Диалогтік о?ыту зерттеу ж?мысы


Қазақ тілі сабақтарында диалогтік оытуды қолдану
Ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне жүгінсек, сабақтың өзегі диалог екенін көруге болады. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде сыныптағы диалог оқушылардың зияткерлік жағынан дамуларына және оқудағы нәтижелерінің өсуіне ықпал ететіндігін көрсеткен. Зерттеулерде оқушылардың ересектермен белсенді коммуникациялық қарым-қатынастары да, өз құрдастарымен бірлесіп әрекет етулері де олардың оқуына және когнитивтік дамуына әсер ететіндігі атап көрсетілген (51-бет).
Мен оқу орыс тілінде жүргізілетін гимназияда қазақ тілінің мұғалімі болғандықтан, сабақтардың негізгі мақсаты тілді үйретуді, оқушылардың ауызекі сөйлеу тілдерін дамытуды көздейтіндіктен біздің сабақтарымыздың 70-80%-ы диалог түрінде жүргізіледі. Ал Кембридж университетінің Бағдарламасы менің диалогтік оқуға деген көзқарасымды қайта қарауға себеп болды. Бұл ескі тәсілге жаңаша көзқараспен қарау. Осы себептерге байланысты білім жүйесінің қазіргі ережелеріне сай болу үшін, өз сабақтарымның жоспарларын қайта қарауға тура келді. Александер (2008) диалог түрінде оқыту оқушыларды ынталандыру және дамыту үшін әңгіме күшін қолдауға мүмкіндік береді деп санайды. Диалог түрінде оқыту бахтин (1981), Мерсер (2005), Велс (1999) және Вуд (1998) жұмыстарында бейнеленген (29-бет). Сабақтар топтамасын жүргізу барысында диалогтік оқыту – оқушы-оқушы, оқушы-мұғалім арасында өзара әрекет жүзеге асырылатын интерактивті оқу екендігін анықтадым. Менің бақылауларым бойынша диалогтік оқу кезінде оқушының жұптағы және топтағы әрекеті оқушының түсінігіне және санасына барынша жемісті әсер ететіндігін байқадым.
Мектептегі тәжірибемнің басында оқушыларды дұрыс диалогке үйрету қиындық туғызды, себебі өзге тілде оқитын оқушылардың сөйлеу тілдерінің жетілмегендігі(тілдік барьер), түсінулерінің төмендігі, өз ойларын айта алмаулары, шешім қабылдай алмаулары сияқты кедергілер кездесті.
Оқушылар үнемі сыныптастары мен мұғалім тарапынан баға беріп отыруды күтті, олардың ұяңдықтары басым болды, бұл олардың ішкі дүниесін түсінуге кедергі болды. Сондықтан мен олардың зерделенетін тақырыпқа көзқарастарын ынталандыру үшін, бұрыннан таныс ақпаратқа және жаңа тақырыпқа түрткі сұрақтар қою арқылы қызығушылықтарын оятуға тырыстым. Нәтижесінде оқушылардың ауызекі сөйлеуге деген әрекеттерін байқадым, бұл әлі қалыптаспаған сөйлеу тілі болса да, олардың өздерінің қызығушылықтарын туғызды. Сабақ соңында жанды диалог пайда болды. Диалогтің пайда болуына сыныптағы психологиялық ахуал, топқа бөліну, үнемі мақтау сөздер айту, топтық бағалау және әр сабақта жүйелі диалог жүргізу әсер етті. Оқушылардың белсене жұмыс істеулері үшін, сөйлеу тілін дамыту үшін бұл сыныпта диалог барынша қажет болды. Мұғалім мен оқушы арасындағы диалог тақырыпты түсінуге, оқушы мен оқушы арасындағы диалог олардың топтағы өзара қарым-қатынасын дұрыс түсінуге көмектесті, бұл жерде қазақ тілін жақсы меңгерген оқушылардың ықпалы да зор екендігін айта кеткен жөн.
Мен өзім үшін, диалог - оған қатысушылардың арасындағы ақпаратпен алмасу екендігін түсіндім. Үндемейтін оқушылар әзірше сыбырлап қана сөйлеп немесе басқаларды жай тыңдап қана отырды. Олардың тақырып төңірегінде айтқан пікірлерін, көңілдерінің толмаушылығын естігім келді. Бірақ олар көбінесе үндемей құтылып отырды.
«Тіл білу - өнер» атты бірінші сабақтағы мұғалім-оқушы арасындағы диалог өтілген тақырыптарға шолу жасаудан басталды. Бұл мемлекеттік тіл туралы тақырып оларға етене таныс болғандықтан, өте сауатты жауаптар беріліп, бойларында өздеріне деген сенімділік қалыптасқандай болды. Үй тапсырмасын айту кезінде оқушылардың басым бөлігінің сабаққа дайын еместігі анықталды (Өткен сабақта келесі сабақ жаңа әдіспен өткізіледі деп ескертілген, олар үй тапсырмасын орындамауға болатын шығар деп ойлаған болулары керек). Бірақ оқулықты қолдануға мүмкіндік беріп, олардың мұғалім-оқушы арасындағы диалогке қатысуларын көздедім, сонымен қатар олардың жауаптарын қолдап отыруды да ұмытпадым, осылайша олардың зерделеніп жатқан материалға қызығушылықтарын ояттым. Жаңа тақырыпты ашу барысында ойын түрінде өткізілген кезең де оқушылардың қызығушылығын туғызып, сөздік жұмысын жүргізу кезінде олардың белсенділіктерін арттыра түсті. 3-кезеңдегі тапсырма да диалог түрінде жүргізілді, оқушылар нақыл сөздерді өз беттерімен оқып, «Еркін сұрақтар» стратегиясы бойынша бір-бірлеріне сұрақтар қойып, барынша нақты жауаптар беруге тырысты, бірақ құрылымы сәтсіз сұрақтар мен жауаптар болып жатты. Бұл кезеңде көбінесе мықты оқушылар өздерін көрсетті, қазақ тілін жетік меңгерген Бексұлтан, Дана деген оқушылар бар, мұндай тапсырмалар олар үшін қиындық туғызбайды. Осы оқушылардың көмегімен «Нақыл сөздің авторы кім? Қазақ тілі қандай тіл?» деген сияқты қарапайым сұрақтармен қатар «Бұл нақыл сөздердің идеясы қандай?» деген күрделі жауапты талап ететін сұрақтар қоюға тырысты. Оған оқулықтың көмегімен жауаптар берілді. Бұл диалог мықты оқушылардың арқасында сәтті жүргізілді десем болады, үлгерімі жақсы, тілді еркін меңгерген оқушыларға достарына да кезек беріп, оларды тыңдау керектігі туралы ескертілді. 4, 5-кезеңдерде мұғалім-оқушы арасындағы диалог кезінде мықты оқушылар ескертуді жадыларында сақтап, басқа көп сөйлемейтін сыныптастарына көмектесіп, оларды тыңдап, керек жерінде түзетулер енгізіп отырды.
«Қазақ тілін үйрену жолдары» деген екінші сабағымыз оқушылар тақтада «жаңашыл, ізденімпаз, тапқыр, сұлу, сымбатты, батыл, сенімді, зерек, көрікті, адал, әділ, зиялы, көшбасшы, көңілді, жігерлі» деген сөздерді бір-бірлеріне арнаудан басталды. Мейірімділік және өзара қолдау көрсету атмосферасы оқушыларды жаңа білімді алуға талпындырып қана қоймайды, сондай-ақ танымдық әрекетті дамыта түседі және оқушылар арасындағы әріптестіктің жоғары сатысын қалыптастыратындығы белгілі. Осы ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру диалогі – өзім үшін оқушыларды жақынырақ тануға, ішкі дүниесін түсінуге мүмкіндік берді. Оларда өздерін басқа қырларынан көріп, өздеріне деген сенімдері арта түскендей болды. Бұл диалогке үлгерімі төмен оқушылар да белсене қатысуға тырысты. Үй тапсырмасына да жақсы деңгейде дайындалып келіпті, уақытты үнемдеу мақсатында тілек білдірушілердің барлығын тыңдап үлгермедік. Үй тапсырмасын айту кезінде оқушылар тарапынан қайта бағыттау сұрақтары қойылып отырды.
Жаңа сабақтың тақырыбын айқындау мақсатында көрсетілген бейнесюжеттен кейін қойылған «Бейнесюжет туралы не айтасыңдар?» деген сұрақ пікір-талас туғызды. Біреулері түсінбей қалып, «Бұл бейнесюжетте дауысты дыбыстардың жіктелуі, қазақ тілі туралы айтты» десе, біреулері «Жоқ, бұл қазақ тілін үйренудің бір жолы» деп дөп басып жауап берді. (Әрине, бұл өзге тілді үйренушілер болғандықтан, олардың сөйлеу тілдерінде кеткен қателерге мұғалім тарапынан үнемі түзетулер енгізіліп отыратындығын, тіпті сөзді, сөйлемді бірнеше рет қайталату керектігін айта кету керек). Өздері жасаған шығармашылық жұмыстарын диалог құру арқылы қорғады. Бұл жұмысты топ болып жасағандарымен, диалог топ көшбасшыларының күшімен құрылды. Шығармашылық жұмысты оқушылардың топпен орындауы олардың өзара түсіністікке, өзара әрекетке, бәріне ортақ, бірақ әрқайсына маңызды сұрақты бірлесіп шешуге мүмкіндік берді. Үлгерімі төмен оқушыларға ұйымдасушылық қабілеттері жетіспеді және олардың когнитивтік дамулары сыр берді, сондықтан олар постерлерді қорғаудағы диалогке толығымен қатыса алмады. Сан есімдерді, олардың түрлерін қайталау кезінде де мұғалім-оқушы диалогі үнемі қолданылды.
«Тіл мәдениеті» деген үшінші сабағымыз оқушылардың бір-бірлеріне «4, 5, 1000, 10000» сан есімдерін қолданып диалог түрінде тілек тілеулерінен басталды. Үйге берілген «Қазақ тілін үйрену жолдары» туралы диалог құру түріндегі жұптық жұмыста үйден дайындалып келгендіктен болар, үлгерімі төмен оқушылар да барынша ат салысты. Сан есім және оның түрлерімен балалар таныс болғандықтан, бір-бірлеріне оқушы-оқушы арасындағы диалог түріндегі «Сан есім дегеніміз не?», «Сан есімнің мағыналық түрлері нешеу?», «Неше жинақтық сан есім бар?» және т.б. қарапайым сұрақтар қою, оларға жауап беру ешқандай қиындық туғызбады, өйткені мұндай диалогтерді бұрын да жүргізетінбіз.
Ассоциация құру арқылы «Мәдениет» сөзін қалай түсінетіндіктерін қағаз бетіне түсіру ұсынылды, бұл жұмыс мұғалім-оқушы арасындағы диалогпен қоса жүргізілді, түрткі, проблемалық сұрақтар қойып, ситуация тудырудың нәтижесінде «Тіл мәдениеті» деген сабақтың тақырыбы ашылды. Сонымен қатар Выготский атап көрсеткендей, когнитивті дамудың, оқушылар өздерінің «Жақын арадағы даму аймағында» (ЖАДА) жұмыс істесе, жақсаратындығын ескердім. Бұл жұмыс оңайлықпен жүргізілді деуге келмес, осы белес танымдық қажеттілікті және диалогке деген қажеттілікті тудыруға себеп болды. Оқушылардың жауаптары толық қалыптаспаған және сенімсіз болды. Сабақ Блум таксономиясы арқылы жүргізілді. Блум таксономиясының «қолдану» деген кезеңінде деңгейлік тапсырмаларды орындауды жоспарладым, І деңгей тапсырмасы – «Тіл мәдениеті» деген диалог құру, диалогті әр топтағы көшбасшылар үлгерімі төмен оқушыларға дайындауға көмектесіп, сол арқылы олар өздерін-өздері бағалауларын жоғарылата түсті, ал үлгерімі нашар оқушылар өздеріне деген сенімділіктерін арттыра түскендей болды.
Блум таксономиясының «Талдау» кезеңінде мәтін соңында берілген сұрақтарды әр топ бір-бірлеріне қойып, оқулықтың көмегімен жауап берді.
«Қай тіл көп тараған?» деген төртінші сабақта да диалогтік оқытуды барынша қолдануға тырыстым. Алғашқы диалогіміз сыныпта ынтымақтастық ахуал қалыптастыру мақсатында бір-бірімізге сәттілік тілеуден басталды, өзім «Кирилл, мен бүгінгі сабақта саған сәттілік тілеймін, тек «5» деген баға алуыңа тілектеспін, ал сен кімге тілек тілейсің?» деп үлгі ретінде бастадым, Кириллден бастаған себебім, бұл оқушының сөздік қоры жұпыны болса да, кез келген бастаманы қателесем-ау деген қорқынышсыз, ұялмай іліп әкететін қасиеті бар, бұл жолы да күткенім орындала кетті, 5-6 оқушы емін-еркін диалогқа қатысты. Төртінші сабақ болғандықтан болар, оқушылар өздерін еркін, батыл ұстады. Арасында «Осындай сабақтар үнемі болып тұрса ғой» деп тілек білдіріп қояды. Оқушылар үй тапсырмасын да тиянақты орындап келгендіктен, өздеріне деген сенімдері нығая түсті, осы кезеңде де оқушыларға бір-біріне сұрақ қоюды ұмытпауды ескерттім, әрбір дұрыс сұрақ үшін, әрбір сауатты жауап үшін жүрек-ше-стикер берілетіндігін сабақтың басында келіскенбіз. Оқушылар сөздік жұмысын жүргізіп болған соң, мәтінді өз беттерінше оқып, бірінші топ екінші топқа, екінші топ үшінші топқа, үшінші топ бірінші топқа «Жуан және жіңішке сұрақтар» стратегиясын қолданып, мәтін бойынша бір қарапайым, бір күрделі сұрақтан дайындады, балалардың «Қай тіл көп тараған?», «Ағылшын тілінде қанша адам сөйлейді?», «Қытай тілінде қанша адам сөйлейді?» деген қарапайым сұрақтары мен оған берген жауаптары сәтті шықты, ал «Сендер қай пікірді қолдайсыңдар?», «Қазақ тілі қашан көп тараған тілдер қатарына енеді?», «Орыс тілінде қанша адам сөйлейді?» деген типті күрделі сұрақтары «Артық қылам деп тыртық қылыпты» демекші сауатсыз болды, ондай сұрақтарды құруға біріншіден сөздік қорлары жеткіліксіз болғандықтан, екіншіден сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін нашар меңгергендіктен шамалары келмеді, сондықтан оқушыларды мұндай сыни тұрғыдан ойлана отырып жоғары дәрежелі сұрақтар қойып дағдыландыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізу керек деген шешім жасадым. Бұл тапсырманы орындау кезінде мықты оқушылар күрделі сұрақтарды өз мойындарына алып, үлгерімі төмен оқушылар қарапайым сұрақтарды құрады. Осы сабақта да әрбір кезеңде диалогтік қарым-қатынас жүргізіліп отырды.
Оқушылардың стандарттық жағдайдағы және топтық жұмыс кезіндегі жұмыстарын салыстырсақ, біршама айырмашылықты көруге болады. Дәстүрлі сабақта әрбір оқушы өзі үшін жұмыс істейді немесе соңғы партада өз бетімен басқа бірдеңе ойлап отыратын, ал топтық жұмыста бірлесіп, ақылдасып бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсетіп отырады, мықты оқушылар үлгерімі төмен оқушыларға үнемі көмектесіп отырады. Әрине, оқушылардың жауаптарының деңгейінде айырмашылықтар болды, өйткені әрбір оқушының танымдық әрекеті әр түрлі және когнитивтік қабілеттері де ұқсамайды.
Мен сабақтарымда диалогтік оқытуды сыни тұрғыдан ойлаудың әдістері мен тәсілдерін қолдану арқылы жүргізілді. Диалогтік оқу барысында оқушылар сыни тұрғыдан ойлануға сәйкес ақпарат негізінде күрделі проблемаларды шешуге, өз деңгейлеріндегі пікір-таластарға қатысуға, ойлана отырып шешім қабылдауға және бір-бірімен араласып үйренді.
Мектептегі практика кезеңінде тізбектелген сабақтар топтамасын құрылымдау барысында сұрақты дұрыс қоя білу, оқушылардың бір-біріне сауатты түрде сұрақ қоюларын және оны бағалауды ойластыра отырып жоспарлауды көздедім. «Оқушылар өз ойларын дұрыс жеткізулері үшін қандай дәрежедегі сұрақтарды пайдаланған жөн, олар бұл сұрақтардың жауаптарын нақы жеткізе ала ма, бұл сұрақтар олардың жас ерешеліктеріне сай ма?» деген сияқты сауалдарға мән беру керектігін ескердім.
Мұғалім сұрақ қоюдың өзін жете білуі керек. «Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады ...» (41-бет), мұғалім бұл қағиданы естен шығармауы тиіс, сондықтан мен де өзімнің шәкірттерімнің жас ерекшеліктеріне сәйкес жоғары дәрежелі сұрақтар қоюға тырыстым. Оқушылардың білім алуларын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, қайта бағыттау сияқты түрлі техникаларын пайдаланып отырдым. Түрткі болуға арналған сұрақтар біріншіден жауап алу үшін және оқушының жауабын түзетуге көмектесу үшін қажет екендігіне көзім жетті.
Диалогтік оқытудан нәтиже шыққандығына көз жеткізу үшін кері байланыс орнату қажет.
Тізбектелген сабақтар топтамасын өткізе отырып, диалогтік қарым-қатынас кезінде серіктестердің жас ерекшеліктері, жеке басының ерекшеліктері маңызды екендігіне назар аудардым. Диалогтің өткізілу дәрежесі оның барлық қатысушыларына байланысты болатындығы мәлім, себебі диалог оқытудың, тәрбиелеудің құралы және тілдік қабілеттерді жаттықтыратын негіз болып табылады, сондай-ақ серіктесін тыңдай білуге үйретеді.
Осылайша оқу диалогінің тиімділігі оқу үдерісінің алдына қойылатын білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттарға қол жеткізілу тұрғысынан анықталады.
Диалог оқушыларды топқа бөлуге көмектесті. Оқушылар аз-кем қателер жібергеніне қарамастан, байланыстырып сөйлеп үйрене бастады. Топ ережесін құру барысында тек қазақша сөйлейміз деп келісілген. Оқушылар бұл шартты әрбір сабақта орындауға мүмкіндігінше тырысты. Жұмыс тәжірибесінен түйгенім: диалогтік оқытуды ұйымдастыру кезінде оң нәтижелермен қатар қиындықтар да кездесті.
Қиындықтар:
- оқушылар өз бетімен жұмыс істеп дағдыланбаған;
- тілдік кедергі;
- оқушылардың көпшілігінің когнитивтік қабілеттерінің деңгейі төмен;
- сабақ барысында жоспарланған кейбір кезеңдерге уақыт жетпей қалды;
- белгілі себептерге байланысты тәжірибеме Мерсердің (2000) әңгіме-дебат, топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме деп бөлген әңгімелесудің үш түрінің зерттеушілік әңгіме, топтық деген түрлерінің кейбір элементтерін ғана енгізуге мүмкіндік болды. Орыс тілді оқушыларға қазақ тілінде әңгіме-дебат жүргізуге сөздік қорлары, сөйлеу тілдері, қазақ тілі сабағы бойынша меңгерген білім, білік, дағдылары жетіспейді.
Оң тұстары:
- топта бірлесіп, мықты оқушылардың үлгерімі нашар оқушыға көмектесе отырып жұмыс істеулері;
- проблеманы сыни тұрғыдан ойлауы;
- қате болса да, қымсынбай, ұялмай сөйлеуге талпынулары.
Диалогтік оқыту үдерісі барлық оқушылар мен мұғалімнің өзара белсенді әрекет етулері жағдайында жүзеге асырылады. Басқа адамдармен қарым-қатынаста болмағаннан кейін тіл де дамымайды. Сондықтан менің тізбектелген сабақтарымның топтамасында оқытудың барлық кезеңдерінде диалогтік оқу тұрақты көрініс тауып отырды. Оқушыларды диалог жүргізуге үйрете отырып, қарым-қатынастың табыстылығына кепіл беретін диалогтік өзара іс-әрекеттің белгілі ережелерін орындауға баулуымыз керек. Диалогтік оқу үдерісінде сабақтарда жеке, жұптық, топтық жұмыстар ұйымдастырылып, ақпараттың әр түрлі көздері зерделенеді, шығармашылық жұмыс істеуге жағдайлар туындайды.
Әлем жаңа ғасырға қадам басты. Жаңа заманауи технологиялардың енгізілгеніне, өмірдің барлық салаларының компьютерлендірілегеніне қарамастан, осыларды басқарып отырған ең басты тұлға – адам екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан ұстаз ретіндегі біздің міндетіміз – баланың бойындағы бар жақсы мен игіні көруіміз, тануымыз және назарсыз қалдырмауымыз керек және оның шығармашылығын дамыту арқылы өзін жетілдіруге бағыттауымыз қажет.
Қытайдың Ұлы ойшылы Конфуций: «Танымның үш жолы бар: ең оңайы еліктеу, ең ащысы – тәжірибе, ең мәртебелісі — ойлау» деген екен. Жетістікке қол жеткізу үшін, әркімнің таңдаған жолы жеңіл де жемісті болып, жеңістің дәмі ащы емес тәтті болғанын кім болса да қалар еді.