Денсаулы?-зор байлы?. Ашы? т?рбие са?аты. 3 сынып


Тақырыбы: Орында жол тәртібін,
Жолы болсын әркімнің.
Мақсаты: 1. Жол белгілерін үйрету, оның түрлерін ажырата білуге, білген-
дерін өмірде пайдалана білуді тұрақты дағдыларына айналдыру.
2. Жауапкершілікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Жол белгілері, бағдаршам, әр түрлі суреттер.
Көңілді музыка ойнап тұрады. Буратино таяқпен шығады, қасында Мальвина.
Мальвина: - Буратино, көшеде асығуға болмайтынын неге түсінбейсің? Қайда асығып барасың?
Буратино: - Ой, Мальвина, Карабас-Барабастан қашам деп машинаның астына түстім емес пе? (Балаларға қарап). – Балалар, Карабас – Барабас мұнда келген жоқ па? Ойбай, әне, осында келе жатыр. Жүр, Мальвина тығыла тұрайық.
(Екеуі тығылады)
Карабас – Барабас: - Мен қайда кіріп кеттім өзі?
Мұғалім: Мектепке кірдіңіз. Бірақ біз сізді шақырған жоқпыз. Бізде мұнда мейрам болғалы жатыр, сіз біздің мейрамымызды бұзбаңыз, балаларды қорқытпаңыз. Өзіңіз қандай қорқыныштысыз?
Карабас-Барабас: Кім мені қорқынышты деген? Мен кішкентай балаларды жақсы көремін. Мен оларға арнап би билеп берейін.
(Би билеп жүріп Буратиноны көреді) – Буратино саған не болған?
Буратино: Сенен қашамын деп машинаға соғылдым. Мен көше тәртібін білмейді екенмін.
Карабас – Барабас: Мен де білмеймін. Енді не істеу керек?
Мальвина: Сендерге біздің балалар көмектеседі. Жақсылап тыңдаңдар.
(Полиция, артынан Дымбілмес, күшігі Ақтабан, Қызылтелпек кіреді.)
Полиция: Сәлеметсіңдер ме, балалар. Бүгін мен сендермен әңгімелесейін, көше тәртібін үйретейін деп келдім, тыңдайсыңдарма мені?
Балалар: Ия, тыңдаймыз.
(Велосипедпен Тентекқайша кіреді, басын бинтпен орап алған, бір айналып өтіп, балаларға қарайды)
Тентекқайша: Ой, қандай әдемі балалар, неменеге жиналып отырсыңдар? (айналасына қарап) – Е, көше тәртібін үйренгелі жиналдыңдар ма? Ол неменеге керек? Мен онсыз да өмір сүре аламын. Машина жүретін жолда ойнаймын, велосипед тебемін, рогаткамен машиналардың шыныларын шағамын. Қане кім менімен велосипед тебеді?
Қызылтелпек: Өзің кімсің? Амандасқан да жоқсың?
Тентекқайша: Мен әдемі Тентекқайшамын, маған көше тәртібінің керегі жоқ.
Қызылтелпек: Ал басыңа не болған?
Тентекқайша: Кеше көшеден жүгіріп өтем дегенде бір машина қағып кетті емес пе.
Қызылтелпек: Көрдің бе, көше тәртібін әркім білу керек. Одан да отырып тыңда, үйреніп ал.
Полиция: Сабағымызды жалғастырайық.
Дымбілмес: - Біздің көшеде бағдаршам жоқ. Маған және менің күшігім Ақтабанға қалай жүру керек екенін үйретіндерші.
Ақтабан: - АВ-ав-ав, менің де білгім келеді.
(Тентекқайша ақырын шығып кетеді)
«Бағдаршам» әні.
Ашса кезек үш көзін
Айтты деп ұқ үш сөзін.
Тоқта, сақтка, жол ашық,
Жүрме жолға таласып.
Қызыл көзін ашқанда,
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда,
Қарап қалма аспанға.
Жасыл көзін ашқанда,
Өтебергін жасқанба.
Ашса кезек үш көзін,
Айтты деп ұқ үш сөзін.
Полиция: - Міне, тамаша балалар! Бағдаршамды бәрің де біледі екенсіңдер! Енді, Мальвина, балалармен «Қызыл-жасыл» ойынын ойнашы.
(Полицияның жалауша көтеруі бойынша ойынды жүргізу)
Полиция: - Енді жұмбақ шешіп көрейік.
Екі аяқты, бір ізді,
Үстіне мені міңгізді.
Мінгізгенмен ол менің
Аяғымды жүргізді. ( велосипед)
Кеудесінде жаны жоқ,
Тамырында қаны жоқ,
Бірақ май жейді, су ішеді. (машина)
Табанында жолы бар,
Төбесінде қолы бар. (трамвай)
Тыз-тыз етіп жүреді,
Сымнан ұстап жүреді.
Өзіне адам мінеді,
Ол не, кім біледі? (троллейбус)
Дымбілмес: - Балалар, мен көшеде жүргенде қате жіберіп қойыппын, соны жөндеп беріндерші.
Ақтабан:-Ав-ав-ав, Дымбілмес, мен саған көмектесейін.
(Оқиды).
-Мен көшеден өтіп кетпекші болып тұрдым. Бағдаршамның қызыл шамына қарамай, шыдамсызданып, жүгіріп өтпекші болдым. Машина жақындап келіп қалғанда зәрем ұшты. Добым машинаның дөңгелегінің астына түсіп жарылып қалды.
(Балалар қатесін айтады) – Рахмет сендерге балалар, мен енді қателеспеуге тырысамын.
Буратино: Балалар мен сендермен бір ойын ойнағым келіп тұр. Мына қиындылардан көлік түрлерін құрастыру керек.
(Тентекқайша кіреді, қол-аяғы бинттелген)
Тентекқайша: - Балалар, мен ақымақ болдым. Көше тәртібін білу керек екен, сендерді тыңдамаймын деп, машинаға соғылдым, велосипедім бытшыт болды, қол-аяғым сынды. Кешіріңдерші мені, енді көше тәртібін үнемі сақтап жүремін.
Қызылтелпек: - Балалар Тентекқайшаны кешірейік пе? Барлығымыз қосылып ән айтайық, би билейік.
Полиция: Балалар, менің бүгінгі сабағымды қорытындылайық. Бағдаршамның неше көзі бар? Көшенің қай жерімен жүруге болмайды? Қай жерімен жүруге болады? Қызыл, сары, жасыл шамдар жанғанда не істеу керек? Жарайсыңдар, балалар, өздерің де, ата-аналарың да аман болсын, сау болыңдар.
Тақырыбы: Денсаулық – зор байлық.
Мақсаты: 1. «Бірінші байлық-денсаулық» деген ұғымды жас бүлдіршіндерге жеткізу.
2. Халық даналығы - мақал-мәтелдердің мазмұнын түсіндіру.
3. Денсаулық негізі қимыл, спорт, дұрыс тамақтану, таза ауада жүру екенін оқушыларға ұғындыру.
Көрнекіліктер: түрлі-түсті суреттер, мақал-мәтелдер.
Сабақтың ұраны: Ауырып ем іздеме,
Ауырмайтын жол ізде.
Барысы:
Кіріспе сөз.
Сергіту жаттығуын орындау:
Тік ұстап денеңді,
Сапқа тұр сен енді.
Жанға сеп шынығу,
Жаттығып, тынығу.
Сымбатты болу да,
Өзіңнің қолыңда.
Ата-аналарға арнап ақындардың өмір тәжірибесінен көңілге түйген тұжырым-өсиеттерін айту.
Әуелгі байлық-денсаулық.
Екінші байлық-еркіндік.
Үшінші байлы-тіл байлық.
Төртінші байлық-қайрат-күш.
Бесінші байлық-ақ жаулық.
Алтыншы байлық-баламыз.
Жетінші байлық-жүз саулық.
Денсаулықтың негізі – дұрыс тамақтану.
Қолыңды сабындап жу.
Қисаймай, түзу отыр.
Қасықты оң қолыңмен ұста.
Тамақ ішіп отырып сөйлеме, күлме, кітап, газет оқыма.
Шамадан тыс тойып ішпе.
Нанды үзіп же.
Тамақтан соң аузыңды шай, қолыңды жу.
Ас ішсең толасың, аман сау боласың.
Ас-адамның арқауы, аспен күш артады.
Тағам іш жағымды, тазартар жаныңды.
Денсаулықтың тағы бір дауасы – таза ауа.
Табиғат-ананың адам ағзасының жетілуіне тартар сыйы көп.
Жер шары- дәу әлем,
Қоршалған ауамен.
Ауамен тыныс ап,
Өсті өмір, ырыс, бақ.
Адамдардың табиғатсыз күні жоқ,
Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ.
Сабақтан соң таза ауада біраз уақыт ойнау қкжет.
Бала ауа райына сәйкес киіну керек.
Сабақ оқитын бөлмеде желдеткіш болу керек.
Жарық оқушының дәптеріне сол жағынан түсуі керек.
Денсаулық мықты болу үшін ми демалысы – ұйқының да орны ерекше.
Адамға су, ауа, ас қалай қажет болса, ұйқы да сондай қажет. Дені сау бала тәулігіне 10 сағат ұйықтау керек. Бала кешкі сағат 9-да ұйқыға жату керек. Баланы күн сайын бір мезгілде ұйқыға жатқызып, бір мезгілде тұрғызу қажет.
Қорытынды: Денсаулықтың жақсы болуы дегеніміз – ұзақ өмір сүру. Біздің бәріміз де ұзақ өмір сүргіміз келеді.
Жетеліге жеті өсиет – аңыз. Ұлықпан хәкім мың жасапты. Ол өте ерекше дарынды, зерек болыпты. Қандай кесел-ауру болмасын емдеп жазады екен. Күндердің күнінде сол Ұлықпан хәкім қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалады. Шәкірттері жиналып, емдеуге кіріседі.
Ұлықпан оларға: - Қымбатты шәкірттерім, мені емдеп босқа әуре болмаңдар. Мен көз жұмған соң қайғырмаңдар. Сендерге қалдырар жеті өсиетім бар. Сол өсиеттерге бой ұсыныңдар, өзгелерге де тарата жүріңдер,--депті.
Біріншісі- ерте тұру, екіншісі-орта тазалығын ұстау, үшіншісі-дене шынықтыру, төртіншісі-үнемі денені таза ұстау, бесіншісі-үнемі сергек жүру, алтыншысы-артық тамақ ішпеу, жетіншісі-көп ұйықтап жалқау болмау. Міне, бұлардың барлығы денсаулықты сақтаудың негізгі кепілі,-депті.
Балалар, осы айтылған жеті өсиетті орындау сендердің міндеттерің, сонда сендер елімізді ішкі, сыртқы жауларынан қорғайтын, дені сау, саналы, толыққанды адам болып өсесіңдер. Тәуелсіз ел тірегі – дені сау, санасы уланбаған, саналы ұрпақ.
Тақырыбы: Әдептілік – әдемілік.
Мақсаты: 1. Оқушылардың білгендерін бір жүйеге келтіру, толықтыру, свпайы сөздерді орнымен қолдануға үйрету.
2. Үлкендерді сыйлауға, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу.
Тәрбие саласы: Адамгершілік, имандылық, эстетикалық тәрбие.
Ұйымдастыру кезеңі. Сабақтың тақырыбын хабарлау.
Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Әдептілік-әдемілік». Құрметті балалар, сендер болашақ өмірдің мұрагерісіңдер. Осы тәрбие сағатымызда сендерді әсемдікке, әдемілікке дағдыландыру, үлкенді сыйлау, кішіге көмек беру, Өзін-өзі қалай ұстау керектігі жөнінде айтамыз. Сендер мектепке келген алғаш күннен бастап оқушылар ережелерімен таныстыңдар және оларды орындайсыңдар. Кейде сол ережелерді біле тұрсақ та йдепсіздік, тәртіпсіздік жасайтын оқушыларды да көріп немесе кездестіріп қаламыз. Сондай тәртіпсіздікті, әдепсіздікті болдырмау үшін біз мектепте қандай болуымыз керек?
Мектепте:
Мектепке мұқият киініп, жақсы үтіктелген киіммен, әдемі таранып, жақсы тазаланған аяқ киім киіп келу керек.
Мектепке әкелетін заттардың бәрін сөмкеге рет-ретімен салып қою қажет.
Мектепке уақытында кешікпей келу керек.
Мектепке кіргенде басқаларды итермеу керек. Олардың алдына түсуге тырыспау керек.
Мектепке кірер алдында аяқ киімді тазалау керек.
Ұл балалар мектепке кіргенде бас киімін шешіп қолына алу керек.
Сыныпқа кіргенде бірінші мұғаліммен, сонан соң жолдастарыңмен сәлемдесуді ұмытпа.
Егер сыныпқа үлкендер кіретін болса, бәріміз орнымыздан тұрамыз.
Сабақ кезінде тура қарап отыру керек. Жан жағымызға көңіл аудармаймыз, бір-бірімізбен сөйлеспейміз.
Тақта алдында түзу тұру керек. Тақтаға шығарда киіміңді түзеп алуды ұмытпа.
Партаны сындырма, оған ештеңе жазба.
Көшеде қалай жүру керек?
1.Көшеге таза және мұқият киініп шық. Үлкеннің алдын кеспе, оған жол беруді ұмытпа.
2.Көшені ластауға болмайды. Үйдің қабырғаларына жазуға болмайды, көшеде қатты сөйлеуге. Қатты күлуге болмайды.
3.Егер көшеде жолдасыңды бөгелетін болсаң, жолдан шығып тұр.
Үйде:
1.Үйіңе досың келсе сырт киімін шешіп, ілуге көмектес, сонан соң бөлмеге кіргіз.
2.Дастарқанға бірнеше үй иесі отырады. Тамаққа қонақтан бұрын қол созба. Тамақты ішіп болған соң қолыңды жалама. Дастарқан басында тамақ ішіп отырып, кітап, газет оқуға болмайды.
Көрініс көрсету.
Қазір біз балалар, сендерге бүгінгі тәрбие сағатымызға байланысты шағын көрініс көрсетеміз.
1,2,3 бала доп ойнап жүреді.
1 – бала: - Қане,Ерік жолдан былай шығып ойнайық, біз жолды бөгеп тұрмыз, - дейді.
Ана жақтан дүкеннен бір қарт адам келе жатады, қолындағы сөмкесі ауыр көрінеді. Оны көрген бір бала жүгіріп барып қарттың қолындағы сөмкесін көтеріседі. Сонда басқа балалар:
-Ана кісі сенің әжең бе?-дейді.
- Жоқ, әжем емес.
-Жеңгең бе?
-Жоқ жеңгем емес.
-Әлде мамаң ба? Сен ол кісіні танисың ба?
-Жоқ, танымаймын.
-Танысаң да, танымасаң да әрқашанда қарт адамды кездестіріп қалсаң әдепті болып, көмектесуге тырысу керек-дейді бала.
-Міне, балалар, жаңағы Ерсіннің айтқан сөзі дұрыс па?
-Әрине, дұрыс.
-Бәріміз де осындай қарт адамдарды көрсек оларға көмектесуіміз керек. Үлкеннің тілін алып, көмектесіп, өзімізден кішілерге қамқоршы болуымыз керек.
Сиқырлы сөздер айту.
-Қане, балалар, сендер сиқырлы сөздер білесіңдер ме?
Тақтаға: Рақмет, Кешіріңіз, Сәлеметсіз бе, Сау болыңыз деген сөздерді іліп қойып, оқушыларға тапқызу.
Өзіңе көмектескен, керек затыңды берген, сыйлық тапсырған адамға және жолдасыңа не деу керек? – Рақмет.
Ал тамақ ішіп болған соң , не деу керек? Әрине рақмет деу керек.
Байқаусызда біреуді қағып қалсаң не деу керек? Кешіріңіз деу керек.
Мектепке келгенде немесе қонаққа барғанда не деу керек? Сәлеметсіз бе деу керек.
Ал мектептен немесе қонақтан қайтқанда не деу керек? Сау болыңыз.
Міне, балалар, ендеше жаңағы тапқан сөздеріміз сиқырлы сөздер екені және де оны бәрімізде біліп, қолданып, айтып жүруіміз керек.
Жұмбақ тақпақтар айту.
Балалар, сендер қандай жұмбақ, тақпақтар білесіңдер, айтып шығайық.
Апаң сенің базардан,
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, жақсысын,
Саған таңдап әкелді.
Не деп барып жеу керек? Рақмет апа деу керек.
Балалар жүр кәшеде
Естіледі шу-айғай.
Сен де шықтың, біреуді,
Қеғып кеттің байқамай.
Мұндайда не деу керек? Кешіріңіз деу керек.
Осы келген бетіңде
Допты қудың, жарыстың.
Кезікті бір танысың,
Ұмыттың сен не деуді? Сәлеметсіз бе деуді.
Үй артында қоқысты
Жатқан көптен үйіліп.
Тазалайды қарт кісі
Белі зорға иіліп.
Не дегенің жөн еді? Мен істеймін дегенім.
Әжең сенің түскі асқа,
Қасықтарды қойды мол.
Жұрттан бұрын ыдысқа,
Екі қолды салдың сен.
Жөн еді не айтқаның? Рұқсат па дегенің.
Мұғалім: - Балалар, сендер әдепсіз бала туралы тақпақ білесіңдер ме. Қане айтып беріңдерші.
Кеше ғана қадалған
Өміртайдың түймесі,
Орнында жоқ апырай,
Қайда кеткен, бұл несі?
Етек кетер салақтап
Бос жүріспен далақтап.
Ұқыптап сабақ ұқпайды,
Өз бетімен алақтап.
Ілгек, түйме жұлынып,
Кешке дейін алысар.
Әркімге әр ұрынып,
Құспен, малмен жарысар.
Шашы түсіп көзіне,
Түсінбей ақыл, сөзіне.
Мұғаліммен таласар,
Дәлел тауып өзіне.
Сумка, дәптер бәрі де,
Дал-дұл болып жыртылып.
Сия төгіп бәріне,
Шимай салған бүлдіріп.
Сабақ бітті мектептен,
Оқушылар тарады.
Бір тентек бір тентекпен,
Дабырласып барады.
Осындай әдепсіз бала боламыз ба? (Жоқ).
Мұғалім: - Ал, балалар, егер сендер әдепті, әдемі болсаңдар, әдептілік туралы айтып беріңдерші.
Егер әдепті болсаңдар,
Ардан жұрдай болмаңдар.
Қарт кісіге орынды
Қарсыласпай беріңдер.
Егер әдепті болсаңдар,
Көзге түсу үшін емес.
Әрдайым көлікке отыруға ,
Кемтар, жасы үлкенге көмектес.
Егер әдепті болсаңдар,
Сабақта тыныш отыр.
Жолдасыңмен сабақта,
Сөйлеспе, сыбыр-сыбыр.
Егер әдепті болсаңдар,
Атаң болсын, апаң болсын.
Айтқанын оның тыңдап ал,
Сөзін оның бөлмегін.
Мұғалім: - Өте жақсы, ендеше барлығымыз әдепті, тәртіпті, әдемі оқушы болуға тырысайық. Сонымен балалар, мына сөздер әрқашанда естеріңде сақталсың.
Сабақты қорытындылау:
Әдет қыл бұл ісіңді,
Тазалап жүр тісіңді.
Асықпай іш тамақты,
Жалама ыдыс-аяқты.
Саусағыңды сормағын,
Салдыр салақ болмағын.
Сыйлап үлкен- кішіні,
Қамқорлыққа ал ініңді.
Мақсат қоймай алдыңа,
Қыдырып құр, қаңғыма.
Бүгінгі тәрбие сағатымызды «Болайықшы осындай» атты әнмен аяқтайық.



Тақырыбы: Төрт түлікті таныту.
Мақсаты: 1.Төрт түлік малмен таныстыру, қай түлікті қалай атау керектігі туралы, қай мал атасы қалай аталатыны туралы айту.
2.Төрт түлік малдың пайдасы, олардан алынатын тағам түрлерін қалай сақтау керек, қалай жасау керектігі туралы мәлімет беру.
3.Қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: ағаш үй макеті, төлдердің суреті, ермексаздан жасалған мүсіндері, малдардан алынатын тағам түрлері және шикі зат көрмесі, мақал-мәтелдер, радио, күйтабақ.
Ұйымдастыру кезеңі. Мұғалімнің сөзі. – Жиренше шешеннің үйіндегі Қарашаш әжелерің бізге қонаққа келіпті, қарсы алайық.
(Ұлттық киім киген тәрбиеші).
-Амансыңдарма, балалар. Мен сендерге қонаққа келдім. Балалар, осы күнде көріп, бағып, етін, сүтін, құртын жеп жүрген төрт түлік мал туралы не білесіңдер? Қай малдың төлі қалай аталады?
(Төлдердің маскасын киген оқушылар жауап береді).
Қозы- Қой баласы қошақан.
Анам мені қозым дейді
Қозы емеспін, адаммын.
Қозы туған өзің деп,
Апама сөз табамын.
Лақ- Ешкі төлін лақ дейді,
Тыным таппай секірген шұнақ дейді.
Бұзау- Сиыр төлін бұзау дер.
Құлын- Жылқы төлі құлыншақ.
Бота- Түйе баласы бота ғой.
Мамам мені ботам дейді,
Шығар биік жотам дейді.
Қарашаш әже:- Дұрыс, балалар. Қазақ атамыз ежелден баласын жақсы көргенде қозым, ботам, құлыным деп еркелетіп, сәбиіне Ботакөз, Тана, Ақтоқты, Қозы деген есімдер берген. Балалар, енді сендер қай төлді қалай шақырады, соны айтып беріңдерші.
Оқушы: Сиырды әукім-әукім деп,
Қойды пұшайт-пұшайт деп шақырады,
Ешкіні шөке-шөке деп,
Түйені........
Осы кезде төлдер әні айтылады.
Оқушы: -Әже, ойын ойнасақ қайтеді?
Қарашаш әже: Жақсы балалар. Мен сендерге бір ойын үйретейін. Мынау не, білесіңдер ме?
Балалар: Асық қой.
Қарашаш әже: Ал осы асықты қайдан алады?
Балалар: Малдың асықты жілігінде болады.
Қарашаш әже: Ойынды тыңдандар. Мына асықты кезектесіп лақтырасыңдар. Алшы беті түссе жұмбақ жасырасыңдар, тәйкі, бүк, шік беті түссе мақал, өтірік өлең, тақпақ айтасыңдар.
1 оқушы:Асығым алшысынан түсті, мен жұмбақ жасырайын:
Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Екі өркешін қом басқан,
Төрт аяғын тең басқан. Бұл не? Түйе.
2 оқушы: Қос мүйізді, төрт сирақты,
Сыйлайды балдай ақ бұлақ? Сиыр.
3оқушы: Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар? Қой.
Қарашаш әже: Жарайсыңдар, балалар. Енді мен сендерге тағы бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңдер. Қай мал өз төлін қалай сүйеді екен?
Оқушы: Қой сүйеді баласын қонырым деп,
Еш нәрсені білмейтін момыным деп.
Ешкі сүйеді баласын лағым деп,
Тастан тасқа секірген шұнағым деп.
Сиыр сүйеді баласын торпағым деп,
Қараңғыға баспаған қорқағым деп.
Жылқы сүйеді баласын шұбарым деп,
Шапқылауға тоймаған тұлпарым деп.
Түйе сүйеді баласын тайлағым деп,
Тон жапса, жарасқан жайпағым деп.
Осы жерде «Бесік жыры» айтылады.
Қарашаш әже: Өркендерін өссін, өнерлі бала екенсіңдер. Тағы өнерлерін болса көрсетіңдер.
Оқушы: Біз жаңылтпашта білеміз.
-Ай, ай, Айдарбай
Иір мүйіз сиырды
Үйіңе айдай бар.
-Семіз екен ақ ешкі де, көк ешкі де,
Ешкіні жақсы баққан Есен есті де.
Осы жерде «Қошақаным» әні орындалады.
Қарашаш әже: Тамаша балалар. Ал енді осы біз жылқы, түйе, қой, ешкі, сиыр деп жатырмыз, осыларды кім бағады, осы малдардың адамға пайдасы бар ма?
Оқушы: Әр малдың өзінің иесі болады.
Шопаната, Қамбарата, Ойсылқара, Зеңгібаба, Шекшеката.
Сосын балалар әр малдың қасиеттерін, адамға пайдасын, әр малдан алынатын тағам түрлерін айтады.
Қарашаш әже: Өте жақсы, балалар, көп нәрсені біледі екенсіңдер. Ал мынау сендерге менен сыйлық. (Қоржыннан құрт таратады).
Оқушылар: Сау болыңыз Қарашаш әже.
Мұғалім: Балалар, төрт түлік мал туралы көп нәрсе үйрендік. Енді осы малды бағып, еңбегі жанған аталар, ағалар да көп, оларды да білгендерің дұрыс болады.Ондай адамдар біздің облыста, ауданда, тіпті осы өзіміздің ауылда да бар. (Ауылдағы атақты жылқышы, қойшы, малшы ағалармен, аталармен таныстыру, солардың әңгімелерін тыңдау).