құрылуының соңғы кезеңіндегі атқарған рөлі жатады, бұл шамамен 1469-1471 жылдарда болған;Екіншіге - 1473-74 жылдардан XV ғасырдың 90- шы жылдарының ортасына дейінгі, яғни Қазақ хандығының батыста ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күрестегі атқарған рөлі жатады.Үшіншіге - XV ғасырдың 90-шы жылдарының ортасынан XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығы ішіндегі Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар, Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі жатады.Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіндегі оқиғаларға қатынасуы 1469-71/72 жылдардағы оқиғаларда көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынадай оқиғалар болған еді. 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қай- тыс болады. Орнына екінші ұлы Шайх Хайдар таққа отырады. Оның билігі туралы деректердің бәрі оң баға бермейді. «Тарихи Кипчакидің» авторы Ходжамқұлы-бек Балхи оның жеке басына мынадай сипаттама береді. «Ол жұмсақ мінезді және жігерсіз адам болатын, басқару ісінде өз бетінше қадамдар жасауға қабілетсіз еді» (XV-XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 393 б.). Осыны пайдаланып Әбілқайырдың кешегі жаулары әр тараптан жорықтар жасай бастайды. Қазақ хандығы тарапынан да бірнеше жорықтар жасалады. «Тауарих-и гузида-ий нусрат-намадан» басқа «Шайбани нама», «Фатх-нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал ахиар» шығармаларының мәліметтері бойынша «көшпелі өзбектер» мемлекетін талқандауда Қазақ хандығы жағынан тек Жәнібек ханның есімі ғана аталады. Ал Керей хан есімінің аталмауын, біз, ол 1469 жылға дейін қайтыс болған дейміз. Бұрындық Керейдің үлкен ұлы болғандықтан әкесінің ұлысын басқаратыны өзінен-өзі түсінікті жайт. Керейдің қашан қайтыс болғандығы жөнінде аңыз дерегі былай дейді: «Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан «Хан тауына» жерленіпті». Аңызды ел ауызынан жинап, жариялаған белгілі археолог Мадияр Елеуов (Шу өңірі: аңыз бен тарих. ҚазМУ хабаршысы, тарих сериясы, 3-шығуы. Алматы, 1996, 7 б.). Керейден соң хандық билік Жәнібек ханға өтеді. Ал Бұрындық болса ұлыс басқарып, Жәнібек ханның жарлықтарын орындап жүреді. Дәл осы жылдарда алғаш рет Бұрындық есімі «хан» деген лауазыммен жазба дерек мәліметіне енеді. Шайх-Хайдарға қарсы Қазақ хандығы тарапынан күресті басқарушы Жәнібек хан болса, ал оны іске асырушы Бұрындық болған. Бұл жөнінде дерек мәліметі: «Жәнібек хан адамдары ішінен Бұрындық хан өз ұлысын жиып, Әбілқайыр хан ұлдарына тарпа бас салды. Олардың қарсыласуға күштері келмей, жан- жаққа бытырай қашты. Бұрындық кейін қайтқан соң, олар қайта жиналып бас қосты», — деп баяндайды. (XV-XVIII ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 393 б). Дерек мәліметінен көріп отырғанымыздай, Бұрындық Жәнібек хан тапсырмасын орындаушы, ал жорықтың мақсаты — Дешті Қыпшақтағы шайбанилық сұлтандардың билігін жою болған. Жорық біршама сәтті аяқталғанымен, негізгі түпкі мақсат орындалмаған секілді. Бұрындықтың кейін оралуымен, бас сауғалап қашқан Әбілқайыр ұлдары қайта жиналады. Соған қарамастан Бұрындықтын бұл жорығы оны тарихта қалдырады. Сөйтіп, ол Қазақ хандығының құрылу кезеңіне, әсіресе оның соңғы кезеңіне өз үлесін қосады.Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрінген тұсы — XV ғасырдың 70-90-шы жылдары болды. Бұл жылдар Қазақ хандығы үшін күшею, нығаю және қазақ халқының этникалық территориясын біріктіру жолындағы күрес кезеңі еді. Кезеңнің ең басты оқиғаларына көрсетілген жылдар ішіндегі Қазақ хандығының Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін алғашында Мауреннахрдағы темірлік билеушілерімен, кейіннен шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен жүргізген күрестері жатты. Осы күрестер барысында тарих сахнасына қазақ хандарының екінші буыны өкілдері: Бұрындық, Қасым хандар шығып, қазақ мемлекеттілігінің одан әрі күшейіп, нығаюына өз үлестерін қосады.Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрады. Жәнібек ханның қашан қайтыс болып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бастағаны бізге белгісіз. Ол туралы ешбір дерек жазбайды.Т. И. Сұлтановтың пікірі бойынша Бұрындық хан 1473-74 жылдардан бастап билік құра бастаған. (Султанов Т. И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVII вв. М., 1982, 112 б.). Біз де осы пікірді жөн деп санаймыз, өйткені дәл осы жылдардан бастап Сыр бойы үшін күресте қазақ ханы ретінде Бұрындықтың есімі айтылып, Жәнібек хан ұлдарының бәрі «сұлтан» лауазымен жазылады.Сыр бойы деп отырғанымыз — Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер. XIV-XVI ғғ. жазба деректер өңірді Түркістан аймағы деп атайды. Аймақ — XI ғасырдан бері Дешті Қыпшақтың ажырамас, құрамдас бөлігі және онымен бірге біртұтас шаруашылық, мәдени, этникалық, діни, тілдік кеңістікті құраған. Тек кейбір тарихи кезеңдерде Сыр өңірі саяси жағынан Мауреннахрға уақытша қараған. Дешті Қыпшақ пен Мауреннахр билеушілері арасындағы XI-XV ғғ. қарым-қатынастың негізгі нысаны Түркістан аймағы болып саналады. Ойымыз дәлелді болуы үшін ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қыпшақ хандығы мен Хорезм мемлекеті, ХШ ғасырдағы Орда Ежен ұлысы мен Шағатай ұлысы, Орыс хан мен Ақсақ Темір, Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір, Барақ хан мен Ұлығбек, Әбілқайыр хан мен Ақсақ Темір ұрпақтары арасындағы саяси қатынастарды айтсақ та жетіп жатыр. Саяси қатынастар Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де жалғасын тапты. Аймақ үшін күрестің басталуы Бұрындық ханның билігі тұсына сай келеді. Оның қазақ тарихында алатын рөлі де осы Сыр бойы үшін күресте көрініс береді..Сыр бойы үшін жүргізілген күрестің себебін айттық, ал басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның Мауреннахрдың қол астындағы Түркістан аймағындағы қалалардың біріне келіп, бекінуі жатады. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мауреннахрдағы темір әулетінің билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш жоқ болатын. Сондықтанда оларға Қазақ хандығының негізгі жауы — шибанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.Қазақ хандығы Мауреннахр билеушілерінің бұл әрекетіне бірден қарсы шығады. Қыс мезгіліне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбани хан бекінген Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлерінде ұрысқа түседі. Бірнеше рет болған ұрыстарда жеңілген Шайбани хан қашуға мәжбүр болады. Аймақтың басқа да өңірлерінен айырылып қалу қаупін сезген аймақтың әкімі Мұхаммед Мазид-тархан Шайбани ханды Самарқанға кетуге көндіреді. Осылайша күрестің алғашқы кезеңі Қазақ хандығы үшін сәтті басталып, аймақтың солтүстік өңірлерінде Қазақ хандығының саяси билігі орнығады. Орны келгенде айта кету керек, бүкіл хандықтың әскерін Бұрындық басқарып, алғашқы жеңістерге қол жеткізілсе де, деректерде атап өтілгеніндей, Жәнібек хан ұлдары Қасым, Жиренше, Махмуд сұлтандар ерекше көзге түседі. Бұл ұрыстар шамамен алғанда, 1470- ші жылдардың ортасында өтеді.Ал XV ғасырдың 80-ші жылдарында Мұхаммед Шайбани хан Мауреннахр билеушілеріне арқа сүйеп, аймаққа тағы да енеді де, солтүстік өңірдегі қалаларды басып ала бастайды. Бұрындық хан және Жәнібек хан ұлдарының қарсы қолданған әрекеттері нәтижесінде Әбілқайыр ханның немересі Түркістан аймағынан қашуға мәжбір болады. Ал Қазақ хандығы болса аймақтың солтүстік өңірін қорғап қана қоймай, аймақтың орталық және оңтүстік өңірлерінде өз ықпалын күшейте бастайды. Негізінен аймақта Жәнібек ханның 9 ұлының ықпалы мен әсері өсе бастайды. Олардың ұлыстарының аумағы кеңейіп, қалалар мен елді мекендер, жақсы қысқы жайылымдар солардың иелігіне көшеді.XV ғасырдың 80—90 жылдары Мауреннахрда феодалдық бытыраңқылықтың одан әрі тереңдеуі Қазақ хандығына өте тиімді болды. Қазақтар хандығының аумақта саяси-экономикалық ықпалының күшюіне енді сол кездегі көршілес мемлекеттердің бірі – Моғолстан қарсылық білдіре бастайды. Моғол ханы Сұлтанмахмут хан тікелей ашық соғысқа бара алмай, ол да Шайбани ханды қазақтарға қарсы қолданады. Сұлтанмахмут хан Мауреннахрдан аймақтың бір бөлігін тартып алып, онда Шайбани ханды билеуші етіп қояды. Деректерде, моғол ханының бұл ісіне қарсы Қазақ хандығы наразылық білдіреді және осыған байланысты екі жақ арасында екі рет ұрыс болады, екеуінде де қазақтар жеңіске жетті деп жазылады. Осы кездердегі сыртқы саясаттағы жеңістердің барлығында да Бұрындық ханның үлесі өте зор. Оның беделінің және атақ-даңқының әбден өскен кезі де осы тұс.XV ғасырдың 90-шы жылдарында Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Біздің ойымызша, қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдары ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқындығын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да, ауыр ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде Мауреннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті ол негізгі қарсыласы — Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді. Сөйтіп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ ұрыстар мен шайқастардан соң соғысушы жақтар келісімге келеді. Келісімнің қорытындысы бойынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде Қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында Мұхаммед Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады.Сонымен бірге Бұрындық хан кешегі қарсыласы Шайбани ханмен екеуара одақтастықты тереңдету үшін екі қызын шибанилық екі сұлтанға ұзатады. Мұндай одақтастыққа қарсы Жәнібек хан ұлдары да Моғолстан ханымен жақындасып, оларға қарсы одақ құрады. Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша, қазақ қоғамындағы хандық әулет ішінде бір-біріне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Көріп отырғанымыздай, Бұрындық ханның билігі тұсында, XV ғасыр соңында Қазақ хандығындағы жетекші саяси күштер екіге бөлініп, ол хандықтың сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізбей қоймайды. Бірақта қалыптасқан жағдай Бұрындық ханға абырой әкелмейді. Хан ретінде мемлекеттегі барлық саяси күштердің басын қосудың орнына, керісінше, олардың бір-біріне қарсы тұруына, ол күштердің бірінде өзінің болуы — оның беделінің ққлдырауы- ның басы болды. Бұрындық хан өмірінің қайғылы жағы да осында еді.XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығында Бұрындық хан өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген күрделі ірі оқиғалар болып етті. Ол оқиға тағы да Мұхаммед Шайбани хан есімімен байланысты еді. 1500 жылдын жазында Самарқан тағына келген шайбанилық сұлтан айналасы 3-4 жыл ішінде бүкіл Мауреннахрды біріктіріп, Моғолстанның қол астындағы Ташкентті моғол ханынан тартып алады. Моғол хандары Сұлтан Махмұт пен Сұлтан Ахмет хандар қолға түсіріледі, бірақ Шайбани хан оларды босатып жібереді. Әбден күшейген Мұхаммед Шайбани хан 1505 жылдан 1510 жылға дейін Қазақ хандығына қарсы 4 рет жорық ұйымдастырады. Жорықтардың алдына қойған саяси және экономикалық мақсаттарына: Қазақ хандығын бағындыру не әлсірету, Түркістан аймағын Мауреннахрға қосу жатты. Бұрындық хан дәл осы жорықтар кезінде үлкен қателіктер жіберді деп есептейміз. Оған дәлеліміз мынадай. Мұхаммед Шайбани ханның алғашқы үш жорығы кезінде Бұрындық хан қарсыласына қарсы ешқандай шара қолданбайды. Шайбани хан емін-еркін Жәнібек хан ұлдары: Жаныш сұлтанның, Тыныш сұлтанның ұлыстарын ойрандап, мыңдаған мал-жанын олжалайды. Тіпті 1509 жылдын қысында болған үшінші жорық кезінде, өз ұлысына қарай жау әскерінің келе жатқанынан хабардар болып, оған қарсы ешқандай қарсылық көрсетпейді де, қашуға мәжбүр болады. Оның бұл іс-әрекеттері хан беделінің құлдырай бастағандығын, оның атақ-абыройының түсе бастағандығын көрсетеді.Бұрындық ханның шарасыздық ісін, оның әдейі жасаған жоспарлы ойы деп түсінеміз. Жәнібек хан ұлдары неғұрлым әлсіресе, соғұрлым оның күші өсуі тиіс еді. Бірақ та бәрі көп ұзамай керісінше шығады.1510 жылдың қысында Мұхаммед Шайбани хан тағы да қазақтарға жорық жасайды. Бұл жорық - оның қазақтарға қарсы жасаған соңғы жорығы болды. Жорық бағыты Қасым сұлтан ұлысына қарсы бағытталады. Қасым ресми хан болмаса да, осы жылдары оның беделі Бұрындық ханнан да күшті еді. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп жазады:«...Бұл кезде Бұрындық ресми хан болып саналғанымен, хандықты басқару және толық билік Қасым ханның қолында болды». (XV—XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 217 б.). Осы жорығында Шайбани хан Қасым ханнан тас-талқан боп жеңіледі. Қасым ханның жеңісі Дешті Қыпшаққа түгел тарап, оның атағын өсіреді.Қасым ханның осы жеңісінен кейін Бұрындықтың тағдыры өте қайғылы жағдайда өтеді. Ол жөнінде тағы да Мұхаммед Хайдар Дулати: «...Қасым хан- ның атақ-абыройының өскендігі соншалық, ол Бұрындық ханды қуып жіберді», — деп баяндайды. (Көрсетілген кітап, 222 б.). Бұл шамамен алғанда, 1510 жылдың соңында немесе 1511 жылдың басында болады.Осылайша, Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі оқиғаларға белсене араласып, одан кейінгі кезеңдерде хандықтың күшеюіне өз үлесін қосқан Бұрындық хан XVI ғасырдың алғашқы жылдарында үлкен, мемлекеттік дәрежеде көрегендік көрсете алмайды. Елдік мүддеден жеке, тар мүддеге көшу оның беделін түсіртіп, атақ- абыройын жоғалтқызады. Бұрындық ханның тағдыры — әркімге де тарихи сабақ бола алатын тағдырға жатады..Енді бірер сөз Бұрындық ханның өмірінің соңғы кезеңі туралы. Тарихи дерек мәліметтерінде баяндалғанындай, Бұрындық хан Дешті Қыпшақтан кетіп, Самарқанға келеді. Қай жылдары екені белгісіз, сонда жүріп ол қайтыс болады. Ол Үргеніш қаласы маңындағы Бақырған ата қабірінің жанына жерленеді. Кейбір тарихшылар ешбір дерек мәліметіне негіздемей, Бұрындықтың соңғы өмірі жөнінде қисынсыз пікірлер айтады. Мысалы, А. П. Чулошников Қасым хан мен Бұрындық хан арасында ұрыс болды да, жең- ілген Бұрындық өз Отанын тастап, Мауреннахрға кетті деген ойлар айтады. Сол сияқты, Бұрындық хан Самарқан жақта жоқшылықтан, кедейшіліктен қайтыс болды деп жазады. Мұндай пікірден кейін Бұрындық ханның өміріне қатысты мәліметтер беретін деректермен танысқанымызда А. П. Чулошниковтың пікірлері дәлелденбеді.XVI ғасыр басында жазылған «Хандар шежіресінде» Бұрындық ханның ұлдары жөнінде айтылады, бірақ олардың ешқайсысы Қазақстан аумағындағы саяси билікке келмейді. Соған қарағанда Бұрындық хан Қасым ханнан ығысып Хорезмге қарай жылжығанда өзінің жақтастарымен, әсіресе, ұлдарымен бірге кеткен дейміз.
Осылайша, Бұрындық ханға қатысты жоғарыда айтқан ойларымызды түйіндей келе, оның өмірі — Қазақ хандығының 40 жылдай тарихымен тікелей байланысты болуына сәйкес хандықтың құрылуы мен күшеюінде оның өзіндік рөлі, алатын орны, қосқан үлесі бар дейміз. Сонымен бірге Бұрындық ханның өмірі, әсіресе өмірінің ақырғы кезеңі, ащы болса да шындық, біреулер үшін тарихи сабақ бола алады
XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының саяси тарихын шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. Ол кезеңдерге: 1458-1470-ші жылдар – хандықтың құрылуы, 1470-ші жылдар мен 1521 жыл аралығы – хандықтың күшеюі мен нығаюы, 1521-1538 жылдар – хандықтың «уақытша әлсіреуі», 1540-1598 жылдар – хандықтың қайта көтерілуі немесе этникалық территорияның қалыптасуының аяқталу дәуірлері жатады. Әрбір кезеңнің басты белгілерін хандықтың сол тұстардағы ішкі және сыртқы саяси жағдайының қандай болғандығы, жекелеген хандардың жүргізген саясаты, сондай-ақ билік басындағы хандардың жеке тұлғалық қасиеттері арқылы анықтауға болады. Керей мен Жәнібек, Бұрындық пен Қасым, Хақназар, Шығай, Тәуекел хандардың билік құрған кезіндегі Қазақ хандығының жағдайы осыған дәлел.Бізде әлі күнге дейін тарихнамамызда XV-XVI ғасырдағы Қазақ хандарының жеке тарихи тұлғасы толық түрде арнайы зерттелген емес. Кейбір хандардың есімдері хандықтың әр дәуірдегі тарихына қатысты мәселелерде аталып, тарихи тұлға ретіндегі зерттелінуі тарихшылар назарынан тыс қалып келеді. Тіпті кейбір хандардың тарихтағы орны зерттелінбек түгіл, есімдерінің өзі кейбір еңбектерде аталынбайды да. Олар: Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Қожа Ахмет, Тоғым хандар болатын. Аталған бұл бес хан – 1521-1538 жылдары, яғни жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақ хандығының «уақытша әлсіреу» кезеңінде билік етті.«Уақытша әлсіреу» кезеңінде билік құрған хандарға қатысты зерттеу жұмыстарының болмауы тікелей жазба деректердің тапшылығына байланысты болып отыр. Ал жазба деректердің сирек болуының бір себебіне XVI ғасырдың 20-30-шы Қазақ хандығының көрші елдермен саяси қарым-қатынасында белсенді жылдары Қазақ хандығының көрші рөл атқара алмауы жатса керек. Өйткені сыртқы саясатта жетекші рөлге ие болмау – тікелей хандықтың ішкі саяси жағдайымен байланысты. Ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, нығайту көп жағдайда биліктегі ханның жеке басындағы : табады. Бұған Қасым, Хақназар, Тәуке, Абылай және басқа да старындағы қасиеттер мен осы хандар тұсындағы Қазақ нси жағдайының қандай дәрежеде болғандығы дәлел. XVI жылдарындағы Қазақ хандығының «уақытша әлсіреуі» – елдегі тұрақсыздықтың тікелей нәтижесі. Өз елінде толыққанды ін немесе саяси бытыраңқылықты жеңе алмаған билеуші сыртқы цлік керсете алмай, көрші елдердің жазба деректеріне ілінбей һ бұл ойларымыз «уақытша әлсіреу» кезеңіндегі бес ханға, ін жылдарына байланысты туған еді.
Мамаш ханМамаш хан – кейбір жазба дерек мәліметтерінде Құмаш хан деп айтылады, Қазақ хандығындағы билік құрған бесінші хан. Оған дейін хандық билікті Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан және Қасым хан басқарды. Мамаш хан жөніндегі жазба деректер өте мардымсыз. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди», Махмуд ибн Уәлидың «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», Хайдар Разидың «Тарих» атты шығармаларында ол туралы өте қысқа мәліметтер кездеседі. Оларда Мамаштың Қасым ханнын ұлы екендігі және оның Қасым ханнан соң билікке келгендігі, сондай-ақ қандай жағдайда өлгендігі туралы айтылады.Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Шамамен, ол 1450-60 жылдары дүниеге келген. 1513 жылы моғол ханы, шағатайлық Сайд хан Қасым ханның Ордасына келгенде, оны қарсы алуға Қасым хан өзі бармай, 30-40 сұлтанды жібереді. Олардың ішінде бірнеше сұлтан 50-60 жаста болатын. Солардың бірі – Мамаш хан еді, – деп хабарлайды Мұхаммед Хайдар Дулати.1513 жыл Мамаш ханның алғаш рет жазба дерек мәліметінде көрінуі еді. Және де оның «хан» деген мәртебелі атпен жазылуына қарағанда ол Жаныш, Таныш хандар секілді Қазақ хандығындағы көп ұлыстардың бірінде иелік етсе керек.Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мамаш хан билікке Қасым хан қайтыс болғаннан соң келеді. Ал Касым ханның қай жылы қайтыс болғандығын шығыс жазба деректері анық көрсетпейді. Мұхаммед Хайдар Дулати мен Хайдар Рази 1518-19 жыл деп жазса, 1564-65 жылы жазылған «Нусахи Жаханара» атты тарихи шығарма авторы Гаффари Қасым ханды 1523-24 жылы өлген деп есептейді. Астрахан хандығында 1520-21 жылдың қыс айларында 3-4 ай тұтқында болған рязандық Занко Зудовтың III Василийге жіберген хабарламасына қарағанда, Қасым хан 1521 жылдың қысында, қаңтар-ақпан айларында қайтыс болған. Біз осы соңғы датаны бірден бір дұрыс деп есептейміз. Өйткені жазба дерек авторларының бәрі де Қазақ хандығына қатысты мәліметтерді алыста жүріп, бірі Иранда, бірі Кашмирде жүріп жинастырған немесе естіген. Ал, 1517-18 жылға таман Қазақ хандығынын шығыстағы шекарасы Еділге дейін созылып, Астрахан хандығымен шектеседі. Қасым хан да өмірінің соңғы жылдарын батыс аймақтарда өткереді. Сол себепті де, Қасым хан секілді тұлғаның өлімі Астрахан хандығына тез жеткен, деп есептейміз.«Тарихи Рашиди» авторының жазуына сүйенсек, Қасым хан өлгеннен кейін, билік үшін қазақ сұлтандары арасында алауыздықтар басталады да, таққа Қасым ханның ұлы Мамаш хан келеді. Бұл – 1521 жылдың іші болатын.1511 жылы Қасым ханның билікке келуімен Қазақ хандығында Жәнібек хан ұрпақтарының билігі түпкілікті орнықса, 1521 жылдан кейін, яғни Қасым хан қайтыс болғаннан кейін, тақ үшін Жәнібек ханның немерелері арасында күрес өрбігенін көреміз. Мамаш ханның билікке келуімен күрес басылмайды, қайта өрши түскен сияқты. Бұл арада билік үшін жеке тұлғалардың арасында күрес жүрсе де оның астарында мұрагерлікке байланысты дәстүр таласы жатты. С.М. Ақынжанов XI-ХШ ғасырдағы қыпшақ қоғамында хандық бидіктегі мұрагерлік дәстүрдіқ әкеден ұлға емес, әкеден ініге не немере ініге қалып отыратындығын жазады. Бұл дәстүр біздің ойымызша, монғолдар жаулап алғанға дейінгі бүкіл Дешті Қыпшаққа ортақ болған. Ал моңғолдардың билігінің орнауымен мұрагерлік дәстүрде моңғолдар енгізген тәртіп үстем болады. «Шыңғыс ханның ясасы бойынша, атасының тірі кезінде әкесі қайтыс болса, мұрагерлік немереге қалуы тиіс», – деп жазады XVI ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Бүдан көріп отырғанымыздай, билік моңғолдық дәстүр бойынша әкеден ұлға мұрагерлік ретінде қалып отырған. Ал Дешті Қыпшақ тайпаларында өзгеше еді.Қазақ хандығының құрылуы – тек жаңа әулеттің билікке келуі емес, сонымен бірге моңғолдарға дейінгі жергілікті халықтың билікке мұрагерлік жолмен келу дәстүрін қалпына келтіреді, яғни, жергілікті халық дәстүрі моңғолдар енгізген дәстүрді толық жеңіп шығады. 1458 жылы Керей хандыққа отырса, одан кейін оның ұлы Бұрындық таққа отырмады. Таққа немере туысы Жәнібек хан келді. Жәнібек ханнан соң оның ұлы Қасым емес, таққа Бұрындық отырады. Одан сон Қасым хан. Ал Қасым ханнан соң таққа оның бір немере інісі, не туған інісі келуі тиіс болатын. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1521 жылы хандық билікке Қасым ханның туған ұлы Мамаш келеді. Осылайша, мұрагерлік дәстүр алғаш рет бұзылады. Біздің ойымызша, мұрагерлік дәстүрінің бұзылуы сұлтандар арасындағы алауыздықтарды туғызады.Мамаш ханның билігі қанша уақытқа созылды, басты оқиғалары қандай, хандықтың ішкі және сыртқы саяси өмірінде қандай өзгерістер болды деген сұрауларға ешбір жазба дерек жауап бермейді. Тек қана Мамаш ханның қалай қайтыс болғаны туралы қысқаша мәлімет береді.Біздің ойымызша, Мамаш хан билік үшін болған күрестің бірінде қаза болған. Сол жылдары Қазақ хандығының ең қауіпті қарсыласы Мауреннахрдағы шайбанилар әулеті еді. Егерде Мамаш хан сырттан болған шапқыншылық барысында қайтыс болғанда, онда бұл оқиға міндетті түрде XVI ғасырдағы шайбанилық деректердің бірінде айтылғаң болар еді. Сондықтан да біз Мамаш ханды билік үшін күрестің құрбаны деп есептейміз.«Тарихи Рашидиде» Мамаш ханды бір шайқаста түншығып өлді делінсе, Махмуд ибн Уәли «ол бір ұрыста тапталып өлтірілді» деп жазады [1]. Ал Хайдар Разидың мәліметі сәл нақтырақ айтылады. «...бір шайқаста ол қару- жарағының ауырлығынан және көп тапталудан түншығып өлді», – делінеді онда [2]. Мамаш хан 1522 жылы қаза табады.Осылайша, Қасым ханнан соң билікке келген Мамаш хан Қазақ хандығының одан әрі нығаюына үлес қоса алмай, оның «уақытша әлсіреуінің» басында тұрды. Жазба деректерде Мамаш ханның ұрпақтары туралы ешбір мәліметтер айтылмайды. Қасым ханның ұлдары ішінде XVI ғасырдың 40-70-ші жылдары Хақназар хан ғана билікке келеді.
Тақыр ханТақыр хан – 1522 - 1532 жылдары Қазақ хандығын билеген алтыншы хан. Ол – Жәнібек ханның төртінші ұлы Әдік сұлтанның ұлдарының бірі. Әдік сұлтан 1470-1503-04 жылдары қазақ қоғамында үлкен саяси беделге ие болған тұлға. Қазақ хандығының Сыр бойы үшін жүргізген күресінде, сондай-ақ 1490-шы жылдары қазақ-моғол қатынасында үлкен рөл атқарған. Әдік сұлтан моғол ханы Жүністің (1469-1487) төртінші қызы Сұлтан Нигар-ханымға үйленген. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Әдік сұлтанды Шағым мырзамен (Ноғай мырзасы Мұса бидін үлкен ұлы Б. К.) болған Жылайды төбе деген жердегі ұрыста бір ұлымен қаза тапты. Қабірі Үргеніштегі Бақырған атаның жанында деп жазады. «Тарихи Рашиди» авторы «...Әдік сұлтан ңайтыс болғаннан кейін, Қасым хан өте күшті беделге ие болды – Сұлтан Нигар-ханымды Қасым хан өзіне әйел етті» — деп мәлімдейді.Дерек мәліметіне жүгінсек, 1522 жылы Мамаш хан өлгеннен кейін Қазақ хандығында билік үшін сұлтандар арасында күрес күшейеді. «Қазақтар деп аталатын Дешті Қыпшақтың сұлтандары бір-бірімен ұзақ соғысты. Ақырында билікке Тақыр хан келді», – деп жазады Хайдар ибн Әли Хусайын Рази [3]. Тақыр ханның билік еткен 10 жылдық кезеңі ішінде Қазақ хандығындағы алауыздықтар тоқтатылмады, кейбір сұлтандардың оған мойынсұнбай, хан билігіне құлақ аспай өз ұлысының адамдарымен одан бөліну жағдайы күшейеді. Басқаша айтсақ, «уақытша әлсіреу» Қазақ хандығында тереңдей түседі.Тақыр ханның сыртқы саясаттағы жүргізген істері көбінесе нәтижесіз аяқталып отырды. Ал көрші елдердің шапқыншылықтарына тойтарыстар берілмеді. 1522-23 жылы Ташкент билеушісі Сүйініш-Қожа хан Дешті Қыпшаққа жорыққа шығып, жеңіске жетеді. 1525-26 жылдың қысының басында Сүйініш-Қожа ханның ұлы, Ташкент билеушісі келді – Мұхаммед ханнан Түркістан қаласының маңында Тақыр хан тағы да жеңіліс табады.Сондай-ақ Тақыр хан түсында қазақ-ноғай қатынасы да шиеленісіп кетеді. Бұрынғы бейбіт қатынастар бұзылып, маңғыт мырзаларының тықсыруымен Тақыр ханға тәуелді 200 мың адам Дешті Қыпшақтан Моғолстанға көшіп кетеді. «Тарихи Рашидиде» Тақыр ханның осы кездердегі жағдайының қандай екендігін көрсететін мынадай мәлімет бар. Сұлтан Нигар-ханым Тақыр ханға: «...Сонымен бірге, маңғыттарға байланысты Өзбекстанда («Тарихи Рашидиде» Қазақстанды Өзбекстан деп жазады автор. – Б. К.) сенің істерің оңға баспай түр, оларға қарсы сен әскер шығара алмайсың. Бұрын сенде он лек әскер болса, қазір төрт лек қана қалды. Сенің оларға қарсы тұруға шамаң жетпейді», – деп айтқан екен [4], сонымен бірге Сұлтан Нигар-ханым Тақыр ханға моғол хандарымен жақсы қатынас орнатуға күш салатынын айтады.Көріп отырғанымыздай, XVI ғасырдың 20-шы жылдары ішінде Қазақ хандығы өзімен көрші үш мемлекетпен қарым-қатынастарда тек жеңілістерге ұшырап отырады. Бұл, әрине, ішкі саяси бытыраңқылықтың тікелей көрінісі.Тарихшы Т.И. Сұлтановтың пікірі бойынша, Тақыр хан түсында Қазақ хандығы үшін ең маңызды болған оқиғаға 1526 жылы бүкіл Жетісуда қазақ билеушілерінің билігінің орнауы жатады. Қасым ханның түсында-ақ Жетісу Қазақ хандығының құрамына енген еді. 1514 жылы моғол хандары Қашқарға кетіп, өз биліктерін орнықтырғаннан кейін, Жетісуға қайта көз сала бастаған еді. Бірнеше рет Сайд ханның ұлы Рашид сұлтан Жетісуға бекінуге талпыныс жасады. 1526 жылы Рашидтің Қашқарияға кетуімен Жетісудағы моғол хандарының билігі жойылады.Қалмақ тайпаларымен алғаш рет соғысқан қазақ хандарының бірі – осы Тақыр хан болды. Қазақ-қалмақ қатынастарының қаншалықты сипатта болғандығын жазба деректер айтпайды. Тақыр ханның замандасы, Зайн ад-дин Васифи өзінің естелік кітабында бір таудың етегінде, қазақ ханы Тақыр хан қалмақ әскерлеріне тойтарыс беру үшін Жатан қамалын салдырды деп жазады. 1537-38 жылы шағатайлық және шайбанилық билеушілердің бірігіп қазақтарға қарсы жасаған жорығында қазақтар бұл қамалды пайдаланады. Васифи бұл қамалдың биіктігін және мықтылығын тілі жеткенше мақтап, биікке шығарады [5]. Күні бүгінге дейін Жатан қамалының орны анықталған жоқ.Тақыр хан сыртқы саясатта, әсіресе, моғол хандарымен қарым-қатынаста терең ойластырылмаған саясат жүргізеді. Сұлтан Нигар-ханымның араласуымен жоғары дәрежедегі қазақ-моғол қатынасында түсінісушілік болса да, қырғыз мәселесіне келгенде екі жақ өз пікірлерінде қалады. Жетісуға билігі орнаған Тақыр хан қырғыз тайпаларына да үстемдік жүргізуге тырысады. Жазба деректерде Тақыр ханды қырғыздың да ханы болды деуі осы жылдарға байланысты айтылған. 1529 жылы Сайд хан Андижанға жорыққа аттанғанда үлкен ұлы Рашидті Яркендте қалдырып, Тақыр ханның іс-әрекеттерін қадағалап отыруды тапсырады. Бұл жылдар Тақыр ханның биліктегі соңғы жылдары еді, Қазақ халқының басым бөлігінің қолдауына не бола алмай, ол барлық қадамдарға барады. Сол себепті де оның сыртқы саясатынан жүйесіздік көрініп отырады. Хандықтың ішкі саяси өмірінде де Тақыр хан сұлтандар мен билердің қолдауына не бола алмады. «Тарихи Рашиди» авторының жазуы бойынша, олар Тақыр ханнан бірнеше рет бөлініп кеткен. Оның себебін автор ханның өте қаталдығынан болды және төрт жүз мың адамның бәрі оны тастап кетіп, жалғыз қалдырды деп жазады. Мүхаммед Хайдар Дулати: «Тақыр ханның билігі әлсіреген сайын оның қатандығы мен аяусыздығы өсе түсті. Оның Әбілқасым деген інісі болды. Ханның қатаңдығы содан шығып отыр деген оймен қарамағындағылар Әбілқасымды өлтіріп, өздері жан-жаққа тарап кетті», – деп баяндайды [6]. Өмірінің соңғы кездерін Тақыр хан қырғыз тайпалары арасында өткізеді. Ақырында сонда жүріп, қайтыс болады. Мұхаммед Хайдар Дулати бойынша, Тақыр ханның бір ұлы болған. Ол да әкесімен бірге қырғыздар ішінде болған, басқа ұрпақтары туралы деректер жоқ.Біз жоғарыда Тақыр хан туралы оның замандасы Мұхаммед Хайдар Дулатидың пікірлерін дерек ретінде келтірдік. Қадырғали Жалайыр болса, ол жөнінде өте қысқа, әрі нұсқа айтады: «Тақыр хан болды. Біраз күн хандық құрды, бірақ патшалық сырын білмеді» [7]. Қазіргі күндегі зерттеушілер ішінде Т. И. Султанов Тақыр ханды былайша бағалайды. «... Ол дипломатиялық, әскери таланттарға ие болмады, ... шексіз қаталдығымен, және әділетсіздігімен ерекше байқалды. Және де сонымен бірге мемлекетті басқаратындай қабілеті болмай, өзінің билігімен жалпылама қарсылыққа душар болды. Өз халқынан қуылады» [8]. Осылайша, Тақыр хан тұсында Қазақ хандығындағы «уақытша әлсіреу» одан әрі тереңдеп, саяси бытыраңқылық қалыптасады.Тақыр ханнан сон, жазба деректер бойынша Қазақ хандығында бір мезгілде, 1533-1538 жылдары бірнеше хан билік етеді. Қазақстанның батыс бөлігінде ноғайлармен күресте Қожа Ахмет (кей деректерде - Ахмет хан), Жетісуда, моғолдармен күресте - Бұйдаш хан, Мауреннахрдағы шайбанилықтармен күресте - Тоғым хандар есімдері кездеседі. Аталған хандардың тарихи тұлғасын ашып көрсетуге, Қазақ хандығы тарихындағы алатын орнын анықтауға жазба дерек мәліметтері толық мүмкіндіктер бермейді. Соған қарамастан, қолда бар мәліметтерге сүйеніп, аталған хандардың билік еткен жылдарына назар аударып керелік.
Бұйдаш хан
Бұйдаш хан – (Деректерде Бұйлаш хан, Бойлаш хан, Бублаш хан, Бутлаш хан деп ұшырасады.) – Жәнібек х.нның немересі, Әдік султанның ұлы Тақыр ханнын іысі. Тақыр ханнан соң таққа 1532 жылы отырады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегінде Бұйдаш хан 5-6 жылдай билік құрып, 1534 жылдан кейін қайтыс болған. Ал басқа деректерде, атап айтсақ «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Жылнамалар жинағы» еңбектеріндегі деректерде Бұйдаш хан 20 жылдан аса хан болған. Т. И. Султанов Шығыс деректерінің мәліметтеріне сүйеніп, Бұйдаш ханды 1559 жылы қаза тапқан деп есептейді.XVI ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы Қазақ хандығының ішкі саяси өмірі көптеген деректе әртүрлі және қарама-қайшы мәліметтер арқылы беріледі. Оның басты бір себебі, біздің ойымызша, сол жылдары қазақта бірнеше ханның болуынан деп түсінеміз. Егер де жазба дерек мәліметтеріндегі Бұйдаш ханның қатысуымен болған оқиғаларға зер салсақ және болған оқиғалардың географиялық аумағына көңіл аударсақ, онда Бұйдаш ханның Жетісуда ғана билік еткеніне көз жеткіземіз. Мұхаммед Хайдар Дулати Бұйдаш хан билікке келген кезінде 30 мыңдық адамы болды десе, келесі бір дерегінде Бұйдаш хан тұсында 20 мың қазақ қана қалды деп жазады. Біздің есептеуімізше, бұл дерек тек Жетісудағы Бұйдаш ханның билігіне ғана қатысты айтылып отыр.Бұйдаш ханнын өміріндегі анықталған бір оқиғаға оның 1556 жылы Шығыс Түркістандағы моғол билеушісі Рашид ханның (1533—1560) ұлы Абд ал-Латиф сұлтанның қазақтар мен қырғыздарға жасаған жорығына тойтарыс беруі жатады. Бесінші рет қырғыздарды талан-таражға салып, мол олжамен кейін қайтқан Абд ал-Латифтың соңынан Бұйдаш хан біріккен қазақ-қырғыз әскерімен қуады. Шайқас нәтижесінде моғол сұлтаны қаза тауып, бұл хабар әкесі Рашидке жеткізіледі. Рашид ханнын мол әскері жетіп үлгерді де, Бұйдаш хан шегінуге мәжбүр болады. Қылма-Қажыр деген жерде ұрыс боп, Бұйдаш хан жеңіліске ұшырайды.Бұйдаш ханға байланысты келесі бір дерек мәліметінде оның 1559 жылы Мауреннахрға жорығы жөнінде баяндалады. Бұл жорыққа 20-дан астам қазақ сұлтандары қатынасады. Сайрам маңында шайбанилық билеушілер әскерімен болған ұрыста қазақ әскерлері шаһды дауылдың бетке қарсы соғуына байланысты жеңіліс табады. Осы ұрыста Бұйдаш хан, қаза тапты делінеді. Бұл мәліметте Қадырғали Жалайыр дерегі одан әрі былайша толықтыра түседі: «Бұйдаш хан Барақұлы Дервиш ханмен соғыста өлді. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда шаһид болды». Бұл арада Барақ деп отырғанымыз – Ташкент аймағының билеушісі болған Сүйініш-Қожа ханның екі ұлының кішісі. Оның шын аты – Наурыз Ахмет. Ол 1533-1556 жылдары Ташкентте билеуші болған. Дервиш сұлтан – Барақтың 8 ұлының үлкені, 1556 жылдан Ташкент билеушісі.Бұйдаш ханның Дервиш ханмен соғысы Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерге иелік ету үшін болған. XV ғасырдың 70-ші жылдарынан бері басталған күрес 1598 жылға дейін созылады. Бұйдаш хан мен Дервиш хан арасындағы шайқас – сол курестің бір көрінісі ғана.Деректерде Бұйдаш ханның ұрпақтары жөнінде ештеңе айтылмайды. Қадырғали Жалайырда: «Әдік, сұлтанның ұрпағын бес ұл деп атайды. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда(Бұйдаштың Дервиш ханмен соғысы — Б. К.) шаһид болды», – деп жазады. Соған қарағанда Бұйдаш ханның ұлдары 1559 жылғы шайқаста әкесімен бірге қаза тапқан болуы мүмкін.
Қожа Ахмет хан (Ахмет хан)
Ахмет ханның шығу тегі жөнінде нақты мәліметтер ешбір деректе айтылмайды. Қадырғали Жалайырдын еңбегіндегі «Ораз - Мүхаммед-хан дастаны» атты тарауда негізінен Жәнібек ханның ұлдары мен немерелері туралы айтылып, Ахмет хан да сонда кездесетіндіктен, оны Жәнібектің тоғыз ұлының) бірінен тараған өкіл деп санауға болады. Деректе: «Ахмад-хан. Узбекияда Ахмад хан деп атайды. Ол- дағы біраз уақыт хан болды. Шидақ-бекпен болған ұрыста шаһид болды. Орақ мырза шаһид қылды», — деп баяндалады.Шамамен, XVI ғасырдың 20-шы жылдардың екінші жартысы мен 30-шы жылдардын бірінші жартысында Ахмет хан Қазақ хандығының батысында билік еткен. 1524 жылы Тақыр хан ноғайлардың тықсыруымен және Сұлтан Нигар-ханымның кеңесімен Моғолстанға қарай бет алғанда, хан билігіне мойынсұнбай, оның қарауындағы көптеген адамдар одан бөлініп кеткен. Солардың бірі – біздің ойымызша, – Ахмет хан. Жазба деректердің мәліметтері Ахмет ханды ноғайлармен күресте болғандығын көрсетеді. 1534 жылы Ноғай Ордасында болтан орыс емшісі Даниил Губиннің Иван Грозныйға жазған хабарламасында, «қазақтар күшті, олар ноғайларға қарсы соғысқа дайындалуда, ал Мұсаның ұлдары Шах-Мамай мен Жүсіп мырзалар Қазақ Ордасынан қорқып, Жем бойында тұр», – делінген.Сол жылы қазақ-ноғай арасында соғыс болып, қазақтар жеңіледі. Өйткені, 1535 жылы Мұсаның екінші ұлы Сейдақ бектің Грозныйға жазған хатында қазақ ханы Қожа-Махмудтың (Қожа-Ахмет) 15 ұлымен бірге өзінде тұтқында отырғандығын жазады. Сондай-ақ Ахмет ханды Мұсаның немересі Орақ батырдың өлтіргендігін Қадырғали Жалайыр айтып өтеді.
Тоғым хан
Тоғым хан – Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның ұлы. Қадырғали Жалайыр Тоғым ханның ұлдарын тоғыз сары деп атайтын деп жазады. Аталған қазақ тарихшысынан басқа ешбір ортағасырлық автордың еңбектерінде Тоғым хан туралы айтылмайды. «Мәлік ұлы Башибек сұлтанмен, тоғыз сары ұлдарымен (Тоғым ханнын – Б. К.) Жағат уалаяты маңында шаһид болды. Отыз жеті султан мәлім-мәшһүр еді», – деп баяндайды Қадырғали Қасым ұлы. Өкінішке орай, аталған деректе Тоғым ханның 3-7 сұлтанмен бірге қаза болған ұрысының датасы, кіммен ұрысы, жеңімпаздық есімі айтылмайды. Сол себепті де бұл мәлімет әлі күнге дейін зерттеушілер арасында талас тудырып отыр. Олардың пікірінше, Жағат – шағатай сөзінің қысқартылған түрі, жағат – белгілі бір жердің атауы; жағат — сібірдегі көшпелі халықтың аты. Сондай-ақ, Тоғым ханның кіммен шайқасқандығы және оның қашан болғандығы жөнінде де әр түрлі пікірлер бар. Көпшілік ойлар негізінен, шайқасты 1537 жылы қазақ-моғол қатынасында, Тоғым хан мен Рашид хан арасында болған деп болжайды. 1997 жылы шыққан 5 томдық Қазақстан тарихының ІІ томында бұл жөнінде: «... Бұл шайқас, қазақтар жеңіліс тапқан Тоғым ханның ұрыстарының бірі, бірақ ол 1537 жылғы қазақ-моғол қатынасына қатысы жоқ», – деп түсіндіріледі.Біздің ойымызша, Тоғым хан қаза тапқан Жағат уалаяты – Амударияның төменгі ағысы бойындағы осы аттас қамал және қамал теңірегіндегі өңірлер болуы мүмкін [9]. Мұнда XVI ғасыр басында шайбанилық әулеттің бір тармағының өкілдері билік басына келеді. XVІІ ғасырдағы Әбілғазы хан осы әулеттің көрнекті өкілдерінің бірі. Жалпы, Хорезм билеушілері мен Дешті Қыпшақ билеушілері арасындағы саяси қарым-қатынастардың басты себебіне – Сырдың төменгі ағысы бойына иелік ету жатқаны белгілі.Мысал ретінде, ХІІІ ғасыр басындағы Мұхаммед Хорезмшах пен Қыпшақ хандары арасындағы қарым-қатынасты, XV ғасырдың 30-шы жылдары Әбілқайыр ханның Хорезмге жорығын айтуымызға болады. XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары да бұл қатынас үзілмеген. Сондай бір күрестің бірінде Тоғым хан Хорезм жақтағы Жағат уалаятында 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапқан дейміз.Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақ хандығы үшін XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары «уақытша әлсіреу» кезеңі болып саналады. Бұл кезеңнің тағы бір белгісіне – саяси бытыранқылық жатса керек. Өйткені осы тұста Қазақ хандығында бірнеше хан бір мезгілде, бірнеше аймақта билік етеді. Оңтүстік-Шығыс бөлікте – алдымен Тақыр, одан кейін Бұйдаш хандар билікте болып, негізінен моғолдармен, қалмақтармен қарым-қатынаста болса, батыс бөлікте – Ахмет хан ноғай тайпаларымен күрес жүргізеді. Ал оңтүстік бөлікте Тоғым хан билеуші боп, негізінен Мауреннахрдағы және Хорезмдегі шайбанилар әулеттерімен қатынастар жасайды.«Уақытша әлсіреу» кезеңіндегі саяси бытыраңқылықта бір мезгілде Қазақстанның үш өңірінде үш билеуші билік етеді. Бұл XVІІ ғасырдағы үш жүздің пайда болуына алғышарттар әзірлеген деп білеміз.
Ортағасырлық Қазақстан тарихының хандық дәуір(XV ғ. ортасы-XVIII ғ. басы) деп аталатын кезеңіндегі ең аз зерттелген, жауаптарынан сұрақтары көп ғасырға – XVII ғасыр жатады. Бұл ғасырдағы қазақ тарихының әлеуметтік, экономикалық, мәдениет және тағы басқа мәселелерін есептемегеннің өзінде, тез зерттелетін саяси тарих мәселелерінің өзі әлі күнге дейін бір жүйеге түсіріліп, толығымен қарастырылған жоқ. Оның ең басты себебіне, әрине сол ғасырдағы тарихи оқиғаларды бейнелейтін деректердің, әсіресе жазба деректердің өте аз болуы жатады. Тіпті деректердің жетіспеушілігінен әлі күнге дейін тарихшыларымыз XVII ғасырда мемлекеттік биліктің шыңында болған билеушілерді толықтай және билік құрған жылдарын нақты айтып бере алмайды. Сол себепті де қазіргі күндегі тарихи әдебиеттерде, оқулықтарда және академиялық басылымдарда XVII ғасырдағы қазақ хандарының билік құрған жылдары шамамен, жуықтап беріледі. XVII ғасырда Қазақ хандығын билеген хандар саны – бірнешеу. Олардың билікте болған жылдарын жазба деректер арқылы нақты біле алмасақ та, әр ханның жеке басындағы ерекше қасиеттері мен белгілеріне, билік құрған жылдарындағы заманның ағымына, дәуірінің ерекшелігіне байланысты әртүрлі атаулар мен сөз тіркестері қазақ халқының ауыз әдебиетінде сақталып, күні бүгінге дейін жетіп отыр. Мысалы, Есім хан (1598-1628 жж. хан болған) жөнінде – «Еңсегей бойлы ер Есім», «Есім ханның ескі жолы», Тұрсын хан туралы – «Хан Тұрсынды ант ұрсын», Тәуке ханға байланысты – «Әз Тәуке», «Тәуке ханның жеті Жарғысы», «Тәуке хан тұсында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деген сөз тіркестерін бәріміз білеміз. Сол сияқты осы ғасырдағы қазақ хандарының бірі – Жәңгір хан жөнінде «Салқам Жәңгір» деген сөз тіркесі ауыз әдебиетінде айтылса, тарихшыларымыз – «Билік құрған жылдарын тақ үстінде емес, ат үстінде, жоңғарлармен соғыста өткізген» деп бағалайды. Бұл баға - Жәңгір ханға жайдан-жай берілмеген баға. Біз оның шынайылығына мәселені шешу барысында көз жеткіземіз. Төменде біз Жәңгір ханның тарихына қатысты қолымыздағы азғантай ғана материалдарымызға сүйене отыра, оның «тақ үстіндегі емес, ат үстіндегі жоңғарлармен соғыста өткізген жылдарын» қарастырамыз да, сол арқылы оған өз тарапымыздан тарихи баға беруге тырысамыз. Осы мәселелерді жүйеле түрде шешу үшін тарихи заңдылықтарға сай, Жәңгір ханға қатысты барлық сұрақтарды қамтып көрелік.Алдыменен, Жәңгір ханның шығу тегі мен ата-бабаларына қысқаша тоқталалық. Жәңгір хан - Қазақстан аумағында XIIІ ғасырдың басынан бері үздіксіз билік құрған Шыңғысхан әулетінің тікелей өкілі, Жошы ханның Ордаежен атты үлкен ұлынан тараған ұрпақ. Оның арғы бабалары - Жошы хан - XIIІ ғасырдың басында Шығыс Дешті Қыпшақтың алғашқы билеушісі болса, Орда Ежен – Жошы Ұлысының сол қанатының алғашқы билеушісі ретінде тарихтан белгілі. Арғы аталары Орыс хан, Барақ хандар - монғолдар үстемдігінен кейінгі дәуірде Қазақстан аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған алғашқы мемлекет - Ақ Орданың әр жылдардағы хандары болған. Төртінші атасы Жәнібек хан - Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі, ал әкесі-Есім хан - «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атаумен, «Есім ханның ескі жолы» деген сөз тіркесімен қазақ тарихында қалған белгілі хандарымыздың бірі. Жазба деректердегі мәліметтерге сүйене отыра Жәңгір ханның шығу тегі мен ата-бабаларын төмендегіше беруге болады. Шыңғысхан, одан Жошы хан, одан Ордаежен, одан Сартақтай, одан Қоныша, одан Баян, одан Сасыбұқа, одан Ерзен, одан Шымтой, одан Орыс хан, одан Қойыршақ, одан Барақ хан, одан Жәнібек хан, одан Жәдік сұлтан, одан Шығай хан, одан Есім хан және Есім ханнан Жәңгір хан боп таралады.(1) Жәңгір ханның арғы ата-бабалары Қазақстан аумағында XIII-XV ғасырларда өмір сүрген Жошы Ұлысы, Ордаежен ұлысы және осы мемлекеттік құрылымдардың негізінде құрылған Ақ Орда хандығының билеушілері болса, бергі аталарының бірі - Жәнібек ханның Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі екендігі барлығына мәлім. Ал қалың көпшілікке Жәңгір ханның бергі аталары - Жәдік сұлтанның, Шығай ханның және әкесі Есім ханның қазақтарихындағы алатын орны онша мәлім болмағандықтан олар жөнінде қысқаша болса да тоқтала кетелік.Жәдік сұлтан – Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі. Қадырғали Жалайыр оны өз еңбегінде «хан» атағымен атай келе, былай деп баяндауын жалғастырады: «Қасым хан заманында белгілі еді. Шағым мырзамен соғысып, Жыланды төбеде бір ұлымен бірге шаһит болды. Оның қабірі Үргеніштегі Бақырған атада жатыр. Сонда жерленген еді. Жәдік ханның көптеген әйелдері мен күңдері болды, оның балалары да көп еді. Оның аса әйгілі даңқты ұлдары: Тоғұм хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан, Мәлік сұлтан... »(2) Автор осы мәліметінде Жәдікті бірнеше рет «хан» лауазымымен атап өтеді. Соған қарағанда, оны бүкіл қазақтың ханы болмаса да, өз ұлысында хан болған деп айтуға болады. XVI ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Қазақ хандығының «уақытша әлсіреу» кезеңінде 80-ге жуық билеуші әулет өкілдері сыртқы жаулармен соғыстарда қаза тауып, кейбіреулері тұтқынға түскенде, деректе айтылғандай, Жәңгір ханның үшінші атасы Жәдік те ноғайлармен болған соғыстардың бірінде шаһит болған. Ал Жәңгірдің атасы Шығай ханға келсек, ол туралы Қадырғали Жалайыр шығармасында бірнеше рет айтып өтіп, оған «Жәдік ханның аса әйгілі даңқты ұлдарының бірі», ол «батырлығымен мәлім, мәшһұр болды» деп сипаттама береді.(3) Жалпы тарихи әдебиеттер мен оқулықтарда Шығай ханды әбден қартайған шағында 1580-1582 жылдары хан болды және сол кезде оның жасы 80 жастың шамасында болатын еді деп айтылады. Соған қарап әрбір оқырманның көз алдына әбден қартайып, егде тартқан шалдың бейнесі елестейтініні белгілі. Ал оның жас кезіндегі «даңқы мен батырлығы» еске алына бермейді. Оның «даңқы мен батырлығы» 40 жылдан аса уақыт бойы қазақ жерінде кең таралып, ол барлық күші мен жігерін Хақназар ханмен бірге елдің қисайған туын тіктеуге, шайқалған іргесін бекітуге жұмсағанына көңіл аудара бермейді. Сол жылдардағы тарихи оқиғаларды баяндайтын дерек мәліметтерінде Шығайдың есімі үнемі Хақназар хан есімімен қатар айтылып отырады. Ол Хақназар ханнан кейін тақты иеленіп, оны 2-3 жылдай басқарады. Оның жерленген жері Бұхара түбіндегі Күміскент қалашығындағы Әли атаның жаны екендігін тағы да Қадырғали Жалайыр айтып өтеді.(4)Ал енді Жәңгір ханның әкесі Есім ханға келсек, ол туралы сәл-пәл болса да көбірек айтып, кеңірек тоқтала кеткенді дұрыс көріп отырмыз. Біз бұған дейінгі жұмыстарымыздың бірінде Есім ханның өмірі мен тарихи ролін қарастырғанбыз. Оның бәрін қайталамай, Жәдік хан әкесінің өміріндегі негізгі белестерді айтып, оқырмандарды Есім ханның қандай тұлға болғандығымен таныстырамыз.Есім хан – Шығай ханның он шақты ұлдарының бірі, Тәуекел хан және Сабыр бек ханым үшеуі бір анадан туған. Анасының есімі - Яқшым ханым (Жақсы ханым), Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулет өкілінің қызы. Есім туған ағасы Тәуекел хан 1598 жылы Орта Азияға жасаған жорығынанда ауыр жарақат алып, көп ұзамай о дүниелек болғаннан кейін, сол жылы хан тағына отырған. Оның билігі тұсында қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасу процесі аяқталады, қазақ елінің жаңа астанасы нақтыланып, ол қала жаңа атаумен – Түркістан деген атауға ие болады, «Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жинағын өмірге енгізеді. Шамамен 1617-18 жылдары Ташкенттегі Тұрсын ханмен болған талас-тартыстарда жеңіліс тауып,Шығыс Түркістандағы шағатайлық хандарға кетеді. Ол жақта 6-7 жылдай болып, 1623-24 жылдары туған еліне қайтып оралады. 1627 жылы Тұрсын ханды «антын бұзғаны» үшін өлтіріп, билікті қайтарып алады. Бірақ өзі де көп ұзамай, келесі жылы, яғни 1628 жылы қайтыс болады. Денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің жанына қойылған.Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Есім ханды «Еңсегей бойлы ер Есім» деп атаса, ол енгізген заңдар жинағын «Есім ханның ескі жолы» деген атауға ие. Егерде Есім ханға дейін Қазақ хандығының астанасы нақты айқындалмай, Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы Сауран, Сығанақ, Отырар,Йасы қалалары астана міндетін алма-кезек атқарысып келсе, Есім ханнан бастап қазақтың ресми астанасы ролін тұрақты түрде Йасы қаласы атқара бастайды да, ол қала жаңа атаумен – Түркістан атауымен атала бастайды. Сондай-ақ Есім ханнан бастап қазақтың ресми хандары мен көрнекті сұлтандары батырлары мен ақындары, билері мен бектері, дін басылары мен әскер басшылары, жалпы алғанда бүкіл қазақ еліне даңқы шығып, есімдері ел ішіне кең тараған тұлғалары Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің жанына жерлене бастайды. Ал Жәңгір ханның ата-бабаларының Сауранда, Сығанақта, Сарайшықта, Бұхара жақтағы Күміскентте, Үргеніште жерленгендігін ескерсек, онда Есім ханның Түркістанда жерленуі қазақ мемлекеттілігінің бекуі мен дамуына, қаланың саяси-әкімшілік орталық ретіндегі ролінің өсуіне, биліктің тұрақты болуына негіз қалағандығын көреміз.Жәңгір хан – Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының бірі.(5) Есім ханның үлкен ұлы - Жәнібек сұлтан, екіншісі – Жәңгір хан, ал үшінші ұлы – Сырдақ сұлтан. Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша Есім ханның үлкен ұлы – Жәнібек XVII ғасырдың 30-шы жылдарының басында хан тағына отырып, ойрат тайшыларымен көп соғысқан және XVII ғасырдың 40 жылдарының басында ойраттармен болған кезекті бір шайқастардың бірінде қаза тапқан.(6) Ал Сырдақ сұлтаннан Хұсрау сұлтан деген ұл туылады, оның ұлы тарихта белгілі – Қайып хан. Ал енді нақты Жәңгір ханның нақты өзіне келсек, оның қай жылы туылғаны белгісіз, ол жөнінде әзірге ғылымға белгілі деректерде ешқандай мәліметтер жоқ. Бірақта оны болжаммен XVI ғасырдың соңы немесе XVII ғасырдың бас кезінде дүниеге келген деп айтуға болады. Жәңгірдің шын есімі - Жахангер (парсыша «әлемді бағындырушы, билеуші»). Оның Жәңгір болып айтылуы парсыша есімнің қазақ тілінің ерекшелігіне сай өзгеруінен шығып тұр. Мұндай есім XV-XVIII ғасырлардағы Орталық Азия мен Қазақстан аумақтарындағы билеуші әулет өкілдерінің арасында жиі ұшырасады. Жәңгір (Жахангер) ханның есімі шығыс деректеріндегі және орыс тіліндегі материалдарда XVII ғасырдың 30-шы жжылдарының ортасындағы оқиғаларға байланысты алғаш рет кездесе бастайды. Ондағы деректердің мәліметтерінде ол сұлтан лауазымымен айтылады.(7) Ортағасырлық шығыс дерегі «Бахр ал-асрардың» мәліметтерінде де 1634 жылы Ташкентке жорық ұйымдастырған қазақ сұлтандарының арасында Жахангердің есімі сұлтан титулымен қоса айтылады.(8) XVII ғасырдағы орыс-монғол қатынастарының деректер жинағында да Жахангердің есімі кездесіп, онда 1635 жылы оның ойраттармен болған шайқастардың бірінде қолға түскендігі туралы айтылады. Жәңгірдің есімі алғаш аталатын жазба дерек мәліметтерінде оның 1635 жылы ойраттарға тұтқынға алынғандығы туралы баяндайтынын жаңа ғана айтып өттік. Төменде біз осы мәліметке қатысты өзіндік пікірлерімізді білдіріп көрелік. Ең алғаш Жәңгірдің жоңғарларға тұтқынға түскендігін И.Е.Фишер өзінің Сібір тарихына арналған кітабында жазады. Онда автор 1635 жылы ойраттардың көсемі Батыр хонтайшының Есім ханмен соғысқанын айта келе, оның ұлы Жәңгір сұлтанды жоңғарлардың тұтқынға түсіргенін баяндап өтеді. (9)Автор онда бұл дерегін қайдан алғандығын көрсетпейді. Тарихшының осы материалын кейінгі тарихшылардың бәрі қайталап, И.Е.Фишердің еңбегіне сілтеме береді. 1959 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген орыс-монғол қатынастарының жинағында осы тарихи оқиғаға қатысты мәлімет кездеседі. Ол мәлімет 1635 жылдың 19 шілдесінде Тобольск приказдығының кеңсесінде ойрат тайшысы Абақтың елшілерінен жазылып алынған. Ол мәліметте ойрат тайшыларының бір тобы 1635 жылдың қыс айларында Қазақ Ордасына аттанғандығы, ал Қазақ Ордасы адамдарының ойраттарға жорыққа шыққандығы, екі жақтың бір-бірімен кездесіп қалып, үлкен шайқастың болғандығы, ойраттардың жеңіске жеткендігі, Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтанның (деректе Янгир царевич деп жазылады – Б.К.) тұтқынға алынғандығы және қазіргі кезде ол сұлтанның ойраттардың қолында екендігі айтылады.(10) Кезінде Сібір тарихын жазған Иоганн Фишер осы деректі пайдаланған болуы керек, өйткені оның жазғаны мен дерек мәліметі екеуі мазмұндас келеді. Енді осы мәліметке талдау жасап көрелік.Біріншіден, дерек мәліметі қазақ-қалмақ(ойрат) шайқасының 1635 жылдың қыс айларының бірінде өткендігін, ал бұл кезде Жәңгірдің әлі сұлтан дәрежесінде жүргендігін көреміз, яғни Жәңгір бұл оқиғаға дейін әлі хан тағын иелене қоймаған. Деректе Жәңгірді Есім ханның ұлы екендігі, Есімнің қазақтың ханы болғандығы айтылады. Бірақ сол жылы, яғни 1635 жылы нақты кімнің хан екендігі жазылмаған.Екіншіден, Жәңгірдің қалмақтар қолына тұтқынға түсуі - қазақ-жоңғар қатынасындағы аса маңызды оқиғаның бірі болғандығын көрсетеді. Ол туралы жоңғарлардың солтүстіктегі көршісіне хабарланып тұр. Соған қарағанда, Жәңгір сол тұста сұлтан дәрежесінде болса да, қазақ қоғамындағы алатын орны ханнан бір елі кем болмағанын немесе ханмен бірдей болғанын байқаймыз. Дәл осы жерде Жәңгірдің өміріндегі осы оқиғаны XVIII ғасырдағы Абылай ханның өмірімен салыстыруға болады. Абылай XVIII ғасырдың 40-шы жылдарының басында жоңғарларға тұтқынға түсіп,оның тұтқында болуы сол кездегі қазақ-жоңғар қатынасында маңызды орын алған болатын. Ол да сол жылдары сұлтан дәрежесінде болса да, хан дәрежесінен кем емес болатын. Көп ұзамай Абылайдың жоңғар тұтқынынан босап шыққаны белгілі. Жәңгір де жоңғар тұтқынында ұзақ отырмай, босанып шығып, еліне аман-сау оралады.И.Е.Фишер, одан кейін В.В.Вельяминов-Зернов, М.Тынышпаев, И.Я.Златкин, Т.И.Сұлтанов және тағы басқа кейінгі зерттеушілер Жәңгірді жоңғар тұтқынынан ретін тауып қашып шыққан немесе кездейсоқ сәтті жағдай оның жоңғар тұтқынынан босануына жағдай жасаған деп есептейді.(11) Егерде XVII ғасырдың 30-шы жылдарындағыжоңғар қоғамының ішкі саяси өмірінетеоең назар аударсақ, сонда ғана Жәңгірдіңжоңғар тұтқынынан қалай босап шыққанын түсінуге жол тапқандай боламыз. Олай болса, сол кезеңдегі жоңғар қоғамының ішкі саяси өміріне көңіл аударып көрелік. Тарихта Жоңғар хандығының құрылған жылы деп 1635 жылдың есептелетіні белгілі. Ал оған дейінгі кезеңде ойрат қоғамының ішкі саяси өмірі қазандағы қайнаған судай тасып тұрған болатын. Жоңғар тарихының ірі маманы И.Я.Златкиннің дәлелдеп көрсетуі бойынша осы кезеңде ойрат одағына енетін тайпалар арасында күрестер күшейіп, талас-тартыстар белең алып тұр еді. Дүрбеттер көсемі Далай тайшы,шорос көсемі Харақұла тайшы, торғауыттар көсемі Хоүрлік, хошоуыт көсемі Хұндүлен тайшы және тағы басқа тайпалар көсемдері жеке-дара билікке ұмтылып жатқан болатын. Талас-тартыстардың нәтижесінде торғауыттар – батысқа, хошоуттар – Тибетке, қарай қоныс аударады да, ойраттар жерінде шорос тайпасының ролі артып, жалпы билік осы тайпаның көсемі Харақұлаға көшеді. 1634 жылы ол қайтыс болғаннан кейін Харақұланың ұлы,әрі мұрагері Хото-Хоцин Батыр ойрат чулганында(ойрат тайшылырының кеңесі, құрылтай секілді жиын) хошоуыттар көсемі Байбағас тайшымен бірдей дәрежеге ие болады, ал Далай-лама оған хонтайшы титулын береді.Сөйтіп іс жүзінде Батыр хонтайшы ойрат одағының жеке- дара билеушісіне айналады.(12) Батыр хонтайшының билікке келуі қарсаңында Жоңғар хандығының сыртқы саяси жағдайы жалпы алғанда біршама тұрақты болса, ал ішкі саяси жағдайы күрделірек болатын. Батыр хонтайшы ішкі саяси өмірде орталықтандырылған хандық билікті нығайту саясатын жүргізсе, кейбір жергілікті тайпа көсемдері орталық хандық билікке бағынбауға, өздерінің феодалдық сақтап қалуға немесе қалпына келтіруге тырысады.(13) Осылайша, Жоңғарияның өзінде Батыр хонтайшыға қарсы топ пайда болады. Міне, хонтайшы мен оған қарсы топ арасындағы қайшылық Жәңгір сұлтанның жоңғар тұтқынынан босап шығуына әсер еткен деуге болады. Харақұла тайшы тұсында ойрат чулганын басқарған хошоуыт тайпасының көсемі Байбағас тайшының туған інісі Хұндүлен тайшы – Батыр хонтайшы билігінің күшеюіне бірден-бір қарсы тұрған тұлға болатын. Сол себепті де ол хонтайшының көптеген іс-әрекеттеріне кейде ашық, кейде жабық түрде қарсылықтар көрсетіп отырады. Біз оның біріне – 1643 жылғы Батыр хонтайшының қазақтарға қарсы жорыққа шығу туралы бастамасына қарсы шығып, жорыққа қатыспай қоюын жатқызамыз. Ол жөнінде төменде кеңірек қарастырамыз.1644 жылы Батыр хонтайшымен әңгімелескен Тобольск әкімшілігінің елшісі Г.Ильиннің есебіндеХұндүлен тайшы мен Далай тайшының ұлдарын,Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс батырды хонтайшы өзінің жауы деп санайтынын, Хұндүлен тайшының Жәңгірді қолдап отыратынын және тайшы оны таңдаулы ұлы (названный сын) деп санайтындығын баяндап береді.(14) Міне, осы мәліметтен біз Жәңгірдің жоңғар тұтқынынан аман-есен босап шығуының себебін түсінгендей боламыз. XVIII ғасырдың 40-шы жылдарының басында Абылай сұлтанның қазақ қоғамындағы саяси ролін жете түсінген жоңғардың саяси элитасының өкілдері оны өлтіргеннен гөрі онымен одақтасуды, жақындасуды дұрыс деп тауып, оны тұтқыннан босатуға күш салған болатын. Сло іс-әрекеттері арқылы олар өздерінің болашақтағы жоспаларын жүзеге асыруды ойластырғаны белгілі. Дәл сол сияқты XVII ғасырдың 30-шы жылдарындағы Жәңгір сұлтанның қазақ қоғамындағы алатын орнын білген Батыр хонтайшының қарсыластары Жәңгірді өлтірткізбей, керісінше онымен жақындасуды, одақтасуды ойластырған деуге болады. Ш.Құдайбердіұлы Тәуке ханды Салқам Жәңгірдің қалмақ ханының қызынан туған ұлы деп жазады.(15) Тәуке ханның 1715 жылы ұзақ өмір сүріп қайтыс болғанына қарап және әкесі Жәңгір ханның билігі тұсында Қашқарияға қазақ елшілігінің құрамында барғанына қарап оны шамамен 1630-шы жылдардың ортасында дүниеге келген деуге болады. Тәукенің анасы қалмақ тайшыларының бірінің қызы болса және туылған жылы XVII ғасырдың 30-шы жылдарының екінші жартысына сәйкес келсе, сондай-ақ Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп санайтындығын ескерсек, онда Жәңгірді жоңғар тұтқынынан құр қол қайтпаған деуге болады. Осыған байланысты мынадай қорытындылар жасауға болады.Біріншіден,1635 жылы қазақ-жоңғар соғысында жау қолына тұтқынға түскен Жәңгірдің тағдыры екі ел арасындағы қарым-қатынаста аса маңызды орын алғанына қарап, сол жылдардың өзінде оны хан болмаса да қазақ қоғамының ішкі саяси өмірінде ерекше орын алған тұлға деп санаймыз.Екіншіден, оның жоңғар тұтқынынан босануына Жоңғарияның ішкі саяси өміріндегі ахуал етіп, Батыр хонтайшыға қарсы топтың әрекетінің нәтижесі деп ұғынамыз.Үшіншіден, Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп есептеуін онымен жақын болуын оның болашақтағы қазақ ханымен саяси одақтас болудың жолдарын іздестіруі деп білеміз.Осылайша, Жәңгі сұлтан 1635 жылы жоңғар тұтқынынан жоңғарлардың өз қолымен босап, туғанеліне аман-сау оралады, жоңғар тайшыларының арасынан өзіне одақтастар тауып қайтады. Бұл одақтастықтың оған 1643 жылғы Батыр хонтайшы әскерімен шайқасында көп көмегі тиеді.Жалпы, қазақ-жоңғар қатынастарының алғашқы 20 жылдай кезеңіндегі екі жақтың қатысуымен болған ірі оқиғалар саны үшеу. Біріншісі, жоғарыда атап өткен 1635 жылғы қазақ-жоңғар шайқасы және Жәңгір сұлтанның жоңғар тұтқынына түсуі болса, екіншісіне – 1643 жылғы қазақ-жоңғар шайқасы жатады. Ал үшінші ірі оқиға, ол - 1652 жылғы Жәңгір хан қаза табатын шайқас. Қарап отырсақ, осы үш оқиғаға Жәңгір тікелей қатысып, оқиғалардың басында жүрген екен. Жәңгір ханның өміріне қатысты ең көп кездесетін мәліметке – 1643 жылғы шайқас туралы мәлімет жатады. Бұл кезде Жәңгір әлі сұлтан дәрежесінде болатын. Жоңғарияға барып келген орыс елшілерінің есептерінде оның дәрежесін сұлтан деп жазады. Мысалы, 1640 жылы қыркүйек айында жоңғар қоңтайшысының ордасында қазақ сұлтаны Жәңгір сұлтанның елшісі болғандығын орыс деректері хабарлайды. (16)1643-1644 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы ең алғашқы хабарды Г.Ильин береді. Ол 1644 жылы ақпан айында Батыр хонтайшының ордасынан Тобольскіге қайтып оралып, воевода Куракинге осы соғыс туралы баяндайды.(17) Дәл осы жылы және сол айда Тобольскіге келген ойрат көсемдерінің бірі Абылай-тайшының елшісі Бахтыйдың хабарламасында да 1643-44 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы айтылып, ол да Г.Ильиннің мәліметін растайды және оны толықтыра түседі.(18) Екі мәліметтің үзінділері И.Я.Златкиннің монографиясында келтірілгендіктен, біз оның бәрін қайталап жатпай, тек осы соғысқа және Жәңгірге қатысты жерлерін ғана сілтеме ретінде пайдаланамыз. Батыр хонтайшының қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жазының ортасына дейін созылады. Жоңғар билеушісі жағында көптеген ойрат тайшылары, Халха билеушісінің ұлы Омбо-Эрдени болып, жалпы саны 50 мың әскер жорыққа шығады. Бұл жорыққа Жәңгірдің одақтастары Хұндулен тайшы, Далай тайшының ұлдары қатысудан бас тартқанын елші Бахтыйдың мәліметі дәлелдейді. Бір қызығы, Г.Ильиннің дерегінде Батыр хонтайшының Жәңгір сұлтанға қарсы аттанғандығы баса айтылады. Сол кездегі қазақ ханы Жәңгірдің ағасы Жәнібек болса да, ол туралы ешкім де сөз қылмайды. Барлық деректерде тек Жәңгір сұлтанның есімі ғана айтылып отырады. Бұл жағдай XVIII ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ сұлтаны Абылайдың тарихи ролін еске түсіреді. Енді шайқас барысына тоқталалық.Жәңгір сұлтан жоңғар әскерінің қазақтарға қарсы дайындығынан хабардар болған сияқты. Мұны Жәңгірдің Хұндулен тайшымен достығының нәтижесі деп білу керек. Жәңгір сұлтан Батыр хонтайшының жорық бағытын да алдын-ала біліп, оларға қарсы тұратын ыңғайлы жерді таңдап та алады. Самарқандағы досы Жалаңтөс батырға да хабар жібереді. Өзі 600 адамдық әскерімен жау әскеріне қарсы аттанып кетеді. Жоңғар әскерінің бағытындағы тар тау шатқалының ішінде окоп қаздырып, онда мылтықпен қаруланған 300 жасағын қалдырады да, өзі қалған әскерімен қарсы беттегі тастардың артына жасырынады. Хонтайшы әскері окоптағыларға жақындағанда Жәңгірдің 300 жасағы оларға оқ атып бетін қайтарады. Екінші жақтан сұлтанның өзі соққы береді. Шатқалдың өте тарлығынан қалмақ әскері сандық артықшылығын пайдалана алмайды, маневр жасауға мүмкіндіктері болмайды. Батыр хонтайшы екі рет шабуыл жасайды, бірақ ол екеуі де ешқандай нәтиже бермейді. Сол кезде Самарқан әкімі Жалаңтөс батырдың 20 мыңдық әскері де келіп жетеді. 10 мыңдай адамынан айырылған жоңғар әскері кері шегінуден басқа амал таппайды.(19) Бұл соғыс Жәңгір сұлтанның атақ-абыройы мен беделін қалай асқақтатса, Батыр хонтайшының беделіне зор нұқсан келтіреді. Орыс елшісі мен жоңғар елшісінің жазбаларына қарағанда, Батыр хонтайшы бұл жорықтан еліне 1644 жылдың шілде айында оралған. Келе сала Жәңгір мен Жалаңтөстен кек алу үшін жаңа жорыққа қатты даярланады. Сонымен бірге 1643 жылғы жорыққа қатысудан бас тартқан Хұндүлен тайшы бастаған қарсылас топты жазалауды да ойластырады. Осыған байланысты ол Кузнецк уезінен көптеген қару-жарақ сатқызып алады.(20) Бірақ неге екені белгісіз, Батыр хонтайшының келесі жылға жоспарлаған Жәңгірге қарсы жорығы жүзеге аспай қалады.Біздің ойымызша, оның екі себебі болған сияқты. Бірінші себепке Жоңғарияның өз ішіндегі саяси жағдайдың ушығып кетуі жатса керек. Хонтайшының қарсыластарын жазалауға кірісуі оны Хұндүлен тайшымен ашық шайқасқа шығуына алып келеді, бірақ хонтайшы өз мақсатына жете алмайды. Мұндай жағдайда қазақтарға қарсы жаңа жорық жасау оны тағы да масқара жеңіліске әкелері сөзсіз еді. Ал екінші себепке жататын жағдайға - осы кезден бастап Жәңгірдің бүкіл қазаққа хан болуы Батыр хонтайшыны жаңа соғысқа барудан бас тартқызған деп ойлаймыз.Жәңгірдің дәл қай жылы хан болғаны белгісіз. Осыған байланысты Т.И.Сұлтанов мынадай пікір білдіреді: «Ағасы Жәнібек ханның өлімінен кейін шамамен XVII ғасырдың 40-шы жылдарының ортасына таман Жахангер бүкіл қазаққа хан болады».(21) Біз де осы пікірге қосыла отырып, Жәңгірдің таққа отырған кезін 1643/44 жыл деп санаймыз. Хандық билікке келгенгн дейін-ақ қазақ қоғамы ішінде өте зор беделге ие болған Жәңгірдің ағасынан кейін Түркістандағы хан тағын иеленгендігі заңды құбылыс. Оны бұл жерде дәлелдеп жатуды артық деп санаймыз.Егерде Жәңгір билікке келгенге дейінгі сұлтандық дәрежедегі қызметінің басты бағыты шығыстағы жоңғарлармен қарым-қатынас болса, енді хан мәртебесіндегі міндетіне қазақ елінің ішкі-сыртқы өміріне қатысты барлық бағыттағы мәселелер енеді. Өкінішке орай, осыған қатысты жазба деректердің жетімсіздігі ол жөніндегі ой-пікірлерімізді толықтай негіздеуге, дәлелдеуге, баяндауға мүмкіндіктер бермейді. Бірлі-екілі қысқа және үзік-үзік дерек мәліметтеріне сүйеніп қана сол кезеңдегі тарихи даму туралы, оқиғалар жөнінде болжаммен, шамалап қана ой айтуға болады. Сондай ой-пікірлерімізге Жәңгір хан тұсындағы Қазақ хандығының Мауереннахрдағы аштарханилар әулетімен, Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулет өкілдерімен жүргізген қарым-қатынасына қатысты тұжырымдарымыз жатады. Төменде сол мәселерге көңіл аударалық.1611-1642 жылдары Мауереннахрда билікте болған атақты Имамқұли хан қайтыс болғаннан кейін Бұхара тағына оның інісі Надирмұхаммед хан (1642-1645 жж.) отырады. Жәңгір ханның әрі досы, әрі қарулас серігі Жалаңтөс батыр осы жылдары Орта Азияның ірі қалаларының бірі – Самарқан қаласының әкімі болатын. Сонымен бірге ол сол кезеңде Мауереннахрдың саяси өміріндегі ірі көрнекті тұлғалардың бірі болып саналатын. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы Имамқұли ханмен жақын болады және аштарханилық әулеттің жас өкілдеріне аталық қызмет атқарады. Оның мұндай қызметі мен беделі Қазақ хандығы мен аштарханилық әулет арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге, жақындастыруға көп көмегін тигізеді, екі әулет арасында туыстық қатынастардың қалыптасуына, оның жалғасуына септігін тигізеді. Кезінде Есім ханның бір қызы Имамқұли ханға ұзатылса, кейін келе әулеттер арасындағы туыстық байланыстар одан әрі жалғасын табады да, XVII ғасырдың 40-шы жылдары Жәңгір ханның Қазақ ханым атты қызы болашақ Бұхара ханы, Жалаңтөс батырдың тәрбиеленушісі Абд ал-Азиз сұлтанға ұзатылады.(22) Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр арасындағы өзара түсіністік пен сыйластыққа, достыққа негізделген қарым-қатынас 1643/44 жылдан кейін де, яғни Жәңгірдің хан тағын иеленгенінен кейін де терең дамиды. Тіпті ол қатынас екі ел арасындағы саяси байланыстарға да тікелей әсерін тигізеді. Надирмұхаммед ханның үлкен ұлы, Жалаңтөстің шәкірті - Абд ал-Азиздің 1645 жылы хан тағына келуіне тікелей болмаса да жанама Қазақ хандығының қатысы бар.(23) Ал одан кейін 35 жыл бойы Абд ал-Азиз ханның тақта отыруына оның қазақ елімен достық қатынастарға негізделген саясат жүргізуі де әсер етсе керек. Осы жерде бір айта кетерлік нәрсеге, Абд ал-Азиздің билікке Надирмұхаммед хан тақтан күштеп кетірілгеннен кейін келуі жатады. Жергілікті саяси күштердің Надирмұхаммед ханға наразылығы, (оның ішінде Жалаңтөс батырдың да болуы мүмкін) таққа басқа үміткерлерді отырғызуға алып келеді. Үміткерлер ішінен Жәңгір ханның күйеу баласы және Жалаңтөс батырдың шәкірті Абд ал-Азиз жеңіп шығады. Оған басқа да факторлармен бірге Жәңгір мен Жалаңтөстің ықпалдары да әсер еткен деуге толық негіз бар. Ал Абд ал-Азиз хан билік құрған жылдары қазақтармен қарым-қатынас бейбіт түрде дамиды. Жазба дерек мәліметтерінде екі ел арасында есте қаларлықтай соғыстар, ұрыс-шайқастар кездеспейді. Мұндай бейбіт қатынастардың бастауында Жәңгір ханның аштарханилық әулетпен жүргізген бейбіт, туыстық саясаты жатыр деп толық сеніммен айта аламыз.Жәңгір ханның билігі тұсында Қазақ хандығы Шығыс Түркістандағы моғол билеушілерімен де жақсы қатынастар жүргізеді. Екі жақты қатынастардың тарихы XVI ғасырдың басында қалыптасып, ол әртүрлі сипатта дамығаны белгілі. Тәуекел, Есім хандар тұсында екі жақты қатынастар жақсарады да, Жәңгір ханның кезінде ол одан әрі жалғасын тауып, жетілдіріле түседі. Шах Махмуд шорастың «Тарихында» Жәңгір хан мен шағатайлық моғол ханы Абдаллахтың арасында азғантай уақыт ішінде 5-6 елшіліктің барып қайтқандығы айтылады. Автордың жазуы бойынша алғашқы елшілікті Шығыс Түркістанға Жәңгір хан жібереді.(24) Бірақ ол елшіліктің қандай мақсатпен барғандығы айтылмайды. Жауап ретінде Абдаллах ханнан Сопы қожа бастаған елшілік Жәңгір ханға келеді. Оның да келу мақсаты белгісіз. Жәңгір хан өз ұлдарының бірі, болашақ қазақ ханы Тәуке сұлтанды Сопы қожаға ертіп, Шығыс Түркістанға аттандырады. Тәуке сұлтан Шығыс Түркістанда зор құрметке бөленіп, Қошқар бек деген моғол елшісімен бірге еліне аман сау оралады. Келесі кезекте Қошқар бекпен бірге Жәңгір ханның үлкен ұлы Аппақ сұлтан моғол еліне жіберіледі. Сондай-ақ Жәңгір ханның бір қызы Абдаллах ханның ұлы, Қашғар қаласының билеушісі Жолбарыс ханға ұзатылады.(25)Жәңгір ханның моғол билеушілеріне қысқа уақыт ішінде бірнеше елшілік жіберуінің өзіндік себептері болған. Бірінші себепке көршілес елмен бейбітшілікте болу, сол арқылы екі жақты сауда - экономикалық байланыстарды жандандыру жатса, екіншіге - болашақта жоңғарлармен болатын күресте моғолдармен одақтастық қатынасты нығайтуды Жәңгір хан мақсат еткен дейміз. Болашақ аштарханилық билеушіге бір қызын ұзатқаны секілді, болашақ моғол ханына да бір қызын ұзатады. Сөйтіп, Жәңгір хан көршілес мұсылман елдеріндегі билеуші әулет өкілдерімен туыстық қатынастарды нығайту, жаңарту арқылы XVII ғасырдағы Қазақ хандығының ең басты қарсыласы – Жоңғарияға, оның билеушісі – Батыр хонтайшыға қарсы одақ құруға күш салады деген қорытындыға келеміз. Өйткені Батыр хонтайшының 1643/44 жылғы соғыста жеңілісінен кейін кек алу үшін жаңа жорыққа дайындалып жатқанынан Жәңгір хан хабардар болатын.Жәңгір ханның тақта отырып қандай саясат жүргізгені бізге беймәлім. Жазба деректердің мәліметтеріне қарағанда ол үнемі ат үстінде, жаумен соғыста, алыс жорықтарда жүргендей әсер береді. Оның өміріне қатысты соңғы дерекке – 1652 жылғы қазақ-жоңғар шайқасында Жәңгірдің қаза табуы туралы мәлімет жатады. Осы дерек мәліметіне тереңірек тоқталып, 1652 жылғы ұрысқа, Жәңгір ханның өліміне қатысты ойларымызды білдіріп көрелік.Кейбір тарихи әдебиеттерде 1652 жылғы қазақ-жоңғар соғысы жеке, екі ел арасындағы кезекті бір соғыстың бірі деп қарастырылады. Мәселеге тереңірек үңілсек, оның 1643 жылғы қазақ-жоңғар соғысының жалғасы екндігіне көз жеткіземіз. Бұған дейін жоғарыда айтып өткеніміздей, 1643/44 жылғы жеңілістен кейін Батыр хонтайшы Жәңгірден кек алу үшін жаңа соғысқа дайындалады. Ол үшін оған алдыменен Жоңғариядағы Жәңгірдің одақтастары – Хұндүлен тайшыны, Далай тайшының ұлдарын жеңу керек болатын. Жоңғарияның екі саяси серкесі арасындағы келіссөздер нәтижеге бермей, қатынас ушыға түседі де, ақыры 1646 жылы ол әскери қақтығысқа әкеп соқтырады. Жәңгір ханның одақтасы сол қақтығыста 250 адамынан айырылады да, шегінуге мәжбүр болады. 1647 жылы Зая Пандита соғысушы жақтарды татуластыруға күш салады. Оларды бір-бірімен жолықтырып, бетпе-бет сөйлестіреді. Бірақ ол ойдағыдай нәтиже бермейді.(26)Одан кейінгі жылдары жоңғар тайшылары арасында бірнеше жылға созылған қақтығыстар Батыр хонтайшыға қазақтарға қарсы аттануға қолбайлау жасайды. Бірақ та жоңғарлар билеушісі жаңа жорыққа даярлығын тоқтатпайды. Біздің ойымызша, дәл осы жылдары Батыр хонтайшының бұл әрекеттерінен хабардар болып отырған Жәңгір хан оған қарсы мұсылман елдерінің одағын құруға, яғни Шығыс Түркістандағы шағатайлық моғол хандарымен, Мауереннахрдағы аштарханилар әулетімен саяси және туыстық қатынастарды нығайтуға күш салған. Батыр хонтайшының қазақтарға жорығы ақыры 1652 жылы жүзеге асады. Оған қарсы Жәңгір ханның өзі қазақ әскерін бастап шығады. Бірақ дерек мәліметтері ұрыстың қалай жүргені туралы баяндамайды. Тек Батыр хонтайшының одақтасы, хошоуыт тайпасының көсемі, Очирту-Цецен ханның 17 жасар ұлы Галдамның Жәңгір ханды өлтіргенін ғана айтады.(27) И.Я.Златкин дерек мәліметіне сүйеніп, Жәңгір хан жекпе-жекте Галдамнан жеңіліп өлтірілді деп жазады. Бірақ мұндай мәліметке сене қою қиын. Өйткені ұрыс басталар алдында жекпе-жекке тек екі жақтың мықты, сенімді батырларының ғана шығатыны белгілі. Ал Жәңгір ханның қалай қаза тапқаны туралы біз, өзіндік ойларымызды ортаға салып көрелік.1643/44 жылғы соғыста орасан көп қолмен жеңіліс тауып, масқара болған Батыр хонтайшы 1652 жылғы жрықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіруге бел буған. Сол үшін де ол арнайы мерген- садақшылардан адамдар даярлап, оларға ұрыстың қызған кезінде қазақ ханының жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруді тапсырған. Бұл тапсырманы жоғарыда есімін атап өткен 17 жасар Галдам орындап шыққан. Осылайша, бүкіл ғұмырын ат жалында өткеріп, елі мен жерінің азаттығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында жауларымен алысып, арпалысып өткен қазақ ханы – Жәңгір хан нағыз ерлерше, нағыз батырлардай қан майданда қаза табады. Оның денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің жанына қойылады. Жәңгір ханға дейін кесене жанына әкесі Есім хан, көкесі, яғни Есім ханның ағасы Ондан сұлтан, туған ағасы Жәнібек хан және тағы басқа белгілі тұлғалар жерленген болатын. Оның да осы қалада жерленуін қалыптаса бастаған дәстүрді сақтау және оны одан әрі жалғастырудан туындаған деп есептейміз.Енді бір-екі ауыз сөз, Жәңгір ханның ұрпақтары туралы болмақ. Қолымызда бар материалдар Жәңгір ханның екі қызы және үш ұлы болғандығын айтады. Оның басқа да ұл-қыздары болуы мүмкін, бірақ олар жөнінде ешбір деректе айтылмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жәңгір ханның деректерде кездесетін екі қызының бірі – аштарханилық Абд ал-Азиз ханға, екіншісі, Қазақ ханым атты қызы - Шығыс Түркістандағы шағатайлық Абдоллах ханның ұлы Жолбарыс ханға ұзатылады. Жәңгір ханның ұлдарының үлкені - Аппақ сұлтан. Жәңгір ханның тұсында оның қазақ елшілігі құрамында Шығыс Түркістанға барғаны Шах Махмұд шоростың дерегінде айтылады. Келесі ұлдарының бірі – Тәуекел сұлтан. Ол қазақ тарихында – Тәуке, Әз Тәуке деген есіммен қалады. Тәукенің де әкесінің хандық билігі тұсында алғаш рет қазақ елшілігімен Шығыс Түркістанға барғаны белгілі. Ш.Құдайбердіұлының материалдарында Жәңгір ханның тағы бір ұлының есімі аталады. Оның есімі – Уәлибақи. Ол Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған делінеді және қалмақ әйелден туған Тәуке әкесінен соң таққа отырғанда, өкпелеген Уәлибақи Үргеніштегі Ғайып ханға кетіп қалған еді делінеді.(28) Әзірге Жәңгір хан туралы тарих ғылымында белгілі жағдайлар осылар. Енді жоғарыда айтқан барлық ойларымызды қорыта келе, мынадай тұжырымдар жасаймыз. Бірінші, хандық дәуірдегі қазақ хандарының өкілі ретінде Жәңгір хан бүкіл саналы өмірін ел қорғау ісіне арнайды. Оның атақ - даңқы сұлтан кезінде-ақ танымал болып, жоңғарлармен күресте ірі жеңіске қол жеткізеді. 1643 жылы Батыр хонтайшының 50 мыңдық әскерін 600 әскермен шегіндіруі оның есімін қазақ халқының есінде мәңгіге қалдырады. Оның атақты Жалаңтөс батырмен достығы Қазақ хандығы мен аштарханилар әулеті арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына көп септігін тигізеді.Екінші, хан тағын иеленгеннен кейін Жәңгір хан мемлекеттің сыртқы саясатын бірнеше бағытта жүргізіп, көршілес мұсылман елдермен жақсы қарым-қатынастар орнатады. Жоңғарлармен күресте Мауереннахрдағы аштарханилық әулет өкілдерімен, Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулетпен саяси одақ құрып, оны туысқандық байланыстармен нығайтады. Үшіншіден, Жәңгір хан қазақ елінің азаттығы жолындағы шайқастардың бірінде нағыз ерлерше қан майданда қаза табады. Ал оның сүйегі қазақ елінің сол кезеңдегі астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі жанына жерленеді. Осылайша, Жәңгір хан қазақ тарихында жарқын істерімен қалып, оның есімі қазіргі кезеңдегі қазақ халқы үшін отансүйгіштік пен жанқиярлықтың, батырлық пен ерліктің символына айналып отыр. Болашақта Жәңгір ханға қатысты тың деректер мен материалдар оның тарихи тұлғасын одан әрі аша түседі деген ойдамыз.
Тәуке хан – қазақ халқының тарихи санасында өзінің кемеңгерлігімен, даналығымен, ақылдылығымен, әділдігімен, бітімгерлігімен сақталған хандарымыздың бірі. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Тәуке ханның осындай қасиеттерін ашып көрсететін тарихи аңыз-әңгімелер жетіп артылады. Осыдан 200 жылдай бұрын Тәуке хан туралы ел аузынан естіген материалдарын жинақтай келе, қазақ тарихы туралы тұңғыш көлемді еңбек жазған А.И.Левшин оның тарихи тұлғасына мынадай сипаттама берген болатын: «Ол бірнеше жылдарға созылған қантөгіс соғыстарды тоқтатып, өзара қырқысуларды тыныштандырды, ол өзінің ақылымен және әділеттілігімен басқаларды бағындыра білді, ол мықтыларды тыныштандырып, әлсіздерді біріктіру арқылы күштілерге қарсы тұра алатындай етті, ол жалпыға ортақ заң шығарып, сол заңмен өмір сүргізді, қазіргі күнде ол заң қазақтардың есінде сақталған».(1) Ауыз әдебиетінің материалдары мен жазба дерек мәліметтеріне сүйенген еліміздің тарихшылары да Тәуке ханның жеке басының қасиеттері мен билік құрған жылдарындағы жүргізген саясатына оң бағалар береді. Қазіргі күнде тарихи білімдерге деген сұраныстардың артуына байланысты ежелгі және ортағасырларда Қазақстан аумағында өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірі мен қоғамдық қызметтері, тарихи бейнелері қалың көпшілікті қызықтырып отырғаны белгілі. Осыған сай, біз төменде қазіргі күнде тарих ғылымына кең танылған және сирек кездесетін тарихи материалдарға сүйене отырып, Тәуке ханның қазақ тарихында алатын орны мен өзіндік тарихи бейнесін ашып көрсетуге тырысалық.Қазақстан тарихының кейінгі ортағасырлық кезеңі хандық дәуір деп аталынып, ол XV ғасырдың ортасынан XVIII ғасырдың алғашқы 30 жылы аралығын қамтитыны белгілі. Бір орталықтан басқарылған осы кезеңдегі қазақ мемлекетінде он жеті хан билік құрған екен. Ол хандардың бірі – хандықтың негізін қалаушы ретінде, ал екінші бір тобы – хандықты күшейтуші, нығайтушы ретінде, ал келесі бір тобы – хандықты әлсіретіп алушы ретінде тарихта қалғаны баршаға мәлім. Ал Тәуке ханның рөлі қандай болған деген сауалға келсек, біз оны қазақ тарихының хандық дәуірдегі ең соңғы ханы және қазақ мемлекеттілігінің, халқының тұтастығы мен бірлігін сақтау үшін күрес жүргізіп, «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын енгізген кемеңгер, әрі әділетті билеуші ретінде тарихта қалған деп санаймыз. Егерде хандық дәуірдегі хандардың бәрін жүргізген саясаты мен жеке басындағы ерекше қасиеттеріне қарай топтастырсақ, онда Тәуке ханның есімі Керей мен Жәнібек хандардың, Бұрындық, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір хандардың есімдерімен бірге бір қатардан ешбір талассыз орын алған болар еді. Тәуке хан – XV –XVIII ғасырлардағы қазақ хандары әулетінің өкілі, оның арғы шыққан тегі Шыңғыс ханнан, Жошы ханнан бастау алады. Біз бұған дейінгі Есім хан, Жәңгір хандардың тарихи рөліне арналған жұмыстарымызда қазақ хандарының шыққан тегі жөнінде біршама толығырақ айтып өткендіктен бұл жерде оның бәрін қайталап жатпай, тек олар туралы өте қысқаша түрде атап өтуді жөн көріп отырмыз.Тәуке ханның шығу тегін ортағасырлық жазба дерек мәліметтеріне сүйене отыра былайша көрсетуге болады: Шыңғыс хан → Жошы хан → Ордаежен → Сартақтай → Қоныша → Баян → Сасыбұқа → Ерзен → Шымтай → Орыс хан → Қойыршақ → Барақ хан → Жәнібек хан → Жәдік →Шығай хан → Есім хан → Жәңгір хан → Тәуке хан.(2) Шыңғыс ханмен Жошы ханның есімдері әлемге әйгілі, олар туралы деректер де, зерттеулер де жеткілікті, бірінші тұлға - Моңғол империясының негізін қаласа, екіншісі – Жошы Ұлысы деп аталған XIII ғасыр басындағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының билеушісі. Ал Ордаеженнен бастап Барақ ханға дейінгі тұлғалар – XIII - XV ғасырларда Қазақстан аумағында өмір сүрген Ордаежен Ұлысы, оның тікелей жалғасы боп келетін Ақ Орда атты мемлекеттердің билеушілері болған. Ал Жәнібек ханның туысы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының іргетасын қалағанын қалың жұртшылық жақсы біледі. Тәуке ханның төртінші атасы Жәдік – бүкіл қазақтың ханы болмаса да жазба дерек мәліметінде оның есімі жанына «хан» лауазымы қосылып жазылады.(3) Біз бұл жөніндегі ойларымызды бұған дейін жазылған «Есім хан», «Жәңгір хан» атты жұмыстарымызда айтып өткенбіз. Бірақ әр жұмыс жеке болғандықтан Жәдікке қатысты ой-пікірлерімізді осы жерде тағы да айта кетуді жөн көріп отырмыз.Жәдік сұлтан – Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі, өмір сүрген жылдарын шамамен XV ғасырдың II жартысы мен XVI ғасырдың 30-шы жылдары аралығы деуге болады. Жазба деректер ішінде ол туралы тек Қадырғали Жалайыр ғана тәуір деректер береді. Ол Жәдік туралы мынадай мәліметтерді баян етеді. «Жәдік хан. Қасым хан заманында белгілі еді Шағым мырзамен соғысып, Жыланды төбеде бір ұлымен бірге шаһит болды. Оның қабірі Үргеніштегі Бақырған атада жатыр. Сонда жерленген еді. Жәдік ханның көптеген әйелдері мен күңдері болды, оның балалары да көп еді. Оның аса әйгілі даңқты ұлдары: Тоғұм хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан, Мәлік сұлтан. Соңғы екеуінің шешесі Абайқан бегім еді»(4) Осы мәліметінде Қадырғали Жалайыр Жәдікті екі рет «хан» лауазымымен атап өтеді. Соған қарағанда ол қазақ ұлыстарының бірінде хан болған деп санаймыз. Ал қаза тапқан жылдарына келсек, ол кезең – Қазақ хандығының тарихында «уақытша әлсіреу» кезеңі деп аталатын 1520-1530-шы жылдарға сай келеді. Осы кезеңде Жағат уалаятыменшекарадағы соғыстардың бірінде Жәдіктің немересі Башыбек сұлтан 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапса, Бұйдаш хан 24 қазақ сұлтанымен бірге Ташкент билеушісі Дербіс ханмен соғыста шаһит болады.(5) Дәл осы жылдары ноғайлармен болған соғыстардың бірінде Ахмет хан (Қожа Ахмет хан) 15 сұлтанмен бірге тұтқынға түсіп, Орақ батырдың қолынан өлім құшады.(6) Қазақ тарихындағы осындай ауыр кезеңде ел үшін, жер үшін Жәдік те жауларымен соғыста қаза тапқан. Тәуке ханның үшінші атасы Шығай ханға келсек, оның Хакназар ханнан кейін 1580-1582 жылдары бүкіл қазақтың ханы болғаны белгілі. Тарихи әдебиеттерде Шығайдың әбден қартайған шағында хан болғандығы айтылады. Ал оның кәрілікке дейінгі өмірі жайында айтыла бермейді. Қадырғали Жалайыр оның жастық кезеңі жайында былай деп баяндайды: «Шығай ханның хикаясы әрқашан оның батырлығымен мәлім, мәшһүр болды.»(7) Шығай хан билікке келген жылы жасы шамамен 80-нің ар жақ, бер жағында болса, онда оны XVI ғасырдың алғашқы жылдары дүниеге келген деуге болады. XVI ғасырдың 30- шы жылдарындағы қиын кезеңде аман қалған сұлтандардың бірі – осы Шығай хан болды. Қадырғали Жалайырдың жазғанындай, оның «даңқы мен батырлығы» осы кезеңде көрініп, бүкіл қазақ жеріне таралып кетеді. Ол 40 жылдан аса уақыт бойы Хақназар ханмен бірге елдің қисайған туын тіктеуге, сөгілген іргені бекітуге күш салады. XVI ғасырдың 40-80 жылдарындағы тарихи оқиғаларды баяндайтын жазба деректерде Шығай ханның есімі үнемі Хақназар ханның есімімен қатар айтылып отырады. Шығай хан артында көптеген ұрпақтар қалдырып, 1582 жылы қайтыс болады. Оның денесі Бұхара түбіндегі Күміскент қалашығында Әли атаның қабірі жанына жерленгендігін тағы да Қадырғали Жалайыр баяндап береді.(8)Ал енді Тәуке ханның атасы Есім ханға келсек, ол Шығай ханның он шақты ұлдарының үлкендері қатарына жатады. Тәуекел хан, Сұлтан Сабырбек ханым және Есім хан үшеуі бір анадан туған. Анасының есімі шағатайлық Яхшым ханым. Шығай ханна кейін билікке Тәуекел, ал одан кейін 1598 жылы Есімнің таққа отырғаны белгілі. Ол шамамен 1617-18 жылдары Ташкенттегі қазақ билеушісі Тұрсын ханмен болған талас-тартыстарда жеңіліс тауып, Шығыс Түркістандағы шағатайлық хандарға кетеді. Ол жақта 6 жыл болып, 1623/24 жылы туған еліне қайтып оралады. 1627 жылы Тұрсын ханды өлтіріп, тақты қайта иеленеді. Бірақ көп ұзамай, 1628 жылы Есім хан қайтыс болады. Денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің жанына қойылған. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Есім ханды «Еңсегей бойлы Ер Есім» деп атаса, оның енгізген заңдарын «Есім ханның ескі жолы» деп атайды. Егерде Есім ханға дейін Қазақ хандығының ресми астанасы нақтыланбай, Сырданрия өзенінің орта ағысы бойындағы Сауран, Сығанақ, Отырар, Йасы қалалары астана міндетін алма-кезек атқарып келсе, Есім ханнан бастап қазақтың ресми астанасы ролін Йасы қаласы атқара бастайды да, қала жаңа атауға – Түркістан атауына ие болады. Сондай-ақ Есім ханнан бастап қазақтың ресми хандары мен билері, дін басылары, жалпы алғанда бүкіл қазақ еліне атақ-даңқы жайылған, есімі елге кең тараған тұлғалар Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің жанына жерлене бастайды. Ал Есім ханға дейінгі қазақ хандарының ата-бабаларының Сауранда, Сығанақта, Сарайшықта, Үргеніште, Бұқара маңындағы Күміскентте жерленгендігін ескерсек, Тәуке хан атасының Түркістанда жерленуі қазақ мемлекеттілігінің дамуы мен нығаюына, қаланың саяси-әкімшілік орталық ретіндегі маңызының өсуіне, биліктің тұрақты болуына негіз қалағандығын көреміз. Енді Тәуке ханның әкесі Жәңгір хан туралы да қысқаша тоқтала кетейік. Жәңгір хан – Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының бірі(9) Есім ханның үлкен ұлы Жәнібек хан, екіншісі – Жәңгір хан, ал үшіншісі – Сырдақ сұлтан. Т.И. Сұлтановтың пікірі бойынша, Есім ханның үлкен ұлы Жәнібек ХҮІІ ғасырдың 30 жылдарының басында хан тағына отырып, ойрат тайшыларымен көп соғысады және ХҮІІ ғасырдың 40 жылдарының басында кезекті бір шайқастың бірінде қаза тапқан(10). Ал Сырдақ сұлтаннан Хұсрау сұлтан деген ұл туып, одан тарихта белгілі – Қайып хан дүниеге келген. Жәңгір хан өмірінің көп бөлігі шығыстағы жоңғарлармен соғыста өткен. Әкесі Есім хан қайтыс болғаннан кейін ағасы Жәнібек хан тағына отырады да, Жәңгір сұлтан лауазымымен қазақ қоғамының сыртқы саяси өміріне белсене араласады. Шамамен 1635 жылы ол жоңғар тұтқынына түсіп, одан еліне аман-сау қайтып оралады. 1643 жыла аз санды әскермен Батыр қонтайшының көп санды әскеріне қарсы шығып, жоңғар әскерін кері қайтуға мәжбүрлейді. 1643-1652 жылдары қазақтың ханы болып, жоңғарлардың қазақ еліне баса-көктеп кіруіне қарсы тұрады. Ақыры 1652 жылғы шайқастың бірінде қаза табады. Сүйегі Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің жанына жерленген.Осылайша, Тәуке ханның шығу тегі мен ата-бабалары туралы тарихи шолуымызды аяқтай келе, мынадай тұжырымдарға келеміз. Біріншіден, Тәуке ханның арғы тегі Шыңғысхан және оның үлкен ұлы Жошыдан бастау алып, ХІІІ-ХҮ ғғ. Қазақстан аумағында саяси билікті иеленген Ордаежен әулетінің өкілдері болған. Екіншіден, Тәуке ханның Жәнібек ханнан Жәңгір ханға дейінгі бергі аталары Қазақ хандығының негізін қалап, оны нығайтқан, іргесін бекітіп, туын жоғары тіктеген, ел мен жер үшін күресіп, қазақ мемлекеттілігін ұрпақтарына дейін жеткізген тарихи тұлғалар болған. Өз кезегінде Тәуке хан да ата-бабасының осы жолын лайықты жалғастырып, қазақ халқының тарихи санасына өте жақсы жағымен сақталып қалады. Енді Тәуке ханның тікелей өзіне келейік.Тәуке ханның толық есімі – Тәуекел-Мұхаммед батыр хан.(11) Ш. Құдайбердіұлы Тәуке ханды Жәңгір ханның қалмақ әйелінен туған ұлы деп жазады.(12) Тәукенің қайтыс болған жылы мен сол тұстағы жасын мөлшерлей келе, оны шамамен 1635 жылдан кейін дүниеге келген деуге болады. Осы жылы оның әкесі Жәңгірдің жоңғар тұтқынында болғанын, одан аман-сау оралғанын және Батыр қонтайшының Жоңғариядағы басты қарсыласы Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп айтуына қарап, осындай ой түюге болады. Тәукемен қатар Жәңгірдің бірнеше ұлы болған. Шах Махмұд Чорастың дерегінде Жәңгір ханның Тәуке және Абақ деген екі ұлы болғандығы, Абақ сұлтанның үлкен ұл екендігі айтылады(13) Т.И. Сұлтанов Абақ сұлтанның есімін нақтылап – Аппақ сұлтан деп түсіндіреді(14) Ал Шәкәрімнің еңбегінде Жәңгір ханның екі ұлы болғандығы, біріншісі – Тәуке, ал екіншісі – Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған Уәлибақи. Жәңгірдің орнына Тәуке хан болғанда хандыққа өкпелеп Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді», - деп жазады Ш. Құдайбердіұлы(15) ХҮІІІ ғасырда осы Уәлибақидың тұқымынан атақты Абылай хан шығады. Ал Абақ (Аппақ сұлтан) сұлтанның ұрпақтары жөнінде әзірге ешқандай мәліметтер жоқ. Тәуке ханның есімі жазба деректерде алғаш рет 1650 жылдардың басында кездесе бастайды. Осы жылдары Жәңгір хан жоңғарларға қарсы күресу үшін Шығыс Түркістандағы шағатайлық билеушілерге бірнеше рет елшілік жібереді. Сондай елшіліктің құрамында жас Тәуке сұлтан да Шығыс Түркістанға барып қайтады.(16) Бұл кезде Тәукенің жасы әлі 20-ға да толмаған болатын. Жәңгір ханның жап-жас Тәукені елшілік құрамына қосуын ұлын мемлекеттік маңызды істерге жас шағынан баулуы деп қабылдаған жөн. Жәңгір ханның 1652 жылы жоңғарлармен шайқаста қаза тапқандығы белгілі. Ал Тәуке ханның билікке келген кезін тарихшылардың бәрі дерлік және академиялық басылымдар – 1680 жыл деп көрсетеді(17) Бұл мәселе бойынша Т.И. Сұлтанов өте байқампаздық көрсетіп, оның әлі көмескі тұстары бар екенін аңғартады. Ол бұған қатысты пікірін былайша тұжырымдайды: «Тәуке хан әкесінен кейін бірден билікке келді ме, жоқ па, белгісіз»(18). Ал кеңестік кезеңдегі және қазіргі кезеңдегі академиялық басылымдар бұл мәселеден айналып өтеді. Олардың материалдарында 1652 жылы Жәңгірдің қаза тапқаны және 1680 жылдан бастап оның ұлы Тәукенің хан болғандығы жайлы айтылады да, екі ортадағы 28 жылдағы тарих жабулы күйінде қалдырылады.(19) Бұл мәселе Тәуке ханға қатысты болғандықтан, біз төменде осыған қатысты өзіндік ой-пікірлерімізді оқырмандар назарына ұсыналық. Алдыменен Жәңгір хан қаза тапқан жыл тұсындағы қазақ қоғымының ішкі саяси өміріне назар аударайық. Бұған дейін айтып өткеніміздей, 1652 жылы Жәңгір ханның ұлдары 20 мен 30 жастың айналасында болатын. Ал Шығай әулетінен тараған хан тағына үміткерлердің өзі жетерліктей еді. Шығай ханнан Ондан сұлтан, Тәуекел хан, Есім хан, Шахмұхаммед сұлтан, Әли сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрагим, Шәкім, Көмек, Абылай және Әбусейіт атты ұлдардың тарағаны белгілі. Осылардың әрқайсысында 4-5 ұл болды дегеннің өзінде Жәңгір хан секілді таққа үміткерлер саны 40-50-ден асар еді. Ал осылардың әрқайсысында тағы да 3-4-тен бала болған десек, Жәңгір ханнан кейін тақты иеленуге құқы барлардың саны 100-150-ге жететін. Тәуке солардың бірі және жас жағынан алғанда кішісі болатын. Жәңгір ханның ағасы Жәнібек ханның ұлдары және інісі Сырдақ сұлтанның өзі немесе ұлдарының билікті иеленуге толық құқы болды. Өкінішке орай, сол тұстағы жағдайды көрсететін жазба деректер болмағандықтан, біз тек осындай ой-болжамдар ғана айта аламыз. Ал Шәкәрімнің еңбегіндегі осыған қатысты матриалдардан, біз Жәңгір ханнан кейін тақ үшін талас-тартыстардың болғандығына көз жеткземіз. Онда «Жәңгірдің орнына әз-Тәуке хан болғанда, хандыққа өкпелеп Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді», - деп айтылады.(20) Автор бұл дерегін қайдан алғандығын көрсетпесе де, ол өте жеңіл түрде айтылған мәліметке жатады. Тақ үшін, билік үшін таластардың жеңіл болмайтыны белгілі. «Өкпелеп кетті» деген мәліметтің астарына үңілсек, көп жағдайды аңғаруға болады. Күрес, таластар тақ үшін болғандықтан, «өкпелеп кетті» деген сөздің орнына «жеңіліс тауып қашып кетті» деген сөздерді қосуға болады. А.И.Левшиннің бұған дейін Тәуке хан туралы келтірген мәліметін осы жерде тағы келтіруге тура келеді. «... Ол (Тәукені айтып отыр. – Б.К.) өзара қырқыстардан кейін халықты тыныштандырды, ол тайпалар арасында бірнеше жылдарға созылған қантөгістерді тоқтатты, жұрттың бәрін ақылымен және әділдігімен өзіне бағындыра білді...»(21) Шәкәрімнің де, А.И.Левшиннің де материалдарына тереңірек талдаулар жасау арқылы Тәуке хан билікке келгенге дейін қазақ қоғамында тақ үшін кәдімгідей талас-тартыстардың болғандығын, ру-тайпалар арасында да жанжалдардың өршігендігін көруге болады. А.И.Левшин осы талас-тартыстардың ұзақтығын «бірнеше жылдар» деп жазса, біздің ойымызша ол 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейін созылған. Тек Тәуке ханның билікке келуі мен жүргізген саясаты ғана ел ішіндегі барлық талас-тартыстар мен қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады. Сөйтіп, ел ішінде тыныш өмір қалыптасады. Салыстырмалы түрде алсақ, Тәуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы қантөгіс қырқыстарға қарағанда Тәуке хан тұсында қалыптасқан бейбіт, тыныш өмір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» боп саналады. Ал енді осы 28 жыл бойғы өзара қырқысу кезеңі қазақ елімен көршілес елдердің тарихында, оның ішінде олардың қазақтармен қарым-қатынасында қалай көрініс береді, неге олардың тарихында осы кезеңдегі қазақ хандарының есімдері аталмайды деген сұрақтарға жауаптар іздестіріп көрелік.Осы кезең ішіндегі қазақ – жоңғар қарым-қатынасына назар аударсақ, деректерде екі жақтан да бір-біріне қарсы бағытталған әскери жорықтар, ұрыстар мен шайқастар жөнінде ешқандай мәліметтер айтылмайды. 1653 жылы Батыр хонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары мен кіші ұлдары арасында тақ үшін талас-тартыстар басталып кетеді де, ол күрес бүкіл жоңғар қоғамындағы белгілі тайшылар мен батырларды екіге бөліп жібереді. Көп ұзамай билікке кіші ұлдар тобын басқарған Сенге хонтайшы келеді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алмайды. Ақыры 1670 жылдың соңына таман Батыр хонтайшының үлкен ұлдары – Цецен тайшы мен Цзотба батыр інілері – Сенгені өлтіреді. Сенгенің орнына таққа отырған оның кіші інісі – Галданның алғашқы саясаты – ағасы үшін үлкен ағаларынан кек алуға бағытталды. Сондай-ақ ол Жоңғариядағы кейбір тайшылардың дербестігін жоюға, ішкі алауыздықтарды реттеуге, жалпы алғанда, билікті орталықтандыруға күш салады. XVII ғасырдың 70-ші жылдарының соңына таман ғана Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, орталық билікті нығайта алады. Осылайша, ішкі саяси жағдайды ретке келтіргеннен кейін ғана Галдан көрші елдерге көз аларта бастайды.(22) Оның басқа көрші елдерге жасаған жорықтары секілді, қазақтарға жорығы XVII ғасырдың 80-ші жылдарынан басталады. Бұл кезде қазақ ханы - Тәуке хан болатын. Ол кездегі оқиғалар мен тарихи даму төменде сәл кейінірек қарастырылады. Ал жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, 16523-1680 жылдары Жоңғарияның өз ішіндегі саяси жағдайдың күрделі және саяси дағдарыстың шиеліністі болуы оның сыртқы саясатта белсенділік танытып, тонаушылық пен басқыншылық сипаттағы соғыстар жүргізуіне мүмкіндіктер бермейді. Сол себепті де осы жылдары қазақ-жоңғар қарым-қатынасында тыныштық немесе үнсіздік кезең болып, ірі оқиғалар орын алмайды. Жазба деректер де соған байланысты осы кезең туралы үн қатпайды, сол себепті де осы жылдары қазақ хандығында кімнің хан болғандығын анықтау қиын деп санаймыз.Осы кезеңдегі қазақ - орыс қатынастары негізінен сауда-айырбас байланыстарын дамыту сипатында өрбиді және қазақ жері арқылы Орта Азияға орыс көпестері керуендерінің жиі өтуімен ерекшеленеді. Осы қатынастарды көрсететін деректерде қазақ ханы туралы ешқандай мәліметтер ұшыраспайды.Ал аштарханилар әулетімен қарым – қатынасқа келсек, бұл жылдары Бұхарада билікте Надірмұхаммед ханның (1642-1645) ұлы Абдалазиз хан (1645-1680) отырған болатын. Бұл кезеңде де Қазақ хандығының аштарханилар әулетімен қарым-қатынасында аса ірі оқиғалар болмаған секілді. Егерде ондай оқиғалар болса, онда ол жөнінде жазба деректерде мәліметтер кездескен болар еді. Тек екі жақты қатынастар Тәуке ханның билік еткен кезінен бастап қана кездесе бастайды.Жоғарыда айтылған қысқаша баяндауларымызды түйіндей келе, Жәңгір ханнан Тәуке ханға дейінгі жылдарды біздің тарихымызда әлі күнге дейін беймәлім болып отырған кезең деп атаймыз. Болашақта табылар тың деректер ғана осы кезеңді түсінуге және осы кезеңдегі қазақ хандарының немесе ханының есімін анықтауға жол ашады деген ойдамыз.Тарихи әдебиеттердегі материалдардың бәрі Тәуке ханды 1680 жылдан бастап хан болған деп жазады. Оның билікке қандай жолмен келгені белгісіз, ол туралы ешқандай деректе айтылмайды. Соған қарамастан ол жөнінде мынадай болжамдар айтуға болады. Егерде 1650 жылдардың басында Тәуке хан билік ету үшін өте жас болса, ал 1680 жылға таман оның жасы 40 пен 50-дің орта тұсында болатын. Бұл жас – ер адамның нағыз кемеліне келіп, ақыл-ойы толысқан, өмірлік тәжірибесі жетерліктей жас екені белгілі. Тәукенің ақылдылығы мен шешендігі, кемеңгерлігі мен данышпандығы сияқты ерекше қасиеттері оны билеуші әулет өкілдері арасында айрықша көзге түсіртеді. Сондай-ақ, бұған дейін айтып өткеніміздей, оның ата-бабаларының хан тағын үзбей иеленуі, Жәңгір ханның тікелей ұрпағы болуы, жастайынан мемлекеттік істерге араласуы – оның тақты иелену мүмкіндігін арттырады. Біздің ойымызша, 1652-1680 жылдары өзара таластар мен қырқыстардан әбден титықтап шаршаған қазақ қоғамы, қоғамның алдыңғы қатарлы тобы мен өкілдері: кейбір сұлтандар, билер мен батырлар, дін басылары және тағы басқа әлуметтік топтың өкілдері Тәуке жағында болып, оны қолдаған дейміз. Сөйтіп олар Тәукені 1680 жылы хан тағына отырғызады.Тәуке ханның 30 жылдан астам билігі тұсындағы ішкі, сыртқы саясатының басты мақсаты – қазақ елінің бірлігі мен қазақ жерінің тұтастығын сақтау болды. Осы бағытта оның жүзеге асырған ең ірі шарасына «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарып, өмірге енгізуі жатады. «Жеті жарғыны» қабылдаудың қандай алғышарттары болды деген сауалға – XVII ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси жағдайының деңгейін жатқызамыз. Бұған дейін айтып өткеніміздей, орталық биліктің болмауы немесе әлсіздігі заңдар мен тәртіптердің орындалмауына және бұзылуына, саяси өмір мен қоғамдық өмірде әлімжеттік принциптің белең алуына, ұрлық-қарлықтың, зорлық пен зомбылықтардың көбеюіне және тағы осындай келеңсіздіктердің кең етек жаюына алып келеді. Тәуке хан билікке келген бойда-ақ ең алдыменен ішкі қоғамдық өмір мен саяси жағдайды реттеуге күш салады. «Жеті жарғының» өмірге келуінің алғышарттары мен себептері осындай болған дейміз.Салыстырмалы түрде айтсақ, 1640 жылы Батыр хонтайшы да жоңғар қоғамындағы қатынастарды реттеу үшін «Цааджин бичиг» деп аталатын заңдарды шығарған екен. И.Я.Златкиннің көрсетуі бойынша жоңғар заңы үш мақсатты көздеген: 1) феодалдар арасындағы ішкі қатынастарды реттеу мен ішкі алауыздықтарды болдырмау; 2) саяси күштердің бірлігін қамтамасыз ету және сыртқы қауіптерге қарсы күрестерде өзара көмектесу; 3) феодалдық тәртіпті нығайту және хан мен князьдер билігін тұрғындар арасында күшейту(23). Егерде 1640 жылғы «моңғол-ойрат заңының» мәтіні ғылымға белгілі болып, ол жөнінде тұжырымдар айтуға мүмкіндіктер болса, «Жеті жарғының» мазмұны жазбаша түрде сақталмаған немесе біздің кезге дейін жетпеген. Зерттеушілер тек XIX ғасырдың басында Г.Спасскийдің және А.И.Левшиннің ел аузынан жазып алған жекелеген бабтарға қарап қана тұжырымдар айтады.(24) Аңыз бойынша Тәуке ханның бастамасымен қазақ қоғамындағы барлық қатынастарды белгілі бір құқықтық принциптер негізінде реттеу үшін, бұрынғы заңдарды жаңа заман талаптарына сай бейімдеу үшін үш жүздің атақты билері – үйсін Төле би, арғын Қазыбек би және алшын Әйтеке би, сондай-ақ тағы басқа белгілі билер Күлтөбе деген жерде бас қосып, «Жеті жарғының» әрбір бабын жеке-жеке талдап, қызу айтыс-тартыстарға түсіп күн сайын жиын өткізген екен. Содан бері ел аузында «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз қалған. Заңның жобасы дайындалып болғаннан кейін Тәуке ханның жарлығымен «Жеті жарғы» заңдық күшіне енеді де, халық оны «Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп атап кетеді.«Жеті жарғының» қазақ қоғамындағы алар орны мен атқарған рөліне жергілікті халықтың қандай көзқараста болғандығы туралы А.И.Левшин сол замандағы елдің игі жақсыларынан жазып алған мәліметтерін былайша баян етеді: «Біздің халық тыныштықта өмір сүрген заман болған, бізде тәртіп те, заң да және әділеттілік те орнаған кез болған»(25) Ал автордың өзі қазақ қоғамының Тәуке хан тұсындағы кезеңін «алтын ғасырға» теңейді.(26) Тәуке ханның заңынан басқа оның ішкі өмірдегі жүргізген саясаты, әсіресе бірлікті, ру-тайпалық жанжалдарды тоқтатуға бағытталған іс-шаралары ел арасында кең таралып, ауыздан ауызға жетеді. Сондай тарихи әңгіменің бірін 1748 жылы М.Тевкелев ру-тайпа басыларынан жазып алады. Әңгіме «Жетіру тайпалық бірлестігінің пайда болуы туралы» деп аталып, мынадай мазмұнға ие: «Жетіруға – Табын,Тама, Кердері, Керейіт, Жағалбайлы, Телеу және Рамадан рулары кіреді. Олар алғашында жеке-жеке рулар болып, Тәуке ханның тұсында біріктірілген. Оның мынадай себебі бар: Қаракесек пен Байұлы деп аталатын Алшындар өте көп болып, жеке-жеке жүрген жеті рудың әрқайсысына әлімжеттік жасап отырған. Жеті рудың әрқайсысы Алшындарға ештеңе істей алмайды. Сол кезде олардың адамдары Түркістандағы Тәуке ханға барып арыз айтады. Тәуке хан өте ақылды және халқы арасында зор беделге ие болатын. Тәуке хан аталған жеті руды біріктіреді, сол себепті жаңа бірлестік – Жетіру деп аталып келеді...»(27) Мұндай Тәуке ханның ақылдылығы мен әділеттілігі туралы тарихи аңыз-әңгімелер ел арасында жетіп артылады.. Солардың бір-екеуін осы жерде келтіре кетелік. «Бірде Тәуке хан өзінің айналасындағы қолбасшыларына тапсырма беріп отырып, әлгілердің тапқырлығын сынамақ болады да, әңгіме барысында былай дейді: - Мен мынаны білсем деймін. Жоңғар шапқыншылығын тоқтатып, олардың ордасын күл-талқан ету үшін қазақ халқына қажет?Біршама ойланған серіктері әр түрлі пікір айтқан көрінеді. Сонда Тәуке хан:- Бәрі дұрыс-ақ, тоқ етерін айтатын болсақ, қазақ халқына құдайдың құтты күні және болашақта да ауызбірлік қажет. Ол еліміздің мәңгілік қаруы, күш-қуаты және жеңістіріміздің күре тамыры, - деген екен»(28) Екінші бір тарихи әңгіме мынадай. «Қаптап келе жатқан жоңғар әскерлерін көрген қазақ сарбаздары біршама абыржып, тіпті кейбіреулері қашуға ыңғай бере бастайды. Қалың қолдың бұл халін дер кезінде байқаған Тәуке хан жанында тұрған серіктесінің біріне:- Тез арада жылан тауып кел, - деп бұйырады. Алып келген жыланды ұстап тұрып, бүкіл әскер алдында:- Бісміллә, Алла біздің жағымызда, тыныш жатқан ел едік, еліміздің даласын қанға бояған жоңғарлардың басын былай жұламыз, - деп ұстап тұрған жыланның басын жұлып алып:- Алла жар болсын! Алаштың әруағы қолдасын! Алаш, Алаш! – деп жауға қарсы шаба жөнелгенде сарбаздардың рухы көтеріліп, артынан қоса жөңкіле жөнелген екен. Жыланның басын жұлу себебі, жоңғарлардың туында айдаһардың суреті болған»(29).Осы жерде «Жеті Жарғы» атауының шығуына да тоқтала кетсек. Қоғамтанушы ғалымдардың атаудың пайда болуы жөнінде әртүрлі пікірлер айтқаны белгілі. Олардың өзін жеке-жеке талдау ұзаққа созылады. Осыған байланысты «Жеті Жарғы» атауының шығуын түсіндірер тарихыи деректің өзін оқырмандар назарына ұсыналық. «Төле бидің тарихы» атты дастанында Қазанғап Байболұлы «Жеті Жарғыдағы» заңдардың санын былайша көрсетеді:«Жер дауы, баяндайын, біріншісі,Ру, қоныспен меншікті ісі.Иеленген жеріне жанжал болса, Біреуге басымдылық қып озбыр кісі.
Үй іші мен баланы тәрбиелеу, - Болған жосын заңының екіншісі.Ұрлық, қарлық, барымта – үшінші заң,Баян етер бәрін де білген кісі.
Төртінші боп саналған мынау заңы,Бір халықпен басқа ру болса дауы.Ұлтын жаудан қорғамақ – бесінші бұл,Алтыншы, жетінші – құн дауы, жесір дауы»(30)
Көріп отырғанымыздай, заң атауындағы жеті саны оның жеті құрамдас бөліктен тұратындығын, жеті заңның жиынтығы екендігін көрсетеді. Ол заңдардың әрқайсысы өз ішінде бірнеше баптардан тұратындығы белгілі. 1804 жылы жаппас руының ақсақалы Көбек Шүкірәлиевтен жазып алған Г. Спасскийдің жазбасында «Жеті жарғының» негізінен ұрлық, қарлық, барымтаға қатысы 11 бабы ғана айтылған(31) Ал А.И. Левшин жазып алған нұсқады «Жеті Жарғының» 34-бабы ғана келтірілген.(32) Бұл баптардың бәрі үзік-үзік, толық емес болса да, онда әкімшілік, қылмыстық, азаматтық құқықтар, дін, салық туралы мәселелер қамтылған. Мұның өзі Тәуке хан заңының сол заманда қазақ елінің қоғамдық өмірінің барлық жақтарын қамтығандығын көрсетеді.Жалпы, Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» мен оның осы заңды өмірге енгізуге байланысты жүргізген саясаты жөнінде мынадай тұжырымдар айтуға болады.Біріншіден, Тәуке хан 1652-1680 жылдары қазақ қоғамындағы қырқысулармен дау-дамайларды, жанжалдар мен қантөгістерді болдырмаудың жолын іздестіріп, оларды әлімжеттік принциппен емес, құқықтық негізде шешуге күш салған. Бұрыннан келе жатқан Қасым хан, Есім хан тұстарындағы заңдардың кейбір баптарын жаңа талаптарға сай бейімдейді, жаңа баптар енгізеді. Сөйтіп, өмірге «Жеті Жарғы» атты заңды енгізеді. Ал өзі әз-Тәуке, яғни «әділ», «қайырымды» хан атанып кетеді. Екіншіден, Тәуке ханның заңы арқылы қазақ қоғамындағы ішкі бірлік толық болмаса да, біршама сақталады. Мемлекеттік әкімшілік басқару жүйесі, мемлекеттік құрылым, жалпы алғанда қазақ мемлекеттілігі өзін-өзі сақтап өөзін-өзі жойып жібермей, керісінше, өзін-өзі сақтап қалады. Соның арқасында жоңғарлар мен аштарханилар әулетінен болған күрестерде қазақ жерінің тұтастығы сақталады. Тәуке хан тұсындағы Қазақ хандығының көрші елдермен, оның ішінде басты қарсылас – Жоңғариямен қарым-қатынасы мәселесіне тоқталайық. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1653 жылы Жоңғар билеушісі Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары арасында билікке таластар жүріп, ақыры кіші ұлдардың бірі – Сенге билікке келеді. Бірақ ол жоңғар қоғамындағы алауыздықтарды тоқтата алмай, 1670 жылдың соңына таман өзара тартыстардың құрбаны болады. Бұл жылдар – екі жақ арасындағы қарым-қатынастарда тыныштық кезеңмен сипатталады. Сенгенің інісі Галдан тақты иеленіп, бірден орталық билікті нығайту ісіне кіріседі. 1678-79 жылға таман Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, кейбіреулерін қашуға мәжбүрлеп, жеке дара билеушіге айналады. Содан кейін ғана оның көрші елдерге және Қазақ хандығына тонаушылық, басқыншылық жорықтары басталады. Жастайынан діндар болған Галдан Тибеттегі дін басыларының қолдауына сүйене отыра, көрші елдерге көз аларта бастайды. 1680 жылға таман Далай-лама оған Бошақту-хан – «ізгіниетті хан» атағын береді(33). 1678 жылы ол Шығыс Түркістандағы саяси дағдарысты пайдаланып, аумақты бағындырып алған болатын. Ал 1680 жылдан бастап Галдан Бошақту хан Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен аймақтарына жорықтар ұйымдастыра бастайды. Ол туралы 1722-1724 жылдары Цеван Рабданның ордасына барып қайтқан орыс елшісі Иван Унковский былай деп баяндайды: «Осы тауық жылы (1681) ол (Галдан Бошақту хан) қол ертіп жорыққа аттанып, Сайрамды қоршап алды. Ит жылы (1682) жорықтан қайтып оралып, ол Іле өзенінің жағасында қыстап шықты. Доңыз жылы (1683) тағы да Сайрамға аттанды. Жазда Галданның (әскербасы) Рабтан Сайрамды қиратты».(34) 1652 жылдан кейінгі жоңғарлардың қазақтарға қарсы жасаған бұл ірі жорығы мұсылман авторларының шығармаларында көрініс береді. «Тарих-и амнийа» еңбегінің авторы Мулла Мұса Сайрами жоңғарлардың Сайрамды алуы туралы былай деп баяндайды: «...Біздің аталарымыздан естігеніміз бен жасы келген кәрі адамдардың айтуына қарағанда, осыдан 200 жылдай бұрын қазіргі Моғолстан жеріндегі хан орнына Іледе Құнтаджи (Хонтайшы) деген қалмақ келеді, оның билігі шығыста Комул мен Баркөлге дейін, батыста – Ташкент пен Сайрамға дейін, оңтүстікте – Карангу-Тагқа дейін созылады. Ол кенеттен жорыққа шығып, Ташкент Сайрамын басып алып бағындырады да, билікті бір қалмаққа тапсырады. Оның қасына бірнеше қалмақты көмекші етіп қалдырады да, өзі Ілеге қайтып оралады. Сайрамдықтар қалдырылған қалмақтарды өлтіріп, бағынудан бас тартады. Сайрамнан қашып құтылған бірнеше адам Кұнтажыға келіп болған оқиғаның бәрін айтып береді. Құнтаджи Ілеге соқпай, Сайрамға қайтып оралып, қаланы екінші рет басып алады да, тұрғындардың бір бөлігін өлтіріп, қаланы талан-таражға түсіреді. Қалмақ басшысы Сайрамның игі жақсы үш тобының әрқайсысынан 20 отбасыдан барлығы 60 отбасын бала-шағасымен, қызметшілерімен Ілеге алып кетеді. Оларды Іледе бір жылдай ұстап, сосын көне Тұрпанға жібереді...»(35). Баяндаудан көріп отырғанымыздай, шығарма авторының арғы-тегі сайрамдық, оның ата-бабалары – деректегі 60 отбасының бірі. Дерек мәліметінде айтылғандай, жоңғарларға Сайрамды 2 рет бағындыруға тура келген. Бұл жылдары Тәуке хан билікке жаңадан келіп жатқандықтан, оның жоңғарларға қарсы қояр күші болмаған секілді. Тарихи аңыз-әңгімелер бойынша, осы Сайрам соғысында Кіші Жүздің батыры Тілеу батыр Айтұлы кіші ұлы Жолдаяқ батырмен бірге көзге түскен және шайқастардың бірінде әкелі-балалы батырлар қаза тапқан. Олардың денелері қазақтың бас қаласы – Түркістанда, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі жанына жерленген. Жалпы, ХҮІІ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастарындағы ірі соғыстар мен шайқастарға көңіл аударсақ, олардың онша көп болмағанын байқаймыз. Екі жақтан да жекелеген кішігірім ұрыстардың болып тұрғандығын жоққа шығаруға болмайды. Ал жазба деректерде сақталған ірі шайқастардың осы кезеңде, яғни ХҮІІ ғасырдың екінші жартысында алғашқысы 1652 жылы өтсе, келесісі – 1681-1684 жылдары болады. Жоңғарлар Сайрам қаласын алып, оны қиратқанымен шабуыл бағытын одан әрі тереңдете алмайды. Оның басты себебі, қазақтар тарапынан қатты қарсылықтардың көрсетілуі жатса керек. Әрине, мұның бәрі Тәуке ханның ұйымдастыруымен болғаны белгілі. Сайрам шайқасынан кейін жоңғарлар Ош пен Андижан түбінде де қатты қарсылықтарға тап болады. Галдан Бошакту-хан бұдан кейін өзінің әскери қимылдарын шығысқа қарай бұрып, Шығыс Монғолияның жерін өзіне қарату үшін соғыс жүргізеді. Ақыры ол 1697 жылы наурызда 52 жасында қытай әскерлерінен жеңіліп, өзін-өзі өлтіреді.(36)1697 жылы Сенгенің ұлы Цеван Рабтан билікке келеді де, қазақ-жоңғар қатынасындағы жағдай күрт өзгереді. Егерде Тәуке ханның билігі тұсындағы екі ел арасындағы қарым-қатынысындағы кезеңдерге бөлсек, онда алғашқы кезеңге – 1680-1697 жылдар аралығын жатқызуға болады. Бұл кезеңде екі жақты қарым-қатынастан бізге белгілісі – 1681-84 жж. Сайрам соғысы ғана. Ал екінші кезеңге – 1698 жылдан – Тәуке хан қайтыс болған жылға дейінгі аралық жатады. Осы аралықта тек жоңғарлар тарапынан қазақтарға қарсы 1698, 1711-12, 1714, 1715 жылдары ірі жорықтар жасалады.(37) Оның себебіне Галдан Бошакту ханның жеңілісі мен өлімінен кейін Жоңғарияның шығысындағы Халқа жерінің Цинь әулетінің қарамағына өтуіне байланысты жоңғарларға жаңа жерлерге деген аса мұқтаждық жатты. Сол себепті де Цеван Рабданның қазақтарға қарсы жүргізген саясатының сипаты өзгеріп, бұрынғы тонаушылық жорықтар, енді басқыншылық соғыстарға айнала бастайды. Оның қазақтарға қарсы алғашқы соғысы 1698 жылдың өзінде-ақ басталып кетеді. Жоңғар қонтайшысы өзінің іс-әрекеттерін ақтау үшін Қытай императоры мен Ресей патшасына елшіліктер жіберіп, соғыстың басталуына Тәуке ханды кіналайды.(38) Мысалы, Цеван Рабдан Қытай императоры Сюань Е-ге жазған хатында қазақ-жоңғар соғысының бастауына Тәуке ханның іс-әрекеттері себепкер болғандығын айтып, жағдайды былайша түсіндіреді: «Соғысқа амалсыздан кіріскенін, оған Тәуке ханның сатқындығы себепші болғандығын, Тәуке ханның ұлы Галданда тұтқында болып, Галданның оны Далай-Ламаға жібергенін және Тәуке ханның өтініші бойынша Далай-Ламадан Тәукенің ұлын босатып, 500 адаммен еліне қайтарғанын, ал Тәуке ханның 500 адамды талан-таражға салып, Урхедей батыр тайшыға өлтіріп, оның адамдарын тұтқынға алғанын, сондай-ақ, Еділ бойымен Жоңғарияға келе жатқан Аюке ханның қызы, Цеван-Рабданның қалыңдығын Тәуке хан адамдарының тонауға ұшыратқанын, Ресейден келе жатқан жоңғар саудагерлерін қазақтардың тонағандығын жеткізеді (38). Ал 1699 жылы Ресейге аттандырылған елшісіне Цеван-Рабдан өзінің «Мәскеуге адалдығын және оның дәлелі ретінде қазақ тұтқынынан босатылған орыстарды қайтарғандығын» айтуды тапсырады.(39)И.Я.Златкиннің көрсетуі бойынша Цеван-Рабданның қайрымдылығы мен әділеттігіне сенуге болмайды. «Соғыс керек болса, сылтау табылады » дегендей, Цеван-Рабдан Галдан-Бошақту-ханнан кейін Жоңғар мемлекетіндегі ішкі жағдайды тез арада ретке келтіріп, жаңа жерлерді бағындыруға даярлаған болатын. 1698 жылғы Цеван-Рабданның қазақтарға жорығы барысында ол қазақ жерінің Шу-Талас өзендері өңіріндегі тұрғындарды қырғынға ұшыратып, он мыңдай адамды тұтқынға алып кетеді.(40) Жоңғар қонтайшысы Қытай императорының алдында өзін соғысқұмар емес екендігін, бейбітшіл екендігін көрсету үшін жоғарыдағыдай хат жазып, екі жақты соғыстың басталуына Тәуке ханды кінәлаған деп түсінеміз.Жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылықтары бұдан кейін де жалғасады. Екі жақтан болып отырған ұсақ жорықтарды есептемегенде, жазба деректерде жоңғарлар тарапынан 1711-12, 1714 жылдары жаңа соғыстардың болғандығы айтылады. Өкінішке орай, жазба дерек мәліметтерінің болмауы, бізге ΧVIII ғасырдың алғашқы жылдарында Тәуке ханның жоңғарларға қарсы жүргізген саясаты жөнінде нақты ой-пікір немесе тұжырым айтуға мүмкіндіктер бермейді.Жоңғарлардың жекеленген өңірлерді ғана тонауға ұшыратқаны болмаса, қазақ елін толық бағындыруға, иеленуге бағытталған жорықтарына Тәуке хан тойтарыс беріп отырады. Тәуке хан тұсында қазақ қоғамында жүргізілген саяси-әкімшілік және құқықтық өзгерістер нәтижесінде қазақ елі өзінің қорғаныстық қабілетін көрсете біледі. Талай-талай қазақ батырлары осы кезде ел үшін, жер үшін жан аямай жоңғарлармен соғысады, тіпті кей кездерде өздері бірігіп, жоңғарлардан кек алу үшін оларға жеңісті жорықтар ұйымдастырады.Тәуке ханның билігі тұсында қазақ хандығының аштарханилар әулетімен жүргізген саясаты да толық анық емес. Академиялық басылымдарда Тәуке ханның Бұқара ханы Сұбханқұли ханмен 1687-88 жылдары Ташкент мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізгендігі жөнінде ғана айтылады.(41)Ал енді орыс мемлекетімен Тәуке ханның жүргізген саясаты мәселесіне келсек, екі жақты байланыстар сауда және шекаралық істер төңірегінде дамиды. XVII ғасырдың соңында Ресейдің билігіне I Петрдің, Қазақ хандығына Тәуке ханның келуіне байланысты екі ел арасындағы байланыстар жандана бастайды. Ресейдің Шығыс елдерімен жүргізген сауда жолдарының бір тармағы Қазақстан арқылы өткендіктен керуендердің қауіпсіздігіне кепілдік, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшері және Ресей мен Қазақстан шекарасының маңында тұратын тұрғындар арасындағы әртүрлі дау-дамайлар мен ірілі-ұсақты жанжалдар да елшіліктер арқылы шешіліп отырылады. 1683-1693 жылдар аралығында Тәуке хан жоғарыда аталған мәселелер бойынша Ресейге бес елшілік жібереді.(42) Тәуке ханның елшілері Сары мен Келдей, Тұманшы батыр мен Қабай, Құлтыбай Аталықовтар осы кезеңде Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды жүргізуде белсенділік танытады.(43) ΧVII ғасыр соңындағы Тәуке ханның Ресеймен жүргізген қарым-қатынасы тең дәрежелес деңгейде жүргізіленін байқау қиын емес. Егерде бір себептермен қазақ елшілігі Ресейде ұсталса немесе олардың жұмысына бөгет жасалса, Қазақстан аумағындағы орыс елшілеріне де дәл сондай әрекеттер жасалған. Мысалы, 1693 жылы Тәуке ханның елшілері Сары мен Көлдей орыс еліне аттандырылып, оларға сауда жасасу туралы шартқа қол қою міндеті тапсырылады. Бірақ та шекаралық кикілжіңдерге байланысты Тәуке ханның елшілері Ресейде тұтқынға алынады. Тәуке хан өзінің орыс патшасына жазған хатында «Адам атадан осы уақытқа дейін ұрылар үшін елші қамауға алу дегенді құлақ естіп, көз көрмеген еді»,- деп өз ренішін білдіреді.(44) Тәуке ханның табандылығы арқасында қазақ елшілері босатылып, екі жақты мәселе бейбіт шешіледі.Жалпы алғанда,Тәуке хан көршілес елдермен жүргізген қарым-қатына- сында, әсіресе аштарханилық әулетпен және Ресей мемлекетімен арадағы даулы мәселелерді бейбіт түрде шешуге және сол елдермен байланыстарын дамытуға күш салады.Тәуке ханның қайтыс болған жылын алғаш рет В.В.Вельяминов-Зернов шамамен 1718 жыл көрсеткен болатын.(45) Содан бері тарихи әдебиеттер мен арнайы зерттеулердің бәрінде Тәуке ханның өлген жылы деп осы жыл көрсетіліп келеді. Тек соңғы жылдары жарық көрген еңбектерде ғана бұл дата нақтыланып, 1715 жыл деп көрсетілуде.(46) Егерде В.В.Вельяминов-Зерновтың көрсетуінде 1718 жыл шамамен айтылса, В.А.Моисеевтің зерттеуіндегі мәліметте 1716 жылы қыркүйек айында Тобыл қаласына қазақ ханы Қайыптың елшісі келгендігі жөнінде айтылады.(47) Автордың бұл мәліметі нақтырақ болғандықтан, біз Тәуке ханның қайтыс болған жылы – 1715 жыл деген пікірді жақтаймыз.Тәуке хан ұзақ жылдар бойы Қазақ хандығының астанасы болып келе жатқан Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Йасауи кесенесі маңына жерленеді. Бұған дейін айтып келгеніміздей, бұл кесене маңында оның әкесі Жәңгір хан, атасы Есім хан, сондай-ақ Шығай хан әулетінен тарайтын белгілі тұлғалар: Ондан сұлтан, Жәнібек хан(1628-1643) және тағы басқа белгілі адамдар жерленген болатын.Тәуке ханның артында қалған ұрпақтары туралы мәліметтер толық және жүйелі емес. А.И.Левшиннің дерегінде Тәуке ханнан Болат атты ұлы, одан Әбілмәмбет, ал Әбілмәмбеттен – Болат хан, Әбілпайыздың тарайтындығын атап өтеді.(48)С.Жолдасбайұлы құрастырған «Қазақ хандарының ата-тегінің кестесінде» Тәуке ханнан Тұрсын, Мұрат, Болат хан, Сәмеке хан атты ұлдардың таралатындығы көрсетілген. Одан әрі Болат ханнан Әбілмәмбет, ал одан Болат, Әбілпайыз және Байтек атты сұлтандар өсіп-өнеді.(49)Қазақ елінің XVIII ғасырдағы тарихында Тәуке ханнан тараған Болат, Сәмекелер, ал олардан кейін Әбілпайыз сұлтан өзіндік із қалдарған. Олар жөнінде әңгіме басқа.Осылайша, Тәуке ханға қатысты жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорытындылай келе, төменде мынадай жалпы тұжырымдар жасаймыз.Бірінші, Тәуке ханның арғы-бергі ата-бабаларының бәрі дерлік XIII-XVII ғасырлар аралығында Қазақстан аумағындағы саяси биліктің жоғары сатысында болып, осы ғасырлардағы саяси тарихта терең із қалдырған, қазақ елінің қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қосқан тарихи тұлғалар болған. Өз кезегінде Тәуке хан да өзі билік құрған жылдары ата-баба жолы мен дәстүріне сай Қазақ елінің дамуына еңбек сіңіріп, есімі ел есінде сақталып қалған тұлғалардың қатарына жатады.Екіншіден, Тәуке хан билікке келгеннен кейін қазақ қоғамында ұзаққа созылған дағдарыстарды құқықтық негізде реттеу үшін «Жеті Жарғы» атты заңдар жинағын шығарып, оны қоғамдық өмірде кең қолданысқа енуіне бар күшін салады. Ішкі бірліктің біршама сақталынуы оның билік құрған жыларын салыстырмалы түрде «алтын ғасыр» деген теңеуге алып келеді, халық оны әз-Тәуке деп атап кетеді.Үшіншіден, оның билік құрған жылдары жоңғарлардың жойқын шабуылдарына төтеп берумен тұста-тұс келеді. Тәуке ханның тұсында ішкі бірлік пен мемлекеттік биліктің сақталынуы жоңғар билеушілерінің жорықтарына төтеп беруге мүмкіндіктер береді. Басқа көрші елдермен бейбіт қатынастар орнатуға күш салынады.Жалпы алғанда, Тәуке хан қазақ елінің тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңнің ең соңғы және ең кемеңгер ханы бола білген. Ол қайтыс болғаннан кейін қазақ елінің әр жүзіндегі кіші хандықтардың тарихы басталады.
Әбілмәмбет хан – XVIII ғасырдың 30-60 жылдары аралығында қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси тарихында белгілі бір дәрежеде роль атқарған, сондай-ақ бірнеше ғасыр бойы қазақ мемлекетінің саяси тізгінін өз қолдарында ұстаған билеуші әулеттің өкілі болған тарихи тұлға. Ол- біртұтас Қазақ мемлекетінің соңғы билеушісі Тәуке ханның туған немересі болып келеді. Тарихқа тереңдеп барсақ, оның арғы ата-бабалары атақты Шыңғысханнан бастау алады. Ал оның шежіресін бергі жағынан қайырсақ, онда оның тегі қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханмен тікелей байланысады. Жәнібек ханнан Тәуке ханға оның ата-бабалары былайша тармақталады. Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі – Жәдік сұлтан. Кейбір деректерде ол хан лауазымен аталады. Ол XVI ғасырдың 20-30 жылдары Жыланды төбе деген жерде ноғайлармен болған ұрыстардың бірінде қаза тауып, Үргеніштегі Бақырған ата қорымына жерленеді[1,122 б.]. Қадырғали Жалайырдың жазуынша оның ұлдары өте көп болған, солардың ішінде елге әйгілі болғандары төртеу. Олар – Тоғым хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан және Мәлік сұлтан. Әбілмәмбет хан осы Шығай ханнан өрбиді. Шығай ханның деректерде айтылатын сегіз ұлының бірі – Есім хан. Тарихымыздағы «Еңсегей бойлы ер Есім» дегеніміз осы тұлға. Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының болғаны көпшілікке мәлім. Олар – Жәнібек хан, Жәңгір хан және Сырдақ сұлтан. Жәнібек ханның ұрпақтары белгісіз, Сырдақ сұлтаннан – Қайып хан (1718 жылы қайтыс болған). Жәңгір ханнан - Уәлибақы мен Тәуке хан. Жәңгір ханның бірінші ұлынан атақты Абылай хан таралады. Ал екінші ұл - Тәуке ханнан бес ұл туылады. Олардың есімдері: Болат хан, Тұрсын сұлтан, Мұрат сұлтан, Сәмеке хан және Қасым сұлтан. Болат ханның 1718-1723 жылдары хан болғаны тарихтан белгілі. Болат ханның қанша ұрпағы болғаны белгісіз, жазба деректер мен шежірелерде тек бір ғана ұлдың есімі айтылады. Ол – Әбілмәмбет хан. Қысқаша шолудан көріп отырғанымыздай, Әбілмәмбет ханның шыққан тегі бірнеше ғасыр бойы ел басқарған билеуші әулет те, тікелей Жәнібек ханға дейінгі жеті атасы да қазақ тарихының саяси өмірінде негізгі рольдер атқарған белгілі тұлғалар екен. Әбілмәмбет ханның әкесі Болат ханнан басқа ата-бабаларының бәрі тарихта өз орнын ойып алатын көрнекті тұлғалар болғанын барша халық біледі деуге болады.Әбілмәмбет хан туралы мәселеге кіріспес бұрын, алдыменен Тәуке ханның немересі туралы қандай деректер бар және оның тарихи болмысына тарихшылар қандай баға берген екен деген сұраққа жауап беріп көрелік.Әбілмәмбет ханға қатысты деректердің жазба түрін XVIII ғасырдың 30-60 жылдарындағы қазақ-орыс және қазақ-қытай қатынастарын сипаттайтын материалдардан көруге болады. Қазіргі күнде ол материалдардың бірталайы осы кезеңдегі қазақ-орыс қатынастарын баяндайтын арнайы ғылыми жинақта [2-3], қытай тілінен қазақ тіліне аударылған материалдарда[4-5], жеке тұлғалардың өмірі мен қызметіне арнап шығарылған деректер мен құжаттар жинағында[6-7] кездеседі. Сондай-ақ ауызша материалдардың, әсіресе шежірелік материалдардың біршамасы хандар шежіресінде ұшырасады. Ал Отандық тарих ғылымында Әбілмәмбет ханның өміріне, қызыметіне, тарихи роліне арналған әлі күнге дейін толыққанды зерттеу жұмысының жазылмағанын айтып өтеміз. Оның есімі оқулықтар мен XVIII ғасырдағы қазақ-орыс, қазақ-жоңғар және қазақ-қытай қатынастарына байланысты кездесіп қалады да, авторлар сол тұстардағы оқиғаларды сипаттаумен ғана шектеледі. Қазақтың белгілі тарихшысы Жанұзақ Қасымбаев өмірінің соңғы жылдары XVIII – XIX ғасырлардағы қазақ билеуші тобының бірнешеуіне арналған жеке монографиялық еңбектер жазып, тарихымызда жаңа бағытқа жол салған еді.[8-10] Ол зерттеулерде Әбілмәмбет ханның есімі Орта жүз мәселесіне қатысты кездесіп қалатын да, автор тарапынан оның тарихи болмысына онша жағымды тұжырымдар айтылмайтын. 1998 жылы жарық көрген Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 1-ші томындағы «Әбілмәмбет» атты қысқаша мақаласында Ж.Қасымбаев ол жөнінде мынадай пікір білдіреді: «...Жоңғар шапқыншылығы елге қауіп төндіріп тұрған жылдарда елдің басын қоса алмады. Алайда Абылай, Барақ сұлтандардың қазақ руларын қалмақтарға қарсы ұйымдастыруына кедергі жасамады... Әбілмәмбет халық тарихында, хандық билігін сарқа пайдалана алмаған қайраткер ретінде белгілі. Халық шежіресінде де Әбілмәмбет ел үдесінен шыға алмаған «ақсүйек» ретінде сипатталған»[11, 623 б]. Қазіргі күндерде осы тұжырым Әбілмәмбет ханның тарихи бейнесіне қатысты басты тұжырым болып отыр.Төменде біз Әбілмәмбет ханға қатысты деректер мен материалдарға сүйене отыра, сондай-ақ әртүрлі авторлардың оның өмірі мен қызметіне қатысты жасаған тұжырымдарына талдау жасай отыра тарихи тұлғаның болмысына назар салып көрелік. Әбілмәмбет ханның туған жылы туралы мәселеге келсек, көптеген авторлар ешбір деректерге сүйенбай-ақ бұл датаға 1690 жылды көрсетіп жүр. Біз бұл жылды жоққа шығармаймыз, бірақта нақты дерек болмағандықтан ханның туған жылы деп шамамен XVII ғасырдың 90-шы жылдарының іші деп есептейміз. Ол дүниеге келген жылдары қазақтың ресми ханы Тәуке хан болғандықтан Әбілмәмбеттің жас кезінен бастап сол кезеңдегі дәстүрге сай жақсы білім мен тәрбие алғаны белгілі. Әрбір хан немесе сұлтан өз әулетінде дүниеге келген жас өкілді міндетті түрде болашақта елді, мемлекетті басқара алатындай, соғыс өнері мен әскер басқаруды жетік білетіндей етіп тәрбиелейтіні белгілі. Ол үшін тіпті арнайы адамдар белгіленеді де, олар аталық деген лауазымды иеленеді.Әбілмәмбет ханға тікелей қатысты жазба деректер алғаш рет 1730-шы жылдардың басында орыс тіліндегі құжаттарда кездесе бастайды. Ресей Сыртқы істер коллегиясының 1730 жылғы 30 қазанындағы құжатында Әбілмәмбеттің есімі алғаш рет айтылып, оның есімінің жанына «хан» лауазымы қосып жазылады.[2, 35-36 ]. Осы құжатта сол жылдардағы қазақ қоғамындағы саяси биліктің ең жоғары биігіне көтерілген алты хан-сұлтанның есімдері, олардың халқының саны мен орналасқан қалалары, көшіп-қонып жүрген аймақтары айтылған. Олар мыналар: Әбілқайыр хан, Барақ пен Әбілмәмбет хандар, Сәмеке хан, Күшік хан және Жолбарыс хан. Бұл жерде Барақ пен Әбілмәмбетті орыс дерегі хан деп көрсеткенімен олар сол кезде сұлтандар болатын. Ал Әбілқайырдың Кіші жүздің билеушісі, Сәмекенің Орта жүздің билеушісі болып Түркістанда отырғанын, Жолбарыс ханның Ұлы жүздің билеушісі ретінде Ташкентте отырғанын, ал Күшік ханның Сайрамда билік құрып жатқанын осы құжаттағы мәліметтер айтып өтеді[2,36]. Дәл осы сипаттағы, бірақ одан да нақтырақ мәліметті 1731 жылы қазақ жеріне келген тілмаш М.Тевкелевтің күнделігінен кездестіреміз. Онда ол табын Бөкенбай батырдан қазақтар туралы мынадай құнды деректерді жазып алады: «қазақтар Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деген бөліктерден тұрады. Ұлы жүз алыста, Бұхара жақта жайлап-қыстап жүреді және Орта жүзбен, Кіші жүзбен көп байланысы жоқ. Олардың Жолбарыс деген өз ханы бар. Орта жүзде екі хан: Сәмеке хан мен Күшік хан және екі сұлтан – Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет сұлтан. Ал, Кіші жүзде хан біреу, ол Әбілқайыр. Сұлтандар екеу: Батыр сұлтан Әбілқайыр ханның жиенін алып отырған күйеу баласы, екіншісі Әбілқайырдың ұлы Нұралы сұлтан»[2,62;]. Осы жерде не себепті алғашқы орыс дерегі Әбілмәмбетті Барақпен бірге үш жүздің хандармен бір тізімге қосып айтқан деген заңды сұрақ туады. Ал Бөкенбай батыр қазақ қоғамын өте жақсы білетіндіктен М.Тевкелевке айтқан мәліметінде қазақтарда кімнің хан, кімнің сұлтан екенін өте дәл көрсетіп отыр. Егерде хандар шежіресіне қарасақ, XVIII ғасырдың 30-шы жылдары қазақ қоғамында Барақ пен Әбілмәмбеттен және екінші деректегі Батыр сұлтан мен Нұралы сұлтаннан басқа сұлтандық лауазымы бар көптеген билеуші әулет өкілдерін кездестіруге болады. Олардың ешқайсысының есімі ресми орыс дерегінде айтылмай, тек жоғарыдағы сұлтан дәрежесін иеленген тұлғалардың есімдері хандармен қатар тұрғаны қызықты жайт. Біз оның себебін мынадай жағдайлармен түсіндіруге тырысамыз.Біріншіден, есімдері аталған сұлтандар өздерінің жеке қасиеттерімен ерекшеленіп, халық алдында беделге ие болған тұлғалар. Олардың өздері басқарып отырған ру-тайпалары, яғни бір қауым елі бар және XVIII ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақ-жоңғар қатынасы шиеленісіп, жоңғарлар шапқыншылықтары күшейген кезде, әсіресе, жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету күресінде жоғарыдағы сұлтандар Әбілқайыр ханмен, Сәмеке ханмен бірге қазақ жасақтарына басшылық жасайды, сөйтіп халық алдында жағымды жақтарымен көзге түседі. Олардың ел алдында беделі өсіп, абыройлары артады. Екіншіден, есімдері аталған сұлтандар қазақ қоғамындағы билеуші Жәнібек хан әулетінің әрбір мықты тармағының немесе бұтағының белсенді өкілдері болып саналады. Барақ сұлтан – Шығай ханның Ондан сұлтан атты ұлынан тарайтын Көшек сұлтанның төртінші ұрпағы болып келсе, Батыр сұлтан – Есім ханның Сырдақ атты ұлынан өрбіген ұрпақ, Қайып ханның ұлы. Ал Әбілмәмбет болса, Жәңгір ханнан, Тәуке ханнан, Болат ханнан тікелей таралған тұлға. Осылайша, әрбір сұлтанның жеке қасиеттері мен киелі әулеттің өкілі болуы, ең бастысы XVIII ғасырдың 20-шы жылдарының соңында жоңғарларға қарсы күрестегі басшылық ролі – оларды сол тұстағы қазақ қоғамының саяси өміріндегі шешуші тұлғалардың біріне айналдырады. Міне, сол себепті де Әбілмәмбет сұлтан 30-шы жылдардың басында хан болмаса да, жаңағыдай себептерге байланысты орыс деректерінде хан лауазымымен айтылады және есімі ресми хандардың есімдерімен қатар айтылады.1731-1732 жылдары Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз билеушілерінің бір тобы, Орта жүзде Сәмеке хан, Күшік хан және Барақ сұлтандар Ресейдің қол астына кіру саясатын жүргізгенде Әбілмәмбет сұлтанның қандай бағыт ұстағаны белгісіз. Қазақ – орыс қатынастарының жинағында дәл осы кезеңдегі оқиғаларға қатысты оның есімі аталмайды. Құжаттардан бұл мәселеге қатысты тек Сәмеке ханның есімін кездестіреміз. Соған қарап біз, 1731-1732 жылдардағы қазақ билеушілерінің Ресеймен жақындасу, оған арқа сүйеу, оның қоластына ену сияқты саясатын Әбілмәмбет сұлтан қолдамаған деп санаймыз.1730-шы жылдардың ортасынан бастап Әбілмәмбет сұлтанның саяси көзқарасы анық байқала бастайды. Біз оны осы жылдарда өте маңызды болып саналған башқұрт мәселесіне байланысты анық байқаймыз. Тарихтан белгілі Ресей құрамындағы башқұрт халқы отаршылдыққа қарсы бірнеше рет көтерілістер жасайды. Сондай көтерілістің бірі – 1735-1737 жылдары өтеді. Ресей бұл көтерілісті аяусыз басып, қанға бөктіреді. Башқұрттардың өзі екіге бөлініп, бірі орыстарға толық бағыныштылығын мойындаса, екінші бөлігі қарсылық білдіреді. Жеңілген башқұрттар қазақтардан көмек сұрайды, қазақ жеріне қашып келіп паналайды. Мәскеудің тапсырмасымен Орынбор әкімшілігі башқұрттарға қарсы қазақ халқын айдап салуды жөн көреді де, осы бағытты жүргізе бастайды. Осыған байланысты қазақ билеуші тобы арасында да әртүрлі көзқарастар қалыптасады.Қазақ арасында болған орыс тыңшыларының мәліметтеріне қарағанда Орынбор әкімшілігінің башқұрт халқына қатысты саясатын Кіші жүз билеушілерінің бір тобы қолдаса, Әбілмәмбет сұлтан екіұшты саясат ұстауға мәжбүр болады. Орыс тыңшылары Әбілмәмбет сұлтанға башқұрт жетекшілерінің жиі келіп, әскери көмек сұрайтындығын, олардың басшылары қазақтарды Ресейге қосылмауға үгіттейтіндігін, екі халықтың бірігіп Ресейге қарсы соғыс ашуы қажеттігін айтатындығын хабарлайды[5,137; 138-139; 141-146; 153-157 бб.]. Егерде Әбілмәмбет сұлтан жан-тәнімен орысқа берілген болса, онда башқұрттар жағынан оның ауылдарына орысқа қарсы адамдар келмес еді, мұндай үгіттеулер болмаған болар еді. Әбілмәмбет бір жағынан башқұрттарға іш тартып, оларға аяушылықпен, олардың мәселесіне түсінушілікпен қараса, екінші жағынан башқұрттардың Әбілмәмбет ауылдарына жиі келетінін Ресей жағының біліп отырғанын сезіп, башқұрттарға ешқандай көмек бере алмайды. Тіпті өзінің Ресейге дос екендігін білдіру үшін өзіне қарасты рулардың өз батырларымен бірге башқұрттарға жорық жасауын көрмегендей болады. Бұл туралы ол Абылай сұлтанмен бірге Тевкелевке жазған хатында айтады. Онда ол былай деп жазады: « Біздің рұхсатымыз болмаса да, басқалардың да айтқанын тыңдамай, Сіздерге қарай 200 қазағымыз аттанып кетіпті. Әлденені бүлдіріп, патшаның еліне бүлік салып, бізді ұятқа қалдыра ма деп хабарлап отырмыз»[5,166 б.] Міне, осы және басқа да құжаттар Әбілмәмбеттің башқұрт мәселесіне қатысты ұстанған саясатын көрсетеді.1737 жылы Орта жүз ханы Сәмеке қайтыс болады да, 1738 жылы, бір деректерде 1739 жылы Әбілмәмбет сұлтан Орта жүзге хан болып сайланады. Бұрын ол Тобыл мен Есіл өзендері бойында көшіп-қонып жүрсе, енді хан болып сайланғаннан кейін Түркістан қаласына көшіп келеді. Орта Жүздің ханы ретінде Әбілмәмбеттің саяси іс-әрекеттерінің шеңбері кеңейеді де, ол қазақ-орыс, қазақ-башқұрт, қазақ - қалмақ және қазақ –жоңғар қатынастарына белсене араласа бастайды. 1739-1742 жылдары жоңғарлар билеушілері қазақ жеріне кең ауқымды жаңа жорықтарын жүргізеді. Қазақ қоғамындағы саяси бірліктің болмауы және билеуші топтар арасындағы араздықтар қазақтардың бірігіп, жауға қарсы тойтарыс беруіне кедергілер келтіреді. 1723-1725 жылғы «Ақтабан шұбырынды» жылдарындағыдай тағы да қарапайым қазақ халқы көп тонаушылықтар мен босқыншылыққа ұшырайды. Кейбір тарихшылардың жоңғарлардың бұл жорықтарын «Екінші ақтабан» деп атауы бекерден бекер емес.Енді осы жылдардағы Әбілмәмбет ханның қазақ қоғамының ішкі және сыртқы өміріне байланысты ұстанған көзқарасы мен жүргізген саясатына көз салалық.Жоңғарлардың екінші жойқын жорықтары қарсаңында қазақ билеушілері тобы арасында біршама өзгерістер болады. 1737 жылы қазақ-орыс қатынасына байланысты өзінің саяси бағыт-бағдарын жиі өзгертіп отырған Орта жүз ханы Сәмеке өз ажалынан көз жұмады. 1739 жылы Ресейге іш тартып, онымен жақындаса бастаған Ұлы жүз ханы Жолбарыс хан қастықпен өлтіріледі. Ал Кіші жүзде Әбілқайыр ханның билігі тек Жетіру мен Байұлы руларына ғана жүріп тұрды. Әлім тайпалары негізінен Кіші жүз ханының қарсыласы Батыр сұлтан жағында болатын. 1739 жылы Жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен ұзаққа созылған келісім-шарттардан кейін шекара мәселесі бойынша Қытай императорымен ортақ мәмілеге келеді де, өзінің бар күшін қазақтарға бағыттайды. Қазақ билеушілері арасындағы өзара қырқыстар мен араздықтарды жақсы біліп отырған ол, Орта жүзді біржолата бағындырмақ оймен бірнеше бағытта жорықтар ұйымдастырады. «Екінші ақтабанның» алғашқы жорығы 1739 жылы күзде басталып, 1740 жылдың қысына дейін жалғасады. Орынбор комиссиясының бастығы В.Урусовтың Ресейдің сыртқы істер алқасына жолдаған ресми баяндамасында Орта жүз батыры Жәнібектің жазған хатындағы мәліметтерге сүйеніп, «биылғы жазда Әбілмәмбет хан мен Абылай және Барақ сұлтандардың иелігіндегі жерлерге он бір мың қара қалмақтың келгендігін» хабарлайды.[6,177 б.]. Ал екінші бір орыс дерегі «Ертіс пен Есіл өзендері бойын мекендеген Орта жүз қазақтарына, абақ керей ұлыстарына, Әбілмәмбет пен Барақ сұұлтандардың иеліктеріне он бес мың жоңғар әскерлері шабуыл жасап, ауылдарды талқандады, қыруар мал мен адамдарын алып кетті» деп хабар береді[6,180 б.]. Екі бағыттағы соққының бірі оңтүстіктен, Сырдың жоғары ағысы бойынан, екіншісі, солтүстіктен, Ертіс өзені жақтан жасалады да, тағы да қазақ ру-тайпалары мардымды қарсылық көрсете алмай, орыс шептері мен бекіністеріне қарай шегінеді. Қыс түсіп, қардың қалың болуына байланысты жоңғарлар шабуылдарын уақытша тоқтатады да, мол олжамен кері оралады. Әбілмәмбет ханның иелігіндегі Орта жүз қазақтары адам жағынан да, материалдық жағынан да өте зор шығынға ұшырайды. Ханға деген қарапайым халықтың көзқарасы осы кездерде қалыптаса бастаған секілді. Жоңғар шапқыншылығы күшейіп тұрған кезде хан тарапынан ел қорғауды, жауға қарсылық көрсетуді ұйымдастыру, оған басшылық жасау секілді істер қолға алынбайды. Алынса да оң нәтиже бермейді. Жоңғарлардың екінші жорығы 1740 жылдың күз айларында Орта жүз аумағына қайта басталады. Бұл жолғы жорығында жоңғарлар қазақтар тарапынан ұйымдастырылған кәдімгідей қарсылықтарға тап болады. Орыс деректерінде дәл осы жылы Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның екі мың жасақпен Қалдан Серенге аттанып кеткендігі туралы баяндалады.[12, 34]. 1741 жылдың ақпан айында Орта жүзге жоңғарлардың үшінші жойқын жорығы басталады. 30 мыңдық жоңғар әскерін ноян Септен мен қонтайшының ұлы Лама-Доржы басқарады. Бұл жолы да жоңғарлар Орта жүзді көктей өтіп, Тобыл, Есіл өзеніне дейін барады. Қарапайым халық тағы да көп шығынға ұшырайды. Жоңғарлардың осы үшінші жорығында Орта жүз сұлтаны Абылай жоңғарларға тұтқынға алынады. Осы үшінші жорық барысында Орта жүз сұлтаны Барақтың да жасағы жеңіліске ұшырайды. Қазақтың бірнеше аты шыққан батырлары жоңғарлар қолына тұтқынға түседі. Дегенменде жоңғарлар өздерінің түпкі мақсаттарына жете алмайды. Орта жүз халқы толық бағынбайды, жекелеген батырлар мен сұлтандар бастаған қазақ күштерінің қарсылықтары тоқтатылмайды. Деректерде аты-жөні белгісіз бір қазақ сарбазының өшпес ерлігі жөнінде айтылады. Онда былай делінеді: «...Қалған қазақтар Тобылдан өте қашқан екен, қалмақтар соңынан қуыпты. Қалмақтар бір тұтқын қазақты алға салып қазақтарды іздейді. Әлгі қазақ оларды адастырып, сиқырмен қар жаудырып, аяз төндіріпті, содан қалмақтар үсіп-жаурап, суықтан қырылыпты. Қалмақтар әлгі сиқыршы қазақты өртеп жіберіпті. Әрі қарай, қазақ ауылдарын тағы да шаппақ болған екен, өздері көп шығынға ұшырап, күшті аязға ұрынған соң, беті қайтып, қалмақтар шабуылдан амалсыз бас тартыпты» [6, 215-216 бб.]. Осындай, қарапайым қалың халықтың ортасынан шыққан жекелеген батырлардың ерлік істері жоңғарларға Орта Жүзді толық бағындыруға мүмкіндік бергізбейді. Орта жүз ханы ретінде Әбілмәмбеттің осы «екінші ақтабандағы» іс-әрекеттеріне шолу жасап, оларға талдаулар жасалық.Біз жоғарыда жоңғарлар жорығы 1739 жылы күзде басталып, қыс айларына дейін жалғасқанын айтып өттік. Жауға қарсылық көрсете алмаған қазақ ауылдары орыс бекіністеріне жақын көшіп барады. Әбілмәмбет хан да өзіне қарасты ауылдарымен орыс бекіністеріне жақын барып орналасады. Орынбор әкімшілігі мұндай қолайлы сәтті қалт жібермей, ұтымды пайдаланып қалады. Жоңғар шапқыншылығына байланысты қазақ жағының халі мүшкіл екенін білген Орынбор комиссиясының бастығы, генерал-лейтенант В.Урусов Кіші жүз бен Орта жүздің хандарынан, сұлтандарынан, батырларынан, ру көсемдерінен тағы да бір ант қабылдауды ұйымдастырады. Кіші жүз өкілдерін Әбілқайыр ханның ұлдары – Нұралы, Ералы сұлтандар бастап келіп, 19-23 тамыз аралығында барлығы 100-ден аса Кіші жүз өкілдері ант береді. Ал 24-29 тамыз аралығында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан бастаған Орта жүз өкілдерінің ант беру рәсіміне В.Урусовтың өзі қатысады. Ант беру 1740 жылдың тамыз айының 28-інде, яғни «екінші ақтабанның» қазақ үшін тиімсіз кезеңінде болады.Орынбор әкімшілігі жоңғарлардың Орта жүз аумағына жасаған шабуылынан, қазақтардың оған қарсы тойтарыс бере алмағанынан, сондай-ақ жоңғар шабуылының алда әлі болатынынан өте хабардар еді. Ал Әбілмәмбет ханның жағдайы болса, өте ауыр болатын. Міне, осындай жағдайдағы Орта жүз ханының Орынбордағы ант беру рәсімі кезіндегі халін қол-аяғы жіпсіз байланған адамның кейпімен салыстыруға болады.Жоңғарлардың үшінші жорығынан кейін 1741 жылы жаз айында Орта жүзде, Әбілмәмбет ханның Ордасында кеңес өткізіліп, онда қазақ – жоңғар қатынасына байланысты маңызды мәселелер қарастырылады. Ондағы ең басты мәселе, ол - жоңғарлармен соғысты жалғастыра беру немесе олармен бейбіт келісімге келу мәселесі болды. Кеңеске қатысушылардың көпшілігі бейбіт келісімге келуді жақтайды. Әбілмәмбет хан да осындай ойда болады. Сол мақсатпен жаз айының соңында Әбілмәмбет хан Жоңғарияға қазақ елшілігін аттандырады. Елшілік жоңғар тұтқынындағы қазақтарды босату, оның ішінде Абылай сұлтанды босату, екі жақты бейбіт келісімдер жасасу сияқты маңызды мәселелерді жүзеге асыруды мақсат етіп қояды. Ал жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен болса, Әбілмәмбет ханға ауыр шарттар қойып, оны қабылдауды үгіттейді. Ол қойған шарттарда қазақтар жағынан төленіп тұратын салықтың мөлшері, қазақтардың көшіп-қонатын аумағы және Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Орта жүздің белгілі сұлтандарынан, батырларынан аманат алу айтылады. Бұл шартқа көнбеген жағдайда жоңғарлардың шабуылы қайта жалғасатынын ескертеді. Оны мынадай деректер нақты көрсетеді. 1742 жылы қазақ ауылдарына тыңшылықпен барып қайтқан ағылшын саудагері Гок былай деп хабар жеткізген: «1742 жылғы 14 сәуір. Қазақтың Батыр сұлтанына жоңғардың Қалдан Серен ханынан үш адам елшілік келді, аздаған сыйлығы бар, өз хандарынан хат әкеліпті. Хатты Әбілқайыр ханға тапсырды. Хатта не жазылғанын Гок өз көзімен көрген. Хат мәтіні мынадай: Қалдан Серен бұйырыпты:
Әбілмәмбет хан, Батыр сұлтан, қазақтың басқа да билеушілері мен басшы ел ағалары Түркістанға келіп қоныстансын;
Қазақ билеушілері, оның ішінде Әбілқайыр хан да бар, ұлдарын аманатретінде, әкеліп тапсырсын;
Орта жүз бен Кіші жүз халқының әр түндігіненбір қарсақтерісі есебіменсалық жинатып, әкеліп, тапсырсын...
Егер бұл айтқандарды орындамасаңдар, Орта жүз бен Кіші жүздің әрқайсысына бір-бір зайсанға бастатыпәскер жіберемін де,қазақтарды қырғынға ұшыратамын»[2, 210; 6, 240;]. Басқаша айтқанда, бұл дегеніміз – Орта жүзді Жоңғарияға күштеп тәуелді ету дегенді білдіреді.Ресей жағы бұл мәселеден хабардар болып, мүмкіндігінше Әбілмәмбетті бұл қадамнан бас тартуға шақырады. 1742 жылы 7 маусымда Елек өзенінің жоғары ағысында көшіп-қонып жүрген Әбілмәмбет ханға тілмәш Оразалин жіберіліп, оған Орынбор комиссиясы мынадай нұсқаулар береді:« 1. Мына грамотаны тапсырып, ханды құттықтайсың, менің атымнан арнайы келгеніңді айтасың, елінің амандығын сұрайсың және менімен кездесу үшін Орынборға арнайы келсін деп шақырасың. 2. Онда жүргенде байқастайсың, тың тыңдайсың, білетіндерің: хан (біздің мұнда естіп отырғанымыздай) немесе патша ағзамның қоластындағы басқа билеушілер жоңғар ханы Қалдан Серенге бодан болғысы келіп, аманат бермек ойы жоқ па? 3. Егер Әбілмәмбет ханның жоңғарларға бүйрегі бұратыны рас болса, Ураков екеуің бар амалын тауып, оның бетін қайтаратын болыңдар. 4. Егер сендер барғанда, ханға жоңғар жағынан елші келіп қалатын болса, Әбілмәмбет ханға айтып, «олармен келіссөз жүргізгеніңіз жөн болмайды», - деп түсіндіріп, сол қалмақ өкілдерімен бірге ханның өзін Ор бекінісіне келуге көндіріңдер...»[2, 217-219; 6, 233-234.] Әбілмәмбет хан осы жылдары екі оттың арасында қалғандай күй сезінеді. Бір жағынан орыстың ызғары болса, екінші жағынан, қылышын күн сайын жалмаңдатып отырған жоңғар қонтайшысының қоқан-лоққылары болды. Ақыры Әбілмәмбет хан Ресейге ант бере отыра, Жоңғар қонтайшысының талаптарын да орындауға мәжбүр болады. 1742 жылы күз айында арғын Нияз батыр өз ұлын және Әбілмәмбет ханның Әбілпейіз атты ұлын жоңғарларға аманатқа алып барады. Орынбор әкімшілігінің басшысы И. Неплюевтің Ресей сыртқы істер коллегиясына жазған 1742 жылғы 18 қарашадағы баяндамасында ол туралы былай делінеді: «Орта жүздің ханы Әбілмәмбет жоңғар ханына өзінің ұлын жіберіп қойыпты... Іс жүзінде ол жоңғар ханы Қалдан Сереннің қарауына кіруге анық бет бұрыпты. Сол арқылы Түркістанды және басқа да іргелес қалаларды иелігіне алмақ... »[2, 268-269; 6, 261.]. Одан әрі Ресейдің қазақ жерінде саясат жүргізуге белгіленген ресми өкілі Орта жүзге, Әбілмәмбет ханға қатысты қандай саясат жүргзіу керектігі туралы айта келе, Әбілмәмбет ханнан аманатқа бір ұлын қандай жолмен болса да алуды ұсынады. [2,268-269; 6, 261.].И.Неплюев орталыққа жіберген мәлімдемесінде Әбілмәмбетті Орта жүздің хандығынан алып тастап, орнына Барақ сұлтанды, немесе Батыр сұлтанды, тіпті Әбілмәмбеттің ұлдарының бірін отырғызуға болатындығын хабарлайды.[6, 265].Жоғарыда келтірілген орыс деректерінен көріп отырғанымыздай, Әбілмәмбет хан Орта жүздің ресми ханы болса да, нақты оның билігі өзіне қарасты руларға ғана жүрген екен. Тіпті ханға қарағанда кейбір сұлтандардың, атап айтсақ, Барақ сұлтанның халық арасында беделі зор болғанын байқаймыз. Әбілмәмбет хан 1739-1742 жылдардағы жоңғарлармен болған соғыстарда шебер ұйымдастырушылық, саяси көрегенділік, әскери қолбасшылық қасиеттерімен көріне алмайды. Мұны бүкіл Орта жүз халқы да, Ресей басшылығы да байқайды.1743 жылы жазда Абылай сұлтан жоңғар тұтқынынан босап, аман сау өз жұртымен қауышады. Міне, осы кезден бастап, бүкіл Орта жүздің сыртқы саяси тізгіні біржолата Абылайдың қолына көшеді. Ал Әбілмәмбет хан болса өз еркімен сыртқы саяси мәселелерді немере інісіне тапсырып, өзі 1744 жылдың жазында Түркістан қаласына келеді де, біржолата осы қалада тұрақтанады. Орыс деректері оның Түркістанға келіп, хан сайланғанын, немере інілерімен таласқа түскенін хабарлайды [6,336-338]. Жалпы алғанда, Орта жүздің ханы бола отыра Әбілмәмбет ханның Түркістан қаласына келіп, немере інісімен таққа таласуы, ақыры билікті бөлісіп билеуі және кесімді жауап үшін жоңғар ханына жүгінуі - оның абыройы мен беделіне нұқсан келтірмесе, оны арттырған жоқ. Ханның Түркістан жаққа кетуімен қырдағы Орта жүздің саяси өмірінде Абылай сұлтан мен Барақ сұлтанның белсенділігі артады. Ресеймен де, Жоңғариямен де қарым-қатынаста осы екі сұлтанның атынан сауда - саттық, тұтқындар алмасу, керуендердің қауіпсіздігі мәселелері бойынша елшіліктер жиі алмасады. Тіпті орыс деректерінде Қазыбек би, Жәнібек батыр, Бөгенбай батыр секілді Орта жүздің белді адамдарының есімдері Әбілмәмбет ханның есіміне қарағанда жиі кездеседі. Мұның бәрі, әрине, Түркістан өңіріне ғана билігі тараған Орта жүз ханының сол жылдардағы жалпы жағдайын көрсетсе керек. 1748 жылдың қыркүйек айында Орынбор губернаторы И.Неплюев Әбілқайыр ханның қаза табуына байланысты Сыртқы істер коллегиясына қазақ жерінде қалыптасқан жағдайды хабарлай келе, Әбілмәмбет ханға қатысты былай деп жазады: «Хан тұқымының және Әбілқайырға жақтас қазақтардың кек алатынын естіп, қатты сескеніп, Барақ өзінің ұлысын алысқа көшіріп әкетіпті. Жоңғардың Әбілқайырдан көрген қоқайын пайдаланып, сол жоңғарлармен ауыз жаласуға ұмтылуда. Қазақтардан қазір жоңғарға іргелес барып көшіп жүрген сол – Барақ сұлтан. Оның осы қылығының салдарынан Орта жүз ішіндегі тепе-теңдік бұзылып, Әбілмәмбет мүлде әлсіреп қалды» [2,402; 6,394-395]. Әбілмәмбет ханға қатысты екінші бір дерек оның жағдайын нақтылай түседі. 1749 жылы Орынборда губернатордың Орта жүздегі жағдай туралы қойған сұрағына Жәнібек тархан былайша жауап береді: «Бұрын онда Әбілмәмбет хан бар еді, өзіңіз білесіз, ол көптен бері Орта жүзден алыстап, Түркістанда тұрып жатыр. Орта жүзде Барақ сұлтан бар еді, ол да Әбілқайыр ханды өлтіріп, қылмыс жасағаннан кейін жоғалып кетті. Енді ол жүзді (Орта жүзді айтып отыр – Б.К.) Абылай сұлтан ғана билеп отыр»[6,416]. Алғашқы деректегі «Әбілмәмбет мүлде әлсіреп қалды» деген Неплюевтің сөзі, екінші деректегі «Орта жүзді Абылай сұлтан ғана билеп отыр» деген Жәнібек тарханның сөзі - XVIII ғасырдың 40–шы жылдарының екінші жартысындағы Орта жүз ханының жалпы жағдайы туралы өте нақты берілген баға деуге болады.Әбілмәмбет ханның осы жағдайы одан кейінгі 20 жыл бойы кейін қарай кетпесе, алға жылжымайды. Оның кейбір жағымсыз іс-әрекеттері қаладан қуылуына алып келеді. Тек қана Абылай сұлтан, Қазыбек би секілді тұлғалардың арқасында ол Түркістан тағына қайта оралады. Бұл туралы Қазыбек би жөніндегі орыс дерегінде былай деп баяндалады: «...Орта жүздің ханы Сәмеке өлгеннен кейін осы Орта жүзге қазіргі Әбілмәмбет хан болып сайланған. Содан кейін, ол Түркістанға да хандыққа шақырылған, алайда, Түркістанның маңайындағы қалашықтардың халқы жасырын мәміле жасап, Түркістанға бұрынғы Сәмеке ханның балаларының біреуін хандыққа сайлап алғысы келген. Сөйтіп, Сәмекенің кіші ұлы Есім сұлтан Түркістанның шығыс жағын иеленген.Ал, Түркістанның маңындағы қалалардың тұрғындарынан Әбілмәмбет хан пара ала берген соң, елдің берекесі кеткенін пайдаланған Есім сұлтан, өзінің жақтастарымен қосылып, Әбілмәмбетті қуып шыққан. Осылайша, Әбілмәмбет ханТүркістаннан кетіп, арғын арасында, алтай-қарпықтағы өзінің ұлы Әбілпейізді және қаракесек Қазыбек биді паналаған.Былтыр, 1762 жылы көктемде, Әбілмәмбетхан мен Абылай сұлтан, сондай-ақ Орта жүздің басқа да ел ағалары қаракесек ұлысында, Қазыбек бидің алдында бас қосып, Әбілмәмбет ханды Есім сұлтанмен татуластырып,былай шешкен: «Әбілмәмбет хан да, Есім сұлтан да Түркістан қаласына және оның маңайындағы қалашықтарға хандық құрсын; ол үшін Түркістан мен оның жанындағы қалашықтар екіге бөлінсін. Қаланың бір бөлігі өзінің қақпасымен, сол бағыттағы қалаларымен Әбілмәмбет ханға; ал екінші бөлігі екінші қақпасымен, сол бағыттағы қалаларымен Есім сұлтанға бағынатын болсын». Осы ұйғарымға сай, 1762 жылдың күзінде Әбілмәмбет хан Түркістанға қайтып келіп, өзіне тиесілі иеліктерге билік етті» [7,184]. Мұндай дерек мәліметі Әбілмәмбет ханды Орта жүздің ресми ханы бола отыра не себепті Орта жүз алдында беделге ие болмаған деген сауалға толықтай жауап бере алады деп ойлаймыз.Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Орта жүз тікелей Қытаймен қарым-қатынас жасаса бастайды. Мұнда да белсенділік Абылай сұлтанның қолында болады. Көптеген қытай тіліндегі құжаттарда Орта жүзге байланысты мәселелерде негізінен Абылайдың есімі кездесіп отырады, ал Әбілмәмбеттің есімі Абылайдан кейін тұрады, кей жағдайда тіпті мүлде айтылмайды.Әбілмәмбет хан өмірінің қалған жылдарының бәрін Түркістан қаласында өткізеді де, 1771 жылы осында, шамамен 80-нің үстінде қайтыс болады. Оның денесі қаладағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңына қойылады.Әбілмәмбет ханның артында Болат, Әбілпейіз, Тәуке және Әбүлтек (Бөлтірік) есімді ұлдары қалады. Үлкен ұл – Болат арғын тайпасының қуандық тармағындағы алтай руын басқарса, екінші ұлы Әбілпейіз сұлтан – Орта жүздің беделді сұлтандарының бірі болып, найманның бір бөлігі мен қаракерей руларына сұлтан болған. Тәуке сұлтан - Ұлы жүздегі сіргелі мен сары үйсін тайпаларының бір бөлігін билеген.[13,102-112 ]. Бұл төрт ұлдан тараған Әбілмәмбет ханның ұрпақтары қазіргі кезде өздерін тегі жағынан төре тұқымымыз деп атап, Қазақ елінің әр аумағында өмір сүріп жатыр.