«Жеке т?л?аны? даму ерекшеліктері»
«Жеке тұлғаның даму ерекшеліктері»
Қоғамдық талаптардың өзгеруімен жоғары кәсіптік білім алудың мақсаты мен міндеттері, мазмұны да жаңа сипат ала бастады. Білім берудің барлық сатысына дендеп ене бастаған әрекет теориясының негіздері жоғары мектеп педагогикасында да басшылыққа алынады. Студент және оның әрекеті бірінен-бірі ажырағысыз ұғымдар, әрекетсіз адам жеке тұлға ретінде танылмайды. Ал жеке тұлға дегеніміз ол тек қандай да бір мінезге, темпераментке, қабілетке, бір сөзбен айтқанда, психологиялық қасиет-сапалардың жиынтығына ие тұлға ғана емес. А.Н. Леонтьевтің ойынша, жеке тұлға «...қайталанбайтын тұтастық, жүйелілік және ол ең жоғары жинақтаушы, біріктіруші инстанцияның қызметін атқарады» . [1,60].
Жеке тұлғаның әлеуметтік сапа-қасиеттерге ие болуы оның ең басты белгісі болып табылады. Оның қоғамдық қатынастарға араласауы «индивидттің өзгелермен бірлесе отырып жүзеге асыратын әрекеті мен қарым-қатынасқа түсуі нәтижесінде қалыптасады» [2,193]. Жеке тұлға қоғамдық қатынастарға араласып қана қоймайды, оған қажетті материалдық және рухани құндылықтарды жасап шығарады, соның арқасында қоғамның дамуын алға жетелеуші факторға айналады. Оның басты қасиеті – жасампаздығында. Осыған байланысты экзистенциалды және гуманистік философияның айтуынша, жеке тұлғаға тән басты белгі – шығармашылық әлеуеті. Ол өзгелерге, қоғамға қажетті дүниелерді ойлап шығару арқылы өзінің маңыздылығын түсінеді, өзін жетілдіреді, өзін іске асырады.
Жеке тұлға сонымен қатар, қайталанбайтын даралыққа, ерекше қасиет-сапаларға ие. Оның осы қасиеті мәдениеттің дамуында қайталанбайтын дүниелерді өмірге әкелді. Шығармашылықтың көзі оның даралығында, сол себепті оны қалыптастыруда да осы қасиеттеріне айрықша көңіл бөлу керек. Жеке тұлғаға философияда мынадай анықтама беріледі: «Жеке адам - әлекуметтік индивид ретіндегі адам, қоғам мүшесі... Әр адамның өзіне тән мінез-құлқы, интеллектісі, сезім-түйсігі болады. Сол қасиеттердің толықтығы жеке адамның психикасын құрайды. Жеке адамның психикалық даралығы белгілі бір дәрежеде психикалық күйлерінің (қайғыруы, тәртіп мотивтері т.б.) өзгеруіне қарамастан, әрдайым өз қалпын сақтай алады, ол өмір жағдайлары мен нерв жүйесінің тұрақты ерешеліктеріне байланысты. Психикалық күй қызмет процесіне, адам болмысындағы өзгерістерге байланысты ауытқып тұрады. Жеке адамның психикалық құрылымы белгілі табиғи ерекшеліктерді қажет етеді, алайда жеке адам психикасының дамуында қоғамдағы ахуалдар мен олардың өзгеруі шешуші рөл атқарады» (Философиялық сөздік. Алматы: ҚЭ, 1996, 157б).Демек, жеке тұлғаға өзіндік психикалық құрылымдар тән болумен бірге, ол өзінің даму, қалыптасуы барысында әлеуметтік ортаға бағынышты болады. Сол себепті қоғамдық сұраныстар мен жеке тұлғаның ішкі қажеттіліктерінің арасында тепе-теңдік, үйлесімдіктің болуы шарт. Осыған байланысты педагогикада «эксклюзия» ұғымы қолданыла бастады. Ол дегеніміз – адамның қоғамдық өмірден аластатылуы, әлеуметтік игіліктер мен құқығының болмауы немесе оған қандай да бір тосқауыл қойылуы. [3,56]. Бұл мәселе білім берудің барлық буынында байқалады. Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың өз орнын таба алмай, басқа салаға ауысуының бір себебі осы мәселенің салдарынан болып отыр. Әлеуметтік эксклюзия жеке адамның немесе қоғам өміріндегі кейбір топтардың қажеттіліктері мен құқығына қол сұғылуына, қорғалмауына бағытталған әрекеттердің салдарынан туындайды. Эксклюзияға қарама-қарсы ұғым – инклюзия өзін және өзгелерді шыдамдылықпен, төзімділікпен (толерантность) және түсіністікпен қабылдауды білдіреді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің болашақ мамандарын дайындауда олардың мәтінтану мен мәтінді талдау әдістемесі жағынан жан-жақты қалыптасқан тұлға етіп шығару бұл үдерістің алдын алуға тежеу бола алатыны анық.
И.Канттың ойынша, адамның жеке тұлға болуы, дамып, қалыптасуы өзіндік «Менін» адамгершілік заңдарына бағындыра алатын сана-сезімінің арқасында мүмкін болады. Жеке тұлғаның «Мен» мәселесі көптеген зерттеулерге түрткі болды. Психологтар мен педагогтардың пайымдауынша, адамның жүріс-тұрысы, үлгерімі оның өзін-өзі бағалауымен, өзіне деген қарым-қатынасымен анықталады. Қазақтың «өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақалы да осыны дәлелдейді. Ал адамның «Мен-тұжырымдамасы» дегеніміз – бұл индивидтің өзі туралы ұғым-түсініктерінің, өзіне деген бағалауыштық көзқарастарының жиынтығы» (Бернс. 30-беттен). Ол адамның әлеуметтік дамуы барысында пайда болып, соның нәтижесі ретінде көрінеді. Сонымен қатар, ол адамның сәби кезінен бастап, қартайған шағына дейін өзінің ізін қалдырады. Оның қалыптасуы бастапқы кезде сыртқы факторларға тәуелді болса, бірақ кейін ол дербес дамиды. Адамның қоршаған өмірге, өзге адамдарға деген қарым-қатынасы Мен-тұжырымдамасынан сүзіліп қалыптасады. Демек, адамның Мен-тұжырымдамасы адамның 1) «Мен бейнесі» және оған деген 2) «өзіндік бағасы», 2) алдыңғы екеуінің нәтижесінде белгілі бір мазмұнға ие болатын жүріп-тұру әрекеті элементтерінен тұрады (Сонда 32-беттен). Адамның оқуға үлгерімі, жұмыста жетістікке жетуі оның өзі туралы ойларының, пікірлерінің нәтижесінде ғана іске асады.
Студенттің әлеуметтік, кәсіби құзыретін дамыту оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өзін-өзі іске асыруына, жетілдіруіне жол ашады, қарым-қатынас психологиясы мен мәдениетін игеруіне әсер етеді. Жеке тұлға психологиясында немесе субъективтік психологияда адамды жеке тұлға ретінде танудың мынадай шарттары көрсетіледі:
- өз өмірінің субъектісі болу, басқаша айтқанда, өз өмірінің қожасы болу (быть субъектом собственной жизнедеятельности);
- белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асырушы субъект болу, басқаша айтқанда, белгілі бір салада өзінің әрекетін жүзеге асыру (быть субъектом предметной деятельности);
- қарым-қатынас әрекетінің субъектісі болу, яғни қарым-қатынасқа қатысушы ғана емес, оны басқарушы, өзегі бола білу (быть субъектом деятельности общения);
- «Мен» туралы саналы әрекеттің субъектісі болу -сезімнің субъектісі болу (быть субъектом деятельности самосознания собственное «Я» самосознания).
Адамның қоршаған ортада өзін-өзі дамытуға түрткі болатын субъективті мазмұнға ие іс-әрекет болмысы жеке тұлға психологиясының негізгі зерттеу нысаны болып табылады. Онда жеке тұлғаның іс-әрекетіне тән мынадай ерекшеліктер көрсетіледі:
Біріншіден, жеке тұлға деп өзіндік биологиялық қасиет-сапаға ие бола отырып, әлеуметтік ортамен қарым-қатынасқа түсе алатын адамды айтамыз. Мұнда адамның табиғи психофизиологиялық ерекшелігі мен сыртқы әлеуметтік ортаның өзара әсері және үйлесімділігі маңызды болып табылады. Екіншіден, жеке тұлға деп белгілі бір материалды, рухани құндылықтар арқылы өзін-өзі таныта алатын адамды айта аламыз. Жеке адамды оның материалды, рухани іс-әрекетінің мазмұнына, нақты іс-әрекетке және сыртқы ортамен қарым-қатынас жасауға негіз болған құндылықтар дүниесіне, өз өмірі үшін анықтаған «мәнді білімдерді» тани аламыз. Рухани және материалды мәдениетте өзін-өзі танытуын айтамыз.
Үшіншіден, жеке тұлға деп әрекетті жүзеге асырушы және қарым-қатынас іс-әрекетінің субъектісі бола алатын адамды айтамыз. Бұл жерде қарым-қатынас жасау мен қатысым терминдерінің айырмашылығы бар. Қарым-қатынас барлық индивидтерге тән қасиет болса, қатысым өмір сүру барысында инструменталды сипатқа ие болады. Орыс ғалымы Петровский жеке тұлғаның осы қасиетін алдыңғы орынға қояды. Оның ойынша, «адам өзгелердің сана-сезімінде, өмірінде» қаншалықты бейнеленсе, соншалықты оның тұлға екендігі анықталады. Демек, қатысым құзыретін әлеуметтік мәнді, маңызды қажеттілік ретінде түсіну керек.
Төртіншіден, тұлға болу деген сөз – өзінің сана-сезімінің субъектісі болу. Белгілі бір сана-сезімнің субъектісі болу деген сөз – адамның жас ерекшелігіне қарай дамуы барысында өзіндегі «МЕН» туралы білімдерін аша алуы (И.С.Кон) тұлғаның өзіне баға беруі (самооценка) (Н.С.Неймарк, А.И.Липкина т.б.) ; өзінің жүріп-тұруын моральдық тұрғыдан қадағалау. (С.Г.Якобсон); [3,56] өзінің қарым-қатынастар жүйесіндегі «қайшылықты мәндерден» (конфликтные смыслы) МЕН бейнесін тани алуы.
Көріп отырғанымыздай, барлық жағдайда да жеке тұлғаға тән басты ерекшелік оның субъектілігі. Гегель ол туралы мынадай пайымдаулар жасайды: «То, чего не достает рабу – это признания его личности; принцип же его личности есть всеобщность. Господин рассматривает раба не как личность, а как не обладающую самостоятельностью вещь, сам раб не числится «Я», его «Я» есть господин». Басқаша айтқанда, тұлға болу - өзіне-өзі би болу.
Жалпы психологиялық әдебиеттерде «жеке тұлға кім?» деген сұраққа толық әрі бір мағыналы жауап беру қиын екендігі айтылып жүр. «Адам индивид болып дүниеге келеді, тұлға болып қалыптасады, ал даралығын дәлелдейді» деген қанатты сөз жеке тұлға жөніндегі пікірлердің түп мәнін құрайды деуге болады. В.М.Кроль жеке тұлғаға мынадай анықтама береді: «Жеке тұлға өмір сүру барысында қалыптасатын психикалық қасиет-сапалардың дараланған жиынтығы, сол арқылы адамның қоғамдық ортада ойлау, жүріп-тұру ерекшелігі анықталады» [5,97]. Р.Мейли оған мынадай анықтама береді: «әрбір жеке адамды бір-бірінен ажыратып тұратын психологиялық қасиет-сапалардың жиынтығы... Кең мағынасында тұлға термині мінез (характер), темперамент және қабілет және адамның осы үш аспектісін құрайтын ұғымдардан тұрады».[6,197-283] ,[7,15-123]. Г. Айзенк: «жеке тұлға адамның өзге адамға ұқсамайтын, өзіне ғана тән танымдық, аффективтік және физикалық қасиеттерінің интеграциялы ұйымдасуы» деген анықтамалар береді. [8,9-23]. С.Қалиев т.б. ғалымдар жеке тұлғаны жоғары дәрежеде кіріккен (интеграцияланған), үнемі өсу үдерісінде болатын әлеуметтік жүйе деп таниды. [9,53]. Әрбір адам өзінің дамуы барысында жеке тұлға болуға, шығармашылық және адамгершілікті даралық ерекшелігін қалыптастыруға негіз болатын тума және әлеуметтік шартты қажеттіліктерді басынан кешіреді.
Жеке тұлғаның дамуы индивидтің белгілі бір әлеуметтік мәдени ортаға, яғни күрделі әлеуметтік құрылымға ие, оның мүшелері мен топтары иерархиялылыққа бағынған, қалыптасқан жүріп-тұру нормалараына бағынатын белгілі бір қауымдастыққа ену үдерісін білдіреді. Ол қалыптасу процесі барысында бейімделу, даралану, жалпылану фазаларын басынан өткереді:
Жалпылану –
дара қасиеттері мен әлеуметтік нормалардың жалпыланып үйлесім табуы
Бейімделу–
әлеуметтік құндылықтар
мен жүріп-тұру ережелерін меңгеру
Даралану – генетикалық факторлардың
дамуы
Жеке тұлғаның қалыптасуының алғашқы фазасында адамның бастапқы кезеңдегі дамуы жүзеге асады. Бұл сатыда адам қоғамдық құндылықтар мен қалыптасқан жүріп-тұру ережелерін бұлтартпай қабылдауы басым болады. Алайда, екінші фазаға тән үдеріс адамның алғашқы фазадағы даму ерекшеліктеріне тікелей байланысты болып, соның нәтижесінде қалыптасады. Себебі, жеке тұлғаның қалыптасуы көп жағдайда оған генетикалық жолмен берілген қабілет, мотив, қажеттіліктердің дамуы нәтижесінде анықталады. Осыған байланысты адамның дамуында екіжақты қайшылық орнайды: генетикалық және әлеуметтік бейімделу. Осылардың қайшылығынан адамның дамуының бейімделу процесінде қиындықтар туындайды. Бұл қиындықтар өзге барлық адамдар сияқты «көптің бірі болу» туралы қоғамдық тенденциядан максималды түрде өзін-өзі даларау арқылы «өзімен өзі болуға» бағытталған дамудың қайшылықтарынан туындайды. Егер адам өзі өмір сүріп отырған ортаға (топ) бейімделе алса интеграциялану, даралану фазасының сәтті аяқталғандығын білдіреді. Қоғамдық қажетті құндылықтар мен моральдық нормалар қатаң қалыптасқан ортада интеграциялану жағдайында оның бойында әділеттілік, гумандылық, талап қойғыштық т.б. өмір сүруде жүзеге асыратын іс-әрекетіне қатысты қасиет-сапалар қалыптасады. Алайда даралану және жалпылану фазасында бейімделуге байланысты қиындықтарды жеңе алмаған қиын жағдайларда адамда кері, жағымсыз қасиеттер дамиды: тәуелді болу, жігерсіздік таныту, өзіне, өзінің мүмкіншілігіне деген сенімінің төмен болуы т.б. Мұндай жағдайда адам өзгелерге қарағанда өзінің ғана қолынан келетін істі жүзеге асыруға деген қабілетінің төмен екендігіне өзі сенетін болады. Осы тұрғыдан келгенде жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасу процесі негізінен тәрбиеге және қоршаған ортаның жағдайына байланысты екендігі көрінеді. Жеке тұлғаның дамуында оның қан арқылы берілетін қасиет-сапалары мен қабілеті шешуші рөл атқарады деуге болмайды. Сол сияқты жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуында әлеуметтік факторлар шешуші рөл атқарады деп ойлау да дұрыс болмайды. Ең маңыздысы – адамның тума тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеу мен дамытуды сапалы жүзеге асыру болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Леонтьев А.Н. Деятелность. Сознание. Личность. М., 1975. 160-беттен
2.Психология. Словарь. М, 1990. 193-беттен.
3.Шмидт В.Р. Социальная эксклюзия и инклюзия в образовании: Учебно-методическое пособие. М., 2006
4. Қалиев С. ж.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. –А, Білім, 2001
5. Мейли Р. Структура личности // Экспериментальная психология/ Под.ред. П.Фресса и Ж.Пиаже. М, 1975. Т5. 196-283. 197-б
6. Мейли Р. Структура личности // Экспериментальная психология/ Под.ред. П.Фресса и Ж.Пиаже. М, 1975. Т5. 196-283. 197-б
7. Ж.Нюттен: «Адам индивидтің психологиялық ұйымдасу ансамблі»Ньюттен Ж. Мотивация // Экспериментальная психология / Под ред. П.Фресса и Ж.Пиаже. М, 1975. Т5. 15-110. 23-б
8.Айзенк Г.Ю. Количество измерений личности: 16,5 или 3– критерии таксономический парадигмы // Иностранная психология. 1993. №2 – Т1. стр.9-23.
9.Қалиев С. ж.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. –А, Білім, 2001. 53-б