Желто?сан – т?уелсіздікті? ?лы рухы (т?рбие са?аты)


Тақырыбы: « Желтоқсан – тәуелсіздіктің ұлы рухы»
Сценарий мақсаты: 1986 жылғы желтоқсанда орталықтың әміршіл - әкімшіл солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп демократия жолында құрбан болған ұл қыздарымыздың ерліктері жайында түсінік бере отырып, жастардың алаңға не себепті, қандай мақсатпен шыққандығын жете түсіндіру. Әрбір жеке тұлғаның еркін сөйлеп, өз пікірін, ойын айта білу қабілетін дамыту.
Сценарий тәрбиелігі: Өз Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, өз анна тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтай білуге патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Сценарий көрнекіліктері: Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова суреттері. «Желтоқсан – тәуелсіздіктің ұлы рухы» атты плакат.
Мұғалім сөзі. Армысыздар құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар, оқушылар. Бүгін біздің еліміздің сан мың жылдар бойы найзаның ұшымен, еліміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндерген Желтоқсан оқиғасымен келген тарихымызда алтын әріптерімен жазылып қалған «Желтоқсан – тәуелсіздіктің ұлы рухы» атты кешімізді ұсынамыз.
Әнұран орындалады.
1-жүргізуші:
Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,
Бақыт көрсін Отанның сан ұланы.
Енді ағайын, көгінде қалықтасын,
Қазағымның қастерлі - Әнұраны!
Желтоқсанда Алматыда, ақ қарда,
Алма бақтар ак қырауға батқанда,
Күңірене күн күркіреп тау жақтан,
Жайдың оты жалаң қақты шатқалдан.
2-жүргізуші:
Желтоқсан таңы дірілдеп ызғар,
Жүректе жылы үміт пен ізгі ар.
Ақ құстай бейбіт арманы самғап,
Алаңға шықты жігіттер,қыздар. - Құрметті ұстаздар, оқушылар егеменді еліміздің тәуелсіздік алғанына 23 жыл. Ал желтоқсан көтерілісіне 28 жыл болды.Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтыны – оның тағдырмен байланыстылығында.1986 жылы Желтоқсан көтерілісі де ауыл-үйдің әңгімесі емес, дүмпуі алып құрлықты аралап кеткен ғаламат тарихи оқиғалардың бірі.
1-жүргізуші:
- Бұл күн Қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз көтерілістің бірі. Ол халық жүрегінде мәңгі сақталады. Сол желтоқсан батырлары Ләзззат Асанова, Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанқызы, Ербол Сыпатаевтарды, тағы басқа қаза болған ержүрек ұл – қыздарымызды еске аламыз.
Орыны ағалардың бізбен толсын, Сәбилер ағалардың жолын қусын. 1минут үнсіздікпен еске алайық, Аруағы ағалардың ырза болсын.(1 минут үнсіздік)
1-оқушы: Асыл
Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
2- оқушы: Ризат
Жауыздықты жасқаған да – Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.
3- оқушы: Исламбек
Намысымның шырағы да – Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да - Желтоқсан,
Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.
2-жүргізуші: Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкері қарсы қойылды. Қыз жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Ербол, Ляззат, Сабира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірін үзді.
4- оқушы: Мадина Сүймейтұғын болдық қой, сүймей ғұмыр
Көлеңкеміз күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген?
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?
Тәуелсіздік оңайлықпен келмейді,
Бізге оны ешкім аяп бермейді.
Тәуелсіздік – Қайрат, Ляззат, Ерболдың,
Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.
1-жүргізуші: «Шеру ұйымдастыруға қатысы бар» деген жалған айыппен қаншама зиялы азаматтар жазаланды, жұмыстан қуылды. Бірақ ол үшін жауапқа тартылған ешкім болған жоқ.
2-жүргізуші:
Кез емес жаугершілік «аттан» атты,
Алланың шеруі емес салтанатты,
Қытымыр қыстың басы сол бір айда
Желтоқсан желі әлемді жалт қаратты.
Ия, ол күн тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсан еді. Таңертеңгілік сағат 10.00, бар жоғы 18 минутта 26 жыл елді үздіксіз басқарып келген Д.А.Қонаев түсіріліп, орнына Г.Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылған еді.
Осыдан 28 жыл бұрынғы Алматы оқу орындарының бірінің жатақханасының алдындағы оқиға.
Көрініс.
Ербол: - Қыздар, мен газет әкелдім.
Сәбира: - Не жаңалық шығыпты? - КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Д.Қонаевты алып, орнына В.Колбинді тағайындапты.
Қайрат: - Колбин деген кім екен? - Қайдан келіпті?
Гүлнар:- Колбин Ульяновтан келіпті.
Ербол: - Қазақстанды өзіміздің қазақстандық азамат басқарсын!
Ләззат: - Біз демократияны талап етеміз.
Қайрат: - Қане жүріңдер, қыздар, жігіттер алаңға кетейік!
1 - жүргізуші: 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Д.Қонаевтың орнына Колбин келіп, 17-сі жастар Брежнев атындағы алаңға бейбіт және саяси шеруге шығады. Шеруге шыққан жастарды саперлік күрекпен, дубинкамен, су атқыш машинамен, итпен және т.б. таратады.
Ертеңіне 18-желтоқсан Қайраттың үйі. Көрініс. Сахнада Қайрат пен жеңгесі дастархан басында отырады. Үйге милиционер жігіт кіреді.
Милиция: Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға келдік. Прокурордың санкциясы бар. Міне!
Жеңгесі: Қайрат, бері кел.
Милиция: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.
Жеңгесі. Ойбай-ау бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз.
Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық – қанығын тексерген соң қайтарып жібереміз. (Осы кезде Қайратты милиционер алып кетеді.)
2 - жүргізуші: Маңдайына жазылған аз ғана ғұмырдың соңғы сағатына дейін мынау алдамшы дүниеден рахым күтіп, күдерін үзбеген сұңғыла жігіттің көңілі кім үшін, не үшін мерт болуға тиіс екенін сезе бастаған тәрізді.
Көрініс. Түрме іші, қолында қағазы бар Қайрат отыр. Қинала отырып «Түрме жыры» өлеңін жазып отыр. Содан кейін қатты шаршап, былай дейді:
«-Уһ, әбден шаршадым-ау, жүйке тамырым жұқарды ғой!
Қайран бостандық!!! Жалалы боп, қатты батты жаныма,
Жазалаушы қағаз алдым қолыма. Жігіттер-ай, айтып-айтпай не керек,
Жазған екен маңдайыма сорыма. Біріншіден, мен анамды сағындым.
Екіншіден, бұл құдайға не қылдым? Бостандықта еркін жүрген жан едім,
Енді, міне, абақтыға жабылдым.
Кезекші: Заключенный Рыскулбеков на допрос.
Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, сен Мир мен Сәтбаев көшелерінде жасақшыларды көрдің бе?
Қайрат: Егер ол көшеге бармасам оларды қайдан көремін?
Тергеуші: Савицкийді сен өлтірдің бе?
Қайрат: Жоқ, өлтірген жоқпын?
Тергеуші: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір, бұл өтірік жала.
Тергеуші: Ах, ты, декабрист несчастный. Я тебе покажу өтірікті! Жала дейді еще! Ей, Рыскулбеков, сен, «Савицкийді өлтірдім» деп мойныңа ала сал, сонда сенің жазаң жеңілденеді. Егер,сен Савицкийді өлтіргеніңді мойындасаң, әкеңе тиіспейміз. Әйтпесе әкеңді де…
Қайрат: Жолдас тергеуші, бұл жала ғой! Өлтірмеген адамды өлтірдім деп қалай мойындаймын, адам түгіл тышқанды да өлтіріп көрген емеспін.
Тергеуші: Заключенный Рыскулбеков, сен ақымақ болма, «Савецкийді өлтірдім» деп мойында. Бұл – бір. Сен әкеңнен 4 мың сом алып, мына менің алақаныма сал, бұл – екі. Түсіндің бе, мақұлық?
Қайрат: Жолдас тергеуші! Айылда әзер күнін көріп отырған ата-анамды ақша деп қинағым келмейді және не үшін ақша төлеуім керек? Не үшін? Ешқандай қылмысым жоқ. Тергеуші: Әкетіңдер, құртыңдар, атыңдар!
Қайрат:
Тоқта! Айтар сөзім бар.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!. (Қайратты кісендеп алып кетеді.)
1-жүргізуші: 1988 жылы 21 мамырда Семей қаласындағы түрменің 21 камерасында Қайрат 21 жасында «өзін – өзі өлтірді» деген атпен құпия түрде қаза тапты. Тәуелсіздік - ел мұраты. Бұл біздің ұлан байтақ теңіздей Қазақ тарихының басынан кешкендерінің тамшысы ғана болса да, осы 23 жылда Қазақстанның дамып өркендеуін жылдармен өрнектейміз.Ал бүгінде қазақ халқы өзінің көптеген арманына жетті.Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болды. Халқының ар-намысы үшін қаза болған ұл-қызы ақталды.Өшкені жанып, өлгені тірілді. Бүгінде 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасына 2_жыл толуда. Ел іргесі тыныш, халқымыз бай-қуатты болсын!
2-жүргізуші: Құрметті жиналған қауым! Сіздерді тағы да тәуелсіздігіміздің торқалы тойымен құттықтай отырып, мемлекетімізге жарқын болашақ, ұрпағымызға саулық тілейміз.Айымыз оңымыздан тусын!Осымен бүгінгі «Желтоқсан – тәуелсіздіктің ұлы рухы» атты кешіміз аяқталды. Кездескенше күн жақсы болсын!
«Жаса,жаса Қазақстан!» әні орындалады.(барлық қатысушылар ту ұстайды)