Доклад ?скеле? ?рпа?ты таби?атты ?ор?ау?а т?рбиелеу
"Өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу"
«Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ,
Оны айтуға табиғаттың тілі жоқ»
халық даналығы
Жас ұрпақтың табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз. Міне, осы тұрғыдан барлық жеткіншіктерге экологиялық тәрбие мен білім беру – олардың дұрыс дүние тану көзқарасын қалыптастырады.
«Атамекенін азамат қана қорғай алады» деген қанатты сөз бар. Олай болса, қоршаған ортаны қорғау, ағаш, өсімдік егіп, туған жердің табиғатын жайқалту, табиғи ортаны таза қалпында мәңгілікке сақтау әр азаматтың, қоғамның басты парызы. Туған жер төсіндегі жер, су, гүл, шөп, алтын дән мен жан-жануар қоғамымыздың байлығы, өмір нәрі, тіршіліктің баға жетпес асыл қазынасы. Сондықтан, балабақшада тәрбиеленуші балғындарымызға айналадағы қоршаған ортаға, табиғатқа деген тәрбие беруіміз керек.
Табиғат – бәрімізге ортақ қазына, оны әсіресе жас ұрпақ сүйіп өсулері керек. Сол себепті өз тобымда балалар арасында «әдемілік - әсемдік» атты гүлдер көрмесін ұйымдастыру, «Табиғат – тал бесігім» деп аталатын суретшілер сайысын өткізу, «Жапырақтар әлемі» деген гербарий жасаудан көрме өткізу және ата-аналармен «Сіз бұған қалай қарайсыз?» деген тақырыпта сауалнама жүргізу секілді жұмыстар жүргіздім. Бұл жұмыстарды жүргізудің пайдалы бағыттары: күнделікті іс-тәжірибемде экологиялық білімді қолдана білу, іскерлікке төселу, табиғатты қорғау және аялай білуге байланысты балаларды пайдалы еңбекке қатыстыру.
Қазіргі таңда ақпарат құралдары жетілген, сол себепті балалардың ойлау қабілетін арттыратын, адамгершілік қасиеттерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізу тәрбиешіден үлкен шығармашылықты талап етеді.
Осы орайда халықтық педагогиканың тағылымдарын басшылыққа ала отырып, жас жеткіншектерге қоршаған табиғаттың құпия сырларын үйретуді жөн көрдім, яғни табиғат құбылыстары, табиғат болжамдары, ырым – тыйым сөздер, мақал-мәтелдер.
«Жас шыбықты қай бағытқа иесіз, солай қарай өседі» - деп аталарымыз айтқандай, балаларды табиғатпен етене жақын өсуге тәрбиелеу – мейірімді, адамгершілігі мол ұрпақ өсіру болып табылады. «Көк шөпті жұлма – көктей соласың», себебі өсімдік - өмір сәні, табиғат көркі деп, оларды топтауға, себепсіз жұлуға жол бермеген. «Егінді бейсауыт баспа, таптама» - обал болады, табиғат перзенттерді адам да, жануарлар да осы егінмен азық болады – деп жас ұрпақты табиғатқа, қоршаған ортаға, тіршілікке қажетті қасиеттерді уағыздап отырған. Жаман іс-әрекеттен, жат пиғылдан аулақ болуға үйреткен. Бұған мысал ретінде Қ.Сарсекеевтың «Жер – ана» әңгімесін балаларға оқып беріп, жер – барлық тіршілік атаулының асыраушысы, анасы екендігін ұғындыруға, түсіндіруге болады.
Бабалардың табиғатқа деген сүйіспеншілік, қамқорлық қарым-қатынасын қалыптастырады, балалардың жануарлар дүниесі мен өсімдіктердің құпия сырларына деген қызығушылығын оятуда, табиғаттағы әдемі, сұлу көріністерді, құбылыстарды көріп, балалардың тани білуіне ықпал жасауда Ы.Алтынсариннің «Бір уыс мақта», «Құмырсқа, қарлығаш», «Таза бұлақ», Б.Соқпақбаевтың «Ағаштар неге ашуланды?», Т.Әбдірайымның «Қайыңның көз жасы», А.Құнанбаевтың «Күз», «Жазғытұрым», «Қыс», «Жаз» тағы басқа шығармалары тәрбиелік бағасы жоғары дүниелер.
Белгілі философ Д.Кішібаев «Сан ғасырлар бойы халқымыз табиғат аясында тіршілік еткен. Оның сан алуан құпия сырларына көңіл бөлді және қазақ халқының мінез-құлқы оны қоршаған ортаға, оның шаруашылығына байланысты қалыптасты» - дейді.
Осы орайда балалардың қоршаған табиғат байлықтары мен құбылыстары туралы дүниетанымын қалыптастыруда педагогика ғылымының теориялық әдістемелік қағидаларын пайдалануды қажет деп таптым, яғни мақал-мәтел үйрете отырып, балалардың табиғат байлықтарына сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға болады. «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек», «Ағаш ексең аялап, басыңда болар сая бақ», «Адам жерге нәр береді, жер адамға нан береді» т.б.
Туған жер табиғаты – халқымыздың мақтанышы. Сондықтан оны аялап, қорғауға, оның байлығын еселеп арттыруға үлес қосу бәріміздің борышымыз.
Сонымен, қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлықтарын ұтымды пайдалану іс-әрекетіне балаларды үйрету, дағдыландыру және бағыт беріп отыру бала бақшалардың төл ісі болуы керек деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар қорытындысында балалардың табиғатты қорғау көзқарасының дамуына игі әсер етеді, жемісін береді.