«?азіргі заманда жастар?а заманауи ?дістермен а?паратты? технологияларды ?олдану »


Орал гуманитарлық- техникалық колледжі
«Педагогика,психология»
кафедрасы
Баяндама тақырыбы:
«Қазіргі заманда жастарға заманауи әдістермен ақпараттық технологияларды қолдану »
Дайындаған оқытушы: Бексариева Жазира
Сабетбековна
Орал -2013ж
Өзінің кәсіби – педагогикалық қызметін жүзеге асыруда жұмыс ұйымдастырудың жаңа әдәс-тәсілдерін меңгеріп, қолданысқа енгізе алатын заман талабына сай шығармашыл мұғалім тұлғасына қоғамдағы сұраныстар мен оқушыларға білім берудің жаңа және ақпараттық технологияларын қолдана отырып, білім сапасын жетілдіруге бағытталған біртұтас педагогикалық жүйе шығару қажеттілігі тақырып өзектілігін дәлелдейді. Баяндамада оқушыларды білім берудің жаңа және ақпараттық технологияларын қолдана отырып, білім сапасын жетілдірудің теориялық негіздері қарастырылған.Оқушыларының білім сапасын айқындау және қалыптастыру мақсатында өткізілген педагогикалық технологиялардың нәтижелері көрсетілген.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желіге шығу» - делінген. Сондықтан білім беруді ақпараттандыруды басты бағыттардың бірі оқушылардың электрондық байланыс жүйелерінде ақпарат алмасу, интернет, электрондық пошта, теле-конференция, видео-конференция, телекоммуникациялық жүйелер жүйесінде жұмыс істей білуіне жағдай жасау. Заман ағымына сай күнделікті сабаққа видео, аудио қондырғыларымен компьютерді қолдану айтарлықтай нәтиже беруде. [1].
«Ақпараттық технология» терминін академик В.М. Глушков енгізген. Білім беру процесін ақпараттандыру оқушыға білім берумен байланысты болғандықтан, В. Глушковтың анықтауынша, «Ақпараттық технологиялалар» ақпаратты өңдеумен байланысты прцестер болып табылады. Ал білім беруде компьютерді және оның құралдарын пайдалана бастаған кезде оқытудың ақпараттық технологиялары ұғымы пайда болды. А. Горячевтің тұжырымдауынша, «Ақпараттық технология»- мәтіндік редактор, электрондық кесте, мәліметтер базасы, графиктік редактор, мультимедия және коммуникациялық технологиямен сипатталады. Р. Әбдірәсілова болса, «Ақпараттық технологияны» оқыту құралдары жүйесінің элементі деп қарастырады [2].
Ұстаздың шығармашылық жұмысы ең алдымен сабаққа даярлықтан басталады. Сабақтың өз мәнінде өтуі ұстаздың біліміне, ұйымдастыру қабілеттілігіне, яғни шеберлігіне байланысты. Оқушылардың шығармашылық даралығын қалыптастыру үшін, оқушының дайындық деңгейін, ынтасын және материалдарды тиімді оқытуды ұйымдастыру және оқыту үрдісіне жаңа ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланған дұрыс. Жаңа технологиялық үрдістің кең таралуының еркіндігін әр пән мұғалімдерініңөздерінің дәстүрлі сабақтарынан бастап әр тараптанылған сабақ түрлерін, ашық сабақ үлгілерін компьютерді, интербелсенді тақтаны, электронды оқулықты, мультимедия кабинетін еркін меңгере отырып өткізуі үлкен жетістік [3].
Білім беру саласында тек мұғалімнің айтқанын орындау немесе оқулықты пайдалану заман талабын қанағаттандырмайды. Сондықтан қазіргі ақпараттандыру қоғамында электрондық оқулықтарды пайдаланбау мүмкін емес. Мектепте барлық пәндерге арналған электронды оқулықтар бар. Кез келген сабақта электрондық оқулықты пайдалану оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды. Электронды оқулық оқушының уақытын  үнемдейді, оқу материалын іздеп отырмай, өтілген және оқушының ұмытып қалған материалдарын еске түсіруге зор ықпал етеді.Электронды оқулықтың ең қажет элементі – аудио хабарлар. Онымен жұмыс істеу кезінде прогаммалық оқытудың барлық тәсілдерін пайдалануға болады. Мысалы, ол теледидар мен кинопроектор мүмкіндіктерін көрсетіп, кестелер, көрнекі материалдарды т.с.с. алмастыра алады. Қазіргі кезде мектептегі барлық кабинеттердің интербелсенді тақтамен жабдықталуы мұғалімнен жаңа ақпараттық технологияларды жетік меңгеруді талап етеді.          Жас ұрпаққа білім беру жолында жаңа ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор. Сондықтан заман талабына сай жаңа ақпараттық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, оқушылардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру әрбір мұғалімнің заманауи басты міндеті [4].Қазіргі кезде мультимедиялық құралдар жиі пайдаланылады. Ақпараттық технологиялардың ішіндегі мультимедиялық құралдардың тиімді тұстарын атап айтсақ, олар:Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануда интербелсенді тақта мен activstudio-ның орны ерекше.
Оқу үрдісінде, оның ішінде практикалық сабақтарда интербелсенді тақтаны қолдану мұғалімнің  жеке тәжірибесіне, шығармашылық ізденісіне байланысты. Интербелсенді құралдар оқыту формасын ұйымдастырудың түрлендіруге, дәстүрлі оқыту әдістеріне жаңа элементтер енгізуге мүмкіншіліктер жасайды.
Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Бұл құрал балалар мен мұғалімдердің жаңа әдіс, жаңашылдық, жаңа әдістемелік құрал ретінде танылып, олардың білім алуға деген құлшыныстарын арттыруға көмегі тиіп отыр [5].
Оқушыларға білім беруде жаңашыл технологияларын қолдану инновациялық бағытта жұмыс жасау заман ағымына сай талап етілуде. Бүгінде қоғам-ның жеке тұлғалы дамыған адамын тәрбиелейтін ұстаз өзінің шығармашылық ізденуі, оқытуда жаңа педагогикалық технологиялар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеруі, кәсіби құзырлығының жоғары деңгейде болуы қажет. Оқушыны білім алуға, оқуға, үйретуге көп мән берілуі тиіс. Оқушыларды білім алуымен қатар шешендік шеберлігі мен баяндау жүйелілігі қалыптасады, өз пікірін ашық білдіретін саналы ұрпақ тәрбиеленеді.
Жаңа технология жүйесінде проблемалық және іскерлік ойын арқылы оқытудың да маңызы зор. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды, оның шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, пәнге қызығушылығын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді [2].Оқушылардың білім, білік, дағдыларын жетілдіру үшін оқытудың жаңа технологиясы негізінде дифференциалдық және дербес деңгейлік оқыту үшін тұрақты оқулықтар мен оқу құралдары керек деп есептеймін. Сонымен қатар, жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі ақпарат құралдарымен жұмыстана білуіне назар аудару керек. Оқушы қызметін активтендіру негізінде педагогикалық технологиялардың бірі – деңгейлік саралау технологиясының элементін қолдану. Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты: әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгергенін қамтамасыз етеді.
Өз іс тәжірибемде оқушы қызметін дамыту негізінде педогогикалық технологияларының бірі – жеке тұлғаға бағытталған, сондай-ақ дамыта оқыту технологиясының элементін қолданамын. Жеке тұлғаға бағыттап оқыту технологиясының мақсаты: әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгергенін қамтамасыз етеді. Әр оқушыға өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алуына жағдай жасауға, әр түрлі категориядағы балаларға, олармен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жеке тұлғаға бағытталған оқыту технологиясы тиімді, нәтижелі болу үшін жеке тұлғалық, психологиялық даму ерекшеліктеріне, пән бойынша білімді игеру деңгейіне көңіл бөліп отырамын. Жалпы менің оқытудағы өз міндетім оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу, үйрету, шығармашылық қабілетін дамыту. Сондықтан сабақта оқушылардан жиі тақырып бойынша жеке жұмыс түрлерін алып отырамын. Өйткені, ол оқушының ойлауын, елестету мен есте сақтау белсенділігін, дағдысын білім саласының  дамуын қамтамасыз етеді.Күнделікті сабақта сабақ өткізу формаларын және түсіндіру әдістерінің жаңа тәсілдерін күнделікті сабаққа қолдануға тырысамын. Көбінесе сабақтың мазмұнына, сабақты өткізудегі тәсілдері мен әдістерін дұрыс таңдауға назар аударамын. Осы орайда белгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу.» - айтылған сөздері ойға оралады. Бір сабақтың әр кезеңдерін, түрлі әдістерін орнымен пайдалану арқылы көп нәтижеге жетуге болады. Оқушы санасына білімді жүйелі түрде меңгеруіне және қабілет деңгейлерін дамытуға ықпал етеді.
Дамыта оқыту технологиясы – оқушының оқу, білім алу процесінде жан-жақты дамуын оқытудың басты мақсаты ретінде қабылдайды. Даму дегенде оқушының ойлауы, табандылығы, зейіні, оқу дағдысы мен іскерлігі тағы басқа да қабілеттерін дамытуды айтамыз. Сондықтан оқу процесі оқушылардың анализдеу, синтездеу, себеп – салдар
байланыстарын табу, жалпылау, қорытынды жасау, түрлерге бөлу, салыстыру – сияқты интеллектуалдық дағдыларын дамытуы тиіс. Бұлардан басқа оқу процесінде оқушылардың көптеген ақыл - ой қабілеттері жұмыс істейді. Олар болжам жасауға қабілеттілік, жалпы қабылданған көзқарастарға сын көзімен қарау, ойдың икемділігі, құбылыстардың байқалуы, қиын ұқсастықтарын аңғарту, білуге құмарлық.
Дамыта оқыту технологиясы сабақта проблема қою әдісін және оқушылардың зерттеу әдісін қолданып отыруды көздейді.Дамыта оқыту технологиясында оқушының барлық оқу әрекетіне мұғалім басшылық, бағыттау жасап отырады. Дамыта оқыту оқушының ойлау қызметімен қатар олардың оқу білігін дамытуды көздейді [6].
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет», - деп Президентіміз атап айтқандай , сабақты ақпаратты-қатынастық технологияларды қолдана отырып өткізу – жаңа білім берудің басты шарты. ҚР «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған, білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделді. Бұл міндеттерді шешу үшін мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге жол ашады [1].
Сондықтан сабақ барысын жаңаша ұйымдастыру қажет. Оқушының пәнге деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру керек деп есептеймін. Әр сабаққа дайындық – мұғалімнің ізденісінің нәтижесі, сабақты ыңғайына қарай түрлендіре түссе, әр сабақта жаңа әдіс-тәсілдерді қолданса, сабақтың мазмұны ашылады. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді деп есептеймін. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек»,-деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзін негізге алып, қазақтың болашағын тәрбиелеу мен білім беру ісінде әлемдік стандартқа сәйкес білім беруді темірқазық қылып ұстансақ қателеспеспіз деп ойлаймын.
ӘДЕБИЕТТЕР
Білім заңы. Алматы, 2007 ж.
А. Иманбаева, Оқу-тәрбие үрдісін ақпараттандыру білгірлігі. Қазақстан мектебі, №2, 2000
С.Т.Мұхаметжанова, Ж.Ә. Жартынова, Интерактивті жабдықтармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері. Алматы, 2008ж.
Гүлсамал Нұрымбетовна, Жаңа ақпараттық технологиямен сапалы білімге. «Информатика негіздері», №3-2009.
Ж. Иманғазиева, Интерактивті тақтаны тиімді қолдану. «Информатика негіздері», №2-2011ж.
М. Құбашева, Жаңа ақпараттық технологиялармен оқыту. Информатика негіздері», №4-2011ж.