?зін-?зі танудан ата-аналар?а арнал?ан семинар


Ата-аналар жинасының жоспары
Мектеп: №1 мектеп-гимназиясы Сынып: 8 «а»
Мерзімі: 20.11.15 Ата-аналар саны: 10
Мұғалім: Құспанова Аңсағаным
Ата-аналар жиналысының тақырыбы: «Бала – ата-ананың көз қуанышы, жүрегінің нұры, жанының бір жапырақ бөлшегі»

Мақсаты: Отбасы тәрбиесінде ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру. Тәрбиенің ең тамаша жері – отбасы екенін, олардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыра отырып, жалпыадамзаттық құндылықтардың мәнін ашу.
Міндеттері:
1.Отбасында балаға рухани-адамгершілік тәрбие берудегі ата-ананың рөлін түсіндіру.
2. Әке мен ананың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы және олардың арасындағы рухани жақындық қарым-қатынас мәдениеті туралы ұғым беру.
3. Отбасында бір-біріне деген мейірімділікке, бірлікке, риясыз сүйіспеншілікке баулу. Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер)
Интерактивті тақта, слайд, үнтаспа, үлестірмелі парақшалар
Жүру барысы:
Ұйымдастыру кезеңі. (5 «Т» сақтау)
Тыныштық сәті. Нұрға бөлену.
Ыңғайланып отырыңыздар. Денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздерімізді жұмыңыздар. Елестетіп көріңіздер:
Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлай барады. Кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз.Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер жасайды және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек  жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналады.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздерді ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды балаларыңызға, туысқандарыңызға, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға өсімдіктерге,  барлық тірі жанға таралсын. Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын. Нұр менің ішімде. Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат, тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…
Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыздар. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Енді жаймен  көзіңізді ашуға болады.  Рахмет!
Жоспар (жоспардың әрбір пунктін 3-5 сөйлеммен ашу)
«Тәртіпке көнбеген ел болмайды»
Б.Момышұлы
1.Отбасы – адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастырады. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты. Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі – отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек ету қажеттігін түсінеді. А.С.Макаренко «Ата-аналарға арналған кітабында» «Бала тәрбиесінде сіздің іс-қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс-әрекеттің барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз»,-дейді. Жақсы перзент ата-ана қолындағы аманаты. Отбасындағы баланың жан дүниесін рухани пәктігіне тәрбиелеген абзал.
2. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі. Еліміздің болашағы – ертеңгі тәртіпті де тәрбие ұрпақ екені даусыз. Сол тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру – баршаға ортақ, әрі міндет. Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың бойынан жат қылық көрсеңіздер, мұғалімдерді, жолдастарын, қоғамды кінәлаудан гөрі, «мен баламды тәрбиелеуде қай жерінен ағаттық кетті, баламның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақсы тәрбие беруде қай жерден жаңылдым» деген ой түйсеңіздер екен. Күнделікті «беті қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма т.б.» деген сияқты сөздерді айтуға жеңіл болғанмен, осы сөздердің тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармау керек. Осыдан бала тазалыққа, шыншылдыққа, ұқыптылыққа үйренеді. Адам баласының шыр етіп өмірге келгенде көретіні ата-ана, ал ата-ана өмірінің жалғасы – бала. Өмірінің жалғасы баласының керемет ғалым болмаса да, тәрбиелі, үлгілі, ақылды, кішіпейіл, бауырмал, мейірімді болып өсуін ата-ана қадағалайды.
3. Отбасы тәрбиесі – жалпыадамзаттық құндылықтар негізі. Баланы адамгершілікке, қарапайымдылыққа, жақсы әдетке, әдемілікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке сөзбен жеткізе отырып тәрбиелеуге болады. «Жақсы сөз – жан азығы» деп бекер айтылмаса керек. Шәкәрімнің «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді»-деген сөзі бар. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді. Бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастырады.
Жалпыадамзаттық құндылықтар:
Ақиқат – адамның шынайы болмысы. Ақиқатты жете түсіну адамның ішкі кеңістігін толтыратын энергияның қуатты ағынына жол ашады. Адам үшін шындықты айту өте маңызды.
Сүйіспеншілік – біздің ізгі істеріміздің жемісі. Егер біз риясыз қызмет көрсетумен айналыссақ, онда жүректе риясыз сүйіспеншілік гүлдейді.
Дұрыс әрекет – жүректен шығып, сосын сөз ретінде бейнеленетін және іс жүзінде қолданылатын құндылық.
Ішкі тыныштық – жүрегімнің тыныштығы. Адам ақиқатты танып, сүйіспеншілікпен дұрыс әрекет еткенде ғана адам жанында тыныштық орнайды. Жан тыныштығы – таза жүректе орнайды.
Қиянат жасамау – түсіну ретіндегі сүйіспеншілік. Түсіну – барлық тіршілікті қиянат жасамауға алып келудің тұтастығы. Қиянат жасамау – ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет және жан тыныштығының іс жүзіндегі тәтті жемісі. Сабақ барысын талдау:
Дәйексөз.
«Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай өседі»
Ж.Ж.Руссо Әңгімелеу. Бейнефильм
«Әке, мен сенің 1сағат уақытыңды сатып алайыншы!»
(Ата-аналардың пікірін тыңдау)
- Осы бейнефильмді көре отырып, қандай ой түйдіңіздер?
- Бала тәрбиелеуде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа рухани жылылық жетіспей жататындығын байқайсыз ба?
- Осы бейнефильмді басшылыққа ала отырып, кішкене болса да бала тәрбиесінде кетіп жатқан қателіктеріңізді түзетуге түрткі бола алды деп ойлайсыздар ма?
Түйін:
- Құрметті ата-аналар! Балаңыздың жасына, өзіңіздің қатты шаршап отырғаныңызға қарамай, балаңыздың және өз жұмыстарыңыз туралы әңгімелесіңіздер. Есіңізде болсын, баланың сенімінен айырылу бұл ең үлкен, орны толмас жоғалған дүние, ал сенімге қайта ие болу өте қажырлы еңбекті қажет етеді. Балаңызға оны жақсы көретініңізді айтыңыз. Бала әрқашан мейлі өсіп кетсе де, өзін жақсы көретінін естігісі, мейірімді көздерді көргісі келеді. Қымбат заттар ешқашан да балаға деген махаббатыңыздың орнын толтыра алмайды. Шығармашылық іс-әрекет, топтық жұмыс.
«Бала біздің болашағымыз» тақырыбына сурет салу, қорғау
Жағдаятты шешу.
I-топ: Балаңыз мектептен шағым айтып келді. Мұғалімнің ұрысқанын, енді сабаққа барғысы келмейтінін айтты. Сіз қалай әрекет етер едіңіз?
II-топ: Талғат сабаққа дайындықсыз келді. Мұғалім сабақ түсіндіріп жатты. Талғат сабақты тыңдамады. Онымен қоса жанындағы оқушыларға да тыныштық бермеді. Мұғалім оқушыға ескерту жасады. Талғат үйіне барып ата-анасына шағым жасады. Ата-анасы әй-шайға қарамай, директорға кіріп, айқай шығарды. Ата-ананың жасағаны дұрыс әрекет пе? Сіз не істер едіңіз?
III-топ: Балаңыз түнімен теледидар көріп, ұйқысы қандай қалды. Балаңыз: «Басым ауырып тұр, сабаққа бармай-ақ қояйыншы», - деді. Сіздің әрекетіңіз? Топпен ән айту.
Нұрлан Өнербаев – АнашымСөзі: Ж.Нәжімеденов
Әні: М.Омаров Үй тапсырмасы:
Отбасыңыздың басты құндылықтарын бала жадына сіндіре отырып, отбасын құрметтеуді, сыйлауды, жақсылық жасауға жол көрсетіп, жанұя тыныштығын сақтаңыздар. Жиналыстың қорытынды сәті.
Ата-ана – отбасындағы жетекші тұлға, бала тәрбиесінің өнегесі. Ата-ананың тіршілігінде көрген қызығы, жақсылығының ең бағалысы ол – өзінің перзенті. Сөзімді қорыта келе, бала тәрбиесіндегі ең басты ереже – балаға керек кезінде назар аудара білу, оған деген риясыз сүйіспеншілігіңізді көрсете білу, оның көзқарастарын, ерекшеліктерін түсіне білу болып табылады. Балаңыздың қателігін кешіріңіздер, оларға қиянат жасамаңыздар! Олардың әрбір әрекетін дұрыс жолға бағыттап, үлкен-кішіге сүйіспеншілігін арнайтын, ақиқатты ту етіп, білімді жинап, дүниеге тыныштық сыйлайтын балаларыңыз үлкен азамат болып өссін!