Физика п?нінен сыныптан тыс саба? ?ызы?ты физика ?лемінде


Ұлт болашағы бүгінгі оқушыларымыздың білімі мен біліктілігіне, санасы мен тәрбиелігіне байланысты. Халқымыз «сана берсін!» деген тілекті тегін айтпаса керек.
Сабақтың тақырыбы: «Қызықты физика әлемінде»
Сабақтыңмақсаты: Дәстүрлі емес сабақ түрлерінде оқушылардың белсенділігін арттырып, өзіне-өзі баға беруге, өз жетістіктерін сезініп, әлсіз жақтарына сын көзбен қарауға үйрету, іскерліктерін, білім санасын арттырып, пәнге қызығушылығын туғызу.
Сабақтың барысы:
Кіріспе
Ньютон механикасы
Физикалық мақал-мәтелдер
Электр бөлімі
Физикалық жұмбақтар
Толқын әлемінде
Қорытынды
Көрнекілік: Ашылып жатқан кітаптың суреті
I. Бастаушы
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Міне, бүгін «Қызықты физика әлемінде» апталығы да өз мәресіне келіп жетті. Бүгін, біз 11 «А» класс оқушылары физика пәнінен алған білімімізді жүйелі бір арнаға түсіріп, «Қызықты физика» деп аталатын өз кітапшамызды жазып шығардық.
Кітапшаның алғы сөзінде былай жазылған: «Бұл кітапша өсіп келе жатқан жас ұрпақтың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында және оқушылардың ғылыми ой-өрісін дамыту, еркін шығармашылықпен айналасуына, өздігінен ізденуіне көмегін берер деген ойдамыз».
Кітапшаның негізгі мақсаты – қызық, бірақ онша жеңіл де бола қоймайтын ғылымды – физиканы жақсы түсінуге көмектесу. Бұл кітапша мазмұны жағынан да, материалдың баяндалу реті жағынан да оқулыққа ұқсамайды.
Физика – ұшан теңіз ғылым. Сондықтан да бұл кітапша физиканың қарапайым заңдарына негізделетін табиғаттағы, өмірдегі, техникадағы қызықты оқиғалар, әңгімелер мен физика ғылымының құпия сырларына қысқаша тоқталады. Енді кітапшамызды таныстырамыз.
II. Кіріспе
1. Бізге дейін екі мыңнан астам жыл бұрын алғашқы «физиканы» жазған грек философы Аристотель бұл ғылымды грек тілінен алынған «фюзис» - дүние, табиғат деген сөзіне байланысты атаған.
2. Біздің эрамыздың II ғасырында Рим ақыны Лукреций өзінің «Заттардың табиғаты» деген философиялық поэмасында тозаңның күн сәулесінде қозғалуын былайша суреттейді.
Қарашы өзің: әрдайым күн сәулесі құйылып,
Қара-күңгірт үй ішін жарық қылса нұрымен,
Жылт-жылт етіп ұп-уақ толып жатқан зәррелер
Нұр шұғыланың ішінде тынбай ұшып жүреді.
Әуел баста заттардың шетсіз-шексіз кеңдікте
Асыр салып жүргенін соған қарап білесің.
Сөйтіп әне әрқашан ұлы заттың жұмбағын
Ұсақ заттың сырына түсінгесін ұғасың.
Аңғарғайсың ендеше күннің жарық нұрында
Толып жүрген зәрренің астан-кестен ұшқанын,
Сонда ғана құпия, көзімізге түспейтін
Материя қимылын соған қарап байқайсың.
Неге десең, сол кезде ұшып жүрген тозаңның
Сәл екпіннен серпіліп, қайта кері оралып,
Солай мәңгі онды-сол жөңкілгенін көресің.
III. Ньютон механикасы
1. 1687 жылы Ньютонның «Табиғат философиясының математикалық бастамалары» деген данышпандық еңбегі басылып шықты. Бұл кітап материя қозғалысының ең қарапайым формалары туралы ілімінің қорытындысын шығарды. «Классикалық физика» туып, ол біздің уақытымызға дейін ғасырлар бойы ойдағыдай дамып келеді.
2. Балық жауған күн. Ньютонның I заңы.
3. Классикалық механикада масса ерекше роль атқарады. Осы масса ұғымына байланысты «Бір грамм» атты әзіл өлеңі Ньютонның II заңымен байланысты.
«Бір грамм»
- Атың кім?
- Грамм.
- Әкеңнің аты кім?
- Килограмм.
- Хо-ош енді неге қаңғып жүрсің?
- Әкем ұрысты.
- Немене,
Бүлдіріп пе ең бір істі?
Қаңғи бермей
Үй болсын дейтін шығар,
Басыңда бір грамм ми болсын дейтін шығар.
- Әй, солар
Мен үшін алаң ба еді?
Кеше:
«Балам!».-деді, -
Сенде шу сала бермей үйде бір уақ
Болу жағын ойла сен, килограмм.
Шамаң жетсе
Тонна бол!
«Ә» дегенге
«Мә» деп.
- Әке, - дедім
Аз өлшем бе грамм?
Грамм боп жүріп-ақ қырам.
Ертең таразыдан жеп,
Талайдың енесін ұрам. (зар қақтырам)
«Арманы жоқ,
Грамның пәрмені тоқ».
2. Шашынан тартып, шалшықтан шықпақшы. Ньютонның III заңы.
IV. Электр бөлімі
1. «Көз ілеспес жай оғына,
Тисе, талқан етеді», - демекші «электр» ұғымын кім білмейді? Ендеше, «Электрдің қасиеті» деген өлеңді оқып берейін:
«Электрдің қасиеті»
1) Кім білмейді бұл токты.
Сөніп-жанған жарықты...
Қолданамыз тұрмыста,
Пайдасы көп халыққа.
2) Алғаш оны анықтап,
Танытқан бізге данагөй
Ұмытпаймыз есімін,
Атақты ғалым Фарадей.
3) Электр күші зор екен
Физика – пәні күш қылған
Қасиеті де көп екен,
Зеректі жанға ұқтырған.
4) Тараққа шашың тартылса,
Таңқаласың бұл не деп?
Оң, теріс заряд болады,
Білім арқылы ұғын тек.
2. Ампер, Вольта, Омдарың
Бірін-бірі ұғыпты.
Ал, олардың заңдарын
Білсең, айтшы сен-дағы-деп ток күші, кернеу, кедергі заңдылықтарына арналған өлең.
«Ток күші»
Ток күші сенің арқаң өмір сүргеніміз,
Сабақ оқу, кір жуып, кино көргеніміз.
Қымбат қылып бағаңды өсірсең де,
Қиналсақ та уақытында төлейміз біз.
Елімнің жетістігі сенің арқаң,
Бай қылдың, егініңмен қылдың дархан.
Түтемеген шамыңды жарқыратып,
Болдың гой сен біздің шырағымыз.
3. Кітапшамыз оқырманын жалықтырмас үшін арасына физик-ғалымдардың әзіл-қалжыңында кірістірдік. Енді соны тыңдаңыздар.
а) «Сен өте шаршағансың, түріңнен түр қалмапты, үйден кетіп бір күн дем алсаңшы» депті белгілі американ өнертапқышы Эдисонға әйелі. Эдисон әйелінің айтқанын мақұл көріп, үйінен кетіп қалады. Бір күннен кейін әйелі оны тәжірибе жасап жатқан жерінен кездестіреді. Әйелін көрген Эдисон: «Мен өте тамаша дем алдым» деп мақтанышпен жауап берген екен.
ә) Бір күні әйгілі физик Резерфорд лабораториясынан шәкіртін кездестіреді. Ол тәкәппарланып:
- Жұмыс жасап жатырмын, - депті.
- Сіз күндіз не істедіңіз, - деп сұрайды оқымысты.
- Жұмыс істедім, - дейді шәкірті.
- Ал ертеңгісін ше?
- Жұмыс жасадым.
Шыдамы жетпеген Резерфорд : «Сонда сіз қай кезде ойланасыз», - деген екен.
4. Электр тогы мен магниттің арасында әсерлесудің бар екендігі ашылғаннан кейін электр және магнетизм туралы ғылымның жаңа дәуірі басталды. Осыған орай «Магниттің махаббаты» деген әзіл өлеңді тыңдаңыздар.
«Магниттің махаббаты»
Темір магнитке көз салды,
Көз салғанымен қоймай сөз салды.
- Қарындас!
Мен – Темір едім.
Бір өзің деп...
Еңіредім...
Өзіңе болдым көп ғашық,
Өлетін болдым тот басып.
Мінеки,
Махаббатым артып барады,
Магнитің өзіңе тартып барады.
...Ақыры үйленді,
Отау тігіп үйге енді.
Бір күні,
Магнит қырсықтанды.
Тапа-тал түсте
Темірмен ұрсысып қалды.
- Сендей қатігезді соттатып жіберемін
Бүкіл өміріңді тоттатып жіберемін.
- Пішту?! -
Деді Темірде
Көзіңді ақитып
Елірме
Темір не теңің бе, - деді.
- Байласаң да тұрмаймын, кетем, - деді.
- Ей, есуас!
Менсіз қайда бара аласың?
Кетсең атамнан арман
Саған күнім қарамасын.
Ажырасып магнит
Темірменен беталды.
Айналдырды артынша
Біраз-біраз металды.
Мыспен жүрді тартпады
Шикі сары түріне қарамай
Махаббаты артпады.
Қарап жүрмей
Қалайыға да ғашық болды.
Ал, қалайы
Бұдан құтылуға асық болды.
Ағашпен жүрді, шөппен жүрді
Қысқасы, көппен жүрді.
Жаныма ең жақыны
Темір еді! -
Деп магнит өкініп еңіреді.
V. Толқын әлемінде
1. Дүниеде тербеліссіз өмір жоқ сияқты. Ағаштың, ішектің, жапырақтың тербелуі көзге көрінетін қарапайым тербелістер болса, электр тогының, ауаның, электромагниттік радио толқындарының таралуы, атомдардың тербелуі көзге көрінбейтін күрделі құбылыстар. Сондықтан олардың бәріне ортақ заңдары да бар. Осы заңдарды өлең жолдарымен жеткізіп көрейік.
2. XVII ғасырдағы Ньютон, Гюйгенс,
Ашқан әрбір жаңалығы бізге таныс,
Жарықтың құбылысын түсіндірді,
«Бөлшек», «Толқындық» қасиетін айта жүрді.
Ағылшынның ғалымы,
Ынталы да дарынды
Томас Юнг алғаш рет зерттеді,
Жарықтың мынау ұзындығын өлшеді.
3. Оптиканың негізін грек ғалымдары қалады,
Бар жаңалық баршаға Френель арқылы тарайды,
Гюйгенстің ілімін де таратты,
Бар әлемді бір өзіне қаратты.
Френель де жарықтың толқындық қасиетін болжады,
Қанша ғалым бірақта, Ньютонды қоршады,
Екі ғалым теориясы жарысты
Ньютондікі бірақта шетке қарай ығысты,
4. Жарықтың қасиеті негізгі заң,
Табиғаттың сан сырын тірек қылған,
Оқы, зертте, біліп ал жалықпастан
Квант теориясын ұғасың тек осыдан.
Квант теориясын айтпасақ тағы болмас,
Немістің ғалымы Макс Планк негізін салған.
Столетов пен Герц құр қалмаған.
Фотоэффект теориясын жариялаған.
5. Физиканың негізгі заңы орындалатын аңыз-әңгімені тыңдаңыздар.
«Сонаның ызыңы»
«Ертеде жер жүзін топан су қаптағанда апаттан қалған жан-жануарлар Қап тауының басына жиналыпты. Оларды сақтап қалу үшін Нұх пайғамбар кеме жасап, су бетінде бір жылдай жүзген екен. Көзіне көрінгенді кеміруге дағдыланған тышқан күндердің күнінде кемені тескенде, кеменің іші суға тола бастайды. Сонда жылан құйрығының ұшымен тесікті бекітіп, барлық жан-жануарларды апаттан аман алып қалыпты. Оның жақсылығын көрген Нұх оған «не қалайсың, ұнатқаныңды ал» дейді. Сонда қан құмар жылан сонаны барлауға шығарып: «Сен ең тәтті қанды тауып кел» деп тапсырады. Ол ондай қанды адамнан табады да, оны шағып, тілінің ұшымен алып келе жатады. Жолда оған қарлығаш кездесіп сонадан: «Не әкеле жатырсың?» деп сұрайды. Ол тіліндегі адамның қанын көрсетеді... Қарлығаш оның тілін жұлып алады. Содан бері тілсіз сона ызыңдайтын болады».
Көктемнің көңілді кешінде осы әңгімені естіген жолдасым: «Жоқ, бұл дұрыс емес», - деді де, орнынан тұрып, терезенің алдында ұшып жүрген сонаның біреуін ұстап алды да, ертегіші қартқа қарап: «Сона қанатымен ызыңдайды, басын кесіп алсам да ызыңдауын тоқтатпайды», - деді де, ұстарамен сонаның басын кесіп қоя беріп еді, ол біраз жерге дейін ызыңдап ұшып барады.
Шынында да ызыңдайтын сонаның қанаты. Сона көтеріліп ұшқанда екі қанатын дамылсыз дірілдете тербетіп, қозғайды. Осыдан ауада дыбыс толқыны пайда болады. Қанаты үлкен қоңыздар ұшқанда қанаттың дыбысы қаттырақ естілсе, кішкентай масаның қанаттары нәзік болғандықтан нәзік үн шығарады. Мұнда физиканың негізгі заңы сақталып отыр. Ірі денелі қоңыздың қанаты баяу тербеліп отырады, ал ұсақ масаның қанаты жиі тербеледі. Ірі қоңыздар қанатын секундына 100-120, кішкене қара шыбын қанатын 350 рет, ал сары масаның қанаты секундына 500-600 рет тербеледі.
Жалпы алғанда дыбыс шығару үшін, жиі тербелуші дене мен оны тарататын ауа қажет. Өйткені ауа бар жерде дыбыс толқындары еркін тарайды, шағылысады, кері қайтады.
VI. Қорытынды
1. Физика – тілдесер табиғаттың тілі екен ғой,
Көз тартар сұлулықтың сыры екен ғой.
Аттасаң аяғыңды, алдыңды орап
Алдыңнан қалмайды екен тіріде ол.
Салған ән, айтылған сөз, ішілген ас
Космос кораблі, атылған тас,
Аққан су, соққан дауыл, айтылған жыр
Бәрінің бағынары физика ғой.
Сондықтан табиғаттың сырын терең
Деушіге оқып, зерттеп, білем, көрем,
Демесең болсын егер еңбегім еш,
Әуелі физиканы оқы дер ем!
2. Негізі бар ғылымның – физика
Жалықпай оқып үйрен тек қана.
Білімнің есігін ашты көзін тауып,
Ньютон, Эйнштейн, Архимедтер.
Бүгінде физика барлық жерде,
Құрылыста, техникада, өндірісте.
Сырларын бұл ғылымның үйреніңдер.
Құрбыларым, зерделікпен меңгеріңдер! VII. Міне, кітапшамен де танысып болдық. Кітапша қолжазба күйінде. Оған апталық барысында оқушылардың салған суреттерін кітапшаның бөлімдеріне байланысты қоса отырып, суретті, әңгімелі, өлеңді, әзілді кітапша ретінде қабылдауға болатындығын айта кеткіміз келеді.
Сіздерден өтінетініміз: кітапшаның ұнаған-ұнамағандығы жайлы, кітапшаға тағы қандай мәселелерді енгізген жөн болатындығы туралы пікірлеріңізді тыңдасақ. Бұл – кітапшаны бұдан әрі де жақсарта түсуге көмектеседі деп сенеміз.