Доклад на тему Мектепке дейінгі жаста?ы балалар?а адамгершілік-патриотты? т?рбие берудегі мектепке дейінгі мекемелер ж?не отбасыны? ?рекеттесуін ?йымдастыруда заманауи ?діс-т?сілдері
Мектепке дейінгі жастағы балаларға адамгершілік-патриоттық тәрбие берудегі мектепке дейінгі мекемелер және отбасының әрекеттесуін ұйымдастыруда заманауи әдіс-тәсілдері
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-патриоттық тәрбие беру. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші роль атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік-отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік-білім беру мекемесі.
Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді.
Балабақшада берілетін тәрбие-барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан-жақты тәбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор. Мектепке дейінгі жастағы адамгершілік-патриоттық тәрбие дегеніміз- баланың моральдық қасиеттерін белгілі бір мақсатқа бағыттап қалыптастыру. Адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу арқылы-моральдық түсініктердің, әдеттердің және мінез-құлық мотивтерінің қалыптасуы бірлесіп жүзеге асады және мектепке дейінгі балалардың адамгершілік тәрбиесін қамтамасыз етеді. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілік-патриоттық сезімге тәрбиелеудің нақты міндеттері:
-балалардың үй-ішіне, жақындарына, құрбы-достарына, жалпы адамдарға, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу;
-адамгершілік ережелеріне сай балалардың мінез-құлқын, ұйымдасқан тәртібін, мәдениеттілігін, жақсы әдеті мен дағдысын қалыптастыру;
-балалардың адамгершілік түсініктері мен қасиеттерін тәрбиелеу.
Мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік- патриоттық сезімге тәрбиелеу мазмұнына баланың Отанға, адамдарға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу жатады. Ол үшін алдымен балалардың ата-анасына, үйіне, туған жеріне, оның табиғатына, өз қаласына, туған-туысқандарына, дос құрбыларына, балабақшаға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу қажет. Ерте сәбилік кезеңнен бастап баланы ана тілінде сөйлеуге үйрету, ауыз әдебиеті үлгілерімен сусындату ең маңызды мәселе.Бала әдеби шығармаларды: өлең, ертегі, ән, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, батырлар жырын тыңдау арқылы ана тілінің байлығы мен әсемдігін меңгерумен қатар оны сүюді үйренеді.Балаларды халықтың қолөнерімен, қазіргі композиторлардың сан түрлі азаматтық тақырыптарға арналған әндерімен таныстыру балалардың қуанышын, көңілді сезімін дамытып, еліне, туған жеріне, ұшқыштарға, ғарышкерлерге, теңізшілерге, Отанға т.б. деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелейді.
Балабақшада көптеген ұлттың балалары бар, олардың бәрі бірдей тәрбиеленіп, бірдей қамқорлыққа бөленеді.Осының өзі-ақ балалардың бір-біріне жолдастық, достық сезімін тәрбиелеудің ең қолайлы жағдайы.
Баланы тәрбиелеуде оның өмірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ адамгершілік сезімдерін қалыптастыру үлкен орын алады. Үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларды қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады.
Патриоттық сезімге: туған өлкесін, Отанын сүюге, басқа ұлттардың адамдарын құрметтеуге тәрбиелеудің ерекше маңызы бар. Тәрбиеші балаларда үлкендерге құрмет көрсетуді, өз қатарларымен дұрыс қарым-қатынас жасауды, заттарға ұқыпты қарауды білдіретін сан алуан мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады. Бұлар әдет бола отырып, мінез-құлық нормасына айналады: сәлемдесу мен қоштасу, біреудің көрсеткен қызметіне рақмет айту, алған затын орнына қою, қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстау, өтінішін ізеттілікпен білдіру әдеті.
Мектепке дейінгі естияр жаста үлкендермен, өз қатарларымен мәдениетті қарым-қатынас жасау, шын айту, тазалық, тәртіп сақтау, пайдалы іс-әрекет жасау, еңбек ету әдеті қалыптаса береді. Мектепке дейінгі ересек жаста балалар қылығының адамгершілік мазмұнына ой жүгірте қарау негізінде дамыған адамгершілік дағдылар мен әдеттер неғұрлым берік болады. Тәрбиеші балалардың адамгершілік нормаларына бағынатын, саналы түрде меңгерілген мінез-құлыққа тәрбиелейді. Адамгершілік нормалары: қайырымдылық, сыпайылық, әділдік, қарапайымдылық, қамқоршылық, және т.б. ұғымдарды тәрбиеші бірте-бірте балаларға түсіндіру арқылы меңгертеді.
Мектепке дейінгі балалардың адамгершілік-патриоттық тәрбиесінің мазмұны «Балалар бақшасында тәрбиелеу бағдарламасында» көрсетілген. Оған: Отанға, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, оларды және олардың еңбегін құрметтеу, ұлтаралық, ұжымдық және адамгершілік бастамасы, мінез-құлық тәртіптілігі мен мәдениеті, мінездің ерік-жігер белгілері, жеке адамның жағымды адамгершілік сапалары кіреді.
Баланың бойында адамгершілік патриоттық тәрбиені қалыптастырудың негізгі міндеттері мына бағыттармен түйінделеді:
-ізгілік бастамасымен тәрбиелеу;
-өз отбасына, балабақшасына, туған қаласына, көшесіне сүіспеншілікпен, қамқорлықпен қарау;
- табиғатқа қамқорлықпен қарау;
-еңбек сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу;
- қазақ халқының салт-дәстүріне қызғушылықпен қарау;
- мемлекеттік рәміздермен таныстыру, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Сондай-ақ, тәрбиешілер балалармен тақырыптық сабақтар өткізеді, Отан туралы, туған жер туралы тақпақ-өлеңдер жаттатып, әңгімелеу арқылы бала бойына елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттырады. Еліміздің төл мерекелеріне балабақшада ертеңгіліктер өткізіп тойлайды. Осы сабақтар, ертеңгіліктерді өткізуге тәрбиешілер, ата–аналар белсене қатысып, өз үлестерін қосады. Балаларды адамгершілік-патриоттық сезімге тәрбиелеуде балабақша мен мектептің, кітапханалар мен мұражайлардың сабақтастығыда әсерін тигізеді.
Біздің алдымызда тұрған басты міндет – тәуелсіз Қазақстанның әр жас жеткіншегінің жүрегінде Отанына, жеріне, еліне деген ыстық сезім, шынайы сүйіспеншілік ұялату. Сондықтан біз адамзаттық көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге аса көңіл бөлуіміз керек. «Әрбір Қазақстандықты өз мемлекеті қамқорлықсыз қалдырмайды, ал әрбір Қазақстандық өз мемлекетінің болашақ тағдыры үшін жауапты» деген ұғымды жас ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет.
№46 «Балбұлақ» балабақшасының тәрбиешісі
Кошмурзаева Алмагүл Андировна
Almagul-68-68@mail.ru.