Та?ырыбы: «Арал та?дыры-адам та?дыры»


Сабақтың тақырыбы: «Арал тағдыры – адам тағдыры»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларды Арал теңізінің экологиялық жағдайымен, оның сыртқы ортаға және адам денсаулығына әсерімен, экологиялық жағдайдың туындау себептерімен таныстыру.
Дамытушылық: Оқушылардың ақыл-ой таным қызығушылығын арттыру,өз ойларын ашық айта білуге дағдыландыру.
Тәрбиелік: Арал теңізінің экологиялық жағдайының нашарлауына, қоршаған ортаның ластануына адамзаттың тікелей қатысы бар екенін оқушыларға көрсете отырып, табиғатқа жанашырлық және жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Сабақтың түрі:аралас сабақ
Сабақтың әдісі:пресс-конференция
Сабақтың көрнекіліктері: Қазақстанның физикалық картасы, Ақтөбе облысының әкімшілік картасы,слайд көрсетілімі, бейнефильм.
Жоспар:
1.Үй тапсырмасын тексеру.
2.Кіріспе.
3.Сот процесі.
4.Бейнефильм «Арал қайта жаңғыра ма?»
Сабақтың барысы:І Ұйымдастыру бөлімі: Оқушыларды сабақтың мақсатымен таныстыру.
ІІ Үй тапсырмасын тексеру:«Сусыз тіршілік жоқ» атты эссені тексеру. 2-3 оқушыдан эссе сұралады.
ІІІ Жаңа сабақ: Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Бүгінгі жаңа сабағымыз «Арал тағдыры-адам тағдыры» деп аталады. Жер-Ананың бізге берген сыйы, шөл далаға біткен інжу-маржан Арал теңізін ысыраппен пайдаланудың кесірінен апатқа ұшыраттық. Ұланғайыр теңізді тақырға, жасыл желегін шөл далаға айналдырдық. Теңіз жағалауы 150-170 километрге шегініп кетті. Арал проблемасы планетаның орасан зор экологиялық апаты ретінде аса өткір сипат алып отыр. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қаулысымен Арал аймағының Қазақстан бөлігі экологиялық қасірет аймағы деп жарияланған болатын. Айналадағы табиғи ортаның тез арада шөл далаға айналуы, тіршілік жағдайының нашарлауы, ауру түрлерінің көбеюі экологиялық ахуал туғызды. Сонымен қатар Ақтөбе облысының Ырғыз, Шалқар аудандарының Арал аймағымен шектесіп жатуына байланысты бұл экологиялық жағдайлар осы аудандарға да әсер етуде.Бірақ біз Арал теңізінің қайта орнына келетініне кәміл сенеміз. Олай болса, осы тақырыпта оқушылардың қойылымын тамашалайық.
Сот залы.
Хатшы: Барлықтарыңыз орындарыңыздан тұрыңыздар, сот келе жатыр.
Сот: Отырыңыздар. Бүгінгі сот залында Адамзаттың үстінен шағым түсіруші Арал теңізінің арызы бойынша іс қаралады. Хатшы ханым, сот отырысына қатысушы айыпталушы, айыптаушы және куәгер мырзалардың тізімін оқып беріңіз.
Хатшы: Айыпталушы – адамзат, айыптаушы – Арал теңізі, куәгерлер – Сырдария өзені, Әмудария өзені, балықшылар тобы, Даниядан келген шетелдік инвестор, эколог, географ-ғалым, аралдық дәрігер ханым.
Сот: Құрметті куәгерлер, айыпталушы адамнан жәбір көрген айыптаушы Арал теңізінің шағымы бойынша іс қозғалады. Істі экологиялық сот жүргізеді. Куәгерлер, сіздерге ескету сотқа жалған куәлік бергендеріңіз үшін айыпталатындарыңызды естеріңізге саламын. Айыптаушы, орныңыздан тұрып, толық аты-жөніңізбен таныстырыңыз.
Айыптаушы Арал теңізі: Ұлтым – су, туған жылым – 8мың жыл бұрын неоген дәуірі. Мекен-жайым–Қазақстан және Өзбекстан Республикаларының аумағы, Тұран ойпатының шөлді белдемі, Үстірттің шығыс шеті.
Сот: Айыптаушы сөз кезегі өзіңізде, арыз шағымыңызбен таныстырыңыз.
Айыптаушы: Жалпы, мен көлемім 66 мың км шаршы, тереңдігім 30-60м, тұздылығым 10-12 промиль болған, жылына 100000 тоннаға дейін балық берген, жағалауымда аң-құсқа мекен болған шөл даланың інжу маржаны Арал теңізі боламын. Суым өте мөлдір 25 метрге дейінгі тереңдікті көруге болатын еді. Жағамда бір кездерде бұлғын терісі игерілген. Теңіз өңіріндегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты тұрақты жұмыс істеген. Тек осы адамзат 1970 жылдан бастап, Әмудария інімді мақтаға, Сырдария інімді күрішке қарай бұрып, басты байлығым – балығымды жаппай аулап, шөл тақырға айналдырды. Соңғы он жыл ішіндетұздылығым 30-35 промильге жетті. Суымның шегінуінен жағалауымдағы 800 гектар тоғай, жануарлар дүниесі жойылып, айналам тіршілігі жоқ құмды сортаң жарамсыз жерлерге айналды. Теңдесі жоқ Барсакелмес қорығым да жойылды. Экологиялық жағдайлар Шалқар және Ырғыз аудандарына теріс әсерін тигізіп келеді.(Слайд көрсетілімі)Сот: Куәгерлеріңіз бар ма?
Айыптаушы: Бірінші куәгерім – Әмудария.
Әмудария: 1970-80 жылдарда өзенді игеру 2,2 есеге артты. Халық көп қоныстанып, тыңайтқыштар мен химикаттарды көп пайдаланды. Мақтаға суды ысыраппен пайдаланып, Арал теңізіне құятын су мөлшерін 2 есе азайтуға мәжбүр етті.
Айыптаушы: Екінші куәгерім Сырдария.
Сырдария: Менің де кейпім Әмудария бауырымдай. Адамзат суымды күрішке пайдаланып қана коймай, улы заттарды бойыма жібергеннен аурушаң лас өзенге айналдым. Халық саны 1960-87 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Қазіргі кезеңде балықтарым азайып, өзімді қоқыс төгетін орынға айналдырды.
Сот: Мырзалар бұлай болмайды, бізге фактілер керек.
Айыптаушы: Бұл жағы да қарастырылған. Куә беруге эколог мырзаны ортаға шақырамын.
Эколог: Қазір Арал теңізінің жағалауы 150-170 км-ге шегінді, теңіз деңгейі 22 м-ге төмендеді. Көлемі 2 млн гектардай Аққұм атты шөл дала пайда болды, теңіз екіге бөлініп қалды. Қос өзеннен құятын судың көлемі 13 млн куб судан 2 есеге дейін азайды.Ал қазіргі кездегі жағдайын білу үшін ғарыштан түсірілген картаға назар аударайық. (слайд) Көл бетіне жауатын жауын-шашынның мөлшері аз, буланған ылғал өте көп, көлге құятын өзен ағындысы жоққа тән болғандықтан булануға кеткен шығынды толтыруға шамасы жетпейді, сондықтан теңіз суы жылдан жылға тартылып келеді. Оның үстіне Әмудария және Сырдария өзендерінің бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен препараттарды қолдану 10-15 есеге өскен. Ғалымдардың есептеуі бойынша, теңіз табанынан атмосфераға жылына 200 млн тоннаға дейін тұзды шаң-тозаң ұшады. Бұл өзгерістер өз кезегінде сол аймақ тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізді. Ғалымдардың айтуынша Аралдан ұшқан тұзды дауылдың бір ұшы Гренландия мұздықтары мен Норвегияның орманды алқабына да жеткенін дәлелдеді. Осындай антропогендік факторлар Арал теңізін экологиялық апатқа ұшыратты.
Сот: эколог мырза, рахмет. Айыпталушы адам жауап беріңіз, бұл фактілерді растайсыз ба?
Адам: Иә, мен үлкен қателік жасадым. Түзетудемін.
Сот: Отырыңыз (сұсты түрде). Тағы да куәгерлер бар ма?
Айыптаушы: Аралдық дәрігер ханымның әкеліп отырған фактілеріне назар аударып, ханымға сөз берейік.
Дәрігер: Менің аты-жөнім Аралгүл Дәрібаева осы аталған аймақта жұмыс жасап келе жатқаныма 30 жыл болды. Қазіргі Арал өңіріндегі адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Экранға назар аударайық. Бұл өңірде соңғы мәліметтер бойынша туберкулез, анемия, гепатит, рак сияқты ауру түрлері өте көп, бүйректе тас байлану, өкпе-тыныс жолдарының қабынуы, жұқпалы аурулар республиканың басқа өңірімен салыстырғанда жоғары көрсеткішті беріп отыр.
Айыптаушы: Ендігі кезекті балықшыларға берелік.
Балықшылар тобы: Арал теңізінің тартылуының кесірінен біз жұмыссыз қалдық! Жұмыссыз қалған балықшылар әлеуметтік жағынан қорғаусыз қалып, кейбіреулері басқа аймақтарға еріксіз қоныс аударуда. Теңіз тартылғалы бері балық жоқ.
Сот: Сабыр сақтайық мырзалар, қарсы жақ не дер екен? Айыпталушы адам, сіздің куәгеріңіз бар ма?
Айыпталушы: Бүгінгі сот залына келіп тұрған маған жақтас куәгер бар. Олсонау Дания мемлекетінен келген инвестор.
Сот: Ендеше Даниялық инвестор мырза, сөз кезегі өзіңізде.
Инвестор: Мырзалар, уайымдамаңыздар, мен сіздерге тұзды теңізде өмір сүруге бейімделген камбала деген балық әкелдім. (Балықшыларға балық үлестіреді.) Болашақта Арал теңізінің кемеліне келіп толуына, балықтың көбеюіне, халықтың әл-ауқатының артуына, экологиялық жағдайды болдырмауға атсалысамыз деп сенім білдіремін.
Сот: Рахмет, инвестор мырза. Айыпталушы адам, тағы басқа куәгеріңіз бар ма?
Айыпталушы: Келесі куәгерім географ-ғалым.
Сот: Олай болса, геграф-ғалым мырза сөз сізге беріледі.
Географ-ғалым: Арал теңізін құтқару жөнінде бірнеше болжамдар мен жобалар бар. Олар: 1. Сібір өзендерін Қазақстанға бұру. 2. Әмудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу. 3. Арал теңізін жартылай сақтап қалу. 4. Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы әкелу. 5. Жер асты суларын пайдалану. 6. Арал теңізінің өздігінен табиғи толысуын күту. Әрине, бұл жобалар болашақтың ісі болғанымен, уақыт талабы оны күттірмейді. Бәрі де қаражатқа тірелуі мүмкін. Ал оның іске асуы адамзат қауымының білімі мен біліктілігіне байланысты. Қазіргі кезде Аралды құтқару бағытындабатыл да жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жасалуда. «Арал тағдыры-адам тағдыры» болғандықтан оны сақтап қалу қажет.(Слайд көрсетілімі)
Сот: Куәгерлер сөйлеп болса айыпталушыға сөз берейік.
Айыпталушы адамзат: Жер-Ананың берген сыйы Арал теңізін сақтай алмадым. Мен үлкен қателік жасағаным үшін барлықтарыңыздан басымды иіп кешірім сұраймын. Жасаған қателігімді түзету үшін көптеген жобалар жасап жатырмын.
1. «Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын» құрдым. Қор аясында шетелдік әріптестермен бірлесе жұмыс жасап, Арал теңізін қлпына келтіру мақсатында бірқатар жұмыстар жасалды.
2. Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Арал теңізі бассейнінің проблемаларын шешудегі «Аралды құтқару қоры» қызметін жоғары бағалап, қор президенті Н.Ә. Назарбаевты қор қызметінің жоғары қарқынмен өркендеуге жағдай жасап отырғанын айтып өтті.
3. Теңіздің жоғары тұздылығында өмір сүретін балықтар жерсіндіріліп жіберілді. Құм көшкіндерін, шаңды дауылды тоқтату үшін жергілікті бұталы өсімдіктерден жыңғыл, сексеуіл отырғызудамыз. Мен Арал теңізінің қалпына келуіне аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерімді салудамын.
Хатшы: Орындарыңыздан тұрыңыздар, сот шешім қабылдау үшін үзіліске шығады.
Мұғалім: Сот шешім шығарғанша адасқан әріптерді орнына қойып, су туралы мақал-мәтелдерді тауып көрейік.
1. Су жүрген жер –береке, ел жүрген жер-мереке.
2. Су-ырыстың көзі, еңбек-кірістің көзі.
3. Сумен ойнама батарсың, отпен ойнама күйерсің.
4. Су ішкен құдыңа түкірме.
5. Судың да сұрауы бар.
6. Сулы жер-нулы жер.
7. Судың жолын құм бөгер.
8.Судың кепкені тіршіліктің кеткені.
Хатшы: Орындарыңыздан тұрыңыздар, сот келе жатыр.
Сот: Жалпы Адамзат пен Арал теңізінің арасындағы келіспеушілігі адам табиғаттан қажетті байлықты алып, оның орнын толтыруға тырыспады. Сол себепті дау туындап отыр. Айыптаушы Арал теңізінің дәлелдерін дұрыс деп тауып адамға үкім етеді. «Жер-анамыз, су-атамыз» деген ұранмен атқарылып жатқан істерді жалғастырып, келешек ұрпаққа «Табиғат – ортақ үйіміз» деген ұранмен экологиялық тазалықты сақтасын және Арал теңізіне арналған жыр жолдары орындалсын.
М. Шахановтың «Аралым» өлеңі орындалады.
Арал теңізі туралы бейнефильм көрсетіледі.
Қорытынды:Оқушылар дәптерлеріне кесте толтырады:
Не білемін? Нені білдім? Нені білгім келеді?
Мұғалім: ХХІ ғасыр экологиясы жайында Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Табиғатты жеке дара қорғау мүмкін емес, оны бүкіл ел, қоғам, ұжым болып қорғау керек» деген сөзін басшылыққа ала отырып, бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз.