Саба?ты? та?ырыбы: Т?рбие отбасынан басталады
Тәрбие отбасынан басталады, сондықтан бала тәрбиесін дұрыс жолға қоюды қалыптастыру ең маңызды іс екенін әрбір ата-ана біліп қана қоймай, шынайы еңбек ету керек.Отбасы – баланың өмір тәжірибесін жинақтайтын қайнар бұлақтың бастауы. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап сол ортаның бар-жоғына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетіп, өз отбасын құрады. Әр заманның ақыл-парасат алыптары өз заманында отбасы, ұрпақ тәрбиесі туралы келелі ой түйіндерін жеткізген. Қорқыт атаның мақалдары отбасындағы әрбір жанның келбетін толғайды:
Тізесін бүгіп отырған әйел көрікті;
Самай шашы ағарған баба көрікті;
Ақ сүтіне тойғыза емізген ана көрікті;
Жанашыр ағайын-туған көрікті;
Үлкен шаңырақ үйдің жанына тігілген келіннің отау үйі көрікті;
Өнегелі бала көрікті.
«Отбасы» деген терминнің өзіндік мағынасы бар. Бұлай дейін себебіміз, адам тіршілік процесінде қажеттілігіне байланысты от жақты, үй салды, жұптасып отбасын құрды, ұрпақ сүйіп, өмірін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырды. Демек, отбасы сөзінің мағынасы терең, адамның әлеуметтік өмірін айқындайды. Сондықтан соңғы кезде жарық көрген күрделі еңбектердің мазмұнынан «отбасы» деген термин орын алған. Отбасы тәрбиесі – барлық тәрбиенің негізі. Өйткені баланың туған кезінен бастап, есейгенге дейінгі уақыт аралығында өміріне арқау болатын тәлім-тәрбие отбасы мүшелері арқылы беріледі. Олар баланы ата-бабаның өміріндегі еңбек және қоғамдық іс-әрекеттің барысында ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесінен өнеге алып, оны құрметтеуге, жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтылуға, қоршаған ортасын танып, онымен қарым-қатынас жасауға және баланы өз бетімен әрекет етуге бейімдеп отырған. Отбасы тәрбиесі туралы орыстың педагогы А.С.Макаренко: «Әрбір отбасы сырттан алынған даяр рецептілерді пайдаланбай, әрдайым өмір мен адамгершіліктің жалпы принциптік системасын пайдаланып, көптеген педагогикалық мәселені өзі шешуі керек», - дейді.Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Балаға бар жақсы қасиеттерді, яғни қазаққа тән қасиетті бойына сіңіріп, дарыта білу ата-ананың тікелей міндеті. Себебі сол саналылықтың барлық сипаты сәбидің өмірге келген күнінен бастап сол отбасында бойына сіңеді. Кейін балабақша, мектеп, қоршаған орта және қоғамда болып жатқан әртүрлі жағдайлардың әсерімен қалыптасады. Жалпы, біздің қазақ халқындағы бала тәрбиесіне жете көңіл бөлінген. Баланы есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының парызы. Өйткені, «Ес түзелмей, ел түзелмейді», еліміздің болашағы отбасында бесіктен басталып, оқу-тәрбие орындарында есті ұрпақты тәрбиелеу ісімен шешілмек.Отбасындағы тәлім-тәрбиенің мақсаты – баланың жасын, жеке ерекшелігін, психологиялық процесін ескере отырып, жарасымды жетілген ұрпақты тәрбиелеу. Ал мұндай мақсатқа жету үшін отбасындағы тәрбие мынадай міндеттерді шешуі тиіс:
Отбасында баланың денсаулығына қамқорлық жасау, тазалыққа үйрету;
Еңбекке деген сүйіспеншілігін баулу;
Отбасы мүшелерімен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрету;
Үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу;
Адамгершілікке, әдептілікке, инабатты болуға тәрбиелеу;
Әдебиет пен өнерге, мәдениеттілікке тәрбиелеу.
«Тәрбие тал бесіктен» дегендей бұл мақсаттардың барлығын жүзеге асыру үшін бала дүниеге келгеннен отбасында, қоршаған ортамен, қоғамда, мектепте тәлім-тәрбие бәріліп, іске асады.«Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әкеден ақыл, анадан мейір» дегендей балаға ата-анадан артық жақын ешкім жоқ. Әрбір ата-ана баласының әдепті, білімді болып өсуін армандайды, оның қоғамда өз орнын тауып, өмір сүруін қалайды. Бірақ кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне үстіртін қарап, балабақша немесе мектепке бердім, солар тәрбиелесін деп өздерінен міндетті алып, білім мекемелеріне арта салатыны да бар. Осындай жағдайдан кейін ата-аналардың бала тәрбиесіндегі атқаратын қызметі не болмақ?Бұл жағдайлардың алдын алу үшін мектептегі сынып жетекшісі, мұғалімі ата-аналармен біріге отырып жұмыс істеу қажет. Сынып жетекшісі ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болып, ата-аналар сайысы, ата-аналармен біріккен спорттық жарыстар, салт-дәстүрге қатысты сайыстар т.б. ұйымдастыру қажет.Мысалы, ата-анасымен бірге оқушыны, ұстазын қатыстыра отырып «Ұстаз – бағбан, ақылшы – ана, бала – болашақ» деген тақырыптағы интеллектуалдық сайысын өткіздім. Бұл сайысты өткізудегі мақсатым ұстаз, ата-ана, оқушылар арасындағы педагогикалық ынтымақтастықты дамыту. Оқушы қыз балалардың бойында ата-анаға және ұстазына деген құрметін арттыру.Бұл сайысқа 3 топ қатысты. Әр топтың көңіліне жақын ұрандары болды. Сайыс мерекеге байланысты «Гүл сыйлау» жүректен жүрекке мерекелік тілек айтып шаттық шеңбер жасау арқылы басталды.Сайыс 8 кезеңнен тұрды:
Кейіпкердің образына ену;
Халық әнін орындау;
Кездейсоқ жағдайлардан шығу. Ата-ана мұғалім рөліне ену;
Әрбір топқа тақырып беріліп, осы тақырып бойынша ата-аналар өз ойларын ортаға салды;
Балаларына сұрақтар;
Жұмбақтар;
Балалар іс-қимылын жасырады, анасы не екенін табу;
Анасы мен ұстаз баланың жақсы қасиеттерін жазу. Оқушы бала өзінің бойындағы жағымсыз қасиетті жазу.
Бұл сайыстағы қол жеткен нәтиже ата-ана, ұстаз, оқушы арасында ынтымақ, бірлік, бір-біріне деген сенім, құрмет және баланың өз анасына деген сүйіспеншілігі көзінен білініп тұрды. Сайыс «Ана туралы жыр» әнін барлығы хормен орындап аяқталды.Салт-дәстүрге қатысты «Ата салтың – ардақтың» атты сайыс өтілді.Ата-ана мен мектептегі сынып жетекшісі бірігіп жұмыс істеп, тығыз қарым-қатынаста болуы өте жақсы нәтиже беретіндігіне сенімім мол деп айтуға болады.Отбасы – тұлға қалыптастырушы бесік. Осыдан «Азамат қалыптастырамын десең бесігіңді түзе» деп, ұлы ғұлама М.Әуезов бекер айтпаған.Отбасындағы тәрбие мазмұны демократиялық қоғамның өзекті мүдде-мұраттарына орайластырады. Болашақтағы еңбектік, қоғамдық, отбасылық өмірге бейім, дені сау, психикалық болымды, адамгершілікті, иманды, парасатты тұлға дайындау – отбасы міндеті.Сонымен қатар бала тәрбиесінде отбасы ішіндегі кикілжің, ата-анасының ажырасуы да бала тәрбиесіне үлкен әсер етеді. Үйлену, дүниеге ұрпақ әкелу, оны ішіп-жеммен, киіммен қамтамасыз ету, оқыту, балиғатқа жеткен соң үйлендіріп, тойын жасап беру, оның болашағына, бақытты ғұмырына жағдай жасау ата-ананың парызы, табиғаттың жазылмас заңдылығы болып табылады. Ажырасу балаға тәрбие берудегі қиындыққа да байланысты болады. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей ажырасқан жанұяда бала тәрбиелеу күрделірек. Басбұзар бала тәрбие бере алмаған отбасынан шығады. Кейбір балалар анасының, не әкесінің жайын түсініп өседі. Оған керісінше көмектесуге, жаман әдеттерден аулақ болуға тырысады. Отбасындағы көңіл-күй бала санасына, тәрбиесіне әсер етеді. Ата-анасының екі айырылысуы баланың жанын жаралайды. Балада бар әлемге жеккөрушілік сезімі пайда болады. Ата-анасы өзін жақсы көрмейді деп ойлайды. Сондықтан мұндай балалар көбіне қатыгез болып шығады және мұның салдарынан психикалық денсаулығына қолайсыз кері әсер етеді. Ондайда олар ашуланшақ, күйгелек болып кетеді. Сондықтан балаға, оның тәрбиесіне салғырт қарамай, түсінушілік танытып, қолдау көрсету қажет.Қорыта айтқанда, бүгінгі күн талабына жастарды саналы, әдепті етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйеніп, ұлттық дәстүрімізді, әдет ғұрпымызды, дінімізді, ата-бабамыздан қалған асыл мұраларды балалардың санасына сіңіре білу ата-ананың басты міндеті. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше. Бала тәрбиесіне әрбір ата-ана жауапкершілікпен қарап, барлық қазақи қасиетті болмысын бойына дарыта білсе нұр үстіне нұр болар еді.Пайдаланылған әдебиеттер:
Бастауыш мектеп журналы, 2006 ж. №4
Ш.Алтынбай «Отбасында ата-ана қарым-қатынасының бала тәрбиесіне ықпалы». Түркістан 2008 ж. 149-б.
Бабаев С.Б. Оразов Ш.Б. Бабаева К.С. «Педагогика: жалпы негіздері және тәрбие теориясы» - А. 2008