?аза? ханды?ыны? 550 жылды?ына арнал?ан стартья


Қазақ хандығының кешегісі мен бүгіні.
XV ғасырда іргесі қаланған қазақ хандығының тамыр тартқан тарихы бар. Керей мен Жәнібектен бастап Кенесарыға дейінгі аралықта қазақ даласында 30 дан астам хандық болса, соның бәрінің халқына сіңірген еңбегі мен өзіндік орны болған. Бәрінің мақсаты қазақ халқын басқа елдермен терезесі тең, тәуелсіз мемлекеттер қатарына қосу болды.Ел ішіндегі бейбітшілікті тұрақтандыру жолында, қазақ хандығының ғұмырының ұзақ болуы үшін қазақ хандары көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасты тұрақты сақтауды мақсат етті. Бұл жағдайда елшілердің қызметі маңызды болған. Ол жайлы ақын - философ Жүсіп Баласағұн:
Елші ерекше, барлық ердің сарасы,
Артық біткен білім, ақыл-санасы.
Құдайдың ең асыл құлы - елшілер,
Талай ізгі істі солар тындырар, - деп жазады. Бүгінгі күні де қазақ «елдестірмек елшіден» дейді. Мұның өзі Қазақ хандығының халықаралық мәселелерді шешуде күш көрсетуге емес, бейбіт жолмен шешуге ұмтылғанын көрсетеді. Осы жолда елшілермен қатар билердің де сіңірген еңбегі мол. Қай кезеңде болмасын ел билеушілердің арман –мақсаттары астарлас екен. Қазақ елінің де кешегісі мен бүгінінің мақсаты бір. Ол- болашағы берік, мәңгілік ел құру. Хандық дәуірден бастап күні бүгінге дейін хан болсын, би болсын, батыр болсын, ел игілігі үшін еңбет еткен ерлердің арқасында қазақ халқы бүгінгідей белеске шығып отыр. Ал бүгінгі жас ұрпақ өз кезегінде сондай жандарға құрмет көрсетуге борышты. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Зерендінің төрінен Керей мен Жәнібек бабаларымызға ескерткіш бой көтерсе ата-баба рухы да, бұқара халық та бір риза болып қалар еді. Бір жағынан бұл жастарға берілер патриоттық тәрбиенің салмақты үлесі болары сөзсіз. Бабаларымыздың ұстанған мақсаты мен жасаған жұмыстары бүгінгі күні де жалғасын табуда. Бүгінгі күні бұл мәселе елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «Мәңгілік Ел» -береке-бірлікте тәуелсіз өмір сүруге ұмтылған халықтың арман-мұратының жиынтық идеясы жаңа деңгейдегі мемлекеттік дамудың стратегиялық бағыты ретінде жалғасын тапты. Ал біз, білім саласының қызметкерлері қазақ хандығының 550 жылдығын дәріптеуді жыл басынын бастап кеттік. Пухальск негізгі мектебінде атаулы мерекеге орай жыл басынан жоспарлы түрде ісшаралар өткізілуде. Өткен оқу жылының сәуір айында 6-9 сынып оқушылары арасында өткен дөңгелек үстелде оқушылар қазақ елінің өткені мен бүгіні туралы өз ойларын ортаға салып, талқылады.Оқушылардың қызу тартысынан бойларындағы елге деген жанашырлығы байқалды. Олар халқымыздың отаршылдық пен басқыншылық әрекеттерден көрген қорлықтарын қайта көрмес үшін тәуелсіздік пен ауызбіршілікті берік ұстану керек деген тұжырыммен тарқасты. 5-9 сынып оқушылары арасында қазақ хандығының мерейтойына арналып мәнерлеп оқу сайысы өтті.Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылардың арасынан 9 сынып оқушысы Сапарова Назым, 7 сынып оқушысы Әбдірахман Арлан және 6 сынып оқушысы Қанапия Арайды мектеп мақтаныштары ретінде атап айтқымыз келеді. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен марапатталды. 2015-2016 жаңа оқу жылында да аталмыш мерекенің атап өтілуі жоспарланып жүргізілуде. Қыркүйек айында мектеп бойынша сынып сағаттары өтсе, тарих мұғалімдері ашық сабақтар өткізді. Қараша айына ауқымды көлемде сыныптан тыс ісшара өткізу және оқу жылының соңына дейін сынып сағаттары жоспарланды. Мұндағы мақсатымыз ұлыларымызды дәріптей отырып болашақ ұрпақты отансүйгіштік пен намысқа тәрбиелеу. Ал жастары айбынды да намысты, білімді де тәрбиелі ел «Мәңгілік ел» болмақ.
Зеренді ауданы әкімдігінің «Пухальск негізгі мектебі» КММ-нің тарих пәні мұғалімі: Надирова С.И.