Статья на тему: Орыс тілді мектептерде ойын технологиясын ?олдануды? тиімділігі
Орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытуда ойын технологиясын пайдаланудың тиімділігі
Атеева Бакытжан Батаевна
Қарағанды қаласының №8 негізгі орта мектебі КММ
Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру саясатының басты міндеті жаңа білім беру сапасына қол жеткізу үшін барлық жағдайды жасау және білімнің барлық балалар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету болып табылады.
Білім беру саласындағы жаңа өзгерістер оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде заманауи технологияларды қолданудың өзектілігін айқындайды. Мұғалім оқушының танымдық іс – әрекетін ұйымдастыру үшін тиімді әдіс-тәсілдер мен технологияларды таңдай білуі тиіс.
Орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытуда қолданылатын ойын технологиясы бұрыннан қолданылып келе жатқанымен, оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, логикалық ойлауы мен шығармашылық қабілетін дамытудағы ең тиімді тәсіл болғандықтан да өзектілігін жоғалтпай, қайта заманауи ойын элементтерімен толысып отырады.
Ойын оқушыға пән бойынша бейтаныс білім негіздеріне жол ашады, әдеттегі сабаққа жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді, пәнге қызығушылығын арттырады. Демек, оқыту үдерісінің тиімділігі арта түседі. Қазақ тілі сабақтарында ойын технологиясын қолданудың мақсаты – нақты практикалық дағды қалыптастыру, оны әдістеме деңгейінде бекіту, білімді тәжірибеге айналдыру.
Қазақ тілі сабағында ойын технологиясын қолдану материалды меңгеруге байланысты біраз қиыншылықтарды жеңуге, тақырыпты меңгерту мен бекітуді эмоционалды түрде сезінуге септігін тигізеді. Сондай-ақ ойын оқушының сөздік қорын молайтады, ой-өрісін дамытады. Ойын тек оқыту мен дамыту міндеттерін ғана шешіп қоймайды, сонымен қатар бастамашылдық, табандылық, мақсаттылық, кез келген жағдайда шешім таба алу сияқты шығармашылық қаситеттерге де тәрбиелейді.
Дидактикалық ойындардың қазақ тілі сабақтарын өткізуде ерекше орын алатынын айта кету керек. Алайда заман ағымы бүгінгі оқушыға жеке тұлға ретінде талапты күшейте түсті. Демек, заман талабына сай дидактикалық ойынды жаңа деңгейге көтеріп, оны шығармашылық ойынға айналдыру қажет.
Сондықтан қазақ тілін дидактикалық ойындар арқылы меңгерту барысында шәкірттердің санасына ұлттық рухты сіңіру, өз халқының өткеніне мақтанышпен қарау сезімдерін ояту керек. Бұл оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерінің жетілуіне негіз бола алады.[1]
Өз сабақтарымда оқушының қызығушылығын арттырып, оның дамуына жағдай туғызып, сөйлеу қабілетін дамытуды негізгі мақсатым деп білемін. Осы мақсатқа жетудің бір тәсілі - сабақта ойын технологиясын пайдалану. Ойын оқушылырдың жасына сай болу керек, қызықты әрі ақыл-ой және рухани дамуына септігін тигізуі қажет.
Ойын сабақтың басында – өткен тақырыпты еске түсіреді.
Сабақтың ортасында – көңіл-күйді сергітеді, белсенділікті, ынтаны арттырады.
Сабақтың соңында – тақырыпты бекітуге, сабақта алған білімді жинақтауға септігін тигізеді.
Қазақ тілі сабақтарында рөлдік, дидактикалық және сюжеттік ойындарды пайдалануға болады. Солардың ішінде сабақта жиі қолданылатын ойын түрлеріне тоқталмақпын.
«Ойлан тап» оқыта үйрету ойыны. Мұғалім кім? деген сұрақ қойғанда, оқушылар ата, әже, мұғалім деп жауап беруге тиіс. Мұғалім қайда? деп сұрақ қойғанда, үйде, үстелде, партада, далада, мектепте деп жауап берулері керек (мақсаты: оқушылар қойылған сұрақты түсініп, оған дұрыс жауап таңдай білулері керек. Яғни кім? деген сұраққа парта деп жауап берілмейді).
«Қайталай ғой» ойыны. Ойын шарты: бір оқушы қандай да бір модульге байланысты бір сөзді атайды, ал екінші оқушы оны қайталап, тағы бір сөз атауын қосады. Үшінші оқушы екеуін қайталап, үшінші сөзді қосады. Осылайша ойын белгілі бір тақырып бойынша 6-7 сөзге дейін жалғасады.
«Тақырыптық сөздер» ойыны. Лексикалық тақырыптарды пысықтау кезінде қолдануға қолайлы ойын түрі. Оқушылар шеңбер жасап, дөңгелене тұрады. Мұғалім басты тақырыпты айтады. Мысалы, мұғалім «Қыс» деген тақырыпты айтады. оқушылар осы тақырып бойынша сөздерді бір-бірден айтады. Осылайша шеңбер аяқталғанға дейін сөздер айтыла береді.
«Жалғасын тап» ойыны. Бұл ойын арқылы оқушылардың буындардан сөз құрай алу дағдылары қалыптасады. Мысалы ба-ла, мек-теп деген сөздердің буындары қиынды ретінде шашыратып тасталады, оқушылар өздері буындардан сөз құрайды.
«Достасқан буындар» ойыны. Бір оқушы «қа» деген буынды айтады, екінші оқушы оған «ла» буынын жалғап сөз құрайды.
«Жұбыңды тап» ойыны. Сөз тіркесетерін меңгертуге арналған ойын. Бұл ойында оқушылар саны жұп болуы керек. Мұғалім әр оқушыға бір-бірден сөз үлестіреді. Барлық оқушылар өздеріне берілген сөздерді дауыстап оқиды. Осыдан кейін оқушылар сөз тіркесін жасау үшін өз жұбын іздейді. Мысалы қыс, келді, қыс, айлары деген сөздер таратылады. қыс деген сөзді оқыған бала келді деген сөзді оқыған баланың қасына барып, екеуі бірігіп, қыс келді деген тіркесті айтады.
«Кім көп және тез?» ойыны. Мұғалім қазақ тіліне тән белгілі бір дыбысты атайды, оқушылар сол дыбыс кездесетін сөздерді атауы керек. Ең көп сөз атаған бала жеңімпаз атанады.
«Сөзден сөз тіркесіне» ойыны. Бұл ойын арқылы оқушылардың сөзден сөз тіркесін құрай алу дағдылары қалыптастырылады. Мысалы, мұғалім доп деген сөзді айтады, оқушылар қызыл доп, екі доп, ала доп, көп доп сияқты сөз тіркестерін құрайды.
«Кім жылдам» ойыны. Тақтадағы немесе интерактивті тақтадағы суреттер бойынша сөздер, сөз тіркестерін, сөйлемдер құратамын. Қай оқушы жылдам құрайды, сол жеңімпаз атанады, бұл ойынды жеке, жұптық және топтық жұмыс ретінде де жүргізуге болады.
«Кім тапқыр?» ойыны. Тақатада екі бағанға жуан және жіңішке сөздердің алғашқы буындары беріледі, оқушылар сол буындардан басталатын сөздерді жазуы керек. Қай бағанда сөз көп жазылса, сол жеңімпаз атанады.
Жуан:Жіңішке:
БаБе
БалаБесік
БақытБереке
«Мақалдың жалғасын тап» ойыны. Өткен тақырыптар бойынша мақалдарды қаншалықты меңгергендерін тексеру үшін мақалдың бірінші бөлігі беріледі, екінші бөлігін оқушылар табады.
«Сөзжұмбақтар, ребустар, чайнвордтар». Ойынның бұл түрі сабақта жиі қолданылады. Оқушылардың белсенділігін арттырып, сабақтың тақырыбын анықтауда, сабақты бекітуде, нақты тақырыпты меңгертуде сөзжұмбақтың, ребустың алатын орны ерекше. Сөзжұмбақ сабақтың басында жаңа сабақтың тақырыбын анықтау үшін немесе білімді жаңғырту мақсатында пайдаланылса, сабақтың соңында сабақты қорытындылау үшін тиімді. Оқушыларды сергітіп алу, назарын басқа нәрсеге аударту, тілдік құбылыстарға басқа көзқараспен қарату мақсатында сөзжұмбақтар мен ребустарды пайдалану – таптырмас құрал.
Сондай-ақ сөзжұмбақтар сабақтың қандай да бір кезеңінде білімді тексеру формасы ретінде қолданылады. Бұл кезде оқушыларға дайын сөзжұмбақты ұсынбай, белгілі бір өтілген тақырып бойынша оқушылардың өздеріне құрастыру мүмкіндігі беріледі. Сөзжұмбақтар сабақтың кез келген кезеңінде қолданылып, ең нашар дейтін оқушылардың өзін сабаққа жұмылдыруға септігін тигізеді.
5-7 сынып оқушылары үшін жоғарыдағы аталған ойындарды күрделендіре отырып, өткізуге болады. Сондай-ақ интерактивті тақтаны пайдалана отырып, кез келген ойын түрін ойнатуға болады.
Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады.Сонымен қатар, қазақ тілі сабағында ойын формаларын еңгізу барысында интерактивті тақтаны қолданудың маңызы өте зор. [2]
В.А.Сухомлинский «ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармасыз ойсыз толық мәндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» деп санайды. Шеберлікпен қолданылған ойынның түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған тақырыбын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, терең меңгеруіне көмектеседі. Қызықты ойын түрлерінен кейін олар тез сергіп, тапсырманы ықыласпен орындайтын болады.
Н.К. Крупская: «Бала жас болғандықтан ғана ойнамайды, балалықтың өзі оған ойнау үшін, яғни жаттығу арқылы өмірде қажетті дағдыларды игеру үшін берілген» деген болатын. Ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді жеңіл келеді. Әр сабақтың мақсатына, мазмұнына, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ойын түрлерін таңдап алу – мұғалімнен шеберлікті талап етеді. «Ой - ойыннан басталады» десек, баланың ойын дамытып, сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін әр мұғалім ойын элементтерін сабақта шеберлікпен пайдалана білуі керек.
Ойын – балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бір түрі. Сондықтан да қазақ тілі сабақтарын ойын технологиясын пайдалана отырып өткізудің тиімділігі зор.
Пайдаланылған әдебиет:
1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030» Жолдау
2. Ж.Қ.Балтабаева. Қазақ тілі (дидактикалық материалдар) Алматыкітап, 2010ж.