Т?рбиеден бастау ал?ан бар арман (Эссе)


Тәрбиеден бастау алған бар арман
(Эссе)
Ұстаздық жолымның бастау алғанына он бес жылдай уақыт болса да, мектеп өмірі мен үшін оттай ыстық, көңіліме жақын. Бала күнімнен санама сіңген қоңырау үні 45 минуттық білім сағатына шақырып тұратын. Қазір де солай. Бірақ айырмашылығы қиын да абыройлы ұстаз жолында жүруім. Сол Ұстаз атына саймын ба? Жаңарған, жасарған қоғамда ұстаз міндетін қалай атқарып жүрмін? Ұстаз болу – жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз білімді, еңбекқор, бала жанын түсіне алатын болса ғана ұстаздық кәсіптің шыңына жете алады деп ойлаймын.
Ұстаздық қызметті ерекше ұлықтаған халқымыз өзінің ең қымбаттысын - балаларын оқытып, тәрбиелеуді бізге – мұғалімдерге тапсырған. Сондықтан кездесетін қиындықтарға қарамастан білім сапасын арттыру, баланы тәрбиелеу – мұғалімдер қауымының міндеті. «Адамның адамшылығы... жақсы ұстаздан» деп Абай атам айтқандай, мен қандай болсам, алдымдағы шәкірттерім де сондай боп шығарын түсінем. Шынында да, бала болашағы – менің қолымда. Қызығы да, қиындығы да мол ұстаздық жолдан мүдірмей өтсем, менің де биік шыңға шыққаным.Абай атамның «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға.Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деген қасиетті қағидасы менің әрдайым жүрегімнің түкпірінде ұстайтын ұстанымым.
Қазіргі жастардың ақыл-парасаты көңіл көншітпейді.Олар аяқ астынан бәлеге ұрынып, абыройынан айырылып қалатын жәйіттер де барщылық. Осы кезде оларды жақсы тәрбие ғана түзеп, дұрыс жолға сала алады. Кейбіреулер білімді болса тәрбие өзі-ақ қалыптасады дейді. Сондықтан білімді болған жөн деседі. Білім алғанның бәрі жақсы тәрбиелі бола алмайды. Білім алу үшін де тәрбие қажет. Тәртібі осал, ата-анасының ақылын алмай сабақ бетіне қарамайтын бала қалай білімді бола алады. Бір сөзбен айтқанда тәрбиелі болса ғана білім алады. Тәрбие ақылмен тығыз байланысты. Адамды адам қылатын – ақылы. Ақылсыз адамға дұрыс тәрбие қалыптаспайды.
Халқымызда «Ақылдыға ерсең адаспайсың» деген тәмсіл бар. Ата-ана мен аға буындардың ақылын алып, солар сілтеген дұрыс жолмен жүретін болса, жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие де жоқ емес.Әсіресе бала үлкендерге еліктегіш келетінін ескерген жөн.
Баланы дұрыс тәрбиелеу – тек әке-шешенің ғана міндеті емес. Бұл баршаның ісі.Бала – біздің болашағымыз, қоғамның бір мүшесі және оны ары қарай дамытушы, келешек кемеңгері, саясаткер, ел бағасы. Сондықтан баланы инабаттылыққа тәрбиелеу – бәріміздің абзал борышымыз.Тәртіп баланың дұрыс және терісті, халал мен харамды айыру, өзін бақылау, адамгершілік қарым-қатынастарына шек қоя білу, жақсы-жаманды айыра алатын т.с.с сана сезімдерін қуаттандырады.
Баланың қасында ғайбат сөз айту, оғаш қылық көрсету орасан зор зиянды екендігін біз білуге тиіспіз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген мәтел осыны ескертеді.
Осы тұрғыда «Тәрбие басы тал бесік» деп бабаларымыз тауып айтқан болса, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов , «Ел болам десең бесігіңді түзе», - деп емірене айтыпты. Жерлесіміз Пайғамбар ақын Мағжан Жұмабаев атамыз, «Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл», - деп қазақы тәрбиенің маңыздылығын ескерткен. Қазақы тәрбие дегенді кім қалай түсінеді?
Осы жөнінде азырақ ой айтсам. Бұл – ең әуелі ата-анасын, үлкенді және қоғамды, яғни өзі өмір сүріп жүрген ортаны сыйлау. Осы айтылғандарды сыйлап өскен, ата көрген бала тәрбиесіз болмайды.
Мағжан атамыздың мына сөзіне назар салсақ, «Баланы тәрбиешісінің дәл өзіндей қылып шығармай келешек заманына лайық қылып шығару керек» дейді.
Қазір ХХІ ғасыр білім мен ғылым заманы екенін жұртшылық жақсы біледі. Бірақ бар күшімізді білім мен ғылымға салып тәрбиені елеусіз қалдырсақ ұтыларымыз көп болатындығын орта ғасырлық бабамыз ғұлама Әл-Фараби нықтап айтып кеткен ғой. Ендеше әуелі тәрбие, сосын барып басқа қажеттіліктер білім, ғылым, әдебиет, мәдениет. Мәдениет демекші тәрбиелі қауым мәдениетсіз болуы мүмкін емес. Ал білім, ғылым, мәдениет нағыз қазақы тәрбиемен ұштасса өркениеттің шыңына даңғыл жол салынбақ.
Қазақы тәрбиенің басты тармақтарының бірі қазақы қанның немесе қара шаңырақтың ұл балалар арқылы жалғастығы және әрі қарай өніп-өскен сабақтастығы. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» деген қисынды қағидасы.Өйткені ұл бала қазақ халқының намысы болса қыз бала ар-ожданы, ұяты. Ұят демекші бабаларымыз ұятты өлімнен күшті санаған.
Тағы да Мағжан атамызға құлақ түрсек, «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері саналып келе жатқан тақ-тақ жол болғандықтан әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс... Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», - деп қалың қазағын қазақы тәрбиені жоғалтып алмауға міндеттейді. Ал біздің бүгінгі отбасылармыз бен бала бақшаларымызда, мектептеріміз бен жоғарғы оқу орындарымызда қазақы тәрбие беріліп жатыр және үкіметіміз қазақы тәрбиеге дендеп көңіл бөліп отыр деп айтуға бола ма? Кесіп айту қиын. Алайда осыдан бір жыл бұрын «Балапан» телеарнасының ашылғандығы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының барлық бағдарламаларын таза қазақ тілінде жүргізе бастағандығы және жуырда «Мәдениет» телеарнасының ашылатындығы үкіметіміздің қазақы тәрбиеге шындап бет бұрғандығының айғағы.
Көреген Мағжан атамыз бір сөзінде, «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі...» - депті. Осы ой бүгінгі күні өзекті мәселе болып тұр. «Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» - деп арыстан атамыз Мағжан сұрғылт заманның сұрқия саясатынан қаймықпай айтқан екен.
Еліміз егемендік алып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болды. Осы тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстайтын болашағы кімдер? Олар – бүгінгі біздің алдымызда отырған шәкірттеріміз. Ертеңгі болашағымыздың тәрбиелі, тәртіпті, инабатты, кішіпейіл болып тәрбиеленуіне біз, ұстаздар, жауаптымыз.
Баяғыда шәкірт ұстазына мынадай талап қояды:
«Мені қолымнан төмен қарай тартпаңыз, жоғары да тартпаңыз, қолым ауырады. Мен үшін қиналмай еркін жоғары қарай көтерілетін өмір баспалдағын табыңыз».
Баланың өмірге, болашаққа талпынуы үшін, тәрбиелі, саналы азамат болуы үшін бар жағдайын жасауымыз керек.
Біз қандайда бір арман, мақсатқа жету үшін ең бірінші тәрбиеден бастауымыз керек.
«Тәрбиелі – тәртіптің құлы» - деп Бауыржан атамыз айтқандай, тәртіпке, тәрбиеге бағынған адам еш уақытта құл болмайды.