1986 жыл?ы Алматыда?ы желто?сан о?и?асы


1986 жылғы желтоқсан оқиғасы
Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17 — 19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары.
Мазмұны
1 Себептер 2 Көтеріліс хронологиясы 3 Куәгерлердің естеліктері 4 Тарихи маңызы
5 Желтоқсан көтерілісі туралы 6 Дереккөздер
7 Сыртқы сілтемелер 8 Тағы қараңыз
Себептер Желтоқсан оқиғаларына арналған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік монументы
Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Г.В. Колбинді ҚКОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.
Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде “Желтоқсан. 1986. Алматы.” (құрастырылған Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), “Желтоқсан құрбандарын жоқтау”, “Ер намысы — ел намысы” жинақтары, К.Тәбейдің “Мұзда жанған алау”, Т.Бейісқұловтың “Желтоқсан ызғары” кітаптары мен “Желтоқсан” (бас редакторы Х.Қожа-Ахмет) газеті жарық көрді, “Аллажар” (1991, реж. Т.Теменов), “Қызғыш құс” кинофильмдері түсірілді.
Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 ж. жазда КОКП Ок қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді.
Осы күнге дейін мемлекет желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын түсіруге зор үлес қосып келеді. Көтерілісінің құпиялары толығымен ашылған жоқ.
Көтеріліс хронологиясы 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.
Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.
Куәгерлердің естеліктері Тарихи маңызы
Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен “қазақ ұлтшылдығының көрінісі” деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.
Желтоқсан көтерілісі туралы Кино:
«Аллажар», Желтоқсан көтерілісінің бар көрінісін Қаллдыбай Әбеновтың осы фильмінде керемет баяндалады.
Қаллдыбай Әбенов
1988-89 жылы фильмді бастағанда «маған ешкім кедергі жасамағанда, әлі де болса көптеген ақиқатты жарыққа шығарар ма едім?» деп ойлаймын кейде. Алаңда, алаңнан тыс жерлерде 2000-нан астам шейіт болған жастарымыздың денелерін толық еркіндігіміз болғанда, бәлкім, біз табар ма едік. Ақиқаттың көбі оқиғадан кейін-ақ жойылды. Мен фильмді Желтоқсан оқиғасына қатысқан, түрменің азабын шегіп келген уыздай жастарымыздың айтқан әңгімелері, бойынша түсірдім. Қазақтың ұл-қыздарын шырылдата сабап жатқан жерлерін өздерінің айтуларымен жасадым. Толқуды да оқиғаның бел ортасында болған балалардың әңгімесінен алдым.
Қазақстанда 1986-шы жылы желтоқсан айында болған жастардың жаппай наразылық шараларын зерттеуге арналған ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдерінен тұратын арнайы зерттеу тобы құрылатын болды. Бұл туралы желтоқчсанның 1-күні Алматыда өткен «1986-шы жылғы желтоқсан оқиғасы: оның Қазақстанның ұлттық-қоғамдық және демократиялық дамуына әсері» атты қоғамдық ұйымдардың басқосуында мәлім болды. Бұл зерттеу тобы желтоқсан оқиғасына қатысты даулы тақырыптар бойынша құжаттарды жинастырумен, сараптаумен, әлеуметтік зерттеу жүргізумен айналыспақ.
1986-шы жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде нақты 19-ының адам қаза болғаны, жүздеген адамның жарақат алғаны мәлім деді, «Желтоқсан жаңғырығы» қоғамдық ұйымының басшысы, бұрынғы полция қызметкері Төлеген Әлжанұлы. Дегенмен, желтоқсан оқиғасы кезінде жапа шеккендерді анықтау ісін әрі қарай жалғастыру керек деп есептейді:
Мысалы, өткенде де депутат Амалбек Тшан айтып кеткен, қала сыртына шығарылған жүк машиналары жөнінде. Өздеріңізге белгілі, қала сыртында жерленгендер болды деген. Ол рас! Оның трактор жүргізушісін тауып алып келген - мен. Оның айтқаны бар: «ия, 2 жүк машинасы қала сыртына шығарылды. Бірақ, не бар екенін білмеймін. Маған «қазасың» деген, одан кейін «тегістейсің» деген нұсқау болды». Ол осылай түсіндірме жазып берген. Бірақ біз оны тексере алмай қалдық...
Бұрынғы прокуратура қызметкері Дүйсенбек Баймаханов та желтоқсан оқиғасы бойынша 70-тен астам қылмыстық іс қозғалу керек болғанын, бірақ кінәлілердің сол күй жазаланбағанын алға тартады:
- Мен өзім сараптама жасағанымда, өте көп материал болған. 74 адам орта дәрежеде және ауыр жарақат алған. Олардың жартысынан азы – мүгедек болып қалғандар. Ал көгеріп қалған, басынан соққы алғандар – екінің бірі. Оны біз есепке алған жоқпыз.
Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов кінәлілерді іздеуден бұрын желтоқсан оқиғасына дұрыс тарихи-саяси баға берілуі керек деген пікірде:
- Желтоқсан көтерілісінің қазақ халқының тарихындағы рөлі жөнінде терең, ғылыми зерттеу керек. Осы күнге дейін қарасаңыз, бір өкініштісі – бүгінгі тарих оқиғасы мен бүгінгі әдебиетімізбен тәрбиеленетін жас желтоқсан көтерілісінің шынайы мәні мен мағынасын түсінбейді. Сондықтан, желтоқсан көтерілісін зерттеу бойынша ғылыми топ құрылып, «Зерде» қоры соны қаржыландыруды қолға алып отыр.
Желтоқсан оқиғасының мән-мағынасын сараптауды қолға алмақшы болып отырған зерттеу тобының жетекшісі болады деп жоспарланып отырған тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді бұл сараптама тобының бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтіндігін айтады:
- Ондағы ең басты жұмыс – желтоқсан оқиғасына қатысты құжаттарды жинастыру. Содан кейін біз қоғамдық санадан қажет әлеуметтік сұраулар алуымыз керек. Көзі тірі желтоқсан оқиғасына қатысушылармен жұмыс істеуге тура келеді. Одан кейін бүгінгі күнге дейін дау тудырып келе жатқан мәселелерге сәуле түсіру үшін іргелі зерттеу жұмыстары жүруі керек деп ойлаймын.
Ал әлі тіркелмеген «Алға» партиясының лидері Асылбек Қожахметов желтоқсан оқиғасын зерттеп, оған қатысты деректерді ашу аз, одан бүгінгі күнге үлгі болатын тұстарын анықтау керек деп есептейді.- Біз қазір зерттейміз, талдаймыз, көп сөйлеміз. Кейбір фактілерді табамыз. Бірақ, ол не үшін? Шындық үшін. Бірақ, мәселе тек қана шындықта, тек қана зерттеуде емес, мәселе –одан біз өмірге қандай сабақ алатымызда! – дейді А.Қожахметов.
[«Желтоқсан» қоғамдық ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 1986-шы жылы желтоқсан айында Алматыдағы наразалық шеруіне он мыңнан астам жас қатысқан. Олардың 100-ден астамы кейін әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылып, 8 мыңнан астам адам оқу орындары мен жұмыстарынан босатылған. Алайда, бүгінгі күнге дейін желтоқсан оқиғасы не үшін болды, оны кімдер, қалай ұйымдастырды, қанша адам қайтіп жапа шекті деген тәрізді сауалдарға бірізді жауап жоқ.