А?паратты? технологияларды пайдалану ар?ылы білімгерлерді? білім сапасын арттыру


Ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы білімгерлердің
білім сапасын арттыру
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтары ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді.
Қазақстан Республикасының  ұстаздарының негізгі мақсаты – қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай жастардың саналы ойлауын қалыптастыру, шығармашыл, өз мамандығын дұрыс таңдаған, ой-өрісі жоғары жеке тұлға дайындау.
Қоғамның дамып, өркендеуі оның әлеуметтік-мәдени этностық ерекшеліктерін толық меңгеріп, өзгерістер, жаңалықтар, ұғымдар туралы болып жатқан барлық мәселелерге мән бере отырып, салауатты өмір салтын құруда, білім беру саласындағы инновацияны меңгеруде, қоғамымызды ізгілендіруде мұғалімдерге, олардың кәсіптік сапаларына, білімділігіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қабілеттеріне, мәдениеттілігіне, парасаттылығына, т.б. қасиеттеріне байланысты.
Қазіргі таңда оқушыларға түрлі технологияларды пайдаланып, білім мен тәрбие беру басты міндетіміз деп білеміз. Қазақстанда Ж.А.Қараевтың, Ә.Жүнісбековтың, Жанпейісованың және т.б. ғалымдардың оқыту технологиялары белсенді түрде қолданылуда. Әрбір педагог өз жұмыс тәсілі мен формасын, өз педагогикалық технологиясын таңдай отырып, білім алушылардың білімін жетілдіру бағытында жұмыс істеуі керек. Осыған байланысты әр түрлі әдістерді қолданудың қажеттігі туындайды.
Дәстүрлі сыныптық-сабақ жүйесінің барлық элементтерін және сабақты құрастыру технологияларын қолданумен қатар, оқытушы келесі педагогикалық технологияларды пайдалануына болады.
ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
Модульдік оқыту
Дамыта оқыту
Ақпараттық (компьютерлік) оқыту
Шығармашылық оқыту
Саралап-деңгейлеп оқыту
Коммуникативтік оқыту технологиясы
Тірек конспектілер арқылы оқыту
Ұжымдық тәсілмен оқыту (топтық)
Ойын элементтерін пайдаланып оқыту
Дамыта оқыту


Жаңа ақпараттық технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланудың педагогикалық сәйкестігін ескеріп, оқыту үрдісіне енгізу сабақты ұйымдастырудың және оқыту әдістерінің өзгеруіне әкеледі. Сондықтан жаңа ақпараттық технологиялар келесі үш нұсқа түрінде жүзеге асырылады:
- «тереңдетілген» технология ретінде (компьютерлік оқытуды жекелеген тақырып немесе тарау бойынша қолдану);
- негізгі технология ретінде (белгілі бір бөлімді оқығанда қолданылатын технологиялардың ең маңызы ретінде қолдану);
- монотехнология ретінде (барлық оқыту, оқытудың басқару үрдісі, яғни, диагностика, мониторинг компьютерді қолдануға негізделсе).
Жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланудың негізгі мақсаттары:
- ақпаратпен жұмыс жасау іскерлігін қалыптастыру, коммуникативтік қабілетін дамыту;
- «ақпараттық қоғамның» жеке тұлғасын дайындау;
- берілетін оқу материалының көлемін оқушы меңгере алатын деңгейге дейін өсіру;
- зерттеу іскерлігін, тиімді шешім қабылдай білу іскерлігін қалыптастыру.
Егеменді елдің ертеңі оқу-білімнің тереңдігімен өлшенеді. Сондықтан жаңартылған педагогикалық технологиялар ішінен өз қажеттісін таңдап алу - әр оқытушы үшін жауапты да іскерлікті қажет ететін іс.
Білім беру жүйесінде компьютерлерді пайдаланудың маңызы зор. Өйткені, компьютер адам қызметінің барлық саласында еңбек өнімділігін арттыру құралына айналды. Болашақ мамандардың ақпараттық мәдениеті негіздерін қалыптастыру студенттердің компьютерде жұмыс жасауды игеруімен тығыз байланысты.
Компьютерлік бағдарламалардың дидактикалық мүмкіндіктерін анықтау негізінде оларды оқыту процесінде тиімді түрде пайдаланса, негізгі оқыту нәтижелері жоғары болады. Компьютерлік технологияларды қолдану жағдайларындағы студенттің оқу-танымдық іс-әрекеттерін ұйымдастыру оқу процесінде ақпараттық-қатынастық технологияларды қолданумен тығыз байланысты. Студенттердің сабақ барысында немесе өз бетінше орындайтын жұмыстарында компьютерді қолданудың шарттары айқындалады. Қазіргі ақпараттандыру заманында жалпы білім беретін оқу орындарында компьютер екі түрлі рөл атқарады, біріншісі – оқып-үйрену объектісі, екіншісі – оқыту құралы ретінде. Оқып-үйрену объектісі ретінде компьютер информатика сабақтарында қарастырылады. Мысалы, I курста оқытылатын информатика пәнін математика пәнімен ұштастырғанда мынадай нәтижеге жетуге болады:
оқушылардың мотивациялық негізін арттыруға;
шығармашылық қабілеттерін дамытуға;
математикалық ойлауын қалыптастыруға;
оқушыларды зерттеу жұмыстарына жұмылдыруға;
өзін-өзі басқаруға;
есте сақтау қабілетін, логикалық ойлауын дамытуға мүмкіндік береді.
Информатика пәнін оқытуда кез келген сабақ – ол оқу үрдісінің бір бөлігі, сондықтан да оқып үйретуді ғылыми танымда нақтылықтың критерийі ролін атқаратын өмірмен, практикамен байланыстыра білуге, ал оқу процесінде – оқуға ынталылықты, оған оң көзқарасты, айналадағы ортаның құбылыстарын түсіндіру үшін теориялық білімдерін практикада қолдана білу дағдысына қалыптастыруымыз қажет.
Оқытушы – ақпараттанушы емес, студенттің жеке тұлғалық және интеллектуалды дамуын жобалаушы. Ал бұл оқытушыдан ақпараттық құзырлылықты, ұйымдастырушылық қабілеттілікті, студенттерді қазіргі қоғамның түбегейлі өзгерістеріне лайық бейімдеу, олардың зерттеушілік дағдыларын дамыту бағыттарын талап етеді. Қоғам кез келген педагогтан өз пәнінің терең білгірі ғана болу емес, теориялық, нормативтік – құқықтық, психологиялық – педагогикалық, дидактикалық-әдістемелік тұрғыдан сауатты және ақпараттық компьютерлік технология құралдарының мүмкіндіктерін жан-жақты игерген ақпараттық құзырлығы қалыптасқан маман болуын талап етіп отыр.
Ақпараттық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу оқу процесін ұйымдастырудың тиімді технологияларын таңдау мүмкіндігін береді. Оларды таңдау кезінде технологияның студенттің жеке игеру қабілеті мен нақты пәннің ерекшеліктеріне сәйкес келуіне көңіл бөлінуі тиіс. Мультимедиялық технологиялармен жұмыс істеу кезінде студенттер басынан бастап, қызықты танымдық әрекеттерге араласа алады. Осындай процесс барысында студенттер білім алып, оны іс-жүзінде қолданып қана қоймай, сол ортадағы қосымша мәлімет көздерімен қажетті деген құралдарын өздері таңдап ала алады. Қоғамымызда компьютер маңызды әрі көрнекті орын алып отырған осындай сәтте компьютерлік технологияларды оқыту жүйесінде пайдалану еліміздің болашағын барлық ғылым салаларында жаңа идеяларды ұсынып, оларды жүзеге асыра алатын сауатты ұрпақпен қамтамасыз ете алады. Қазіргі заманғы ақпарат алмасудың жоғары жылдамдығы, жан-жақтан түсіп жатқан түрлі форматтағы мәліметтер ағыны білім беру саласындағы мамандарды да мультимедиялық құралдарға мұқият зер салуға шақырады.
80 жылдық тарихы бар Жамбыл медициналық колледжінде информатиканы оқытудың негізгі мақсаты – студенттердің шығармашылық, зерттеушілік қасиеттерін қалыптастырып, оларды белсенді, әрі толыққанды өмірге және ақпаратттық қоғам ортасындағы жұмысқа дайындау болып табылады. Информатика пәнін оқытуда студенттердің ой-өрісі мен танымдық қабілеттерін дамыту, өз ойын толық жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру мақсатында барлық сабақтарда жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда.
Еліміздің жас ұрпақтарына заман талабына сай білім беру әрбір оқытушыдан шығармашылықпен жұмыс істеуді, үлкен ізденісті талап етеді. Студенттің жеке тұлғасын, оның рухани әлемін, қабілеті мен ынтасын дамыту бүгінгі таңдағы негізгі мәселенің бірі. Студенттің өзіне деген сенімін арттыру, шығармашылығын дамыту мақсатында оқытушының әр сабағы әр түрлі, жан-жақты болуы керек.
Сабақ мазмұнының теориялық-практикалық құндылықтары жоғары болған сайын оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу өте тиімді жүргізіледі. Оқытушының әр сабағы студенттің сезіміне, ынтасына әсер етуі керек. Ол үшін сабақ құрылымы көп түрлі оқыту әдістерімен ерекшеленуі керек. Студенттерге білім негізін меңгертудің әдіс-тәсілдері сан-алуан. Оны таңдап алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Студенттің пәнге деген қызығушылығын артттыру - мұғалімнің өз еңбегін ұтымды ұйымдастыра отырып, жаңа сабақ үлгілерімен оқушыларды зерттеушілікке баулу, оқушыларға сұрақ қою, эксперименттік тапсырмаларды шешу, танымдық ойындар ұйымдастыру арқылы іске асады. Осыған байланысты іс-тәжірибемде мынадай қағидаларға сүйенемін:
студенттерге сапалы білім бере отырып, өз бетінше жұмыс істеуге үйрету;
студенттер арасында жекелей, жұптық, топтық жұмыстар жүргізу;
студенттердің компьютерлік сауаттылығын жетілдіру;
студенттердің шығармашылық ой-өрісін дамыту.
Жалпы сабақта студенттердің шығармашылық белсенділігін арттыратын ойын элементтерін пайдалану өте тиімді. Интеллектуалды ойын элементтерін информатика пәнінде қолдану арқылы қазіргі заман талабына сай ақпараттық мәдениеттілік пен компьютерлік сауаттылықты жылдам дамытуға болады.
Қоғам талабына сай қазіргі таңда жаңа педагогикалық инновациялық технологиялар түрлері өте көп болғандықтан, оларды тиімді етіп пайдалану, пән мұғалімінің шеберлігіне байланысты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», - дегендей, әрбір оқытушының негізгі мақсаты – білім сапасын көтеру, сабақ түрлерін жетілдіру, студенттердің сабаққа деген қызығушылықтарын арттыру, олардың ізденуін, танымын қалыптастыру. Оқу-тәрбие үрдісінің сабақта дұрыс жүргізілуі үшін әр алуан оқыту әдіс-тәсілдерінің тиімдісін мүмкіндігінше және оқушылардың жеке жағдайларына байланысты таңдап алуға көп көңіл бөлу керек.
«Сабақ – мұғалімнің педагогикалық мәдениетінің айнасы» - деп көрегендікпен әйгілі ағартушы А.Сухомлинский тұжырымдаған болатын. Сондықтан сабақ беру дегеніміз – әр түрлі педагогикалық тәсілдер жиыны, тұрақты шығармашылық ізденіс деп ойлаймын. Әрбір оқытушы өз жұмыс тәсілі мен формасын, өз педагогикалық технологиясын таңдай отырып, студенттердің білімін жетілдіру бағытында жұмыс істеуі керек. Оқытудың жаңа технологияларының барлығы студенттердің өз бетінше білім алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, ондағы қолданылатын әдіс-тәсілдер мен құралдардың жиынтығы да әр түрлі болып келеді. Теориялық білімді тексеру үшін сұрақ-жауап, жазбаша бақылау, тестілеу арқылы, ал практикалық білім білік дағдыларын жаттығулар мен практикалық тапсырмалар арқылы анықтауға болады.
Интерактивті оқыту әдістері тұлғааралық қарым-қатынасқа негізделе отырып, «жеке тұлғаны дамытуға бағытталатын» қазіргі білім беру парадигмасын қанағаттандырады. Сонымен бірге, сапалы білім алудың алғышарттары болып табылатын таным белсенділігі мен ізденіс дербестігін қалыптастырып қана қоймай, ары қарай дамытады.
Интерактивті оқытудың тиімді жақтары:
білім алушылар ақпарат алумен қатар өздерінің белгілі бір мәселені шешу жолын қисынды түсіндіріп береді;
студент ойының терең болуына талпынады;
оқытушының жетекшілігі арқылы білімдерін әрі қарай дамытады;
студенттің жеке өздігінен ізденуіне мүмкіндік беріледі;
топтасып оқып үйренуге жағдай жасалады;
өздерін – өздеріне бағалату әдісін қолдануға болады;
іс-әрекет барысында білім алуға болады.
Интерактивті оқыту технологиясы - білім берудің болашақ көкжиегін кеңейтетініне сенімім зор. Интерактивті оқыту технологиясы – нәтижеге бағытталған оқыту түрі. Интерактивті оқыту әдістері дәстүрлі оқыту әдістерінен оқу үрдісінде студенттердің өзінің өмірлік тәжірибелерін пайдалану арқылы есте берік сақтауымен, мәліметтерді талдап, жинақтау арқылы жеке және кәсіптік қабілеттерін аша алуымен ерекшеленеді.
Барлық технологиялардың мақсаты – пәнді оқытуда білім алушылардың жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылықтарын қалыптастыру болып табылады. Сонымен жаңа оқу технологияларын және интерактивті әдістерді оқу үрдісінде қолданудың нәтижесінде білім алушылар жинақталған тәжірибиесін сыртқа шығарып, оны өмірінде пайдалана алады. Жалпы заман талабына сай білім беру қашан да өзекті мәселе. Шығармашылық қабілеті мол, жан-жақты дамыған адамзат тәрбиелеуде жаңа педагогикалық технология ауадай қажет.
Заман талабына сай оқыту мен тәрбиенің соңғы түрлерін жедел игеріп, кәсіби шеберлікті ұштап отыру ұстаздардың басты парызы. Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасында «Қазіргі білім берудегі басты мәселе - білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді де жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын болашақ мамандарды даярлау» екені айтылады.
Қорыта келе айтарым, оқытушының ізденісі - білім кепілі. Демек, жаңа технологиямен қаруланған оқытушы ғана өркениетті ел болашағын тәрбиелей алады. Болашақтың бүгіннен де нұрлы, шуақты болуына тікелей ықпал етіп, адамзатты алға апаратын күш білімде ғана деген ұранмен оқу үрдісін ұйымдастыру қажет. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ – ұлттың ұлт болып қалуының кепілі!
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2050» Жолдауы
2. Қазақстан Республикасының Білім Заңы 
3. Құдайбергенова К.С. Инновациялық тәжірибе орталығы - педагогикалық технология көзі. Алматы, 2001 ж. – 75 б. 
4. Білімдегі жаңалықтар 2007 ж., №4 26-28 б.
5. “Қазақстан мектебі” журналы №8, 2004 жыл