Т?уелсіздік мерекесіне арнал?ан Т?уелсіздік- ба?ыт жолы атты ерте?гілік сценариі
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – бақыт жолы» ертеңгілік сценариі
Мақсаты:
Білімділігі: Балалардың бойында Қазақстанның даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана-сезімін ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру.
Тәрбиелілігі: балаларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүю және ерлікке баулу. Балаларды достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Дамытушылығы: Балалардың өткен тарихқа деген қызығушылығын ояту.
Көрнекілігі:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Гимн.
Интерактивті тақта
Шарлар, музыкамен жабдықталған.
Зал іші мерекеге сай безендірілген. Залға балалар музка сүйемелдеуімен бір қатармен кіреді.
Жүргізуші: -Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар, бүлдіршіндер! Бүгінгі №1 «Балапан» тобының «Тәуелсіздік – бақыт жолы» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Бабамның да арманы,
Осы еді ғой аңсаған.
Тәуелсіздік таңдары,
Бақ береді баршаға.
Көк туымды қолыма,
Бүгін берік ұстадым.
Түсті бақыт жолыма,
Менің Қазақстаным.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні.
Жүргізуші:- Балалардың тақпағы:
Әділжан:
Көк аспандай көкпеңбек,
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен-тек,
Елдің ашық қабағы.
Әмір:
Елдігімнің реңі,
Теңдігімнің тірегі,
Мүддесінен халықтың,
Ажырамас бір елі.
Алтын заңым – арай таңым!
Мейіржан:
Елтаңбасы елімнің,
Неткен айбат әдемі.
Тұнығындай көңілдің,
Ортада – аспан әлемі.
Нұртас:
Құт , береке – шаңырақ,
Орын алған ол төрден.
Қанатты қос арғымақ,
Екі жақтан көмкерген.
Еламан:
Бізбен бірге бар әлем,
Қуанады балаша,
Қуанышқа бөленген,
Өмір қандай тамаша.
Жаннұр:
Ақ ниеті – алтын күн,
Асқақ арман қыраны.
Жалауы бұл халқымның,
Мәртебесі , мақтаны.
Жүргізуші:- Желтоқсанның қанды суық ызғары,
Қалың әскер қазағымды қорлады.
Тәуелсіздікті қолдаған жастардың,
Отан үшін табандары тозбады.
-Міне, биыл тәуелсіз ел – мемлекет болғанымызға 24 жыл болды. Осы Тәуелсіздік Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатайұлы, Ляззат Асанова сынды қазақтың батыр, қаһарман ұл-қыздарының арқасында келді. Олардың Тәуелсіздік жолындағы ерлігі, қайсарлығы біз үшін өнеге болмақ. Желтоқсан құрбандарына тағзым етіп 1минут үнсіздікпен еске алайық.
Балалардың тақпақтары:
Сымбат:
Қайраттай қайсар ұлдардың,
Жанымен келген еркіндік.
Жазира мен Ляззаттың,
Арымен келген еркіндік.
Қасірет пен қайғының,
Бәрімен келген еркіндік.
Фариза:
Он алтыншы желтоқсан,
Ел мерейі тасыған.
Қазақ деген қалың жұрт,
Бәрін кешті басынан.
Айбол:
Он алтыншы желтоқсан,
Тәуелсіздік алған күн.
Ерекше боп мәңгілік,
Ел жадында қалған күн.
Расул:
Әділеттің ұраны,
Ақиқаттың шырағы.
Тыныштықтың туы боп,
Зор салтанат құрады.
Дәулет:
Отан деген – Атамекен,
Отан деген – туған жер.
Отан – ана, Отан –үлкен,
Қазақстан туған ел.
Даниял:
Тәуелсіздік жолында,
Талай-талай тер тамған.
Билігім өз қолымда,
Еркіндігім – Елтаңбам.
Көрініс: «Менің Отаным»
-Апатай, сіз не жайында ән салып отырсыз?- деп сұрады Әмір анасынан.
-Отан туралы , - деп жауап берді анасы.
- Мен сіздің әніңізді суреттегім келіп отыр.
-Қане, сала ғой.
Сөйтіп Әмір әнді суретке сала бастады. Ауылды , күнді. Көкпеңбек өзен мен биік тауларды, қып-қызыл гүлдерді де қағаз бетіне салды.
Менің Отаным,- деп сыбырлады.
Жүргізуші: -«Отан – оттан да ыстық» дей отырып, балалардың орындауында «Менің Отаным» әні.
Ойын «Арқан тарту».
Залға «Бәйтерек» кіреді:
Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен Астана қаласынан келген Бәйтерекпін.
Біз бүгін Тәуелсіз ел деп ұлының ұлағатты, қызының инабатты, халқының салауатты болуына барлық мүмкіндіктерді жолдайтын мемлекетімізді мақтан етеміз. Ендеше, Тәуелсіздік – біздің бас ұранымыз, көгілдір Туымыз – біздің болашақ бағымыз, нұрлы таңымыз.
Балалар, мемлекетіміз қалай аталады?
Қазақстан Республикасы.
Еліміздің рәміздерін атаңызшы.
Ту, Елтаңба, Гимн.
Елордамыз қай қала?
Астана қаласы.
Біздің Президентіміз кім?
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Рахмет!
Жүргізуші:- Балалардың тақпақтары:
Іңкәр:
Анаң- күнің, жүрегің,
Әкең – өмір , тірегің.
Сен – бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын.
Айберен:
Бейбітшілік әніміз,
Бауырласпыз бәріміз.
Қазақстан даласында,
Жарасады әніміз.
Асемай:
Шұғылалы таңымыз,
Қазақ жері – бағымыз.
Қайнарынан мөп – мөлдір,
Сусындайды жанымыз.
Ерасыл:
Барлық елдің бөбегі,
Бір-бірімен туысқан.
Бәрімізге төгеді
Өз шуағын күміс таң.
Айбар:
Аспанымдай мөлдірмін,
Жайлауымдай жазықпын,
Өзенімдей өршілмін,
Гүлдерімдей нәзікпін.
Көрініс: «Әже мен немере»
Немересі ұйқтап жатып шошып оянады да:
-Әже, әже, қайдасыз?
Әжесі: - Құлыным-ау , не болды?
Немересі: - әже, мен түс көрдім.
Әжесі: - Қане, айта қойшы не көрдің?
Немересі:- Түсімде мен аспанға ұшып, бойым күнге жетті. Аспанда бүркіттей самғадым. Керемет түс емес пе, әже, жорамалдап беріңізші?
Әжесі ойланып: - Бұл түсің жақсылықтың нышаны. Ата-бабаларымыз аңсаған еркіндікке қолымыз жетеді. Аспанда бүркіттей самғап, күніміз ашық болады. Яғни, Тәуелсіздік таңымыз атып келеді.
Немересі қуанып: - Әже, жүріңіз, халықтан сүйінші сұрайық. Көп ұзамай Тәуелсіздік таңы атады.( Әжесі мен немересі «сүйінші, сүйінші» деп шығып кетеді.
Жүргізуші: - «Шалқы қазақ шалқитын заман келді. Текке қанын төккен жоқ бабаларың» демекші осы күнге жеткізген еркіндік таң мәңгі жасасын!
Ән «Атамекен» . Би ер балалар тобы. Ойын «Ат шабыс» .
Бәйтерек: - Жарайсыңдар, балалар! Өте керемет екен! Мен сіздерге ризашылығымды білдіріп, Астана қаласына саяхатқа шақырамын.
Интерактивті тақтамен слайдтар көрсетіп, Астана қаласымен таныстырады. «Бәйтерек» монументінің ішіндегі «Аялы алақан» үстеліне ерекше назар аудартып, кімде-кім алақанды қойып тілек тілесе орындалатынын айтады.
Ата-аналар Бәйтеректің ішінде орналасқан «Аялы алақанына» қолын басып , өз тілек , лебіздерін тілейді.
Жүргізуші:- Ата- аналарымыздың тілектері қабыл болғай!
Біздің еліміздің бүлдіршіңдері әрқашан бақытты болсын, еліміз гүлдене берсін деп балаларымызды «Еліңді гүлдендір» ойынына шақырамыз.
Жүргізуші: - Қазақ елім! Туды жастық дәуірің,
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік ағайын. Ән «Қазақстан бақытты».
Жүргізуші: - Осымен ертеңгілігіміз аяқталды. Сау болыңыздар!