МАТЕМАТИКА М??АЛІМІНІ? К?СІПТІК ДАЙЫНДЫ?ЫНЫ? КЕЙБІР ?ЗЕКТІ М?СЕЛЕЛЕРІ
МАТЕМАТИКА МҰҒАЛІМІНІҢ КӘСІПТІК ДАЙЫНДЫҒЫНЫҢ КЕЙБІР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Жоғары білімді мамандарды, оның ішінде мұғалімдерді дайындау мектептен келетін оқушылардың білім сапасына байланысты. Жоғары оқу орнына нашар біліммен келген оқушыдан міндетті түрде дайындық сапасы төмен мұғалім шығады, ал ол мұғалім мектепте оқушыға жеткілікті дәрежеде білім бере алмайды. Нәтижеде осындай қатерлі шеңбер (порочный круг) пайда болады.Сондықтан математика мұғалімінің тікелей дайындығына байланысты өзекті мәселелерді сөз етуден алдын, оқушыларға мектепте жалпы математикалық білім берудегі кейбір келеңсіздіктерге тоқталып өтеміз.Кейінгі кезде оқушылардың математикалық дайындығы дәрежесін зерттеулер нәтижесі ХХ ғасырдың 60-70 жылдармен салыстырғанда қатты төмендегенін көрсетіп отыр. 1970 жылғы математикалық білім беру реформасына сәйкес мектеп курсына анализ бастамалары (туынды және интеграл), аналитикалық геометрия, координаттық әдіс, вектор енгізілді, 1990 жылдардан бастап ықтималдықтар теориясының элементтерін оқыту мектеп бағдарламасына қосылып отыр. Ал, мектеп математикасына бөлінген сағат саны 80 жылдармен салыстырғанда едәуір кеміген. Осының нәтижесінде әрбір сабақ сайын жаңа материал өтуге тура келеді де, ал оқушылардың білімі мен біліктіліктерін, дағдыларын қалыптастыруға жеткілікті уақыт жоқ.Кейінгі кездегі мұғалімдердің, әдіскерлердің оқу-әдістемелік жұмыстарының мазмұны мектепте оқытылатын нақтылы оқу материалын оқушылардың игеруін қамтамасыз етуді ойластырудан әлде қайда алшақта жатады. Нақтылы оқу материалын баяндау, түсіндіру, оқушылар білімін тиянақтау, тексеру т.б. әбден қалыптасқан деп есептелінеді де оған жеткілікті көңіл бөлінбейтін болып кетті.«Заманалық» деп аталатын қазіргі кездегі әдістемелік мақалалар, баяндамалар, іс-тәжірибелер т.б. мазмұны оқыту процесін ұйымдастырудың модулдік жүйесі, технологияландыру, жеделдету (интенсификация), тиімділендіру (оптимизация), жүйелі-құрылымдау (системно-структурный), деңгейлік оқыту т.б. сияқты болып келеді де, оқу материалының тікелей мазмұнын, тақырыпты, ұғымды, ережелер мен заңдылықтарды оқып-үйренуден көпшілік жағдайда алыс жатады.Соңғы кездегі педагогикалық-әдістемелік зерттеу жұмыстарының басым бөлігі нақтылықтан гөрі белгілі бір терминді, мәселен, «технологизациялау» терминінің мағынасын әр түрлі әдебиеттерде, зерттеушілердің еңбектерінде қалай түсіндірілетінін, оның мағынасын ашудағы ерекшеліктерді тізбелеу, оны оқыту процесінде қолданса қандай жетістіктерге жетуге болатынын тәптіштеу, технологизациялауға қойлатын талаптар мен шарттар, ұсыныстар келтіру, схемалар, моделдер жасаумен шұғылданып жатады. Ал, қарапайым мектеп мұғалімінің том-том еңбекті оқуға уақыты да жоқ, екіншіден оқып шыққанның өзінде, ең болмаса бір сабағын осындай «жаңа әдіспен» өткізе қояйын десе, еліктейтін бірде-бір үлгі таба алмайды. Сондықтан педагогикалық зерттеулерге, мақалалар әдістемелік ұсыныстарға мұғалімнің күнделікті сабақта пайдалануына нағыз үлгі болатындай талап қойған жөн.Кейінгі кезде оқушылар білімінің нашар болуын дәстүрлі оқыту әдістерінің түсіндіру, баяндау, лекция т.б. тиімсіздігінен деп дәлелдегісі келіп, оқу материалы мазмұнының көпнұсқалылығы, оқу материалын жүйелі құрылымдау, деңгейлік оқыту т.б. ұсынып жатады. Бұл жаңа әдістердің ешқайсысы да оқу материалын оқушы санасына жеткізуді өз мойнына ала алмайды. Олардың қайсысы болмасын түсіндірусіз, әңгімелесусіз, баяндаусыз, оқушының өз бетінше оқып білуін ұйымдастырмай айтарлықтай нәтиже бермейтіндігі анық. Сондықтан, мұғалімнің әрбір оқу материалының мазмұнынын ашуда, ұғымдарды қалыптастыруда, заңдылықтар мен ережелерді меңгеруде, есептер шығару мен теоремаларды дәлелдеуде қандай әдіс-тәсілдерді пайдалануы, оқушылардың қандай ойлау іс-әрекеттерін ұйымдастыруы туралы нақтылы зерттеулер керек.Пәндік білімдерді меңгерумен бір мезгілде оқушы дүниені танып білудің жалпы әдіс-тәсілдері мен құралдарын, логикалық ойлау операциялары мен формаларын, заңдылықтарын білуі қажет.Материалды оқушыға ұғындыру үшін объектілер мен құбылыстарға, процестерге бақылау жасау немесе тәжірибе нәтижелері салыстырылады, талдау жасалынады, біріктіріп, жалпыланып нәтижесінде индуктивті немесе дедуктивті, не аналогия бойынша ой қорытындысын шығарады, яғни оқушыны таным әдістері мен ойлау операцияларына үйретеміз. Оқу материалының мазмұны ұғымдардан, ереже-заңдылықтардан (математикада аксиома, анықтама, теорема) тұрады. Ұғым — логикада ойлаудың бір формасы, ал ережелер, заңдылықтар логикада ойлаудың екінші формасы – пайымдау (пікір) түрінде көрініс табады. Бір немесе бірнеше пайымдаулардан логиканың ережелері мен заңдылықтарына сүйене отырып жаңа пайымдаулар шығарып аламыз, яғни логикалық ой-қорыту формасы жүзеге асырылады. Қандайда бір ой-пікірдің дұрыстығын дәлелдейміз немесе оны теріске шығарамыз. Бұл да логика.
Ұғымдарға анықтама тұжырымдап, оларды бөліктерге бөліп, жіктесек, онда сәйкесінше логиканың анықтау және классификациялау амалын орындағанымыз. Дәлелдеу үшін дәлелдеуге қажетті жеткілікті негіздемелер таңдап алынап, дәлелдеу әдістерінің бірі (тікелей немесе жанамалай) қолданылады. Демек оқу материалын меңгеру барысында оқушы логиканы да игереді. Мұғалімнің міндеті оқу материалының оқушыларға логикалық білім беру және логикалық ойлауын дамыту мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білуі керек.
Бірақ оқушының логикалық ойлауын дамыту мәселесін оқу материалының мазмұнынан бөлек алып қарауға болмайды.
Өкінішке орай қазіргі кезде мұғалімді логикаға әдейі арнап еш жерде оқытпайды. Педагогикалық мамандықтардың оқу жоспарында логика пәні жоқ. Мұғалімдердің білімін жетілдіру иниституттарында да оған көңіл бөлінбейді. Сонда логикалық білім туралы хабары жоқ мұғалім оқушының логикалық ойлауын дамыту жұмыстарын дұрыс жолға қоя алады деп айту қиын. Әрине үнемі ізденісте жүретін мұғалімдер логиканы өз бетінше біліп алып, оқушыларды логикалық дұрыс ойлауға үйретіп жүргендер де аз емес. Мұғалімнің логикалық дайындығына арналған оқу әдістемелік құралдардың жоқтың қасы екендігін ескерсек, жоғары оқу орындарында логика пәнінің болуы қажет-ақ.
Оқу танымдық іс-әрекет кезінде оқушы ойлаудың жалпылогикалық тәсілдерін, әрбір оқу пәнінің өзіне тән арнайы тәсілдері мен әдістерін, пәндік білімдер жүйесін игереді.
Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы және оның соңғы нәтижесі — білімдер жүйесі. Жаңа білімдер жүйесі оқу процесінде бұрын игерілген білімдер негізінде жалпылогикалық және арнайы тәсілдер жәрдемімен қалыптасады және дамиды. Сондықтан мұғалім, оқушы санасында білім қорының негізі қаланбаса ешқандай ақыл-ой іс-әрекетінің, яғни дамудың болуы мүмкін емес екенін естен шығармауы тиіс.
Педагогикалық психология және әдістеме ғылымы оқу процесі ұғымдарды қалыптастыру, ережелер мен заңдылықтарды меңгеру және оларды іс жүзінде пайдалана білуге үйретуден тұрады деп көрсетеді. Оқытудың басқа жақтары мысалы, оқушылардың қызығушылығын арттыру, белсендіру, жеке дара ерекшелендіру т.б. осы оқу материалдары негізінде қалыптасады.
Қазіргі кезде педагогикалық және әдістемелік басылымдарда бұрыннан қалыптасқан оқыту түрлері мен әдістер ескірген, енді оларды пайдалану тиімсіз деп жиі айтылып жүр. Сабақта оқушының оқу материалының қажеттігіне көз жеткізу, мазмұнын түсіну, ой елегінен өткізу, қолдана білу сияқты іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру нәтижесінде жоғары үлгерімге жеткен мұғалім жақсы мұғалім қатарына жатпайды. Ол мұғалімнен жаңа технологияны қолданғаның қайда немесе интерактивті әдістерді неге пайдаланбайсың деушілердің өзі де нақтылы оқу материалын оқытуға үлгі боларлық еш нәрсе ұсына алмай, жаңа технология немесе интерактивті әдістің мән мағынасын түсіндіру, оларға қойылатын талаптар мен шарттарды санамалау, оларды қолданғанда жететін мүмкін жетістіктердің болжамдарын т. б. насихаттаумен ғана шектелуде.
Санасында терең білім қоры бар, таным әдістерін, ойлау тәсілдері мен заңдылықтарын меңгерген оқушы басқалармен ой жарыстырып, пікір таласқа түседі және өз ойының дұрыстығын негіздей алады, қойылған мәселеге сын тұрғысынан қарайтын болады.
Енді қазіргі кездегі қолданыстағы стандарт бойынша математика мұғалімдерін дайындаудағы қиындықтар туралы сөз етейік. Белгiлi бiр мамандық бойынша сапалы маман дайындау үшiн, алдымен мамандықты дайындауға қажеттi пәндер тiзбесi — оқу жоспары жасалынады. Одан кейiн оқу жоспарындағы пәндердiң мазмұны анықталады. Оқу мазмұны оқу бағдарламаларында белгiленедi. Мазмұнға сәйкес әр пәндi оқып бiлуге қажеттi және жеткiлiктi сағат саны анықталады, қайсы пәннен кейiн қандай пәндi оқытудың ретi көрсетiледi. Кез келген маман дайындаудың қарапайым нұсқасы осындай. Ол жоғары оқу орындарының қандай оқыту технологиясын таңдап алуына тәуелсiз болады.
050109 – математика мамандығының математика мұғалiмiн дайындау стандартына (2006 ж.) талдау жасайық. Математика мұғалiмдерiн және математика зерттеушiлерiн дайындаудың теориялық және практикалық негiзiн қалайтын негiзгi үш пән бар: математикалық талдау, алгебра және геометрия. Қандай қайта құрулар болып жатқанымен бұл пәндердi оқытуға бөлiнетiн сағат саны еш уақытта кемiген емес. Себебi, осы үш пәндi игерген студенттiң, бұл пәндерден туындайтын, немесе олардың логикалық жалғасы болып табылатын математиканың кез келген саласын меңгеруге толық мүмкiндiгi болады.
Жаңа мемлекеттік стандартындада математикалық талдау пәніне жеткілікті (12 кредит) сағат бөлінген, бұл құптарлық. Ал геометрия пәнi жоқ, оның орнына геометрияның бір бөлімі — аналитикалық геометрияға 3 кредит бөлiнген. Қалған бөлiмдер ше? Геометриялық түрлендiрулер теориясы, проективтiк геометрия, көпбұрыштар мен көпжақтар теориясы, салу есептері теориясы мен практикасы т. б. оқытылмаса, мектеп геометрия курсының теориялық негiздемесiн жүйелi меңгерген мұғалiмдi дайындадық деп айта алмаймыз.
Мектеп математика мұғалiмiнiң математикалық бiлiктiлiгiнiң негiзiн қалайтын элементар математика жаңа стандарттан «түсіп» қалыпты. Оның орнына енгізілгенген «Математикаға кіріспе» курсы (Математиканың енгізу курсы емес) мазмұнын 2 кредит көлемінде оқып-білу мүмкін емес. Ал «Математикалық есеп шығару практикумы» мен «Есептерді шығарудың әдістемелік негіздері» пәндерінің мазмұны бірдей. Бұл пәндерді пединиституттарда оқытылып жүрген «есеп шығару практикумы» ма дейін десең мазмұны сәйкес келмейді.
Математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі пәнінің мазмұнында функция тақырыбын, планиметрия және стереометрия, координата мен вектор, геометриялық түрлендірулер, ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистика элементтерін оқыту т.б. негізгі әдістемелік бағыттар қамтылмаған.
Стандарт мәтінінің орысша нұсқасы мен қазақшасы сәйкес келмейтін жерлер көп.
Педагогика, психология пәндерінің мазмұны педагогикалық мамандықтарды дайындауға ешбір сәйкес емес.
Стандарттың қазақша мәтінінің сапасы жөнінде сөз етудің өзі қиын.
Кредит студентке пәндiк мазмұнды меңгеруге байланысты берiлуi тиiс. Мәселен, математикалық талдау пәнiнен студенттiң жалпы математикалық дайындығына жеткiлiктi және мектепте оқытылатын математика курсының негiзiн қалайтын мынадай-мынадай теориялық материалды игерсе, сәйкес есептердi шығара бiлсе, студент берiлген кредиттi өтегенi. Стандартта ондай нақтылық жоқ.
Оқытудағы “кредит” терминi бiздiң педагогикалық сөздігімізге енбей тұрған кездiң өзiнде де студенттерге нақтылы кредит берiлiп келген. Егер студент семестiрлiк тапсырманы толық орындап, оны оқытушыға тапсыра алмаса, сынақтан өту, емтиханға жiберiлу туралы әңгiме де болмайтын. Мiне студентке берiлген нағыз кредит осы, студенттiң өз бетiнше бiлiм алуының нағыз көзi. Өз бетiнше есеп шығарып үйренбеген студент еш уақытта математиканы бiле алмайтындығы атам заманнан белгiлi.
Кредиттiк технология мамандарының түсiндiруi бойынша студенттiң өз бетiнше оқып бiлуiне қолайлы жағдай жасалынған. Ол қандай қолайлы жағдай? Біздің ойымызша, кредиттiк технология бойынша пәндерге бөлiнген сағат көлемiндегi тақырыптарға шолу жасап, олардың маңыздылығын түсiндiрiп, бағыт-бағдар беру, қалғандарын студентке жүктей салу – студенттердiң өз бетiнше оқуы бола алмайды (Мүмкiн қоғамдық пәндерде болатын шығар). Бұл қарқынмен математика, физика сияқты фундаментальды ғылым салаларын оқып үйрену мүмкiн емес.
Студент өз бетiнше оқып бiлiм алуы үшiн бiрiншi кезекте оқулық және оған сәйкес есептер мен жаттығулар жинағы керек. Мәселен, математиктер үшiн, математикалық талдау пәнiнен есептер жинағы, алгебра және геометрия, элементар математика оқулықтары мен есептер жинағы т.б. жоқ. Сонда студент бұл пәндердi өз бетiнше қайдан оқып бiледi? Әзiрше, орыс тiлiндегi оқулықтар мен есептер жинағына ғана жүгінеміз.
Дәстүрлi оқу жоспары бойынша да жоғары бiлiмдi мамандарды 4 жыл дайындадық, кредиттiк оқу да 4 жыл. Неге негiзгi пәндердi оқытуға бөлiнген сағат саны соншама жеткiлiксiз деген ой келедi.
Оның бiрнеше себебi бар екен.
Таңдау компоненттерiнің көптігінен. Математика ғылымының негiздерi туралы білімдерді игермей жатып, студент онымен параллель, математиканың қандай саласын таңдап аламын деп айта алады? Мысалы, математикалық талдау курсын толық көлемде меңгермеген студентке функциялар теориясы немесе математикалық физика теңдеулерi пәндерiнiң бiреуiн қалай таңдап ала ғой деп ұсынуға болады?
Ресейдiң бакалавр-математика мұғалiмдерiн дайындайтын стандарттың үлгi оқу жоспарындағы ұлттық-аймақтық және жоғары оқу орындарының студент таңдауына бөлген сағат саны шамамен әр циклде 15-18 пайыздан аспайды. Бiздiң қазiргi оқып жүрген стандартта таңдау пәндерiне бөлiнген сағат (кредит) циклдердегi барлық сағат санының 37-ден 50 пайызға дейiнгi бөлiгiн құрайды. Осындай жағдайда, әрине мiндеттi пәндерге бөлiнетiн сағат сандары аз болады.
Әрбір жоғары оқу орны қалауынша таңдап алатын пәндердің саны көп болғандықтан, бір оқу орынынан екіншісіне ауысқан кезде оқу жоспарындағы айырмашылықтарға байланысты проблемалар туындайды. Ол қазiрдiң өзiнде көрiнiс табуда.
Таңдау компонентiн 3-4 курстарда студенттердiң белгiлi бiр қабiлетi анықталғаннан кейiн, арнайы курс немесе арнайы семинар ретiнде ұсынылуы жеткiлiктi.
Арнайы курстың тақырыптары мен бағыттарын анықтау кафедрадағы оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми-әдiстемелiк жұмыстарына байланысты. Арнайы курстар немесе арнайы семинарлар формасындағы таңдау пәндерiнiң бағыттары мынадай болуы мүмкiн: 1) теориялық математиканың белгiлi бiр саласынан қабiлеттiлiк танытқан студенттер үшiн; 2) әдiстемелiк – математиканы оқыту әдiстемесiнiң дербес немесе арнайы мәселелерiн тереңiрек меңгеруге бағытталған; 3) педагогика-психологиялық.
Кредиттiк технология бойынша жасалған оқу жоспарында студенттердiң оқитын жылдық апта саны 30. Дәстүрлi оқу жоспары бойынша 36 апта оқитынбыз. Сонда әр жыл сайын оқып жүрген 6 аптамыз қайда кеткен? Оқу жоспарын алып қарасаңыз мамыр айының соңғы екi аптасы мен маусым айында Л әрiпi тұр. “Летняя сессия” деген сөз — қарыз болып қалған студенттердiң қайта оқитын кезi екен. Қыруар уақыт, төрт жылда жарты жылға жуық уақыт үлгермейтiн студенттердiң күйiн күйттеумен өтедi екен.
Сонымен студент 4 жыл емес 3,5 жыл жоғары оқу орнында бiлiм алады. Мұндай жағдайда мiндеттi пәндердi оқытуға әрине сағат жеткiлiксiз болады. Сондықтан студенттердiң жылдық оқу жүктемесiн – оқитын апта санын қайта қарау керек.
Кредиттiк технология бойынша студент 30 аптадан 4 жылда 120 апта оқу керек. Ол 128 кредит. Педагогикалық практика бұл кредитке енбейдi. Демек, педагогикалық практика осы 120 аптадан тыс өтуi керек. Оқу жоспарында 120 аптаның 12 аптасын (кейбiр мамандықтарда 8-10 апта) алып педагогикалық практикаға берiледi. Сонымен студент 108 апта оқитын болып шықты. Бұл да пәндердi оқытуға қажеттi сағат санын қысқартуға алып келедi.
Кредиттік технология шарттарында көрсетiлгендей әр семестр 12-18 апта болса, педагогикалық практиканың теориялық оқуға зияны тимес едi. Әр семестр тек қана 15 апта болу керек деген теориялық оқытуды дұрыс жоспарлауға мүмкіндік бермейді.
Мамандықтардың стандартын жасауды жеке жоғары оқу орындарына конкурс жариялау арқылы ысыра салу да көңілге қонбайды. Мемлекеттік стандарт болғандықтан ол мемелекеттік тұрғыдан шешілуі тиіс. Алдымен министрлік тарапынан әрбір мамандық бойынша сол мамандықты дайындауға тікелей қатысы бар мамандардан құрылған арнайы топ құрылып, мынадай мәселелерді дәл анықтап алуы керек:
Маман дайындауға қажетті және жеткілікті болатын міндетті пәндер тізімін.
Студенттердің таңдауына ұсынылатын пәндер тізбесі (мұнда, жоғары оқу орындарының таңдау пәндерін студенттерге өз алдына ұсынуғада мүмкіндік беру).
Ол пәндердің мазмұнынын анықтау.
Пәндерді оқытуға бөлінетін сағат санын (немесе әрбір пәнге қажетті сағаттардың пайыздық қатнасын) қатаң түрде белгілеу.
Әрбір мамандыққа қажетті оқу пәндерін дәл анықтап алғаннан кейін, қазақ тілінде қандай оқулықтар мен оқу құралдары бары-жоғы белгілі болады. Енді ол топ қандай оқулықтарды қайта басып шығару, қандай оқулықтарды жазуға конкурс жариялауды ойластырады. Ең тиімдісі оқулық және оқу құралдарын жазу тәжірибесі бар ғалым-мамандарға арнайы тапсырыс беру.
Білікті мамандар дайындауды жақсартудың басты шарты оқулықтар мен оқу-әдістемелік, анықтамалық т.б. құралдардың жеткілікті болуы.
Қазіргі кезде жоғары оқу орындары мұғалімдік мамандыққа қабылдап, оқытып жатыр. Оның сапалық дәрежесі әрине, күмән туғызарлық. Оқу орындары облыс мектептері қанша мұғалім қажеттігін есепке алып отырмайды. Әрбір жоғары оқу орны өзіне көбірек талапкерлерді тартып оларға әйтеуір диплом беріп шығарса болды.
Қазір нарықтық қатынас, мамандықтардың қажеттілігін конкуренция шешеді деп ұзын арқау, кең тұсауға салуға болмайды. Мұғалімдерді дайындау мәселесін мемлекет өз қамқорлығына алуы тиіс.
Ең жақсысы біздің облыс сияқты үлкен облысқа мұғалімдерді облыс қажеттігіне қарай жоспарлы түрде дайындайтын өз алдына педагогикалық мемлекеттік университеттің болуы. Бірақ алтернативті түрде мұғалімдер дайындау үшін жеке меншік оқу орындарына да шектеу қойылмауы керек.
Жоғары оқу орындарындағы қазіргі мұғалімдер дайындау қарқыны, енді 3-4 жылда мектепте мұғалімдік «дипломы барларды» сидыра алмайтындай дәрежеге келеміз (Қазір бастауыш мектеп, қазақ тілі мен әдебиет, тарих, информатика т.б. мұғалім мамандарын дайындамайтын бір де бір жоғары оқу орны жоқ, аптасына 2-ақ сағат сабақ өтілетін география, биология, тарих сияқты пәндерге 5-6 топ алынған). Олардың бәрі қайда барады?
Мұндай жағдайда мұғалімдерді мектепке қабылдауға қатаң талап қоюды қажет етеді. Сондықтан облыстық білім департаментінде аттестациядан өткен, арнайы сертификат берілген университет түлектерін ғана мектеп директорлары жұмысқа қабылдауға құқық берілетіндей ету керек.