«Отбасы – отанымызды? оша?ы, ?лтты? т?рбие — елімізді? болаша?ы» та?ырыбында ?тетін б?лім ішілік ашы? т?рбие са?атыны? ?дістемелік талдауы.


Келісілді Бекітемін
Директордың оқу-әдістемелік ісі Директордың оқу-тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары жөніндегі орынбасары
Сарыбекова Ж.Н._______ Қуанышбекова Л.Т.______
« »____________2014 ж « »____________2014 ж.
Қаралды
Бөлім меңгерушісі
Махамбетова Н.Т._______
« »____________2014 ж.
«Отбасы – отанымыздың ошағы, ұлттық тәрбие - еліміздің болашағы»
тақырыбында өтетін бөлім ішілік
ашық тәрбие сағатының әдістемелік талдауы.

Дайындаған «Мейірбике ісі» бөлімі
223 топ кураторы Бегалиев Ж.Б.
Ашық тәрбие сағатының мақсаттары:
1. Тәрбиелік мақсаты: білімгерлерді мейірімділікке, қыздарды құрметтеуге, қыздарды қадірлеу арқылы еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыруға, үлкенді құрметтеуге, ата-ананы сыйлауға, өнерді дәріптеуге тәрбиелеу.
2. Білімділік мақсаты: қазақ халқының дәстүрлі тәрбие түрлері арқылы үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастыру, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында білімге деген қызығушылығын арттыру, қыздарды бағалай білуге үйрету, әсемдікті сүюге баулу.
3. Дамыту мақсаты: білімгерлердің бойында қыздарды құрметтеу, қастерлеу сезімін дамыту, мәнерлеп оқу, сөйлеу мәнері, ой- өрісін дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
4. Әдістемелік мақсаты: өлең шумақтары, мақал-мәтелдер арқылы тәрбие сағатының мазмұнын ашу.
Қолданылатын көрнекіліктер: нақыл сөздер,түрлі-түсті шарлар, баннер, плакаттар.
Өткізілетін күні мен орны:
Қатысатын білімгерлер: 25
Өткізетін оқытушы: Бегалиев Ж.Б.
Ашық тәрбие сағатының жоспары:
Кіріспе
1. Мұғалім сөзі.
2. «Қыздарға» - өлең шумағы.
3. «Қазақтың қыз-келіншектері қалай киінген?
4. Күй «Көңіл толқыны».
Негізгі бөлім
1.«Қыз сұлу көрінеді білімімен» - өлең шумағы.
2. Көрініс «Ақылды қыз».
3. «Анаға арнау» - өлең шумағы.
4. Ән «Секіртпе».
5. Баяндама «Әйел – ананың қоғам дамуына қосқан үлестері».
6. М.Мақатаев «Қыздарға» - өлең шумағы.
7. Ұйғыр биі «Сетора».
III. Қорытынды бөлім.
1. Арулар жайлы өлең шумақтары.
2. «Қазақ қызына тән сипаттамалар».
3. Мақал-мәтелдер.
4. «Қазақ қыздарының ережесі».
5. Ән «Келінге өсиет».
Ашық тәрбие сағатының барысы:
І. Кіріспе
1.1 Мұғалім сөзі:
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен білімгерлер! Рухани-адамгершілік мәдениетті қалыптастыру бағыты бойынша «Мейірбике ісі» бөлімі 223 топ білімгерлерімен өткізілгелі отырған «Отбасы – отанымыздың ошағы, ұлттық тәрбие - еліміздің болашағы» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың мақсаты: білімгерлерді мейірімділікке, қыздарды құрметтеуге, қыздарды қадірлеу арқылы еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті арттыруға, үлкенді құрметтеуге, ата-ананы сыйлауға тәрбиелеу. Қазақ халқының дәстүрлі тәрбие түрлері арқылы үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастыру, қыздарды бағалай білуге үйрету, білімгерлердің бойында қыздарды құрметтеу, қастерлеу сезімін дамыту.
Олай болса, тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер! Сөз кезегін бүгінгі кештің жүргізушілері Алтынхан Аида мен Арқұл Күнсұлуға беріледі.
1-жүргізуші: Армысыздар құрметті ұстаздар мен білімгерлер! Тәуелсіздіктің туын тігіп, еңселі ел болсақ деп ежелден армандап келген бүгінгі қазақ жұртының тағдырына тікелей қатысты өзекті мәселелердің бірі – қазақ халқына тән ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерін, Отанға, отбасы ошағының ұйтқысы болатын қыздар тәрбиесінде пайдалану. Бүгінгі таңда қазақ халқының алдында тұрған ең келелі мәселелердің бірі – қыз тәрбиесі.
2-жүргізуші: Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанның азаматтары да жаңарды, әрбір адамның ісі, сөзі, әдеті, психологиясы, көзқарасы өзгеруде. Қазақ қызымын деу мақтанышқа айналды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ» демекші,қазақ халқы қыздар тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген.
1-жүргізуші: Ата-бабаларымыз қалыптастырып, халқымыздың бұлжымас тіршілік заңына айналған ғажап салт-дәстүрлерімізді ерте заманда-ақ өзінің мәнділігімен, озық үлгісімен қыз баласын тәрбиелеуде пайдаланған.
2-жүргізуші:Қазақ халқының қыз балаларды дәстүрлі тәрбие арқылы тәрбиелеудегі көзқарастары ғұлама ғалымдары, шешендер мен билері, ақын-жыраулар мен сал-серілерінің мұраларында көрініс тапқан.
Кезекті мәнерлеп оқуға берейік. Алдарыңызда топ білімгері Ахметкерімова Сымбат «Қыздарға».
Өмір - қатал, көтермейді ойынды,
Ұқпайды да, кейде ізгі ойыңды.
Тағдыр жолың жіңішкелеу өмірде,
Жаман аттан аулақ ұста бойыңды.
Қыз ғұмырдың үлпілдеген гүлдер ем,
Тербетілген ақ самалмен, күнменен.
Абайлап жүр, ерте үзуге тым құмар,
Тасбауырлар қадіріңді білмеген.
Байқа, ботам, өте нәзік жаның да,
Аңқау болма, қызыққа көп салынба.
Кір келтірме, қыз атыңа, арыңа,
Шалыс басып, түсіп кетпе жалынға.
Төтеп берсін дауылдарға желкенің,
Сарқылмасын бал қылықты ертегің.
Күрес, еркем, жамандықпен жасымай,
Күндей нұрлы болу үшін ертеңің!...
1-жүргізуші: Ана – барлық өмірдің бастауы. «Ата ұлды тәрбиелейді, Ана ұлтты тәрбиелейді» деп дана халқымыз айтқандай ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни, қыз бала тәрбиесіне тек анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болған. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, ер-тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем-сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау – халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі.
2-жүргізуші: Жиын тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. Орта Азия мен Қазақстанда жалғыз келе жатқан қызды көрсе, оған қорғаныш болып, баратын жеріне дейін шығарып салатын болған. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» дегендей, қызғалдақтай болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған. Міне, осындай тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған.
1-жүргізуші: Ерте заманнан бастау алатын киім кию дәстүрі бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатса да, ұлттық киім кию мәнеріміз, өзіндік бітім-болмысымызды айқындайтын өз киіміміз қандай болды? Осыған келгенде түрлі дау-дамай туып, нәтижесі өзге ұлттардың киімін қазақ киімінің түп тарихына байланыстыруға әкеледі. Шын мәнінде, қазақтың қыз-келіншектері қалай киінген?
Ендеше, осы сұрақтың шешімін тауып көрейік.
«Қазақтың қыз-келіншектері қалай киінген?»
Әліпбек Ұлдана
Қазақ қыз-келіншектері киімінің негізгі ерекшелігі - тұла-бойды жауып тұратындығында. Қазақ киімі өзге ұлттардағыдай аса шеберлікпен, дәлдікпен, әсемдікпен тігілген.
Киімде бүкіл ұлттың, жалпы халықтың болмысы жатса, қызға қырық үйден тыю жасаған қазақ қыз-келіншектерінің киімінде көшпелі ұлттың қатпарлы тарихы қатталып жатқандай. Қыз етегінің ұзын болу себебі, ибалықты білдірсе, кимешек секілді басты жауып тұратын бас киімдер көшпелі халықты желдің өтінен, күннің ыстығынан, қыстың ызғарынан қорғаған. Біздің ата-бабаларымыз ақ түстің денсаулықты қорғай алатын қасиеті бар екенін біліп, ақ түсті киелі түске айналдырған.
Кішкентай қыз.
Жаңа туған нәрестеге әлбетте, иткөлек кигізген. Ал есі кіріп қалған қыз балаларға көйлек кигізіп, тұлымшағын өріп қойған. Басына тақия кигізіп, үстіне тізесін жауып тұратын көйлектер кигізген.

Бойжеткен
«Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?», - деп Абай атамыз қазақтың бойжеткен қыздарын бейнелеген.Қазақ халқы бойжеткен қыздардың киiм киiсiне ерекше көңiл бөлген. Бойжеткен қыздар бастарына жаздыгүні жұқа матадан тігілген тақия кисе, қыста бөрік киген. Тұрмысқа шықпаған бойжеткен барынша сәнді киініп жүрген. Қыздардың киімдері аса ұқыптылықпен тігілген. Ою-өрнектің сан түрімен әшекейлеп, түрлі тастармен безендірілген.
Бұрымын әсемдеп өріп қойып,шолпысын сылдырлатып жүрген бойжеткендер талай жүректерді дір еткізген. Қазақ қыздары осынау сұлулығын сырт көзден бүкпей, керісінше қырмызы гүлдей құлпырып жүрген.
Келіншек. «Керім жібек басына сәлде орайды, Бір ораған сәлдесін жүз орайды» деп халық өлеңінде жырлағандай, келін өзге шаңырақтың босағасын аттаған соң, оған жаулық салып, еншілейді, яғни, орамал тартқызады. Орамал - тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Балалы болмағанға дейін үй тірлігін атқарғанда кедергі келтірмес үшін, тамақ пісіргенде шашы тамаққа түсіп кетпес үшін, басына орамал тағып жүреді. Сондай-ақ, жас келін сұқтанған көзден сақтану үшін де орамал тартады. Наным-сенімі берік халқымыз келінін тіл-көзден сақтау үшін орамал таққызған. 
Әйелдер. Қазақ әйелдері көбіне үй шаруасымен айналысып, шаңырақтың ырысын сақтап отырған. Салт бойынша, балалы болғаннан кейін әйелдер кимешек киген. Яғни, кимешек кию - ана болғанның белгісі. Кимешекті неге киген? Себебі, кимешек баланы емізгенде айналаға өңірін ашып көрсетпей, төсті жауып тұратын болған. Ол кеуде, иық, жонды жауып тұратын, әйелдің бет-әлпеті анық көрініп тұратын киім. Емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізсе, шайтан түртіп, қайызғақ баланың аузына түсіп кетеді деп ырымдаған. Жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Кимешектің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болған, сәйкесінше, әйелдер үй мен қонаққа киетін кимешектерін бөліп киген. Кимешекке ою салып, моншақпен әсемдеу оның жолдасы бар екенін білдірген. Ал жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастап таққан...
Әже. М. Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе, сені көрем, Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?» деген өлең жолдарынан әжелер туралы айтылғандығы анық көрінеді. Әйел егде тартқан сайын, кимешегі де қарапайымдала берген. Кимешек көшпелі өмірге бейімделіп тігілгендіктен, көшіп-қонған заманда әйелдің денесін таза, жылы ұстау үшін киілген. Кимешектің үстінен жаулық тартқан. "Ақ жаулықты әже" тіркесі осыдан шықса керек. Жаулықтың маңдайына қатты қағаз салып орау әжелердің мәртебесін, салтанатын көрсеткен.
Қазіргі заманауи киіну. Заман дөңгелегіне ілесіп, ұлттық киім де өзгеріске ұшырайды. Әлемде ата-бабадан қалған ұлттық киіммен жүретін халықтар некен-саяқ. Заман бір орында тұрмайды. "Сән айналма сағат сияқты" жылдар жылыстаған сайын, киім де өзгешелікке ұшырап, уақытқа сай бейімделіп отырады. Қай ұлтты алмаңыз, ұлттық киім бүгінде тек арнаулы мереке мен мейрамдарда киілетін құнды жәдігерге айналып кетті.
Бұл күні заманның заңына орай киім киісімізді бұрынғы салт-дәстүрге негіздей отырып, бейімдеуге болады. Бастысы - киім дененің ұятты жерлерін жауып тұруы керек. Заманға сай киіну, заманауи ару немесе заманауи келіншек атану ұлттың қасіреті емес. Ұлттың қасіреті – киім арқылы сананы жаулап, түп-төркінді құрту...
Адам болмас өз өнерін сүймеген.
2-жүргізуші: «Күйші айтар барлық ойын күйменен,
Бар өнерге куә болсын көпшілік,
Өзімізді дәлелдейміз әсем әнді күйменен» –дей отыра ортаға күйші қыздарыңызды шақырамыз.
1-жүргізуші: Қыз тәрбиесі – адамзат қоғамын үнемі толғандырып келе жатқан күрделі мәселенің бірі. Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға үлкен сын болған. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу тағы басқа өнерді қыздарына басқа босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық тұрғыдан даярлай бастаған. Келесі кезекті мәнерлеп оқуға берейік. Топ білімгері Жолтаева Нурила «Қыз сұлу көрінеді білімімен».
Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыла төгілген қос бұрымымен.
Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы,
Қыз сұлу көрінеді білімімен.
Қыз сұлу көрінеді шашыменен,
Ай қабақ қиғаш қара қасыменен.
Қыз сұлу көрінеді толған айдай,
Он бес пен он сегіздей жасыменен.
Қыз сұлу көрінеді өрнегімен,
Тізіліп сөз маржанын тергенімен.
Майысып, бұратылып, майда басып,
Жаныңа наз қылықпен келгенімен.
Дарытқан бар асылды өз еліне,
Құлпырады қазағымның арулары,
Қыз сұлу көрінеді өнерімен.
Өткендей сұлулықтың елегінен.
Көрініс «Ақылды қыз». Рөлдерде: Дүрия – Елеусинова Данагүл, Ыдырыс – Каримсакова Жазира, қарақшылар – Назиржанова Севара, Нұрланова Айжанат, уәзірлер – Оразққұл Ботакөз, Өтелбаева Айгерім.
Автор: Сүйінбай Арайлым
Ертеде Дүрия деген өте ақылды қыз өмір сүреді. Оған ханның баласы Ыдырыс ғашық болып, үйленгісі келеді. Ыдырыс Дүрияға:
«Қараудан ақ жүзіңді зерікпедім,
Япыр-ау, неткен өзің көрікті едің.
Достар-ау, айтыңдаршы шыңдарыңды,
Өмірде осындай сұлу қызды көріп пе едің?!»
Сонда Дүрия Ыдырысқа:- «Қолыңнан еш нәрсе келмейді, қолөнердің бір түрін үйренбесең мен саған күйеуге шықпаймын. Бірде-бір қолөнерін үйренбеген адам – бақытсыз. Адам қолөнерін меңгергенде ғана асқар шыңға көтеріліп, ағынға қарсы жүзе алады», – дейді.
Автор: Дүрияға үйленгісі келген Ыдырыс бас киім тігу өнерін үйренеді. Кейіннен Дүрия Ыдырысқа бас киімге өрнек салуды көрсетеді.
Дүрия: «Әрбір ою белгісі – бір әріпті, сөзді білдіреді, бұл өнер бір күндерде саған қажет болады» - дейді.
Автор: Айтса, айтқандай-ақ, Ыдырыс бірде қарақшыларғатап болып қалады. Оны көрген қарақшылар: «Ей, анау отырған хан баласы емес пе? Жүр, жақынырақ барып, біліп қайтайық»,- деп хан баласының жанына келсе, хан баласы бас киім тігіп отырады. Сонда қарақшы:«Ей, хан баласы, саған не жетпейді? Еркек басымен мына істеп отырған ісін қара. Сен сияқтылар мына біз сияқты ерлердің намысын қорлап, жер басып жүруге лайықты емес, сенің басыңды аламыз (сені өлтіреміз)»,- дейді.
Сонда Ыдырыс: «Мені өлтірмеңдер. Мен сендерге бас киім тігіп беремін. Соны ханшаға апарсаңдар, екі мың ділдә береді» – деп жалынады.
Автор: Олар көнгеннен соң Ыдырыс қалпақ тігіп, сол қалпаққа «қарақшыларға тап болып қалдым» деген сөзді оюмен бейнелеп беріп жібереді. Қарақшылар Дүрия ханшаға келіп, Ыдырыстың тігіп берген қалпағын тапсырады. Өрнектен не жағдай болғанын түсінген Дүрия ханша қарақшыларды тұтқынға алып: «Хан баласын қайда жасырдыңдар? Шындарыңды айтыңдар, әйтпесе өмірлеріңмен қош айтысасыңдар» деп қорқытады.
Қарақшы: «Сарысудың бойындағы Сарыөзен сайының үңгірінде аяқ-қолы байлаулы Автор: Дүрия ханшауәзірлерімен бірге үңгірге барып,өзінің тапқырлығының арқасында хан баласы Ыдырысты құтқарып алады.
2-жүргізуші: Дүниедегі ең сұлу – ол қазақ әйелі. Қазақ әйелі пәктіктің, ақтықтың, мәрттіктің символы.Қазақ әйелі ұлтының ұйытқысы, ұрпағының айнасы, қазақ әйелі бар мұратын отбасының игілігіне айналдырған әлемдегі ең жақсы адам. Қазақ әйелі бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірман ана! Өздеріңізге белгілі қазақ әйелі үй тұрмысында ғана емес: мәдениетте, өнерде,спортта өздерінің жан жақтылығын көрсетуде. Солардың бірегейлері гимнастшы Әлия Юсупова, ауыр атлетші Мария Гробовецкая, жеңіл атлетші Ольга Шишигина, әнші-өнерпаздарымыз Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева. Қоғамда саяси лидер болып жүрген әйел азаматшаларымыз да жетерліктей. Өз өнерімен әлемдік сахналарды бағындырып жүрген биші қыздар «Гүлдер» ансамблі тағы бар.
1-жүргізуші: Қазіргі таңда қыз-келіншектер әр түрлі салада жұмыс істейді, олардың кейбірі ерлердің тіршілігін де атқарады, қаншалықты әр түрлі салада жүрседе, олар әрдайым әйел адам болып қала береді.
Баяндама «Әйел – ананың қоғам дамуына қосқан үлестері». Баяндайтын топ білімгері
Сейіт Ақмаржан.
Қазақ ежелден ананың атын ардақтап,әйел затын қастерлей білген халық. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан осы жақсы қасиет - бүгінгі заманғы қоғамдағы ізгілік атаулының ұйытқысы да,құт-берекенің бастауы да. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды. «Әйел - ана, әйел – еңбекқор, әйел – қайраткер»деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей,бүгінгі еліміздін еңселі,тәуелсіздігіміздің баянды болуына әйелдердің қосқан үлестері қомақты.
Біздің бүгінгі күнге дін аман жетіп, тәуелсіздіктің көк байрағын желбіретуімізге асыл аналарымыз бен апа-сіңлілеріміздің ойып алар орны бар.Сондықтан егемен елімізге сән беріп,өсуіміз бен өркендеуімізге үлкен үлес қосқан қазақ қыздары қандай да құрметке лайық. Ел басына күн туған кешегі Ұлы отан соғысы жылдарында”Бәрі де майдан үшін”деп түнде ұйқы,күндіз күлкі көрмей,уақытпен санаспай еңбек еткен ардақты аналарымыз-Еңбек ерлері Дариха Жантоқова, Мәрзия Ибрагимова, екі қызыл ту орденінің иегері Ағаділова Идаш апалардың есімдерін ерекше атағанымыз абзал.Осылай болашаққа деген ыстық патриоттық сезімі мен нық сенімді іске асырудағы аналардың рөлі ерекше.
Бүгінгі әйелдің қоғамдағы рөлі, жауапкершілігі артып, олардың сана-сезімі, ақыл-ой дәрежесі жаңа бір сатыға көтеріліп отырған шақта әйел арманы орындалып, әйел мәселесі жан-жақты шешілген тәрізді. Жаңару қоғамындағы әйелдер құқығының толық қорғалғандығы, қыздарымыздың қазіргі кездегі саяси үрдіске белсенді қатынасуы олардың орны ерекше екендігін көрсетеді. Қазақ халқының осындай көне ғасырлардан жалғасын тауып келе жатқан әлеуметтік, экономикалық жағдайы – ғылым мен білім, тарих пен мәдениеттің, ұлттың қыздарды тәрбиелеу салаларының қалыптасуына зор септігін тигізіп отыр.
2-жүргізуші: Келесі кезекті әсем әнге берейік. Алдарыңызда топ білімгері Төлеген Амина орындауында әсем ән.
1-жүргізуші: Ендігі кезекте қыздарға арналған өлең шумақтары. М.Мақатаевтың өлеңі «Қыздарға». Оқитын Тоқтан Ақмарал мен Ыдырысова Нұрсұлу.
Тоқтан Ақмарал
Қыздарды көрсем бір түрлі,
Өзімнен өзім мұңданам.
Тиям да бейқам күлкімді,
Өзімнен өзім сыр бағам.
Қымбат-ау қыздың ар-мұңы,
Қиын-ау, қиын, тым қиын.
Не болар екен тағдыры,
Үйіріліп соқса бір құйын.
Ыдырысова Нұрсұлу.
Тоймайды көзім жүз көрсем,
Жайқалған менің гүлдерім.
Тоң тұрып жерге күз келсе,
Не болар екен күндерің.
Түрткілеп күдік жанымды,
Кетеді жүрек дыз етіп.
Әзірге жасыл бағымды,
Отырмын, міне, күзетіп.
2-жүргізуші: «Биші қыз өнеріне сеніңіздер,
Меніменен қанекей еріңіздер.
Әлемді қыдырғандай сезінесіз,
Өнерді жүрекпенен көріңіздер» деп, ортаға тобымыздың мың бұралған биші қызын шақырамыз.
1-жүргізуші: Қыз бала әдептіліктің ауылынан аттамай, «ар», «намыс» дейтін ұлы ұғымдарды жүрегімен түсініп, ұятына қылау түсірмесе, барған жерінде басы сыйлы, жүзі жарқын, маңдайы ашық болады. Қыздың намысы – елдің намысы, ұлттың намысы. Қыздарына үлгі-өнеге көрсете алмаған елдің іргесінен ырыс кетеді, толысы төгіліп, тұнығы лайланады.
Ендігі кезекті арулар жайлы өлең шумақтарына берейік. Топ білімгерлері:
Пернебек Айжан мен Махмут Ұлдаштың орындауында.
Айжан
Арулар - асыл жандар, сағыныштар,
Өкініштер, құшақтар, жалыныштар.
Жек көрсе олар жүрегін мұз жасайды.
Жақсы көрсе балқытып жанына ұстар.
Арулар - аяулылар, ардақтылар,
Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.
Арулар - тіршілікке күре тамыр,
Өмірді бір-бірімен жалғап тұрар.
Ұлдаш
Қыздар – жаны гүлдей нәзік, тым биік,
Қыздар – жаны терең тұңғиық.
Қыздар – бейне қарлығаштар ақ тамақ,
Қыздар – ән ғой айтатұғын жаттап ап.
Қыздар – гүлдер, аяла оны тоңдырма,
Ақ борасын дауылдарға солдырма.
Қыздар – ару аққулар ғой ақ арман,
Аялай біл, айдыныңа қондыр да!
2-жүргізуші: Қыздарымыз ұлтжандылығымен,өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болады.
Келесі кезекте: «Қазақ қызына тән сипаттамалар».Топ қыздары: Әкішова Мөлдір, Әбдірахман Айбала, Бақытбекқызы Гүлзат, Байбатырова Ұлбосын, Дауылбай Эсмира.
Әкішова Мөлдір - Қазақ қызы! Ер етігімен қан кешкен, ат ауыздықпен су ішкен жаугершілік заманда қарашаңырақтың отын өшірмей ерінің артын бағып қалды. Дүние отқа оранып, оқ ауада зулаған тұста тылда еңбек етіп, белі қайысып, саусақтары майысып, соғыс даласына азық жіберді. Нәзік саусақтары канал қазды, егін екті, қой бақты, зауыттарда темір балқытты, жауға атылатын әрбір оқты даярлады. Қажымады, еңсесі түспеді, қайта қайратқа мінді, қайсарлана түсті, шарыққа түскен қанжардай жарқырай берді.
Әбдірахман Айбала - Қазақ қызы! Осы бір аяулы есім жаныңды тербеп, жараңды емдеп, шабыттандырып, қолыңды сермеп, жүректегі отты үрлеп жібереді. Қазақтың мұңы, зары, арманы, үміті, ардағы, аманаты, тарихы, өмірі – бәрі-бәрі қазақ қызының кірпігінде тұрғандай көрінеді. Ұлт болып ұйысуда, жұрт болып жұмылуда, халық болып қайрат танытуда қазақ қызының атқарар рөлі, алар орны тым ерекше.
Бақытбекқызы Гүлзат – Қазақ қызы! «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен тұста отбасын асырауға кірісті. Ел – ерге, ер жерге қараған заманда қазақтың қыздары қарекет қамын жасады, ала дорба асынды, сауда жасады. Үйінде ұлардай шулаған бала-шағасының қамы үшін, ер-азаматының ары үшін жанын аямады. Аптап ыстықта, қытымыр аязда, жаңбырлы күнде, қарлы боранды түнде бірді екіге жалғап, қазақ дейтін қарға тамырлы елдің ертеңгі ұландарын тарықтырмауға тырысты, қамықтырмауға барын салды. Сағыздай созылған өтпелі кезеңде үзіліп кетпесек, ол – арба сүйреген, ала дорба арқалаған аналардың арқасы.
          Байбатырова Ұлбосын       – Қазақ қызы! Желтоқсан жұртының есесін қайтарамын деп, қазаққа дербестік әперемін деп, Алаштың арда ұлдары биліктен шеттетілмесін деп, гүрзі етіктің, шомбалдай шоқпардың астына түсті. Жаны жараланды, ары тапталды, таяққа жығылды, қан-жосасы шықты, итке таланды, абақтыға жабылды. Темір тордан сығалап сәулеге қарады, бірақ мұқалмады, азаматтармен бірге бір шепте тұрды. Қанды көз империяның жендеттерінен қаймықпады, өздерін құрбандыққа шалды.
             Дауылбай Эсмира    – Қазақ қызы!Алып атырапты алып жатқан азғантай елдің басына қара бұлт үйірілгенде, қараңғылық жамыла бастағанда атқа қонады. Қазақ қызы атқа қонғанда олардың жеңіссіз оралмайтын тұсы кемде-кем. Кешегі Домалақ ана, Айша-бибі, Құртқа, Баян, Ұлжан, Зерделердің бүгінгі ұрпағының ақылына көркі, пайымына парасаты сай. Бірі кем дей алмайсың. Өйткені, олар – қазақтың қызы!
1-жүргізуші: Қазіргі кезде қоғамда қыздардың әдепсіз, тәртіпсіз, мейірімсіз, ұятсыз деген сөздерін көп естиміз. Ұлттық салт-санамызда, әдет-ғұрпымызда айтылған әдепке мақал-мәтелдер арқылы көңіл бөліп көрейікші, мүмкін сонда біздің бойымызда жақсы қасиеттер көбейер!
Ендеше, қыздар туралы мақал-мәтелдер. Топ білімгерлері: Төлеген Амина, Тоқтан Ақмарал, Ыдырысова Нұрсұлу, Пернебек Айжан, Махмут Ұлдаш.
Төлеген Амина – Ақылды қыз білімге жүгірер, ақылсыз қыз сөзге ілігер.
Қыздың ұяты шешеге, ұлдың ұяты әкеге.
Үйінде ұл-қызы бардың, көгінде сөнбес жұлдызы бар.
Судың түбін шым бекітер,
Даудың түбін қыз бекітер.
Тоқтан Ақмарал - Қыздың сырын білгің келсе, құрбысымен тілдес.
Екі ауылдың арасын жол қосады,
Екі елдің арасын қыз қосады.
Ыдырысова Нұрсұлу – Аттың көркi – жалы, арудың көркi – шашы.
Қызым үйде, қылығы түзде.
Қыз тәрбиесі – анадан.
Пернебек Айжан – Қыздың жолы қырық кісінің жолын бөгейді.
Шешесіне қарап қызын ал, аяғына қарап асын іш.
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі.
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.
Махмут Ұлдаш – Қызың өссе, қылықтымен ауылдас бол.
Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды.
Қызыңды құтты орнына қондырғанша күт,
Ұлыңды отау иесі болғанша күт.
2-жүргізуші: Қыз баланың әдептілігі оның сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, мінез-
құлқынан, әр түрлі жағдайда өзін ұстай білуінен, достарымен сөйлесуінен, адамдармен ара қатынасынан, жалпы барлық жүріс-тұрысынан көрініп тұрады.
Ендеше біздің топтың қыздары сіздерге «Қазақ қыздарының ережесін» ұсынады.
Ахметкерімова Сымбат
Жақсы оқып сабақты,
Мақсатыңа жете біл.
Әр істі ойлап жан-жақты,
Ізден, оқы, қорыта біл.
Әбді Ақнұр
Отан деп соқсын жүрегің,
Туған жерден түледің.
Рәміздерді құрметте,
Қазақстан – Ұлы елің!
Әліпбек Ұлдана
Босқа өткізбе уақытыңды бағала,
Берік ұста осы сөзді санаңда.
Оқу, еңбек, демалысты тиімді
Ұштастырсаң, боласың ғалым, дана да!
Әкішова Мөлдір
Жеке бастың тазалығын сақтай біл,
Ол – өзіңді сыйлағанның белгісі.
Әр күніңді шынығудан бастай біл,
Ал шынығу – жан мен тәннің емшісі.
Әбдірахман АйбалаМұхтарқызы
Салтыңды сақта әр істе,
Насихаттап, дәріпте.
Үлкенді сыйла, сәлемдес,
Жол бер әркез әдеппен.
Бақытбекқызы Гүлзат
Кішіге қамқор бола біл,
Жақсы іске әдеттен!
Қатты сөз айтып жылатпа,
Артық сөзге құмартпа.
Байбатырова Ұлбосын
Ілтипатпен жауап бер,
Өзіңе қойған сұраққа.
Адам сенің есімің!
Табиғат – тал бесігің.
Дауылбай Эсмира
Қамқоршысы бола біл,
Тимесін еш кесірің.
Ала жібін өзгенің,
Ешқашанда аттама.
Адалдық – ардың белгісі,
Осы сөзді жаттап ал.
Жолтаева Нурила
Алғашқы дәрігерлік көмекті,
Үйрене біл, ол да саған керекті.
Қоғам мүлкін өз мүлкіңдей күте біл,
Аялай біл, ардақтай біл мектепті.
Елеусинова Данагүл
Жолда жүру ережесін
Жатқа біліп, орында!
Үлгеріп сонда бәріне,
Болар әр сәт жолың да.
Каримсакова Жазира
Таза сөйле, тілің балдай шешен бол,
Шала қазақ атанба, елің сүйер көсем бол!
Сыйлы бол, жинақы бол, ұқыпты бол,
Ұқыптылық – сұлулықтың айнасы.
Әрбір істе белсенділік таныта біл,
Көп білгеннің тиер саған пайдасы.
Назиржанова Севара
Талабыңа сүйсінсін әр азамат,
Лайық бол, ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – ғажап ат!
Жеріміздің гүліндей боп жайнай біл,
Ұлтымыздың тағылымын жалғай біл!
1-жүргізуші: Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
2-жүргізуші: Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз арқылы қазақ қызына сай ұлттық келбеті қалыптасқан, ана тілін терең білетін, ата тегі, адалдығы мен пәктігі бойына дарыған, өз ұлты мен жалпы адамзаттық құндылықтарын игерген, ұлттық дәстүрлі тәрбие
түрлерін жете меңгерген қыз тұлғасын қалыптастыруға өз үлесімізді қостық деп ойлаймыз! Олай болса, бүгінгі «Отбасы – Отанымыз ошағы, ұлттық тәрбие еліміздің болашағы» атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз! Көңіл қойып, тыңдағандарыңызға үлкен рахмет!