Ойын – баланы? білім-білік да?дысын ?алыптастыратын т?рбие ??ралы.


АЛАБАҚШАЛАРДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ПАЙДАЛАНУЖ О С П А Р Ы І. Кіріспе Балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – ойын. ІІ. Негізгі бөлім 1. Ойын – балалардың ойлау қабілетін арттыратын іс- әрекет. 2. Ұлттық мұраның бай қазынасы – халықтық ұлттық ойындар ІІІ. Қорытынды. Ойын – баланың білім-білік дағдысын қалыптастыратын тәрбие құралы. Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты. Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады. Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін. Құрылыс ойынында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын жасап, оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын қадағалайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең, тар), биіктігі (биік, аласа) бойынша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып, белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді. Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлері мен бала тәрбиесін зерттейтін ғалымдар да шұғылданды. Көптеген балалар жазушылары бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы суреттегені де мәлім