Балаларды ?леуметтік жа?дай?а бейімдеу


« Балаларды жаңа әлеуметтік –экономикалық жағдайларда өмірлік және кәсіби тұрғыдан өз бетімен бейімделуге дайындау. »
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан 2050» Стратегиялық - бағдарламасында «Біздің басты мақсатымыз-2050 жылға қарай мықты мемлекеттік, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» ,- деп атап көрсетті. Бұл бағдарламасында қай буынды да белсенді,қайратты болуға, шапшаң уақыттың талабына сай болуға үндеп отыр. Қай заманда да аталы азамат өзінің биік парасатымен, қарым- қабілетімен ерекшеленген. Сондықтан да Елбасымыз мемлекетіміздің түп қазығы қазақ халқына жаңалықтың жаршысы , жанашыры,қозғаушы күші болып, алдыңғы лепте жүруімізге үкілі үміт ,үлкен жауапкершілік артып отыр.
Жолдауда айтылған әрбір қағида сананы оятары сөзсіз. Жас ұрпақ тәрбиесі, отбасы, әйел мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Елбасы «Біз әйел затына – анаға , жарға, қызға деген қапысыз құрметке қайта оралалуымыз тиіс» деп ата-бабадан қалған,исі мұсылманның бойына, иманынына сіңген тәрбие өнегесін қайта жаңғырту қажеттігін ескертеді. Ұрпақ тәрбиесін ұлттық сипатта қолға алмайынша санасы биік , өрелі ұрпақ тәрбиелеу мүмкін еместігін аңғартады. Шын мәнісінде бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу барысында берілер тәрбиенің мәйегі-әжелеріміздің бойындағы тәрбиені толық пайдаланып жүрміз бе? Аталарымыз отбасындағы ұл балаға «Ер адам қандай болу керек ?» деген сұрақ төңірегінде ақыл- кеңес бере ме? Жалпы, біз, аға буын бүгінгі жас буынға , немере, шөберемен ара қатынасымызда үлкенді кіші сыйлау керектен арыға аса алмай жүрген жоқпыз ба? Міне, бүгінгі өзекті мәселе осы болып отыр. Сондықтан бүгіні аға буын өкілдері- біздер, өздеріміздің өмірден алған тәжірибелерімізді,ерінуді білмейтін, отаншыл, елжанды, мемлекетшіл, ұлтжанды патриоттығымызды өз ұрпағымыздың бойына жастай егуге ұмтылуымыз қажет. Қазіргі кезде «Мемлекетіміздің болашағы- жастар. Келешекті жасайтын бүгінгі жас ұрпақ! »деп жалынды сөз айту сәнге айналды. Ал шын мәнінде, «жастарға» дейін «балалар» деген ұғымның бар екенін ұмытпау қажет! Бүгінгі ұрпақ – келешегіміздің айнасы. Ертеңгі қоғамды дамытатын да, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып, мемлекетке, пайда келтірер тұлғалар да –бүгінгі ұл- қыздарымыз. Ертеңгімізге алаңдасақ, бүгіннен бастап ұрпақ тәрбиесін басты мәселе етіп қарағанымыз жөн. Отбасы- қоғамның ең маңызды тірегі. Бұл тіректің беріктігі ұлттың, мемлекеттің қуаты.Сол себепті отбасы мәселесіне енжар қараған ата-ана ертең сан соғары сөзсіз. Демек, ата-аналардың кейінгі ұрпағының қамын ойлап, алдын-ала жоспарлы түрде бала тәрбиесін бүгіннен бастап қолға алу- кезек күттірмес іс.
Біз балаларымызға қаншалықты көңіл аударып жүрміз? Мен бүгінгі үлкен қауым алдында айтар пікіріме негіз ретінде Хазірет Әлидің «Балаларыңызды бүгіннің білімі мен мәдениетіне лайықтап емес, ертеңнің жағдайына лайықтап даярлаңыздар, өйткені , олар бүгін үшін емес, ертең үшін туды» деген уағызын негізге аламын. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы –өзін қоршаған ортасына, ұстазға, ата-анаға, құрбы-құрдастарына, олардың күнделікті іс-әрекетіне, жүріс- тұрысы мен сырт көрінісіне, сөйлеген сөзі мен әдептілігіне тағы басқа қасиеттеріне байланысты. Халық «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің » деп тегін айтпаған. Баланың қоғамдық –әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Отбасында атаның батасын алып, әженің ертегісімен қиялын кеңейтсе , әкенің ақылдылығымен еңбекқорлығын көріп өскен ер бала болашақ әке рөлінің образына кіре бастайды.Ал қыз бала болса, әжесінің киген кимешегінен бастап, анасының ене алдындағы жүріс – тұрысы мен сыйластығын көргенннен соң ол да жат жұрттық екенінін сезініп, болашақ жар яғни бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететін аяулы ана , жақсы келін , « алтын құрсақты ана» атанарын сезіне бастайды. «.Ата көрген оқ жонар, ене көрген тон пішер», Әкесі қой баға білмегеннің , баласы қозы баға білмейді деген мақал тегін айтылмаса керек-ті. Сондай-ақ отбасындағы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, бауырлар өзара «туыстық атауларды» орынды қолдана білсе, ертеңгі күні өздері де біреуге жезде, күйеу бала, жеңге немесе келін болып барарын құлақтарына құя бастайды. Осындай сыйластығы жарасқан отбасынан «көргенді жерден» шыққан болашақ келін мен күйеу бала шағын мемлекеттің іргесін қалап, шаңырағын биік көтеріп, мемлекетіміздің саяси- экономикасына қажырлы еңбек етіп, дені сау ұрпақпен демографияны көбейтуге өз үлестерін қосары сөзсіз. Ұлттық үрдісте тәрбиелеп,қиялын ұштап,асқақ арманға жетелеген ата-ана аяқтандырған балапанын мектепке табыс етеді. Енді баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз, ата-ананың бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс.
Ахмет Байтұрсынов : « Балаңды ұлша тәрбиелесең, ұл болады. Құлша тәрбиелесең, құл болады » деген екен.Кез келген ұлттың дамып өркендеуі оның әрбір өкілінің қалай және қаншалықты тәрбиелегеніне байланысты.Дұрыс тәрбиеленген бала- біздің қуанышымыз, ал тәрбие көрмеген бала- бұл біздің болашақ көз жасымыз бен сорымыз, біздің басқа адамдар алдындағы,Отан алдындағы айыбымыз. Жақсы баланы әдемі хош иісті гүлге теңесек, жаман мінезді бала табанымызға қадалған тікен тәрізді әсер етеді. Ал тікен тәрізді тез арылғың келетін бала қалай пайда болады?...Осындай балалардың аналарына ескерту жасасаң, қарсы сөз айтып, өзіңді жерге қаратады.Ұстаздар қауымын өздері жұмыс жасайтын мекемелердің атымен, затымен, заңмен қорқытудан тайынбайтын әйелдер баршылық.Осы арада әкенің отбасындағы рөлі өте жоғары екені сұранып-ақ тұр.Қанша жерден әйел заты күшті болуға тырысқанымен ер азаматтың орнын баса алмайтыны анық!Сонымен бірге ер адам үйінде қабағын түюмен –ақ көп мәселені шеше алады. «Айналайын, ата-аналар балаларыңыздың өздерін ғана ойламай , олардың өсіп отырған ортасына көз жүгіртіп қойыңыздар!» Жас бала көргенін қайталап, үйренгенін жасайды.Егер оның ортасы берекесіз , тәртіпсіз орта болса, оны мың жерден қадағалап отырсаңыз да ол ортаның , қоғамның ықпалынан асып кете алмайды.Үйде ішімдік пен темекінің зияны туралы айтып отырсаңыз да, жанындағы жолдастарының көңілін қалдырмай , адасуы мұмкін.Ал егер баланың өскен ортасы тәрбиелі де тәртіпті болса, өз жолдастарынан үлгі алған бала ата-анасын жерге қаратпасы анық.
Ата-аналар өз балаларын дұрыс тәрбиелесе, өзін бақытты кәрілікпен қамтамасыз етеді.Егер ата-ана бала тәрбиелеу жұмысына көңіл бөлмей, немқұрайды қарайтын болса ,өмір бойы өкінішпетен арылмайтын болады.
Тәрбиенің қайнары- ана тілінде екенін естен шығармайық.Тіл туралы әңгіме шыға бастаса, аға буын жетпіс жыл бойы отарда болдық деп ақтала кетеді. Мейлі, солай-ақ болсын.Бірақ сол жетпіс жылда қазақылығын сақтап қалған да кісілер бар емес пе? Ал заман солай болды деп ақталғандар яғни кезінде дәурені дүрілдеп, қазіргі ел ағасы болған кісілер дастарханда бата сұрасаң, тілек айтып, ең болмаса бір сүрені жатқа айта алмайтын қарияларға айналғаны тіпті аянышты. Балаға толыққанды жетіліп, намысты,өжет, батыл ,патриот болуы үшін ең алдымен үйде, ата-атаның мейірімі,ұстаздың тәрбиесі, мектептің ұстанған бағыты маңызды.Ата- бабаларымыздың жеті атаға толмай қыз алыспай, қанымыздың тазалығы мен тектілігімізді сақтап қалған. Осының өзі дені сау ұрпақтың өсуіне ықпал жасайды емес пе? Осы айтылғандарды біліп-өскен балаларда ерекше рух болады.Ал атасы мен әжесіне еріп қонаққа барған , қонақты қалай күткенді көріп-өскен балалар өте көпшіл, қонақжай, жол- жобаны біліп , көргенді болып өседі.Осының бәрін ата-аналарымыз бізге жеткізе алды.Ал біз өз кезегімізде соның бәрін өз ұрпағымызға бере аламыз ба? Міне, осыны ойлау керек.!
«Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без » деген мақалдың өзі қазақтың үлкендермен жағаласпай, үлкен мен кішінің орнын айырып өскенін меңзейді.Қазіргі кезде әке- шешесін арнайы арнайы интернат үйлеріне өткізіп жатқан қандастарымыздың бар екені жасырын емес. Бұл жағдайда бала ғана емес, ата-ана да кінәлы.Баласына қазақы тәрбиені сіңіре алмаған отбасылардың ошақтарының түтіні түзу ұшпай жатқанын да байқап жүрміз.Бүгін ата-анасын қарттар үйіне өткізгендердің балалары ертең өздері де солай жасамайтынына кім кепіл? Бәрі осылай кете берсе, қоғамымыздың жағдайы не болмақ? Аллаға шүкір, елімізде патриоттар аз емес. Елбасымыздың тапсырмаларын іске асырып, егеменді сақтау үшін жасалып жатқан шаралар да жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр.
Жастардың көпшілігі – шынайы өмірге қалай бейімделуді білмейді.Соңғы жылдары көпшілігі мамандығы бойынша жұмыс табыла бермегендіктен , басқа кәсіптермен айналысып жүр. Біздің қоғамдық өміріміздегі динамикалық өзгерістерге толы кезеңде мамандық таңдау- актуальды болып келеді.Әсіресе, адам онтогенезінің күрделі кезеңдегі жеткіншек балаларымыз көп көңіл бөлуді қажет етеді. Көптеген балалар жасөспірім шағында қатты өзгереді. Оның үстіне бүгінгі таңда ересектердің де жасөспірімдерге деген қарым- қатынасы біршама өзгерген., 10- 15 жастағы балаларды біз, ересектер жасынан бұрын үлкен деп қабылдаймыз. Сонымен бірге әлеуметтік ортаға, ақпараттардың оңай, жылдам, қолжетімділігіне байланысты балардың өздерінің де үлкендерге деген, өмірге деген қарым- қатынасы да өзгерді. Алайда мұның бәрі балалардың жаңа әлеуметтік – экономикалық жағдайға дайын дегенді білдірмейді.Тез ұлғаюға асыққан балалар, өздерін ересек ретінде қабылдауын қажет етеді, қиын жағдайлардан шығу жолдарын іздестіреді. Кейде денсаулықтарына зиянды болса да, үлкендерге тәуелді болмауға тырысады. Үлкендер бұл жағдайды байқай бермейді. Бірақ күнделікті бала күйзелісі күн өткен сайын үлкен проблемаға айналып, үлгерімі төмендеп, денсаулығы нашарлауы, нашар тәртіпке әкелу қаупі туындайды. Ендеше балалардың психологиясына және денсаулығына еш нұсқан келтірместен, жаңа әлеуметтік –экономикалық жағдайларда өмірлік және кәсіби тұрғыдан өз бетімен бейімделуіне , қалай дайындауға болады? Ол үшін әр жанұя өзіне дұрыс мақсат қоя біліп, негізгі қызметі мен міндеттерін ұстануы тиіс.Еліміз күннен күнге өркениеттеніп келеді. Жаңа әлеуметтік- экономикалық жағдайға әр жанұя рухани тәрбие мен қатар тұрмыстық, еңбекқорлық, шығармашылық – демалыс қызметін ұйымдастыра білуі тиіс . Өзіне тән лайықты мамандықты , жұмысты таңдау, кәсіби тұрғыдан өсу және ертеңгі күні материалдық- тұрмыстық байлыққа ие болу- қай кезеңде болмасын әр дамның , әсіресе, әр жас адамның арман- мүддесі болып келеді. Осы арманға қол жеткізуде балаларымыздың қателеспей, дұрыс шешім қабылдауы шарт. Дұрыс таңдалған мамандық қоғамдық өмірдегі жоғары жетістіктерге , шығармашылық табыстарға әкеледі. Балалармыздың көбі мамандықты салауатты ақылмен, түйсікпен, жүрек қалауымен таңдаса, енді біреулері көңіл – күйдің үстірт әсерімен , ата-ана қалауымен, байқау мен қателіктер жолымен де таңдап жатады.Қазіргі заманда мамандықтың адамға және оның жеке қасиеттеріне қоятын талаптарына және еңбек рыногының сұранысына байланысты таңдалынуы-мамандықты епті игерудің, еңбекке араласудың, ақыр аяғында – отбасы жағдайының жақсаруының алғы шарты. Сондықтан да , балаларды жаңа әлеуметтік – экономикалық жағдайларда өмірлік және кәсіби тұрғыдан өз бетімен бейімделуіне дайындау- мектеппен қатар ата-ананың да басты міндеті. Жоғарыда айтып өткенімдей, мектеп бітірушілердің дерлік барлығы көптен бері мамандық таңдауда бірінші орынға юрист, экономист, менеджер немесе құқық органдарына лайықты мамандықты таңдап келеді . Қазіргі кезеңде жанұя баласын өмірлік және саясэкономикалық , кәсіби тұрғыдан өз бетімен бейімдеуге дайындау үшін төмендегі негізгі міндеттерді орындауы шарт.
баланың үздіксіз дамуына жағдай жасап, қадағалау;
бала денсаулығына қамқорлық жасау;
еңбек тәрбиесі және мамандық таңдауға көмектесу;
қызығушылығын , шығырмашылығын дамыту;
бастысы, баланы өзін- өзі тәрбиелеуге , өзін- өзі дамытуға дайындауда ата-ананың екеуінің де жауапкершілігі бірдей болуы қажет. Ата-аналардың көбі апталап, айлап күнкөріс қамымен жүреді де бала тәрбиесі жалғыз ананың (күтушінің ) мойнына түседі. Ата-анасы балаларының қажеттіліктерінің бәрін әперіп, керек болса сабақтарына қарайтын уақыты болмағандықтан қомақты қаражаттарына репетиторлар жалдап оқытады. Бүгінгі күн талабына сай ,динамикалық өзгерістерге дайын емес жаттанды білім алған мамандар қажет емес, бәсекеге қабілетті ,өз ойын жеткізе алатын, қиыннан жол тауып, тығырықтан шыға алатын және қоршаған ортаға өз білімі мен қатар кәсіби шеберлігімен бейімделе білетін мамандар қажет. Орайы келгенде айта кетейін дегенім: жоғарыда атап өткен толық отбасылардан ғана жақсы қызметкер шығады деген ой емес .Қазақта «Жақсыдан жаман туар , бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз» деген мақал тағы бар. Кезінде Әбу Насыр әл-Фараби «.Адамзатқа алдымен тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі десе,» Жан- Жак Руссо « Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң солай түседі. Бала тәрбиесі сол сияқты , өзің қалай тәрбиелесең солай тәрбиеленеді » деген екен. Бұдан шығатын түйін: балаларымыздың әлеуметтік – экономикалық жағдайларда өмірлік және кәсіби тұрғыдан өз бетімен бейімделуіне ата-аналар өзіміздің еңбекқорлығымызбен, ұстамдылығымызбен, ақыл- ой, сана- сезімімізбен және адамгершілік құндылықтарымызбен әсер етіп, болашақтың айнасын таза ұстауымыз қажет.
Оқу-білім, тәрбие үрдісімен қатар мектеп пен ата-аналар комитеті тығыз байланыста. Мектептің әлеуметтік педагогы мен психологы балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты және жекеленген отбасылардағы әлеуметтік жағдайға байланысты маңызды жұмыстар жүргізеді. Білім алушылардың бәрі мектеп қабырғасында «Жас қыран», «Жас Ұлан», «Мұрагер» ұйымдарына мүше Мектеп оқушыларының балалар-жасөспірімдер спорттық мектебіне жаппай қызығушылық танытуы-ертеңгңі күнгі салауаттылықтың негізі. Ата –аналар комитеті тарапынан мектептің 9-11 сынып оқушыларын аудан орталығындағы түрлі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға жиі апарып, мамандық иелерімен кездесулер ұйымдастырылса, кәсіби – техникалық колледжге апарып, қазір қайтадан қолға алынып, жанданып жатқан ауылшаруашылық мамандықтарына бағыт- бағдар беріледі.