Тіл дамыту саба?ы та?ырыбы: «Дене м?шелері»
Тіл дамыту
Сабақтың тақырыбы: «Дене мүшелері»
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділігі: балалардың дене мүшелері туралы түсініктерін қалыптастыру және атай білу.
ә)Түзете – дамытушылық: көру арқылы есте сақтау қабілеттерін дамыту. Баланың тілін дамыту.
б) Тәрбиелілігі: өз денсаулығын сақтауға деген қызығушылығы мен ынтасын қалыптастыру және тәрбиелеу.
Әдіс – тәсілі: сұрақ –жауап, көрсету
Көрнекілігі: суреттер
Сабақ барысы: І Ұйымдастыру кезеңі.
Баланы психологиялық жағынан тақырыпқа дайындау.
Жылулық шеңбер: «Біздің көмекшілеріміз»
Балалар, адамдар ұйықтағанда олардың барлық дене мүшелері демалады, оянғанда оларға, «Қайырлы таң!» деп тілек білдіру керек.
Қайырлы таң, көздерім, сендер ояндыңдар! (Көздерін қолдарымен басу)
Қайырлы таң, құлақтарым, сендер ояндыңдар!(Құлақтарын ұстау)
Қайырлы таң, қолдарым, сендер ояндыңдар! (Шапалақтау)
Қайырлы таң, аяқтарым, сендер ояндыңдар!(Топырлату)
ІІ. Өткен сабақты пысықтау.
ІІІ. Жаңа сабақ
-Адамдардың бәрінде бас, дене, қол, аяқ бар. Қане, айнаға қарайықшы!
Біз нені көріп тұрмыз?
-Басымызды сипап, қол-аяғымызды көрсетейікші. (балалар өздерінің дене мүшелерін көрсетеді).
-Біздің шашымыз, көзіміз бірдей ме?
-Адамның дене мүшелерінің қайсысы көп, қайсысы біреу?
-Саусақ, шаш, кірпік-көп, ал мұрын, ауыз, тіл – біреу.
Бет- әлпет
Әрбір адамның бет-әлпеті бар. Бетті бірнеше бөліктерге бөлуге болады. Бет бөліктері: шеке, көз, мұрын, жақ, ауыз, иек. Беттің әр бөлігінің өзінің қызметі бар. Көз, құлақ, мұрын – бұлар сезім мүшелері.
Көз
Көз- көру мүшесі. Біз әр түрлі заттарды көреміз. Көздің көмегімен біз кітап оқимыз, теледидар көреміз, табиғатты тамашалаймыз. Көзді сақтауымыз керек.
Құлақ
Біз құлақпен әр түрлі дыбыстарды естиміз. Желді, құстар әнін, музыканы, адамдардың сөзін, бәрін біз құлақпен естиміз.құлағың ауырса нашар естуі де мүмкін. Сондықтан құлақты сақтау керек!
Мұрын
Біз мұрынмен тыныс аламыз және иістерді айырамыз. Мұрын –иіс сезу мүшесі. Иіс сезу дегеніміз – бұл әр түрлі иістерді айыру.
Ауыз
Ауыз – бұл ерін, тіс, тіл.
Тіл- дәм сезу мүшесі. Тағамның тұздылығын, қышқылын, тәттілігін, ащысын тіл арқылы сезінеміз. Тіл-сөйлеу мүшесі. Біз тіспен тамақты шайнаймыз. Тісті таңертең және кешке тіс щеткасымен, тіс пастасымен тазартып жүруіміз керек.Тісті сақтау керек.
ІҮ. Сергіту сәті А. Мыңжасарованың «Қайда екен» өлеңі
Қайда екен қолымыз,
Оңымыз бен солымыз.
Білеміз бе оны біз?
Міне, оң мен солымыз,
Міне, алақай қолымыз.
Қол соғайық, бір, екі!
Ал санайық, бір, екі!
Топылдатып билейтін
Аяғымыз қайда екен?
Міне, аяқ, алақай! Міне, аяқ, алақай!
Бір, екі деп басайық,
Тез, тез адым жасайық.
Ү. Бекіту. Ойын: «Былай істе»
Мақсаты: дене мүшелерін көрсетге және қимылын жасауға үйрету.
Немен иіскеуге болатынын көрсет.
Гүлді(иіссуды...) иіске.
Немен тыңдауға болатынын көрсет.
Сағаттың тықылын (судың сылдырын, қағаздың сыбдырын...) тыңда.
Немен алуға болатынын көрсет.
Гүлді (орамалды, кітапты...) ал.
Допты немен ұруға болатынын көрсет.
Допты қолмен ұр.
Допты аяқпен теп.
Немен тістеуге болатынын көрсет.
Кәмпиттен (тоқаштан, алмадан...) бір тісте.
Немен көруге болатынын көрсет.
Үстелге (терезеге, қуыршаққа...) қара.
ҮІ. Қорытынды.
Адамда дене, бас, құлақ, қол, аяқ бар.
Баста көз, мұрын, ауыз, құлақ, шаш бар.
Қоштасу шеңбері: «Көмекшілерге алғыс біліру»
Рақмет саған, көздерім, сендер бәрін көресіңдер.
Рақмет саған, құлақтарым, сендер бәрін естисіңдер.
Рақмет саған, қолдарым, сендер бәрін істейсіңдер. (Шапалақтау).
Рақмет саған, аяқтарым, енді, сендертопырлатып жүресіңдер. (Топырлату).